ЖҮЗ ДОМБЫРА БОЛСА ДА, АРЫНДАҒАН ҚОБЫЗ ҮНІН БАСА АЛМАЙДЫ

Қараша айының 24 күні дирижер Мүсілім Әмзенің «Отырар сазы» оркестрімен өткен «Аңсау» концертін тыңдадым. Халық көп жиналыпты. Жұмыс бабымен оркестр музыкасын бақылап жүремін. Дирижер ініміздің талабын ұштасын деген жанашыр оймен бірнеше әттеген-ай дегізген тұстарына тоқталып өтемін.

Концерттің деңгейі орташа. Жақсы деп те, жаман деп те айта алмаймын. Музыкант ретінде мен бұл оркестрден проблема көремін.

Оркестрдегі аспаптардың тембрлік үйлесімі жоқ. Мысалы, салаттың белгілі бір құрамы болады ғой. Бір-бірімен консистенциясы жағынан үйлесетін тағамдар қосылады. Сол сияқты, қазақ оркестрінің аспаптық құрамы о бастан дұрыс жасақталмаған. Сондықтан, тыңдағанда динамизм жетіспейді. Оркестрде домбыраның дыбысы естілмейді. Себебі, мына жақта ысқышты (струнная) топ бар – қобыз, виолончель, контрабас, мына жақта домбыра бар, оның артында прима-домра отырады, оның ішегі темірден. Бәрібір ол тембрімен домбыраны басып кетеді.

Бірақ, бұл мәселе қазір басталған жоқ. «Отырар сазы» мен Құрманғазы атындағы оркестрлер бірдей. Құрамы да бір, репертуары да шамалас, өзгешелік жоқ. Ең алғаш бұл оркестрлер орыстың Андреев атындағы оркестрі негізінде құрылған. Орыстардың оркестрінде «интрументальное сочетание» басқаша. Мысалы, ішекті (щипковый) деген топ бар – прима және балалайка: пикколо-балалайка, прима-балалайка, бас-балалайка және контрабас-балалайка. Екеуі де туыстас аспап. Және баян деген аспап бар. Гуслиді анда-санда ғана аққан су эффектісін беру үшін қосады. Кейде біздің қамыс сырнай сияқты рожок қосылады. Болды, ұрмалы топты қоспағанда басқа аспап жоқ. Сонда, қарасаңыз, мына жақта прима қалай, қандай дыбыс шығарса, бас-домра да сондай дыбыс шығарады, тек жуан естіледі. Скрипка, альт, виолончель, контрабас сияқты аспаптар үйлесімі. Бар айырмашылығы – скрипка жоғары жиілікті алады, альт – орта, виолончель –  төмен, контрабас өте төменгі жиілікті алады. «Октавное разделение» дейді оны. Сонда осы төрт аспаптан дыбыс балансы болады.

Айталық, төрт адам академический вокал айтып тұрғанда, арасына дәстүрлі әншіні қосып қойыңыз. Ол қалай болады? Мыналар қанша жерден әндетіп тұрса да, дәстүрлі әншіні баса алмайды. Өйткені, тембрі басқа. Сол сияқты, қазақтың домбырашылары еш уақытта аңыраған қобызды, арылдап тұрған темір ішекті приманы баса алмайды.

Кезінде бірінші қазақ оркестрін Ахмет Жұбанов құрған және он-ақ жыл өзі басқарды. Ол кезде Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров, Лұқпан Мұхитов, Жаппас Қаламбаевтар бар еді. Художественная самодеятельность ретінде құрған. Бірақ бір ерекшелігі болды. Құрманғазының күйлерін ойнады, «Адайды» мысалы. Жұрт «ох, мынау оригинально» деп қабылдады. Содан кейін, 1936 жылы Мәскеудегі декадаға апарып, «Национальный оркестр народных инструментов» деп көрсетеді. Жұбановтан кейін оған Мұқан Төлебаев, одан кейін Латиф Хамиди дирижер болды, Шаргородский келді. Олар келесі жылдары аспаптардың бәрін жаңартып, қайткенде бұны «звучащий» оркестр қыламыз деп ізденеді, бірақ ештеңе бітіре алмайды. Сол кезде Шамғон Қажығалиев келеді. 1980 жылдардың соңына дейін мықты модернизация жасайды. Ахмет Жұбанов кезінде: «Бұл жігіт ізденіс үстінде, тапса – аспаптардың дыбыстық үйлесімін, баланс, тембрін табатын бір адам осы» деген екен. Шамғон Қажығалиев көп жұмыс атқарды. Сонда да, домбыра мен қобыздың арасындағы дыбыстық балансты таба алмай кетті.

