ДИРИЖЕР

Өнер – арнасы көп сала болса, соның бір тармағы дирижерлік шеберлік. Қазақ музыка өнеріне зор еңбек сіңірген кешегі Ш.Қажығалиев, Н.Тілендиев, Б.Жаманбаев, А.Мырзабеков, Р.Салаватов, Т.Әбдірашев, А.Жайымов, Н.Жарасов, Ж.Бегендіковтердің ізін басып келе жатқан жас буыннан А.Бөрібаев, Е.Нұрымбетов, Д.Ғылымов сияқты талантты дирижерларымыздың қазақ музыка өнеріне сіңіріп жүрген еңбегі аз емес.

Кәсіби дирижер, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі – Мүсілім Әмзе сахнаға шығып, түрлі деңгейдегі оркестрлерге жетекшілік жасағанына да біршама уақыт өтіпті. Өнерімен республикамыздың мәдени-музыкалық өміріне қан жүгіртіп, бірде Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі, бірде «Отырар сазы», бірде симфониялық оркестрмен, бірде опера оркестрімен, тағы бірде студенттік және оқушылар оркестрінің басында көрінетін М.Әмзенің еңбегі бүгінде көпшілікке танылып үлгерді. Оның қолындағы сиқырлы таяқшаның қозғалысы санамызға көптеген көркем музыка үлгілерін сіңіріп, тыңдаушылардың эстетикалық талғамын қанағаттандырып келеді.

Қазақстандағы оркестрлік дирижерлік мектеп екі бағытта қалыптасқан: бірі – ұлт аспаптар оркестрі, екіншісі – симфониялық оркестр. Қазақ симфонизмінің қол жеткен табыстары жоқ емес. Кезінде одақ көлеміне танылған Т.Мыңбаев, Т.Әбдірашевтерді айтпасақ, төтелей симфониялық оркестрмен жұмыс жасаған дирижерлар саны көп емес. Оның өзіндік себептері бар. Ұлт аспаптар оркестріне арналған Қазақстан композиторларының шығармалары формасы, фактурасы, үндестігі  жағынан қарапайым келеді. Оларда классикалық симфонизмге тән көпқабатты фактура – контрапункт кездесе бермейді. Оның есесіне ән немесе күй желісіне құрылған мелодизм принципі басым.

Ал, күрделі симфониялық шығармаларға дирижерлік жасап, мазмұны мен көркемдік ерекшеліктерін ашу үшін оның формасы мен стилін жақсы білу шарт. Шығарманың өлшеміне ілесіп екі қолды сермей бергенмен дирижердің міндеті орындалмайды. Әр дәуірдің шығармаларында әр түрлі үндестіктер болады, сондықтан классицизм, романтизм, импрессионизм, экспрессионизм сияқты бағытта жазылған туындыларды ортақол дирижердің игеріп кетуі екіталай. Қарапайым тыңдармандар іздейтін әсем әуені жоқ, бірыңғай оркестр құрамындағы музыкалық аспаптар тобының өзара тартысы – фонизміне құрылған, геометриялық фигурацияларға негізделген шығармалар болады. Қарапайым форма, қалыпты күй сарынына дағдыланып қалған дирижерлар осындай туындыларға кез болғанда абдырап, шығарманың мазмұнын аша алмай жатады.

Қарапайым тыңдаушы үшін С.Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны»,   Н.Тілендиевтің «Махамбет» сияқты поэмаларының қай дирижердің жетекшілігімен орындалып жатқаны шарт емес. Бірақ кәсіби мамандар үшін шығарманы қай оркестр орындап, қандай дирижердің жетекшілік жасағаны өте маңызды. Себебі, дирижердің кәсіби таланты мен даралығы дәл осы тұста тез-ақ танылады.

Мүсілім Әмзе – кәсіби маманға қойылатын осындай талаптың барлығын меңгерген, тәжірибесі күн санап толысып келе жатқан өнер иесі. Күні бүгінге дейін оның жетекшілігімен көптеген шығармалардың оркестрлік интерпретациясы жасалды. Өзіндік қолтаңбасы қалыптасып, дирижерлар легінен тиісті орнын тауып отырған өнер иесі.

Мүсілім Әмзенің жетекшілігіндегі ұлт аспаптар оркестрімен ән де, күй де, авторлық музыкалық шығармалар да орындалып жүр. Ол дәстүрлі әндерді оркестр сүйемелімен орындау жағына көп көңіл бөлген. Бұл ретте телеарнаға жазған, Еркін Шүкіманның орындауындағы «Алқоңыр», «Ақбақай», «Назқоңыр» сияқты лирикалық әндерді атауға болады. Әдетте домбырамен ән салып жүрген Еркін Шүкіманның дауысы оркестр үнінің аясында жарқын естіледі.

