Абай атамыздың «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» дегенін еске алып, есті кісілердің қатарында болар ма екенбіз деген үмітпен, ахирет үшін болмаса да, дүния ісі бойынша жұмасында, айында емес жылында болса да өзім үшін бір есеп алып көрейін дедім.
Міне, кезекті еңбек демалысына шықтық. Он айға созылған концерттік маусымға көз жүгіртіп, шығармашылық әлемді ойша шолып отырмын. Жұмыс барысында көңіл марқайған қуанышты сәттер де, бір ширауы кем «әттеген-ай» деген сәттер де аз болмапты. Концерттік бағдарлама түзудің қиындығы, әншілер таңдау мен жаңа туындылардың тұсаукесері өз алдына. Дирижердің міндетіне кірмесе де, концертке көрермен тарту да бізге жүктеліпті. Есесіне концертке келіп риясыз көңілмен айтқан қаншама қошемет сөзге құлақ құрышы қаныпты. Концертке дейінгі аласапыранды ұмыттырып, қаншама рет құшағымыз гүлге толыпты. Өнерпаз үшін бұдан асқан қандай қуаныш болсын!
Балалар оркестрі мен студенттер оркестрі, қазақ халық аспаптары мен симфониялық оркестр, эстрадалық оркестр мен хор ұжымы, опера жанрын қоса есептегенде жиыны қырықтан аса концерт өткізіппіз. Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрімен әдепкі, жоспарлы концерттен тыс қазан айында «Сырлы саз», маусым айында «Алматы – жүрегім менің» атты жеке концертім өтті. «Сырлы саз» жеке аудио диск болып жарыққа шықты. Алматыдағы бірнеше мектеп сахнасында қойған концерттеріміз ерекше есте қалған кештер екен.
Бұдан бөлек Қызылорда қаласында Н. Бекежанов атындағы драма театры сахнасында Тұрмағамбет атындағы оркестрмен «Шынайы шеберлік» деген атпен концерттік кеш, Қарағанды қаласындағы «Шалқыма» концерт залында Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің маусымжабар концерті өткен еді.
Гастрольдік сапармен Ақтөбе қаласы мен Алға қаласында, Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданында, Алматы облысының Кеген, Нарынқол, Қаскелең, Ұзынағаш елді мекендерінде болып, көрермен көңілін табуға талпындық. Ретіне қарай кейде күніне қос концерттен бердік. Шымкент қаласындағы опера және балет театрында екі күн қатарынан Р.Леонкаваллоның «Паяцы» операсын ұсындық. Концерттік бағытта жыл соңын осылай түйіндеппіз.
«Хабар» арнасында «Оян.кз», «Жаңа күн», «Айтұмар», Қазақстан-Ақтөбе телеарнасында «Сәті түскен сұхбат», Қазақстан-Қызылорда телеарнасында «Жаңа күн» бағдарламасындағы телесұхбаттар мен «Қазақ әдебиеті», «Ақтөбе», «Сыр бойы» газеттерінде жарық көрген сұхбаттар да осы маусымға тиесілі.
Дәулескер күйші ағалар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанғали Жүзбаев пен ҚР композиторлар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Төлепберген Тоқжановтың қаламына ілігіп «Түркістан» және «Ақмешіт апталығы» газеттерінде жарық көрген көлемді мақалаларын көңілге медеу тұттық.
Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясынан дирижер мамандығы бойынша өнертану магистрі академиялық дәрежесі берілген диплом қолымызға тиді. «Дәстүрлі оркестрлік музыканы игерудегі оқушылардың кәсіби белсенділігін қалыптастыру» атты магистрлік диссертацияға уақытымыздың көп бөлігін арнап, жазу машақаты деген азапты жұмыспен таныстық. Өзім жұмыс істейтін А.Жұбанов атындағы РМҚММИ симфониялық оркестрі мен П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің симфониялық оркестріндегі бірнеше жылдық тәжірибені негізге алып жазылған еңбек еді. Магистратура талабы бойынша жәй күндері мойын жар бермейтін мақала жазу деген міндетті де осы жылы атқарып, президенттік шәкіртақы алып көрдік. «Ана тілі» газеті, «Поиск-Ізденіс», «Ақжүніс-Астана», «Дана.кз» журналдары мен «Ел.кз», «Ұлт» ақпараттық порталдарында ұлттық өнерге қатысты бірнеше мақаламыз жарық көрді.
Жанашыр інілердің көмегімен ашылған, шығармашылық өміріміздің айнасы іспеттес muslimamze.kz жеке сайтымызда фото, аудио, видеомен көркемделген «Арқа сапары», «Әлди» және басқа да еңбектерді жарияладық. Алдағы уақытта шығармашылық әлемнің айдыны болар деген үмітпен сайт жұмысын жетілдіру жұмыстары үзілмек емес.
Шалғайдағы Жетісай қаласында қазақ музыка өнері үшін тер төгіп келе жатқан күйші, композитор, дирижер Бөрі Иса ағамыздың еңбектерін жарыққа шығарсақ деген жоспарымыз да осы жылы жүзеге асты. Халық аспаптары оркестріне арналған «Жиделі Байсын» мен симфониялық оркестрге арналған «Наурыз тойы» партитуралар жинағының алғысөзін жазып, құрастыру, домбырашылар ансамбліне арналған «Мерекелік күй», домбыра мен фортепианоға арналған «Желдірме» топтама жинақтарының музыкалық корректор жұмысын атқарып көңіл жайланды.
Жылдық жоспарға ретімен іліккен жұмыстардың дені осы бағытта өрбіді. Айтулы ғалымдардың бір жылда жазған бірнеше жүздеген мақала, монографиялары мен танымал дирижерлардың әлемдік сахналарда қойған үш жүзге тарта концерт-қойылымдарымен салыстырғанда мына тізіп отырғанымыз теңізге тамған тамшыдай ғой, тәйірі… Әйтсе де, бұйырғанын бір қайырдық.
Көрсеткен күнге шүкір, бұған да тәубе! Алдағы маусымнан да үмітіміз мол!
Келесі концерттік маусымның арқалар жүгі де аз емес. Тек ойдағыдай іске асуын нәсіп етсін дейік. Сөз соңында алтын уақытын қиып концертімізге келген, ел мәдениеті мен өнеріне қолдау білдіріп, ыстық ықыласын аямаған мәртебелі тыңдарманға алғыс айтамыз!