«БАЗЕКЕ, ҚОЛЫҢДЫ ЖАЙ, БЕР БАТАҢДЫ!»

Сахна көркін келтіріп жасындай жарқылдайтын музыканттың тәлімі мол ұстаз болуы ілуде бір кездеседі. Ал, білікті басшының ұлт өнерінде абызға айналуы да сирек. Адамгершілік қасиеті мен өмірлік тәжірибесі мол, өнердегі әкемдей болған, Қазақстанның халық әртісі Базарғали Жаманбаевтың бойынан осының бәрі табылады. Өмірлік кәсібімді тап басып таңдағасын, магистрант ретінде осы кісінің ұстаханасына саналы түрде келдім. Сырттай қанық едік атына. Іштей қанығу мүлде бөлек екен.

bazekeЖүріс-тұрысы мен киім киісі бөлек, сөз саптауы мен өзін ұстауы ерек ағамыз Ақтөбенің алыс ауылынан шыққан қазақтың  қарапайым баласы болғанын өз ауызынан кейін естідім. Әйтпесе, бекзат болмысы мен орысша жүйріктігіне, сәнді киіміне қарап, қалалық болар деп жүргенбіз. Көргеннен жатырқамай тарта сөйлесу бұрыннан әдеті екен. Тағдыр-талайына Ахмет Жұбановтан бастап  күні бүгінге дейінгі танымал өнер тарландарымен бірге жұмыс істеу жазылғасын, айтар әңгіме аз болсын ба? Іле иіріп әкетті әңгімесімен. Ертедегі шешендеріміз осындай-ақ болған шығар. Музыка жайлы көсілгенде, сірә, сарқылмас қазынадай көрінді.

Әдетте, кез-келген кәсіби ұстаз өз саласына жүйрік келеді. Ал, кең ауқымда дәріс жүргізіп, шәкірттердің басқа саладан да хабардар болуын қадағалап отыру көп кездесе бермейді. Мысалы, кафедрада елуге тарта музыкант-студенттің Абайдың «Қара сөздерін» өз ана тілінде қазақша-орысша жатқа айтуын, немесе, әлемдік поэзия алыптарының өмірбаянын альбом етіп, оны тәптіштеп айтып тұрғанын көрсеңіз, не дер едіңіз? Күнделікті сабақта үйренетін мануалды техника мен түрлі шығармалардың дәуірі, композиторлардың өмірі мен хаттары, опера либреттосы мен тарихын меңгеру өз алдына. Бұған арнайы уақыт белгілеп, аптасына екі рет факультет студенттерімен қосымша этюд сабағын өткізуін қосыңыз. Иіріліп тұрған қарақұрым студенттің қақ жарылып қошеметпен жол беріп, ортаға адымын шегелей басып келе жатқан маңғаз кейіптегі мұғалімді дәріс аяқтала бере қол соғып құрметтегенін көргіңіз келсе, түс әлетінде консерваторияның камералық залына келіңіз. Оған керекті музыканың бәрін алдын-ала дайындау, әр жаттығуға лайықты музыка таңдау да оңай жұмыс емес. Бір сағатқа созылатын сабақтың тартымды өтуіне іштей өзін ширатып, кітап ақтарып, тыңғылықты дайындалып келетінін айтпай-ақ білеміз. Енді осының бәрі қазір зейнет жасындағы кафедра меңгерушісіне, отыз жылдан аса профессор адамға не үшін керек дегенде, бойына өнерге деген кірпияз адалдықтың дәнін еге білген, қырық жыл бұрынғы Ленинградтық А.А. Березин, А.В. Михайлов, К.Н. Дмитриевская, М.С. Друскиндей шынайы ұстаздарының өмірлік ұстанымын байқаймыз. Ағамыздың ұлы өнер дәстүріне деген адалдығын көреміз.

