СИҚЫРЛЫ ТАЯҚШАНЫҢ СЫРЫ КӨП

Posted by Muslim Amze Category: Сұхбаттар1 505 рет оқылды

Мүсілім ӘМЗЕ,
ҚР Мемлекеттік академиялық симфония оркестрінің,
Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық
«Отырар сазы» оркестрінің дирижері

– Алғашқы сұрағым былай: Сыр өңірінен шыққан дирижерлер туралы не айта аласыз?
– Биыл Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының докторанты атандым. Докторлық диссертация тақырыбыма байланысты архив ақтарып жүргенімде қызық мәлімет таптым. Белгілі өнер зерттеушісі Ахмет Жұбановтың «Ән-күй сапары» және «Құрманғазы» дейтін еңбектері бар. Сонда келтірілген: Ахмет атамыз 1934 жылы өткен слет кезінде республикадағы бүкіл өнерпазды Алматыға жинайды. Сол сәтте он бір адамнан құралған ансамбль өмірге келеді. КазЦИК атындағы оркестр кейін Құрманғазы атауын иеленді. Арнайы дипломы болмаса да, Ахаң оркестрде композитор әрі дирижерлік қызметті қоса алып жүрді. Білім саласында жемісті еңбек сіңірді. Жауапкершілік жүгі артылған соң екі күйшіні өзіне ассистент етіп дайындаған. Бірі – батысқазақстандық күйші Ғабділман Матов, екіншісі – сырбойылық Мәлік Жаппасбаев. Ахаңның тәлімін алып, олар да дирижерлікті тез меңгеріп кеткен. Өткен жолы ютубтан бір бейнежазбаны байқап қалдым, шамамен 1937 не 1938 жыл болуы керек, азғантай құраммен алғашқы оркестр шопандар тойында концерт қойып жатыр. Сонда Мәлік атамыз – дирижер. Сондай-ақ архивтен осы екі күйшінің сирек ұшырасатын фотосын таптым. Мәлік Жаппасбаев 1914 жылы Қызылорда қаласына жақын жерде дүниеге келіпті. Демек, шағын оркестр құрамына алынғанда жасы – небәрі жиырмада. Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған. Әрине, Мәлік атамыздан кейін де Сыр бойынан біршама дирижер шықты. Жаңақорғандық Төлепберген Әбдірашев ағамыз отыз жылға таяу мем-лекеттік академиялық симфониялық оркестрді басқарды. Көркемдік жетекшісі, бас дирижері болды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық артисі, профессор. Мен сол кісіден дәріс алдым. Өкінішке қарай алты ай ғана оқыдым, ол кісі бақилық болды. Аралдан шыққан Қарасай Сайжанов ағамыз да саналы ғұмырын дирижерлік өнерге арнады. Тәжірибелі дирижер, сазгер-ұстаз. Тұрмағамбет атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің директоры Кеулімжай Ботабаев, осы салада ұстаздық етіп келе жатқан Гүлдәрі Ізбанова, колледж түлегі, Оралдағы Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Еркін Нұрымбетовтерді атап өтуге болады. Талантты жастар өсіп келеді. Олардың да арасынан халық сүйсінетін дирижерлер шығуы мүмкін.
– Оркестрде әр адамның алдында нота тұрады. Сонда дирижердің маңызы неде?
– Академик Ахмет Жұбанов «Дирижер – музыка майданында аса маңызды фигура» деген. Үлкен оркестр жүз шақты адамнан құралады. Қысқаша айтқанда, бір шетіндегі адамның екінші шетін көруі де, естуі де қиын. Оркестр күрделі шығармаларды орындаған кезде осынша адам бір орталыққа бағынуы тиіс. Әуелде бес-алты музыкант бірігіп өз беттерінше өнер көрсететін болған. Дирижер пайда болмай тұрып, оның қызметін сол музыканттардың біреуі атқарған. Бертін келе оркестр құрамы көбейіп, әрқайсысына жеке жауапкершілік жүктелді. Нәтижесінде оркестрдің бас музыканты орындаушы міндетінен босады. Әлгі концертмейстер ортаға шығып, команда беретін болды. Алғашқы дирижерлер үлкен