Әннің баяу ғана басталатын оркестрлік кіріспесі бірте-бірте оның негізгі әуеніне ұласа береді:

«Еркем-ай, дәнекерсің айнадағы,

Шашақсың жалаулатқан найзадағы.

Жаратқан ақбоз аттай сылаң қағып,

Бейуақыт сейілге шық жайна-дағы…»

Бұл жерде оркестр мен жеке солистің ерекше үйлесімділік тауып тұрғанын айту қажет. Оркестрдің өте баяу әрі нәзік үні солистің дауысын үстемелеп басып кетпей, ілесіп қана отырады. Әрбір әуен жолының аяғында   естілетін жеңіл де нәзік үнді оркестрлік сүйемелдер әннің шырайын аша түскен. М.Әмзенің басқаруымен орындалатын «Ақбақай» әнінің оркестрлік фактурасы да осыған жуық. Көбіне әннің негізгі әуеніне ілесіп отыратын оркестр аракідік әуелеп, шалқып барып қайта басылып жатады.

Дирижер таяқшасына бағынған кезекті «Назқоңыр» әнінде Е.Шүкіманның зор дауысы үнемі оркестрден үстем түсіп, әннің негізгі желісін тыңдарманға анық жеткізіп жатады.

Жалпы халық әндерін оркестрмен сүйемелдеу көптен жолға қойылған сала. Жоғарыдағы кең ауқымды созылмалы әндер тұсында М.Әмзе осы арнаға өз үлесін қосып, әннің дәстүрлі орындалу ерекшелігіне нұқсан келмейтін ұтымды оркестрлік шешім тапқан. Дирижердің бірыңғай лирикалық әндерді сұрыптап алуы да тегін болмаса керек.

Әрине, халық әндерін оркестрге лайықтау, әннің шырайын шығаратын жаңа да тосын оркестрлік фактура іздеу – шексіз шығармашылық үдеріс. Жоғарыда аталған әндердің оркестрге арналған түрлі көркемдік нұсқалары жасалуы мүмкін. Осы тұрғыдан М.Әмзенің басқаруымен шырқалған халық әндері дәстүрлі домбыра сүйемелінің аясынан шығып, кең тынысты оркестрлік фактураға табан тіреген соны ізденістер екені даусыз.

Мүсілімнің дирижерлік шығармашылығында ән жанрымен қатар аспаптық шығармалар да молынан кездеседі. Дәстүрлі күй өнері, ұлт композиторларының сирек шығармалары да баршылық.

Мүсілім бір ғана ұлт аспаптар оркестрі емес, симфониялық ұжыммен де өрісін кеңейтіп жүрген дирижер. Өз басым М.Әмзенің дирижерлік басқаруымен орындалған Д.Шостаковичтің әйгілі №7 «Ленинград» симфониясының бірінші бөліміндегі «басқыншылық» көрінісін толық тыңдадым. 1943 жылы қоршауда жатқан Ленинградта орындалған бұл туындының көркемдік қуаты туралы талай жазылып, авторы ХХ ғасырдың ірі симфонисі ретінде танылды.Осындай классикалық туындыларды репертуарына енгізіп, симфониялық оркестрдің орындауында көпшілік тыңдарманға жеткізуін дирижердің жетістігі ретінде тануға болады.

Ұрмалы аспаптардың үздіксіз дабылы негізінде өрбитін симфонияның экспозициясы негізгі партия – неміс-фашистердің басқыншылық тақырыбынан тұрады. Алғашқы екі созылмалы ырғақтың  қысқа үлгіде қосарлана қайталануына құрылған серіппелі сарын – симфонияның бірінші бөлімінің арқауы. Бірте-бірте күшейіп отыратын осы қасіретті сарынның сырын дирижер дөп басып тыңдарманға жеткізе білген.

Бұл ірі шығарманың бірқатар ерекшеліктері бар. Әдетте классикалық симфония үлгілерінің экспозициясында негізгі партия мен қосалқы партияның бірінен соң бірі келетіні белгілі. Ал Д.Шостакович симфонияның драматургиясына орай, сол дәстүрді бұзып, басқыншылық темасына үстемдік берген. Симфонияның негізгі партиясы – басқыншылық, қосалқы партиясы – қарсылық темасын құрайды.Қосалқы партия – қарсылық темасы әлсіз түрде естіліп, бірте-бірте күшейіп отырады. Ортаңғы өңдеу бөлімінде басында алма кезек орындалған осы қос музыкалық әуен өзара тартысқа түсіп, контрапунктте беріледі, яғни екі түрлі музыкалық әуен бір мезгілде естіледі. Тартыс ұзаққа созылып, ақыры серіппелі фашизм темасынан қарсылық сарыны үстем шығады. Композитордың драматургиялық шешімдерін М.Әмзе дирижерлік таяқшасымен дәл танып, көрсетіп отырды. Мұның өзі дирижердің симфониялық шығарманың мазмұнын жете ұғып, терең танығанынан хабар береді.

