«МУЗЫКАНЫ ТЕРЕҢ ТҮСІНГЕНДЕ ҒАНА ШЫҒАРМА ШЫНАЙЫ ШЫҒАДЫ»

– Мүсілім, өнерге келу жолыңыз қалай басталды? Дирижерлікке қашан бет бұрдыңыз?

– Мен бұрынғы ОҚО, Келес ауданындағы Ораз ата ауылында дүниеге келгенмін. Музыка әуестігімді байқаса керек, әпкем Баян саз мектебінің домбыра сыныбына қолымнан жетелеп апарды. Сегізінші сыныптан соң Қызылорда музыкалық колледжінің домбыра және контрабас мамандығында оқығанымда облыстық, республикалық байқауларға қатысып жүрдім.  2000 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның халық аспаптар факультетін және оркестр факультетін бітіргенмін. Домбыра кафедрасында Рүстем Күлшебаев,  Айтқали Жайымов сынды тұлғалардың үйретуімен ұлттық саз аспабының қыр-сырына бойладым. Оқуды бітірген соң Абай атындағы опера және балет театрында, сонымен қатар Құрманғазы атындағы оркестрде еңбек жолымды бастадым. Бұған қосымша П. И. Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінде оқытушы болдым. Осылайша педагогикалық әрі оркестрдегі қызметімді қатар алып жүруге тура келді.

Жалпы өнер дегеніңіз ішіне дендеп енген адамға ғажап дүние. 2001 жылдан бастап дирижерлік мамандыққа көңілім ауды. Татарстанның халық әртісі, әйгілі Ренат Салаватовпен бірге жұмыс істегенімде шеберлігіне тәнті болғаным соншалық, қалайда дирижерлік мамандықты игеруге бел будым. Сол кісінің ұстаздығымен тынымсыз ізденіп жүріп бекзат мамандықтың оңайлықпен жонын көрсетпейтін құлыптаулы құпиясына зейін қойдым. Салаватов Алматы мен Ленинградта оқып, білімін шетелде жетілдірген өз кәсібінің хас шебері. Өзге дирижерлермен салыстырғанда ол кісіде бекзат болмыс, ерекше қасиет, іштен қайнап шыққан таланттың қайталанбас сәттері көп еді. Мұны тіпті сөзбен жеткізудің өзі мүмкін емес сияқты. Мәселен,  оркестрді өзіне бағындыра отырып музыканттардың көңілін таба білуі, өзі қойып отырған мақсатқа сендіре алуы керемет. Ол кісінің басқаруында оркестрдің үні де өзгеше болып шығады. Мұндай таланттар сирек туылады.

Қалайда осы мамандықты кәсіби жоғары деңгейде игеру мақсатымен белгілі дирижер ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Төлепберген Әбдірашев ағаның класына, консерваторияның опералық-симфониялық дирижерлер бөліміне оқуға түсіп, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жарасовтың жетекшілігімен аяқтадым. Төлепберген аға қайтыс болғаннан кейін Израильден Ваг Папян бас дирижер болып келді де, оқуымды одан әрі сол кісіде жалғастыруға тура келді. Шығармашылық өмірімде бұл кісі де үлкен орын алады. 2008 жылы Ваг Папянның кеңесімен Израильдің Ашдод симфониялық оркестрінде бір ай, 2009 жылы Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында тәжірибеден өтіп келген соң мені мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрге өзіне ассистент етіп алды. Әрі А.Жұбанов атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері болып қызметке келдім. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Махамбет», «Біржан-Сара» операларының тылсым құпияларын ашып дирижерлік етуге Күләш, Манарбек, Ғарифолла секілді асылдардың көзін көрген  ұстазым, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Базарғали Жаманбаев көмектесті. Осындай жанмен бірге жұмыс істеуді жазған тағдырыма ризамын. Сондай-ақ, «Отырар сазы» оркестріндегі жұмысымды да қосымша алып жүрмін.

– Қателеспесем, қазақ музыка өнерінде Оңтүстіктен шыққан дирижерлер тым аз. Бұл мамандыққа екінің бірінің бара бермейтіні оның күрделілігінен болар?