Нұрғиса Тілендиевті алайық. Ол кезінде Латиф Хамидилармен бірге Құрманғазы оркестрін жасап жүріп, кейін бөлек оркестр ашып кетті. Негізі, сол Төлебаев, Хамиди, Шаргородскийлардың мектебі ғой. Тек, Тілендиев сазсырнай, месқобыз сияқты этникалық аспаптарды араластырып, тембрлік бояу берді. Тілендиевтің бір артықшылығы – ол тума талант, мелодист. Ол ненің қалай болуы керек екенін сезетін. Бірақ, ол да оркестрді дыбыстық балансқа жеткізе алмаған.

Енді, бұл жағдайды түбімен өзгертетін нәрсе болмаса, біз осылай кете береміз, осындай аранжировка, осындай инструментовкамен.

Мен бұл мәселенің шешімі мынада деп білемін. Жыл сайын «Астана арқау» деген түркі музыкасы фестивалін өткіземін. Сонда, біздің оркестрлерді ешкім тыңдағысы келмейді. «Балбырауын», «Сарыарқаларды» жеке домбырашылардың орындауында тыңдағысы келеді. Жанғали Жүзбаев, Айтжан Тоқтағанов сияқты. «Оркестр қуып, күйдің мазасын кетіреді» дегенді талай естідім. Осы жерде, қазіргі қазақ музыкасының прима-қобыз деген жанды жері бар. Классикалық музыкада жүргендер оны «фальшивая скрипка» деп атайды. Аты қандай жаман. Сонда оркестрде біреу емес, он бес прима-қобыз болып тұр. «Астана арқау» деген фестиваль ұйымдастырғанда байқадым, бұның шешімі бар екен. Бұл жағынан ешкім ізденбей, тұрып қалған ғой. Шамғон Қажығалиев та таба алмай, әбден кризис болып тоқтаған.

Сол фестивальға өзбектің бір шалы келді, сексен жаста. Өз аспабын алып келіпті, кәдімгі ұлттық қобыздары. Кәдімгідей лады бар. Дыбысына қарасаң, ладтары ұлттық дыбыс шығарады. Бізде солай неге жасамасқа?

Мысалы, қырғыздар қазір фольклорный ансамбльге реформа жасап жатыр. Оларда да қобыз деген аспап бар. Бірақ, қобызға олар гриф салған. Қырғыздар осылайша шешімін тапқан. Бізде қобызда бос кеңістік бар ғой. Кімнен сұрасаң да, қобызда ойнаған ыңғайсыз дейді. Бұл жерде музыканттардың түк те кінәсі жоқ. Бізде тек қобыздың модернизациясы жасалмаған. Оған гриф салсақ, саусақпен басып ойнайтын болса, дыбыс басқаша шығады, ол балансқа да, динамикаға да, бәріне әсер етеді.  Прима-қобызды оркестрден алып тастағымыз келмесе, бір жолын табуымыз керек.

Және, қобыздың құлағын өзгерту керек. Гитарадағыдай жасырын колки және  скрипкадағыдай машинка қою керек. Сонымен екі жақтан аспаптың құлағын түзету оңай әрі жылдам болады.

Ал екінші, домбыраның ішегі – леска ғой. Бас-домбырада, контрабас-домбырада да леска болуы керек. Сонда ғана дыбыс балансы дұрыс болады. Әйтпесе, қазір темір ішекті аспаптар тремоло ойнағанда домбыраны басып кетеді.

Енді, осы екі оркестрді өзгерту, реформа жасау керек деп дирижерларға айтсаң, «Жұбановтан мықтысың ба?» дейді. Бұлардың авторитеті мықты, қарсы сөз айта алмайсың. Бұл – тұтас бір мектеп, плеяда. Олардың бәрі керемет мелодист, әрі қайраткер болған. Бірақ, бұлардың ешқайсысы дыбыстық балансын таба алмай кетті. Шамғон Қажығалиев, Айтқали Жайымов… басқа дирижерлар болды, бірақ, дыбыс балансы әлі күнге дейін  табылмаған күйі тығырыққа тіреліп тұр.

