ҚОЛЫНЫҢ ҚИМЫЛЫНДА БІР СИҚЫР БАР…

Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Шамғон Қажығалиев, Жамағат Темірғалиев, Төлепберген Әбдірашев, Айтқали Жайымов сынды алдыңғы толқын ағалардың ізін абыроймен жалғастырып жүрген Мүсілімнің өнер жолына үңілсек, оның дирижерлік қабілеті кештеу ояныпты. Бастапқыда тек қана күйші боламын деп мақ­саттанған өнерлі өреннің барлық жоспары ойда-жоқта өзгеріп сала берген. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Келес ауданы Т.Бигелдинов атындағы орта мектепте 8 жыл, музыкалық мектепте 5 жыл оқығаннан кейін арман қуып Қызылорда қаласына аттанады. Сыр елі — жыр еліндегі музыкалық училищенің домбыра сы­ныбына құжат тапсырады. Алайда, мұнда қаланың музыкалық мектебінде кәсіби білім алған, бұған қарағанда біліктілігі анағұрлым жоғары, ұпай саны түгел үміткерлер жеткілікті болып шығады.

– Менің есіл-дертім домбыра тарту, күй үйрену еді. «Күй шертпесем, музыкант болмай кетейін» дейтінмін. Ол кезде басқа аспаптардан хабарымыз да жоқ, оның үстіне үй-ішінің де қалауы сол болатын. Бірақ, оқуға түсу оңай еместігіне көзім жетті. Адам көп, ауылда өскен біздің орындаушылық деңгейіміз аса мәз емес. Қа­лалықтармен теңесуге жарамаймыз. Дегенмен қайткен күнде де ауылға қайтып бармауым керек. Оқуға түсе алмау кластас қыздардың алдында өліммен тең. Өйтіп масқара болғым келмеді. Сұрастыра келе, «Хор» бөліміне «ер балалардың дауысы тапшы» дегенді естіп, амал жоқ сонда баруға тура келді. Сөйтсек, мұнда да кісі жеткілікті. Прима сыныбын да байқап көріп, құлайтынымды анық сездім. Әйтеуір, бір ағамыздан контрабас аспабына адам аз дегенді құлағымыз шалып қалған. Ақыры айналып жүріп, контрабас сыныбына оқуға қабылдандым. Сондағы ойым, бір жерге бірдеңе етіп ілініп алсам, соңынан домбыра сыныбына ауысып кету. Алайда арада аз уақыт өткенде контрабас аспабын меңгеріп, тіпті өте жақсы көріп кеттім. Басқа бөлімге ауыс­қым да келмей қалды, –  дейді Мүсілім Әмзе.

Жас музыканттың ата-анасы болса, баласының бұл шешіміне үзілді-кесілді қарсы болып, «домбыра үйренбесең, үйге қайт, контрабасты қайтесің» деп өре түрегеледі. Үлкендердің көңіліне қарап, домбыра сыныбының студенттері қысқы емтихан тапсырған уақытта кейіпкеріміз де үш-төрт күй дайындап, сынаққа келеді. Ең қызығы, Мүсілім ғана бес деген баға алып, ұстаздары таланты таудай шәкіртіне контрабас пен домбыраны қатар үйреніп, екіжақты білім алуға рұқсат етеді. Біртіндеп екі аспап бойынша ұйымдастырылған байқауларда бақ сынап, көзге түсе бастайды. Солардың ішінде ең беделдісі 1994 жылы Алматы қаласында өткен Республикалық жас орындаушылар байқауы. Мұнда қызылордалық студент ІІ орын иеленеді. Бұл жетістік училище тарихындағы алғашқы жеңіс ретінде ұжымға үлкен қуаныш әкеледі.

Бір жұмадан кейін ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай оқу орны қабырғасында домбырашылар байқауы өтіп, онда І орынды жеңіп алады. Осындай жетістіктерімен қолына қос бірдей диплом алған соң, жас талант ат басын Алматыға бұрады.

– Ендігі мақсат  – консерваторияға түсу. Келсем, домбырашылар мұнда да көп. Сосын тағы әуелі оркестр факультетіне контрабас мамандығы бойынша сынақ тапсырдым. Жолым болды. Үйреншікті тәжірибем бойынша, бірінші семестрден кейін халық аспаптары факультетіне өтініш жазып, домбыра мамандығын қатар оқу мүмкіндігіне ие болдым.

  Бес жыл ішінде Керімтай Нарбеков, Есдәулет Исаметов сынды оқытушыларымыз тәлім-тәрбие берді. Оркестрде ойнау, өзіңді ұжымның бір мүшесі ретінде қалыптастыру, ішкі тәртіпке бағыну сияқты ізгі қасиеттерді бойымызға сіңірді. Осы кісілердің алдында әлі күнге өзімді қарыздар санаймын. Қазір дирижер ретінде оркестрден талап ететін дүниелерді алғаш сол кісілерден үйрендім. Ал домбыра сыныбын Рүстем Күлшебаев, Айтқали Жайымов сынды күйшілерден бітірдім.

