Оркестр үшін түрлі дирижермен жұмыс істеу қандай маңызды болса, дирижер үшін де дәп солай. Өз оркестріндегі жүз қаралы адамның мінезін танып, етене араласып, оларға айтар ойыңның дұрыстығын дәлелдеп жұмылдыра кірістіру үшін айлап-жылдап уақыт кетсе, жаңа оркестрге бас-аяғы үш-төрт репетиция беріледі. Сол кезде сенімге ие болсаң, бағыңның жанғаны!
Сен үшін жаңа оркестрдің қалыптасқан тарихы, дәстүрі, жұмыс тәртібі дегендей біршама жаңалықтары болады. Уақытша келгеніңді жақсы біледі. «Аз уақытта оркестрді меңгеріп алып кете алам ба» деп әуреге түсіп жатсаң, олар үшін «не айтар екен, қалай жұмыс істейді, қатал ма, білімі ше, шеберлігі осал ма, шешендігі ме» деп сен келгенше мазалаған сан түрлі сұрақтардың жауабын алатын сәт. Оркестрант деген «келесі концертімізге пәлен жерден түген деген дирижер келеді екен» деп өмірбаяныңды біліп, ит жылы дайындық үстінде айтқан сөздеріңді, шығармашылық бағыттағы артық-кеміңді тізіп отыратын халық.
Тәртіп бойынша жергілікті ұжымның басшысы таныстырып өтеді, бас изеп ізет көрсетесің, сосын «сәттілік» деп кетеді. Ал сен алпыс-жетпіс адамның алдында жалғыз қаласың! Бұл кезде әрбір сөзің мен қимылыңа есеп бересің. Аяқ киіміңнен бастап шашыңды оң-солға қайырғаныңа дейін назарда ұстап отырғанын жүйкеңмен сезініп тұрасың. Арбасып аңдысқан, шалт қимыл жоқ, аңысын байқап отыратын шешуші шақ!
Одан қалса жаңа шығарманың түсініксіз жерін сұраған шынайы, сені «мына тұсты былай шертсек пе екен, айтып жіберсеңіз» деп сынаған арнайы сұрақтар, дұрыс жазылған аккорды қисық тартып құлақ тексеретін құйтырқы әрекеттер басталады кезегімен. Әрине, мұның бәрі біз сияқты дирижерлік ағысқа жаңа түскен жас дирижерлар үшін. Кәнігі, әбден тексерілген тісқаққандар үшін емес.
«Сыннан өттің – табысқа жеттің!»
Ең ғажабы, көптің ойынан шығып иландыра алдың ба, оркестр сен үшін жан аямайтын нағыз досқа айналып шыға келеді. Көзқарасы мен қас-қабағынан жақын жанашырлық көрінеді. Концерт кезінде талай күнгі еңбектің еш болмай ел алдында бедел-қошеметпен жанғанын бірге қалайсың. «Кемедегінің жаны бір» болатын кезең. Жаңа концерт жаңа майдан секілді. Бір-біріне ұқсамайды. Не болатынын, қалай құбылатынын айтып болмайды.
«Тек бастай біл, ерте біл!»
Концерт басталған бетте халық пен оркестрдің ортасындағы толассыз толқынды өткізгіш қызметің тағы қосылады. Көрермен қысымының жоғары-төмендігін байқап реттеу деген. Жарайды, ол бөлек әңгіме.
Енді осы жағдайдан тағы өтуге тура келеді. Бұл жолы еліміздегі Құрманғазы мен «Отырар сазы» оркестрінен кейін құрылған Тәттімбет оркестрімен танысудың реті келіп тұр. Мамырдың 23 күні Қарағанды қаласында құрамында симфониялық және қазақ оркестрімен бірге бірнеше ұжым, әнші-күйшілері бар Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің шақыруымен әйгілі «Шалқыма» концерт залында өтетін Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің маусымжабар концертін өткізбекпіз. Фархат Кубиевтей келешегінен үміт күтетін әнші жігітті серік еттік. Репертуар таңдап қойдық. Аздап қобалжу да бар. Сұлу ән, сырлы күйдің туы тігілген Арқа өңірі, атақты оркестр, әйгілі зал, талғампаз көрермен дегендей…
«Иә, сәт!»
Бұл да бұйырған бақ деп қабылдадық. Бар ынта-жігермен, ықылас-пейілмен тастүйін боп барамыз! Бұған дейін де алқаған! Желеп-жебеген! Тілектен танбаймыз!
«Абырой бергей!»
Қазақтың күй өнерін жаңа сыпатта әйгілеп жүрген Құрманғазы, «Отырар сазы», Мұқан Төлебаев, Тұрмағамбет атындағы оркестрлерінен кейін жолымыз түсіп тұрған Тәттімбет оркестрі тарихына тоқталып өтсек дейміз.
Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі 1988 жылы Қарағанды қаласында ашылған. Қазақ өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан бұл оркестрге күйші Тәттімбет есімі 1990 жылы, ал жоғары «академиялық» атақ 2000 жылы берілген. КСРО халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Шамғон Сағадинұлы Қажығалиев басқарған жылдары оркестрдің репертуары қазақ ән-күйлерімен молығып жаңа белеске көтерілген.
Қазақ дәстүрлі оркестрлік музыкасын Арқа күйшілік мектебінің көрнекті өкілдері Тәттімбет, Тоқа, Әшімтай, Дайрабай, Қыздарбек, Аққыз, Сембек, Әбди, Әбікен, Мағауия күйшілердің мұрасымен жалғаған бірден-бір оркестр.
Бүгінде байсалды өнер ұжымына айналған оркестрді Тәттімбеттің «Сарыжайлау», «Көш жанаған», «Секіртпе», Әшімтайдың «Қоңырқаз», Тоқаның «Сарыжайлау», Аққыздың «Мұң қосбасар», Қыздарбектің «Сылқым қыз» күйлерінің оркестрлік нұсқасын шебер орындаушысы ретінде танылған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбуғалисын Шоқанбаев басқарады.