Мен осындай оркестрді тыңдап отырғанда, қандай сезімде боламын? Қаншама дыбыс режиссерларымен жұмыс істедім. Ермек Күсенов, Әлім Байғарин… Әлім Байгарин Құрманғазы оркестрінің сведениесін жасай алмай үш күн қиналған. Бір күні, «осы оркестрді жиырма жылдай жаздым, бірақ дыбыс балансын келтіре алмай-ақ қойдым» дейді. Мен «келтіре алмайсыз, өйткені, симфониялық оркестрдегі сияқты әу бастан табиғи баланс жоқ» дедім.

Симфониялық оркестрдің құрамы әбден сұрыпталып жеткен бізге. Скрипка, альт, виолончель, контрабас. Негізі осы аспаптар. Сосын мына жерде мыстан жасалған үрмелі аспаптар тобы бар:  труба, валторна, тромбон және туба. Ағаштан жасалған үрмелі аспаптар бар: пикколо-флейта, флейта, гобой, кларнет, бас-кларнет, фагот. Сонда, осылар керемет дыбыстық үйлесім береді. Ғасырлар бойы сұрыпталып жеткен. Ал бізде олай емес. Баланс сол баяғы…

Енді концерттің репертуарына келейік. Кенжебек Күмісбековтің «Вальсі». Мықты шығарма ғой. Кенжебек Күмісбеков, Алдаберген Мырзабеков, Нұрғиса Тілендиевтер оркестрге лайықтап музыка жазудың кілтін тапқан нағыз шеберлер еді. Олардың шығармалары әдемі дыбыстық үйлесімімен тартымды. Мысалы, «Махамбетті» алайық. Сол сияқты, көп шығармалардың әуені әдемі, тыңдағанда құлаққа жағымды.

Махамбеттің «Қайран, Нарын» деген күйі ойналды. Ырғақ жағынан оркестрге арналмаған шығарма, мүлде баланс жоқ, ансамбль жоқ. Мен үшін концертте сәтсіз шыққан да осы күй. Әуелден сәтсіз таңдалған. Басынан бастап домбырашылар ойнайды. Оны тіпті екі домбырашы қатарласа ойнағанда, басынан бір-бірімен қайшы болады, ансамбль болмайды. Он бес домбырашы ойнағанда тіпті «каша» болды.  Домбыралар өз-өзіне онсыз да бөгет жасағаны аздай, басқа аспаптар қосылғанда, тыңдап отырған адамға мүлде әсер етпейді. Жалпы, барлық аспапты бірден ойнату – жалпы оркестровка жасаудағы дөрекі қате. Мысалы, оны басынан бастап аяғына дейін домбырада ойнағандай ойнау міндетті емес. Ал мен бір жерінде демалғым келеді. Аранжировкада ондай «интересный решение» жоқ. Менің ойымша, жүз пайыз демей-ақ қояйын, бұл – аранжировкаға алынатын дүние емес. Ырғағы күрделі күйлерді оркестрге өңдеудің қажеті жоқ.  Одан да басқа шығармалар жетіп жатыр ғой.

«Хан Кене» деген шығарманы алайық. Осы жерде дирижерға қатты сын айтқым келеді. Басында мақтап алдық қой. Жақсы, жаңашыл дедік. Бірақ, кешегі «Хан Кене», «Қайран, Нарын» дегендер – шикі. «Хан Кене» деген мүлде сумбурный, түсініксіз шығарма. Ол туралы айтудың өзі артық. Бірақ, онсыз тағы болмайды. «Адайды» қайта-қайта ойнай бермейсің ғой. Ізденіс те керек. Авторлармен жұмыс істеп,  жаңа шығармаларын ойнап, ізденіс үстінде жүрген дирижер. Оркестрдегі дыбыс үйлесімі проблемасы оған таныс. Оны шешу бір адамның қолынан келмейді.

Енді әншілерге қатысты. Фархат Кубиев. Өзіндік ерекшелігі бар, жақсы вокалист, бірақ, «посыл», энергетика жоқ. Әдемі,  тегіс айтады, түрі де, даусы да әдемі. Бірақ, адамның жан-дүниесін толқытпайды. Алға қарай жетелемейді, тыңдап аласың да, жетпей жатқан жерін ыңылдап көмектесіп өзің жеткізіп аласың.