Жалпы шетел, орыс композиторларының классикалық туындыларын оркестрмен шығаруға кез келген дирижердің жүрегі дауаламайды. Ондағы дыбыстардың ерекше үндестігі, толып жатқан композиторлық техниканы түсіну өз алдына, оларды тыңдап, құлақпен ажырата білу керек. Симфония – поэма емес, аса ірі драматургиялық шығарма. Ондағы ішкі тартысты ашып, түрлі драматургиялық иірімдерді көпшілікке жеткізу – дирижерлік шеберлік көрінісі.

Дирижерлік өнер – ерекше мамандық. Өзіндік келбеті қалыптасқан дирижер оркестрге лайықталып жазылған шығармаларды жаңаша интерпретациялап, өзіндік түсінік-талғамымен жеткізуге тиіс. Дирижердің міндеті – әр аспаптың оркестрге қосылатын кезін уақытында көрсетіп тұру ғана емес, шығарманың тұтас үндестігін қадағалау, түрлі нюанс, орындау техникаларымен жұмыс істеп, шығарманың көркем мазмұнын тыңдарманға барынша анық әрі түсінікті етіп жеткізу. Ол үшін оркестрде бір мезгілде естілетін дыбыстардың өзара гармониялық үндестігін қадағалайтын елгезек құлақ керек. Демек, дирижердің даралығы оның есіту қабілетімен айқындалады. Дирижер бір мезгілде естілетін толып жатқан дыбыс үйлесімін есту қабілеті арқылы, яғни, мұқият тыңдай отырып қадағалайды. Шығарманы дұрыс түсініп, еркін игерген дирижер ғана өлшем шеңберінде қалып қоймай, қолын еркін сермейді. Шығарманың драматургиясын жете түсіну дирижерға ерекше серпін беріп, үлкен эмоцияға жетелейді.

Дирижер – кез келген ән немесе күйді өзі басқаратын оркестрге лайықтап өңдей білетін маман болуы шарт. Оркестр құрамындағы әрбір аспаптың орындайтын өз партиясы болса, солардың тұтас жиынтығы – партитура. Білікті дирижер ондаған музыкалық аспаптарды қамтитын осы партитураны еркін оқып, әрбір аспаптың жеке партияларына тән ерекшеліктерді уақытылы көрсетіп тұрады, жалпы үндестігін қадағалайды.

Партитура жазу – үлкен өнер. Оркестрге лайықталған шығарманың көркем де әсерлі болуы осы партитураның сауатты жазылуына байланысты. Күй немесе әнді оркестрге лайықтап өңдеп, партитура жаза алмайтын дирижердің келешегі қай кезде де күмәнді. Қазірде ұлт аспаптар оркестрінің репертуары біршама толықты десек те, солардың арасында көркемдік шешімімен дараланып жатқан үлгілері айтарлықтай көп емес. Өзіндік ізденістері болмағандықтан репертуар жөнінен жер-жерлердегі оркестрлердің бір-бірін қайталауы да шындық. Айырмасы тек оркестр мүшелерінің санында ғана.

Осы тұста дирижердің кәсіби таланты мен шеберлігі алдыңғы орынға шығады. Ең алдымен дирижердің өзіндік дене, қол қойылымы болуы шарт. Оның кәсіби шеберлігі де, эстетикалық келбеті де осы бітімінен танылады. Басын қайта-қайта шұлғитын, бір қолын жұлқи сермейтін, ентелеп алға ұмтыла беретін дирижерлар болады, екі қолы қаншама қозғалыста болса да, денесін тіп-тік ұстайтын дирижерлар болады. Дирижердің дене бітіміне  ерекше мән берген Ш.Қажығалиев болатын.

Осының бәрін де Мүсілімнің бойында бар қасиеттер. Болашағынан зор үміткерміз. Себебі ол базардан қайтқан емес, базарға бара жатқан дирижерлар легінен. Дирижерлік еңбегі елге біршама танылып қалса да, болдым-болдырдым деп жүрген жоқ, әлі күн тынымсыз ізденіс үстінде келе жатқан талантты маман. Білімі мен білігін докторантурада шыңдап, қазақ дирижерлық өнері тарихын зерделеп жүрген келешек ғалым. Бірнеше оркестр ұжымының басы-қасында жүрген Мүсілім Әмзенің шығармашылық табыстары туралы әзірге осылай толғануға болар еді.

Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ,

филология ғылымының докторы, профессор, өнертанушы.

«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» газеті, 20.10.2017

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>