таяқшамен жерді тоқылдатып ұрады екен. Онысы музыканың үніне кері әсер етіп, кейіннен қолмен белгі беруге көшеді. Дирижердің қолы қайсыбіріне анық көрінсін, соңында таяқша ұстау қажеттілігі туған. Біреулер қолына «сенеді», таяқшасыз шығады. Бұл енді әркімнің шеберлігіне байланысты. Біреулер керісінше, тек қана таяқшамен басқарған. Ресейлік дирижер Валерий Гергиев өткен жолғы концерттерінің бірінде дирижер таяқшасының орнына тіс шұқығышты пайдаланыпты. Дирижерсіз оркестрлер тарихта болған, соңында тарап тынған. Сиқырлы таяқшаның, жалпы, сыры көп.
– Сіздің таяқшаңыз қандай?
– Талғамға қарай музыкалық аспаптар дүкенінен сатып аламын. Әдемі қорапшасымен. Қазір төртеуін пайдаланып жүрмін. Бұған дейін он шақтысы болған. Жұмыс барысында түрлі себеппен істен шығып, жарамай қалып жатады. Сынғандарын қоқысқа тастамаймын, естелік үшін сақтап қоямын. Атақты адамдардан ырымдап таяқша сұрап алатын кездер де болады. Өзім оркестрді кейде қолмен, кейде осы бір көмекші құралмен басқарамын.
– Оркестрдегі соншама адамның ішінен біреуінің ілеспей қалғанын сезінуге бола ма?
– Әлбетте. Сен сол үшін де дирижерсің ғой! Оркестр құрамындағы музыкалық аспаптардың бірінің дыбысы қандай да бір себеппен заматында шықпай қалса, маған міндетті түрде сезіліп те, көрініп те тұрады.
– Сырт көз үшін дирижерге екі қол мен бір таяқша жеткілікті сияқты. Бұдан басқа дирижерға тағы не керек?
– Сұрағыңызға қарсы сұрақпен жауап бергім келеді: «Журналиске қаламнан басқа не керек?» деп. Сіздерге не керек болса, бізге де солай. Білім, біліктілік, кәсібилік екібастан. Репертуардағы шығарманы кім, қашан, не үшін, қалай жазғанын білуге тиіспіз. Қалай орындалу керек, шығарманың маңызы неде? Оны сүйемелдейтін аспаптардың тарихын, ойнау техникасын білу де аса маңызды. Бірлесе атқарған еңбекті жарыққа шығару, халықты концертке шақырып, оларға келетіндей мүмкіндік жасау жүгі де артылады. Жүздеген адамды гастрольдік сапармен алып жүру кезінде ұйымдастырушылық, ақпарат құралдарымен байланыс, пиар-менеджерлік, іскерлік қабілетіңді көрсетуге тура келеді. Бұларды жақсы білмеген жағдайда дирижерлік карьераңызға ерте нүкте қойылуы мүмкін. Басқа түгілі, сені оркестрдегі музыканттардың өзі кешірмейді.
– Нұрғиса Тілендиевтің қызы әкесінің жолын жалғады. Әйгілі дирижер Алан Бөрібаев Ахмет Жұбановтың шөбересі көрінеді. Сізге де бұл қасиет қанмен берілген бе?
– «Әкем – ән, шешем күй шығарушы еді» демеймін. «Әу» демейтін қазақ жоқ дегендей, табиғатымыздан музыкаға жақын халықпыз ғой. Біздің де әулетте әуелетіп ән салған, төгілтіп жыр жазған өнерлі жандар болған, бірақ оларды музыкант деуге келмейді. Музыка өнерінің тұңғиығына үңілуіме, кәсіби білім алуыма әпкем себепші болды. Дирижер боламын деп ойламаппын да. Бұйырғаны шығар, бұл кәсіпті қолға алғалы он жылға таяп қалды. Бұл – дирижер үшін өте аз уақыт. Соған қарамастан, менде тәжірибе жинауға көптеген мүмкіндік болды. Қазір де бар.
– Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінен алған біліміңіз кәдеге жараған болып тұр ғой…
– Әрине. Музыка колледжінде 1991-1995 жылдар аралығында оқыдым. Бұл білім ошағын өнер өкілдерінің шеберханасы десек, артық емес. Тәжірибелі мұғалімдердің алдынан өттік, тәлімін алдық. Биыл – колледждің құрылғанына қырық жыл. Мерейтой кең көлемде аталып өтпек. Түлектердің басын қосып мерекелік концерт беру, естелік кітап дайындап шығару және басқа да мазмұнды шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