  Оқи жүріп, Құрманғазы атындағы оркестрге жұмысқа орналасқан болатынмын. Оркестрде небір атақты, тәжірибелі, тіпті жаңадан ізденіп жүрген дирижерлардың алдында отырдық. Әрқайсысының қолтаңбасы әртүрлі. Әрқайсысына қарап отырып, жұмыс істеу тәсілдерін зерттедім. Бірақ түбі дирижер боламын деген ой ол кезде де мүлдем болған жоқ. Қазір ойлап қарасам, өнер жолым өзі соған жетелеп алып келе жатыр екен. Неге десеңіз, дирижерға қажетті бүкіл мектептен өтіппін. Халық музыкасы мен классикалық музыканы жадыма тең то­қыппын. Оркестр музыканты ретінде ұлт аспаптары оркестрінде, Абай атындағы опера және балет театрының симфониялық оркестрінде машықтанып, біліктілік жинаппын. Дирижерға қарап отырып, оның не қалап, не сұрап тұрғанын түсіну маған аса қиындық тудырмайтын. Бір күні «осы дирижерлық жұмыс менің де қолымнан келеді ғой» деген ой келді. Сол кездегі театр дирижері, Татарстанның халық артисі Ренат Салаватовқа «мен сізден үйренгім келеді» деген ниетімді ашық айттым. Дирижерлық ету маған сондай оңай көрінді. Жалпы, мен ғана емес, оркестрде отырған кез келген музыкант солай ойлайды. Көрермендер үшін де ең оңай жұмыс дирижердың жұмысы сияқты.

Кейін барлығы мен ойлағандай оңай еместігін біле бастадым. Енді есіл-дертім осы салаға ауды. Дирижерлар туралы кітаптар оқып, атақты дирижерлардың концерт таспаларын жиі тамашалап, осы өнердің қолымнан ке­летініне әбден сендім. Сөйтіп, 2007 жылы консерваторияға қайта түсіп, опера-симфония дирижеры мамандығы бойынша білімімді жалғастырдым. Дирижерлыққа бет бұрғаннан кейін маған оркестр керек болды. Өйткені әр орындаушының дайындалатын өз аспабы сияқты, дирижердың да оркестрі болуы керек. Бұл бір ғана аспап емес, үлкен ұжым. Біздің мамандықтың қиындығы да осында. Құдай сәтін салып, 2007 жылы А.Жұбанов атын­дағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты симфониялық оркестрін қолға алдым, – дейді дирижер.

Мүсілім Әмзе балалар оркестрінде бел жазбай еңбек етіп, үш жыл ішінде 15-тен астам концерт өткізеді. Әр концерт сайын жаңа бағдарламалар ұсынып, жеткіншектерді кәсіби дәрежедегі оркестр репертуарындағы күрде­лі шығармаларды ойнайтын деңгейге жеткізеді. Жас дирижердың аяқалысын байқаған «Отырар сазы» оркестрінің сол уақыттағы көркемдік жетекшісі Жамағат Темірғалиев өзіне көмекші етіп алады. Арада бір ай өтер-өтпестен I Халықаралық Н.Тілендиев атындағы халықаралық дирижерлар байқауында бақ сынап, дипломант атанады. Бірақ Мүсілім сол сәтте өзі үшін байқаудан гөрі, тәжірибе жинақтау маңыздырақ екенін бағамдайды. 2008 жылы дирижер В.Папянның жетекшілігімен Ашдод симфониялық оркестрінде (Израиль) тәжірибеден өту үшін жолға шығады. Алғашқы дебюттық концертін 2009 жылы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрмен Израильдің Ришон ле-Зион және Ашдод қалаларында қойған. Келесі жылы Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында біліктілігін арттырады.

Елге қайтып оралған соң жас маман Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестріне дирижерлық ете бастайды. Ол осы оркестрмен бүгінгі таңда 25-ке жуық концерт берді. А.Баршевич (Германия), В.Папян (Израиль) сияқты әйгілі шетелдік солистермен қатар, Нұржамал Үсенбаева, Талғат Күзембаев, Жұпар Ғабдуллина сияқты отандық өнер жұлдыздарының концертіне дирижерлық етті. Германия мен Қазақстанның ынтымақтастығы аясында Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі және Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласымен бірге халықаралық деңгейде концерт өткізді. Оған қоса, 2010-2012 жылдары Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері қызметін атқарды. «Қыз Жібек», «Махамбет», «Ер Тарғын» тәрізді белгілі операларға және бірнеше мерекелік концертке дирижерлық етті. Сондай-ақ Қытай, Түркия, Израиль, Ресей, Украина, Корея, Индия, Жапония, Италия секілді көптеген шет мемлекеттерде өнер көрсетті.

– Сырттағы дирижерлардың жұмыс істеу тәсілін көріп, қыр-сырына үңілген соң, дирижерлық туралы бұрынғы ойым мүлде өзгерді. Дирижер –  алдында оркестр мен хор, артында дүйім халық отырса да «мыңмен жалғыз алысатын» мамандық. Менің қуанатыным, 15 жыл оркестрдің ішінде отырып, ыстық-суығын көзбен көргеннен кейін, мен де музыканттың дирижердан не күтетінін екі ауыз сөзден түсінетін болдым. Симфониялық оркестр, ұлт аспаптары оркестрі, балалар оркестрі бөлек-бөлек шеберлікті талап етеді. Соған сай әрекет етіп, жұмыс істеуге тырысамын,  –  дейді қазіргі сәтте консерваторияда магистрлік білім алып, ғылыми ізденістерін кеңейтуге күш салып жүрген дирижер.

Ағымдағы жылдың ақпан айында дирижер «Отырар сазы» оркестрімен «Сырлы сарын», Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрімен «Ғасырлар пернесі» атты алғашқы шығармашылық концерттерін берді. Осы кеште белгілі ақын Шөмішбай Сариев:

Жүректерге шоқ гүлдер егілетін,

Кеуделердей қақырап сөгілетін.

 Қолының қимылында бір сиқыр бар,

Сазды әуеннің мұхиты төгілетін, – деп жырдан шашу шашты. Жастар арасында симфониялық және ұлт-аспаптар оркестрін қатар алып жүрген бірегей өнерпаздың шығармашылық асулары әлі алда. Ұлт өнерін ұлықтау жолында толайым табыстарға жетеді деп сенеміз!

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

«Айқын», №205 (2116) 1 қараша, 2012.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>