– Елімізде дирижерлік мамандығы сонау 1930 жылдары Ахмет Жұбанов атамыздың ұйытқы болуымен ашылған. Дирижер де балетмейстер, хормейстер секiлдi көпшiлiк қатысатын ұжымның басқарушысы. Сондықтан бұл мамандықты таңдаған адамның психологиялық және физикалық жағынан да ерiк-жiгерi мықты болуы керек. Дирижер ең алдымен музыканы жүрегiмен сезiне бiлуi тиіс. Соншама адамды игеріп, орындалатын шығарманы, әр аспаптың ойнау техникасын, табиғатын жақсы біліп, түсінбесе болмайды. Оркестр мүшелерімен ортақ тіл табысып, олардың әрбірінің қабілет-қарымын жете біліп, музыкалық гармонияны терең түсінгенде ғана шығарма шынайы шығады. Мол тәжірибемен игерілетін бұл мамандықтың Батыс пен Ресейде қалыптасқан мектебі бар. Концерттің жақсы өтуі де, нашар өтуі де алдымен дирижерге байланысты болғандықтан шығармашылық ұжымды шабыттандырып, әсерлендiрiп, ұйымдастыра бiлген дұрыс деп есептеймін.

– Нұрғиса Тілендиевтің даңқын әлемге танытқан  “Отырар сазы” оркестрінде еңбек ету екінің біріне бұйырмаған бақыт. Бір кездері осы оркестрде ұлттық саз аспаптарының көне түрлерінің барлығы қолданылады деп естіген едік. Бүгінгі таңда осы дәстүр лайықты жалғасын тауып келе ме?

– Дұрыс айтасыз, Нұрағаның «Отырар сазы» оркестрі қазақ мәдениеті мен өнерінде ерекше құбылыс саналады. Гастрольге шыққанымызда халық оркестрді ыстық ықыласпен қарсы алады. Мұны елдің ән патшасына деген құрметі деп түсінеміз. Оркестр – ол кісінің халқына қалдырып кеткен асыл мұрасы. Өйткені, репертуарының басым бөлігі композитордың шығармаларынан тұрады. Оркестрге арнап жазған поэмалары, әндері, күйлері дегендей.

Ал, көрнекті ғалым, аспаптанушы, зерттеуші, мәдениет және қоғам қайраткері Болат Шамғалиұлы Сарыбаевтың өнер ұжымын этнографиялық аспаптармен қамтамасыз етуде сіңірген еңбегі орасан. Ол кісі оркестрге  үскірік, тастауық, сазқоңырау, сыбызғы, шаңқобыз, месқобыз секілді аспаптарды қосқан. Өкінішке қарай, бүгінде осы аспаптардан сазқоңырау, шаңқобыз, сазсырнай ғана ойналады. Мен оркестрге келгенімде өзге аспаптар болмады.  Шамасы, сол аспаптарда үйрететін мұғалім болмағандықтан, әрі ойнау техникасының тым күрделілігінен қолданудан шығып қалды-ау деймін.

– «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Қазақтың 1000 әні, 1000 күйі» атты антологиялық жинақты құрастыруға өзіңіздің де қатысқаныңызды білеміз. Осы жинақта Оңтүстіктің күйшілері аз қамтылған деп естідік.  Осы қаншалықты рас?

– Иә, бұл бұрын-соңды қолға алынбаған іс болатын. Қазақтың дәстүрлі ән-күйінің домбыра, қобыз, сыбызғымен орындалатын бүгінгі заманға сай форматта жазылған (цифрланған) тұңғыш толыққанды музыкалық антологиясы жарыққа шығуын баға жетпес байлық деген орынды. Онда қазақ даласының әр өңірінде қалыптасқан дәстүрлі орындаушылық мектептерінің, әйгілі дәстүрлі әнші, күйші, халық композиторларының барлығының мұрасы мүмкіндігінше қамтылды. Антология 100-ге тарта СD-диск пен бірнеше қалың кітапты (партитуралар жинағын) құрады. Мұны ұлттық мәдениетіміз тарихындағы аса ірі, маңызы жөнінен теңдесі жоқ ерлік деуге болады.

Еліміздегі күйшілік өнерде Батыс Қазақстан күйшілік мектебі үлкен үлес алады. Сондықтан батыс күйшілерінің шығармалары 11 күйтабақтан тұрды. Шамамен әр дискте 20 күйден деп есептегенде 220-230 күйді Батыс Қазақстанның мектебі құрады. Сыр өңірі күйшілік мектебінің өнері насихаттала бастағанына да оншақты жылдың көлемі болса да, 4 күйтабаққа 98 күй енген, алғаш өзге күйшілік мектептермен тең тұрғыда жарық көруіне қал-қадірімше көмектестім. Өкінішке қарай, Оңтүстікте күй өнері жайлы зерттеліп, кітап болып шыққан мақалалар көп емес. Күнгей елі күйшілерінің насихаты да кем. Шымкентте тұратын күйші Шағдар Ақылбековтің оншақты күйін жазып алған едім. Алайда, ол шығармалар Сыр өңірінің күйшілік мектебіне өте жақын болғандықтан, Қаратау өңірі күйшілік мектебіне қосуға келмеді. Әйтпесе, Қызылқұмда туылып, сол өңірде өскен. Қаратау мектебінің күйшілері Сүгір пен Төлеген туындылары, Генерал Асқаровтың және бірнеше күйшілердің орындауындағы күйлер жинаққа енді. Оңтүстіктің күйшілерін толық қамтыдық деп айта аламын.