– «Отырар сазын» құрып, атағын шығарған Нұрғиса Тілендиевтің бітімі бөлек еді. Ал сіз тың¬дарманды не нәрсемен еліте аласыз?
– Нұрғиса Тілендиев – қазақтың бағына біткен ерекше талант иесі. Қаншама ән мен күйдің авторы. «Отырар сазы» оркестрінде қолтаңбасы қалды. Бір басына Құдай соншама өнерді үйіп-төгіп берген. Дәулескер домбырашы. Он үш жасында Ахмет Жұбановтың көзіне түсіп, Құрманғазы оркестріне жұмысқа қабылданған. Кәсіби білімін жалғастыру арқылы композиторлық қырымен танылды. Үшінші қыры – дирижерлік. Опера және балет театрында, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде, «Отырар сазы» оркестрінде өнімді еңбек етті. Киностудиядағы жұмысы көз алдымызда. Нұрғиса атамыз сияқты мен де еңбек жолымды күйшіліктен бастадым. Одан кейін контрабасты толық меңгеріп, оркестрде он төрт-он бес жылдай жұмыс істедім. Бүгінде, өзіңіз білетіндей, дирижермін. Нұрғиса атамызбен өзімді салыстыра алмаймын. Дәл сол кісіге ұқсайтын талант болған емес, болмайды да. Себебі, әрбір адамның жаратылысы әрқилы.
– Опера, оркестр деген екінің бірінің миына қона бермейді. Концертке көрермен тартуға бұл әсер етпей қоймайтын болар…
– Қиын шаруа. Әрбір саланың ерекшелігі бар. Концертке көрермен тартудың түрлі амалын қарастыруға тура келеді бізге. Өзім қызмет ететін симфониялық оркестр тарапынан қазір екі түрлі жоба жүзеге асырылуда. Соның бір бағыты – оқушыларға арналған музыкалық танымдық абонемент концерттер ұйымдастыру. Артықшылығы, бір билетпен тыңдаушы бұл бірнеше концертке кіре алады. Эстрада әндерінің көбі қашанда қабылдауға жеңіл келеді. Классикалық музыканың өз аудиториясы болады. Мұнда таным бар, тәрбие бар, музыка әлемінің тарихымен танысасыз, біліміңізді көтересіз дегендей. Екеуін салыстыруға келмейтін екі бөлек дүние деп білемін.
– Эстрада өкілдері нәпақасын негізінен тойдан табады. Ал сіздің жағдайыңызда қалай?
– Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында жалақыға жұмыс істейміз. Ол қанша концерт қойғаныңа байланысты емес. Бұдан басқа, ақылы концерттер береміз. Қаражаты тапсырыс берушінің жағдайына, көңілінен шыға алғаныңа қарай. Орысша айтсам, «оркестр – очень дорогое удовольствие». Оркестрді екінің бірі жалдай алмайды. Ол үшін ақшадан бөлек, терең талғам керек. Ертеректе батыс бай-бағландары жеке композитор мен оркестр ұстаған. Қазір олай емес. Дегенмен, классикалық музыка ешқашан өлмейді. Оркестрге арнайы шығарма өңдегенге, концертке дирижерлік еткенге де ақы төленеді. Мектепте, колледжде оркестр пәнінен сабақ беремін, келісімшартпен өзге өңір оркестрлерімен қосымша жұмыс істеймін, гастрольдік сапарларға шығамыз – осы бағыттарда табыс табамын, шүкір деймін. Репертуарға қосылған дүниені жүз адамға лайықтап жазу көбіне дирижер мен композитордың ғана қолынан келеді. Ән мен күй түсірген партитуралар қазақ оркестрінің репертуары мен музыка тарихында қалатыны – көңілге қуаныш. Халқымыздың телегей музыка мұрасының ортасында кәсіби маман болу бұйырған бақ екен.
– Қазақтың классикалық өнерін биіктен көрейік, рахмет!

Сұхбаттасқан
Назерке САНИЯЗОВА

Сыр бойы, 25.02.2017

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>