Арайлым Ибраева Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел!» деген әнін айтты. Вокалы дұрыс емес. Кей жерлерінде тамаққа салып, қырылдатып жібереді. Бұл ән өзі Сыр өңірінің жыр стилінде шығарылған ғой, түпнұсқасы эстрада-симфониялық оркестрге арналған. Қазақ оркестрінде осы аранжировканы дәл сол күйінде қайталау біртүрлі ыңғайсыз көрінді. Үрмелі аспаптар тобы ойнайтын синкопаны ішекті аспаптар тобы ойнап жатыр. Екі ән де маған әсер етпеді. Бірақ, бұл әндерді «Отырар сазымен» бұрын соңды ешкім айтпаған. Бұл – жаңалық, бірақ, жаңалық болған соң, әншіні ойластыру керек еді. Мүсілімнің кемшілігі – бұл әндерді осы аранжировкада ойнағаны. Әрине, халық жақсы қабылдап жатыр. Естімегелі біраз болған, орындалмай кеткен әндер. Бірақ, арғы жағын көрмейді.

Жанғали Жүзбаев. Біреу сахнаға еріксіз итеріп жіберген сияқты апыл-ғұпыл шықты, апыл-ғұпыл ойнады. Шертісінен жаңылып отырып жүйкеге тиіп, әсерін құртты. Жанғали негізі мықты күйші ғой. Осы жолы жұмысына жауапкершілікпен қарамады. Бұны бір сөзбен непрофессионализм деп атайды.

Еркін Шүкіманов жақсы. Әнді айтты. Номер жақсы, бірақ артындағы аккомпанемент тағы сәтсіз. Бірақ, құлағымда қалғанымен айтайын. Басында ойналатын фигурация арфа мен фортепианоға жақсы келеді. Ал жетіген солардың орнын баса алмай отыр. Бұл жақсы емес, басынан-ақ бар әсерді құртты. Қанша дегенмен, Еркіннің даусы керемет. Бірақ оны әлі пісіре түсу керек, материал шикі, бұл тағы да дирижердің кінәсі. Басын жақсы бастады, тағы да баланс жоқ. Дауыс мына жерде, аккомпанемент – анау жақта. Еркін сондай дисбаланспен қалай айтып шыққанына таң қаламын. Анау бұрыштан шығып жатқан аккомпанементпен мен айта алмас едім. Адам әнді кайфпен айту үшін, құлағындағы аккомпанементтің балансы дұрыс болуы тиіс. Бұл жерде сахнаға дұрыс микрофон қойып, оркестрдің, жеке аспаптардың дыбысын дұрыс шығаратын жақсы дыбыс режиссері болуы керек еді. Әйтпесе, әрине, сәтті, батыл эксперимент, ізденіс. Бірақ, соңында күтілгендей нәтиже болмай қалды. Өйткені, Еркін артынан тағы домбырамен бір ән айтты. Өзі де, залдағы жұрт та әлдене жетпей тұрғанын сезді. Баяғыда, Қатимолла Бердіғалиев «Қыз Жібектен» ғой деймін, жыр жырлағаны бар. Бір сағат жыр жырлады. Бірақ, соңында, көрермендер құмары қанбай, «Мұхиттың бір екі-үш әнін салып берші» деді. Сол Мұхиттың әндерінен кейін ғана жұрттың көңілі тынышталып тарады. Сол сияқты, Еркін ариядан кейін домбырамен ән айтып, былайша айтқанда, фишканы шайып жіберді. Опера айтты ма, фишка шығарды ма, неге домбырамен ән айтқызасың? Айтты ғой басында. Тағы бір кемшілігі – қайта-қайта ақтала берді. Ол да непрофессонализм. «Дәстүрлі әнші едім, опера бірінші рет айтып тұрмын, кемшілігі болса кешіріңіздер» деп бір сағат ақталудың жөні жоқ еді. Концерттен соң жұрттың бәрі осыны айтып шықты. Бұл сахна мәдениетіне жатпайды, концерттің кемшілігі.

Бірақ, жалпы концерттің атмосферасы жақсы. Біздер кәсіби жағынан қазып тергейміз, ал көрермен халық Шүкімановтан да, «Сәлем саған, туған елден» де жақсы әсер алып жатты. Сосын, маған ұнағаны – Гүлфайрус Далбағай ойнаған сазсырнайдың «Балдырған» номері өте сәтті, оригинально шықты. Сазсырнаймен жетігеннің үйлесімі тембрі жағынан «Ою-өрнек» те күшті болды. Есте қалған шығармаларды айтып шықтым.

Бұлар – сол кештің иесі Мүсілім ғана емес, кейінгі дирижер жігіттер ескеретін нәрселер. Айтылған сыннан нәтиже шығарып, дыбыс сапасын жетілдіре түссе бұдан қазақ музыкасы ұтылмайды. Ініме табыс тілеймін.

Бейбіт АҚОШ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>