Оркестрге ешқашан шала дайындықпен шықпау керектігін де алғаш ағамыз ұғындырған. Әрбір терминнің шығу тегін үйдегі кітаптардан оқып келсек, ол кісі қайдан білгені белгісіз, қосымша анықтаманы қосып отырады. Кейіннен ол сыр шешілді. Ағайымнан естелік ретінде 1896 жылы «Юргенсон» баспасынан Ю. Энгельдің редакциясымен шыққан, қалыңдығы бес елі көне музыкалық сөздіктің көшірмесін алдым. Шау тартқан шақта да шеберлігін шыңдай беретін сарқылмас қуат иесінен үйренеріміз көп екен. «Айтарым аузымда қалып, саусағым рояльға жүрмесе не болғаны» деп, қашан көрсең сағаттап жаттығып отырғаны. Әңгімелесе келе басына бақыт қонған Базекемнен естіген қанатты сөздер көп еді. «Музыка теориясы деген – дыбыстан басталатын заңдар мен ережелер жиынтығы», немесе «пауза – менің үнсіздігімнің белгісі», «фермата – тәж», «Темп – музыкалық шығармадағы жылдамдық өлшемі», «Темптің түрлері…» деп сағаттап тоқтамай тарқатуға бар.

Білім ордасы Петерборда өнерді түгелдей бөтен тілде меңгеріп, елге оралған бетте еврей, украин, орыс, неміс сияқты сан ұлт топтасқан театрда жұмыс істегесін, ағамыздың орысшасы сол орыстың өзін он орайтын деңгейге көтерілген. Жаңа ғасырда ауылдағы қаракөз қазақтың саны артып, орысша білмейтін ұрпақ профессор алдына көптеп келе бастады. Бала кезгі қазақтың шұрайлы тілі мидың бір қатпарында бұзылмай сақталып, жас ұлғайғанда қайта жаңғыруын осы кезде көрдік. Сирек айтылатын мақал-мәтелдер  мен ескі тіркестер ағыла берді. «Ағарып алдыма түспе, қарайып артымда қалма». Кәсіби өнерге қатысты жерде біз үшін қатал ағамыздың көңілі соққанда  соғыстан кейінгі балалық шағын, шешесі мен бауырларын сағынышпен еске алып шер тарқататыны бар.

Кітапта кезікпейтін, көзімен көріп, көңіліне түйген сан алуан құнды мәліметтері де керемет. Коридорда «қызып алып» қол ұстасқан Жандарбеков пен Байсейітов, Ғарифолла ағамыз бен Абдуллиндер, Хамиди мен Тілендиев жайлы қызық әңгімелер, Жаманова, Төлегенова, Серкебаевтармен болған гастрольдегі оқыс оқиғалардың тиегін ағытатын. Ағамыз тоғыз жыл опера және балет театрынының басшысы болған. Сол уақтағы мәдениет министрлігіндегі тосын тірліктер мен мерекелік, үкіметтік концерттегі тапқырлықтарды тәттілеп айтады. Ғазиза апамыз бен Еркеғали ағалар жайлы, замандасы болғасын күні кешегідей іркілмей жайып салады. Сондай сәттерде тарихи кезеңнің тірі куәсіндей кісінің қасында көбірек болып, құмарың қанғанша тыңдай бергің келеді.

Күләш Байсейітова атындағы арнайы музыка мектебінен тәлім алып, қазақ ұлтынан алғаш шығып Ресейдің Үлкен театрында, Болгарияның София операсында, Румынияның Бухарест операсында бірнеше спектаклге сәтті дирижерлік еткен, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда қырық алты жыл үздіксіз қызмет қылған педагог, хормейстер, дирижер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының сахибы Базарғали Әжіұлы Жаманбаевтың ұлт өнеріндегі орны ерекше. Талай жылғы тәжірибе мен музыка тарихындағы білгірлігі кейінгі ұрпақ үшін аса қажет. Өнерге адалдықты талап етіп, жасандылық пен әділетсіздікке жаны қас болғасын, бет жүзіңе қарамай мәдениетті түрде «сойып салатын» өткірлігі және бар. Айналасындағы ағайынның іштен тынып жүруі де сондықтан. «Білім – үстемдікке жеткізеді» деген сөзі де ақиқат екен.

Қазақстанның халық әртісі Раушан Байсейітовадай қосағыңызбен ұзақ һәм бақытты ғұмыр кешкейсіз, асыл аға. Қасиетті өнер айдынында қайраңдап қалмай, бағытымызды айқындау үшін ұстазым, «Құрмет» орденінің иегері   Базарғали Жаманбаевтай алып та байсал кеменің көз ұшында бағдар боп ұзағырақ тұрғаны абзал.

Мүсілім ӘМЗЕ,

ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің және Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері

 

«Ұлт» тәуелсіз интернет басылымы

23 cәуір, 2014.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>