– Соңғы кезде жұрттың барлығы жаппай эстрадаға бұрылып кетті де, дәстүрлі ән өнері елеусіз қалған сияқты көрінеді. Халықтың інжу-маржанға пара-пар өнерінің насихаты кем сияқты. Бұл орайда дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова шырылдап жүр. Сіздің жеке көзқарасыңыз қалай?

 – «Қазақтың 1000 әні, 1000 күйі» антологиясының  тұсаукесерінде жинаққа енген орындаушылардың бәрін шақырып, Астананың төрінде дәстүрлі музыкадан концерт өтті. Бұл бір ғажап іс-шара болды. Бұрындары «Жеті саз», «Қазақтың жүз әні, жүз күйі» деген жобалар болатын. «Қазақстан», «Хабар» телеарналарының дәстүрлі музыканы насихаттайтын бірнеше бағдарламасы бар. Мысалы, «Сегіз қырлы» деген бағдарлама дәстүрлі ән-күйді орындаушыларға арналған жоба. Яғни, дәстүрлі әндердің насихатталуы жағынан әрекет бар. Белгілі бір дәрежеде ғылыми конференциялар, концерттер өтіп тұрады. Әр жылы Астанада «Інжу-маржан» атты түркі халықтарының дәстүрлі музыкасының фестивалі өтеді. Ал, енді халқымыздың асыл мұрасын одан әрі насихаттау үшін жергілікті жерлерде түрлі фестивальдер өткізіп, телеарналар арнайы жоба ашса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, халықтың арасында дәстүрлі ән-күйлердің жанашырлары өте көп деп ойлаймын. Барлық ізгі істі жоғарыдан, тек Астана мен Алматыдан күтпей, облыстарда, аудан-қалаларда халық өнерінің жоғалмауы, жандануы үшін әрекет ету – ұлтжанды ұрпақтың басты міндеті.

– Соңғы кезде домбыраны эстрадаға қосып өнер көрсететіндер көбейді. Олардың бұл бағыттағы қадамы бірде сәтті, бірде сәтсіз шығып жүр. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– Күйдің не болмаса дәстүрлі әннің мәтінін, бояуы мен ырғағын, табиғатын жақсы сезінетін музыканттың эстрадаға қосып шығарамын деген әрекетіне қарсылық жасауға болмайды. Шығарма әуелгі табиғатынан айнымаса – халықтың жүрегіне жол табады. Ал аранжировкасы мен сыртқы формасын көмекші құрал ретінде қабылдаған дұрыс. Туынды әуелгі табиғатынан ауытқыған жағдайда тыңдаушының қабылдамайтынын ұмытпау керек. Мәселен, «Ұлытау» тобының домбырашысы осындай талаптардың үдесінен шығып жүрген кәсіби музыкант. Олар халық композиторларының шығармаларын уақыт талабына сай формада орындауымен ұтып отыр. Осы жерде не үшін дәстүрлі ән-күйлерді сонау өткен ғасырдағы көне формасын өзгертпей орындауымыз керек деген сұрақ туындайды. Шығарманы уақыт талабына сай түрлі формада түрлендіруге болады емес пе? Меніңше, мәселеге осы тұрғыдан қараған жөн.

– Бүгінде Нұрғиса аға өз қолымен құрып кеткен «Отырар сазы» оркестрінде еңбек етіп жүрсіз. Өзіңіз ол кісіні  көрген бе едіңіз?

– 1997 жылы Құманғазы атындағы консерваторияда оқып жүргенімде көрермен ретінде талай концерттерін тамашаладым. Өмірдегі ең үлкен өкінішім – Нұрғиса ағамен бірге еңбек етуге үлгере алмағаным. Ол тұста тым жас едім. Нәсіп болып бірге жұмыс істегенімде аса бай тәжірибесінен үйренетінім аз болмас еді…

 

 Үмітхан АЛТАЕВА.

  «Оңтүстік  Қазақстан», №189 (19195),

8 желтоқсан, 2011. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>