ӘУЕЗДІ ӘН, МӘНЕРЛІ БИ

Жаңа жылдың алғашқы айы қарағандылықтар үшін әуезді музыка кештерімен басталды. Әлем классиктерінің туындылары «Шалқыма» концерт залында шалқып тұр. Кеше Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі «Сиқырлы вальс үні тербейді…» атты концерт берді.

Бұл күні көрермен Тәттімбет оркестрінің концертінде Қазақстан мен шет ел композиторларының шығармаларын тыңдады. Дирижерлер – ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Дүйсен Үкібай мен Әбуғалисын Шоқанбаев. Мәдени шараның аты айтып тұрғандай, кешке концерттік бірлестіктің әншілері қатысып, халыққа танымал әндер мен кең таралған вальс туындылары шырқалды.

Айта кетейік, 26 қаңтар күні симфония оркестрі «Шалқыма» концерт залында қазақ операсының атақты әншілері қатысатын концерт ұйымдастырады. Симфония оркестрінің концертіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе дирижерлік етеді. Ол – ҚР мемлекеттік академиялық симфония оркестрінің және Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері. Музыкатанушы, қазақ дирижерлік өнерін зерттеп, ғылыммен айналысып жүрген докторант. Қарағанды симфония оркестрімен тығыз шығармашылық байланыста. Концерт бағдарламасы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Л.Бетховеннің №7 симфониясы орындалса, екінші бөлімде оркестрмен бірге жеке орындаушылар әлемдік классика жауһарларын шырқайды. Әйгілі арияларды «Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ (сопрано) пен Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Төлеген Рахымбаев (баритон) орындайды.

Өткен жылы өзінің 80 жылдығын атап өткен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік алдағы уақытта Арқа жұртын әлем туындыларымен, халық композиторларының шығармаларымен және әлемдік классика сазымен сусындата бермек.

 

Марал НҰРТӨЛЕУОВА, өнертанушы

«ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН», 24 қаңтар, 2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>