Күй өнеріндегі қыз-келіншектердің кейінгі толқынына өзгеше өрнекпен қосылған күйші қыздардың бірі – Әсел Алина. Дина әжеміз бастаған күй керуенін кейінде Роза, Айгүл, Салтанат жалғастырса, бүгінде сол көшке көшелі дәстүрдің сынын бұзбай әдемі қосылған Әсел-күйші дер едік. Консерваторияны аяқтап жатқан мыңдаған түлектің ішінен «қағысынан танитын» қас домбырашыны тану мұң болған уақытта дыбыс сұлулығы, кербез қағыс, бекзат орындаушылықпен ерекше есте қалу кез келген күйшіге бұйыра бермейді.
Әселдің орындауында жалғыз-ақ күй тыңдап едім. Динаның «Бұлбұлын». Күйшінің қарымы мен әлеуетін тануға бір күй жеткілікті. Бұл күйге домбыра ұстаған ағайын аңдап баратын, ал абырой әкелетіндей етіп тарта алмасаң – айрандай төгіп аймандай ететін асау күй деп танимын. Көп күйшінің қатарында болар-ау дегенім бекер екен. Күтпеген күйшім болып шықты.
Бейнетаспадағы сол көрініс әлі есімде, домбыраның дыбысы сол күйі құлағымда. Әдетте, күй өнерінде өзгеше талай тапқан, тыңдағаны көп болса да, аз ғана айтары бар кемел күйшілердің өзгеге ұқсамас шертісі көкейге қона қалатын. Қай жерде яки қай уақытта болсын әлгі қағыс пен қайырым естіле қалса, сол замат көкірегіңдегі қоңырау белгі береді. Әр көкейге белгі салып өтетін күйшіде не арман бар… «Бұлбұлды» тыңдағаннан кейінгі хәл осы ойға жетелейді.
Өзін сахнада еркін ұстауы мен паң отырысы соншама жарасымды. Тәкаппар. Селкеусіз сенім барын сездіретін сұлу көрініс. Күйші кең қағыспен еркін бастады. Төмен-жоғары қағыстың арасы алшақ. Салалы саусақтан төгілген күй әп-дегеннен баурап алды. Күй мәтіні жақсы таныс болса да, кейін қосылған бірнеше қағысты тосырқанбай қуана қабылдадым. Ескі шертістің аясындағы жалғас. Көне мен жаңаның ортасындағы біршама дыбыстық айырма мен қағыс жаңалығына көз қуанды. Сол қолдағы дыбыс өрнегі үшін жасалған әшекей-мелизмдерді көзбен танысақ, жылдам ойналған тұстағы әр пернені тербеп өткені көз ілеспесе де құлаққа анық жетті. Оң қол қағысындағы әр саусақпен төмен қағу әдісі де көңілге қонды. Құлақ айырып, көңіл қабыл алған әрбір перненің дыбысы ұмытпастай жатталып қалыпты. Домбыраның бауырын қажет кезінде баса қалып, заматында жаза түсуі, бұлбұлды «сайрататын» үздіксіз жиі қағыс техникасы, ішкі тегеурін, қайырым соңын қағысты серпіп қалып шалт түюі… әбден төселген машық.
Ішкі сырын тек домбыра арқылы айта алатын, сол аспабымен құпия-күйді көпке шынайы жеткізетін күйші екен. Әсіресе, үзілмей тербеліп тұрған соңғы дыбысты кілт қағыспен ауада қалықтатып барып қатар үзді. «Көзіңе көрінген әсем көрініс құлаққа дәп солай жетті ме, құлаққа жеткен сырлы саздың синхрон бейнесін дәл елестете алдың ба» деп тексеріп тұрғандай. Мұншама тұтас дүниені шашауын шығармай ұсыну үшін қаншама сағат қайталай қағу, пернеден-пернеге дыбыс үзбей жылжу, әрбір деталін жарқырата түсуге дағдылану сияқты орасан еңбек пен кенеусіз қайрат… таныс дүниелер. Көрерменнің кірпияз көңілі мен күй танитын тыңдаушының қошеметіне бөлену деген күйші үшін қашанда маңдайтермен өтелген. Қастерлі күйді біртұтас қабыл ала алатын өнерпаз ғана сол күйі тыңдаушыға өз әуезімен қайта ұсына алады.
Үлкен музыкант деп таныған, талантына тәнті болған Әсел күйшімен бір кеште өнер көрсету – сол кештегі алғашқы келген ой болатын. Ұсыныс әуелі қарындастан түскенде – таңдандым. Іздегенге – сұраған. Сәтін салды деген осындай-ақ болар. Бұйыртса, Наурыз мерекесімен қатар филармония концерт залында тамаша күй кеші өтпек. Наурыз айының 19 күні өтетін күй кешінде мейір қандырып, мерей өсіретін сырлы күйдің бірнеше нұсқасын ұсынбақпыз. Оркестр сүйемелімен күйші Әсел Алина үшін арнайы жазылған көлемді жаңа туындылардың алғаш тұсауын кеспекпіз.
Сөз соңында күйші қарындасыма «телегей өнер айдынында қалықтай жүз, күй-қанатың талмай, музыка әлемінде кербез қағысыңмен кемел туындылар қалдырып, тыңдаушыңның құлақ құрышын қандыра бергейсің. Өнер өлкесіндегі сапарың қашанда оң, жолың әманда ақ болсын» деймін.
Мүсілім ӘМЗЕ,
ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі мен Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері