«ОТЫРАР САЗЫ» КӨРЕРМЕН ОРТАСЫНДА

– Қасиетті Сыр еліне қош келдіңіз! Әйгілі оркестрді бастап шыққан гастрольдік сапарыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

– Рақмет. Жылдың соңында Ақтөбе өңірінде басталған сапарымызды Қызылорда қаласында түйіндедік. Мұндағы концертімізді Жалағаш ауданынан бастап, 21 желтоқсан күні Қызылорда облыстық Н. Бекежанов атындағы қазақ драма театрының сахнасында аяқтадық. Сапарымыз еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңына дәл келгесін, шашу ретінде ән-күйдің інжу-маржанын ұсындық.  Өзіңіз көргендей, халық музыкасына сусындаған тыңдарманның ықыласы өзгеше. Қашанда жұрт көңілінен шығу – өнер адамы үшін мәртебе болған.

– «Отырар сазы» оркестрінің репертуарында Сыр өңірінің ән-күйлері бар ма?

– Сыр өңірінің музыкалық мұрасы өте бай, әсіресе, жыршылық өнер кең тараған. Арал­-Қазалы мен Қармақшы өңірі жыр мақамдарының әлем мәдениетіндегі орны ерекше. Әйтсе де, ән-күйлердің оркестр тұрмақ, ғылыми айналымға түскеніне көп болған жоқ. Ал, ансамбльмен соңғы кезде айтылып жүрген Елмұра Жаңабергенова, Ақмарал Ноғайбаева, Берік Жүсіпов, Руслан Ахметовтың орындауында бірнеше әндер бар. Әрбір әнші репертуарын екі немесе үш әнмен байытып отырса, осы өлкенің ән мәдениетін насихаттауға қосқан үлесі болар еді…

Бұл  бағыттағы жасалған жұмыстарды әрине, құптаймыз. Енді ансамбльге лайықтау бір бөлек те, оркестрге түсіру бір бөлек қой. Сондықтан, Сыр өңірінің музыкалық мұрасы оркестрде көп деп айта алмаймын. Репертуарымызда Әлшекейдің «Терісқақпай», Мырзаның «Ілме»,  Исламбектің «Күрішшілер»,  Мұрат Сыдықовтың «Батыр баба» күйінен бөлек Бексұлтан Байкенжеевтің бірнеше әндері бар. Күйлердің иі қанып, табиғаты бұзылмай, оркестрге құлпырып, түрленіп түскенін қалаймыз, себебі, сәтті шыққан туындылар ғана тыңдарманға жол тартпақ. Ал «бір қайнауы ішінде» кеткен шығармалар дайындық кезінде-ақ тізімнен түсіп қалады. Өйткені, уақыт осыны талап етеді бізден. Келешекте бұл тізімді толықтыра береміз. Бұйырса, осы топырақтың жақұт жыры мен күмбір күйін, сырбаз сазы мен әуезді әнін қамтыған, көптен ойымда жүрген жобаны іске асырып, «Сыр сазы» деген атпен   концерт бермекпін.

– Сыр бойының жыр-мақамдарын оркестрмен айтуға қалай қарайсыз?

– Дұрыс қараймын. Себебі, мәдениет те уақыт озған сайын өзгереді, бір орнында тұрмайды. Ертедегі халықтың алқалай отырып жыршыны тыңдағанындай, қазіргі өнерпазды жұрт сахнадан тыңдайды. Демек, формасы өзгерді. Мақам-сазды да негізгі түпнұсқадан ауытқымай, оркестрдің түрлі бояуымен тек сүйемел етіп ұсынсақ – еш ұтылмаймыз. Мұндағы басты шарт – орындаушы сол дәстүрлі жыр мектебінің төл өкілі болсын. Мақам-саздың нотасын қағазға қаттап жүрген жанашыр ағамыз Төлепберген Тоқжанов бір-екі жырдың оркестрге лайықталған үлгісін ұсынды. Біз қуана қабыл алдық, оркестрдің де көңілінен шықты. Жыршы Руслан Ахметовпен алдағы жылы көпшілік назарына ұсынамыз.

– Өзіңіз оқыған Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің өнер әлеміндегі орны қандай?

– Бұл колледж – кәсіби музыка мен дәстүрлі өнерге тең баулитын іргелі білім ошағы. Астанадағы Ұлттық өнер университеті мен Алматыдағы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерватория студенттерінің көбі осы колледж түлектері. Қырық жылға жуық уақытта қаншама білікті музыка мамандарын дайындады. Күйшілік мектепті айтпағанда, хор және вокал класы еліміздегі талай конкурстың жүлдесін алды. Осы оркестрдің құрамындағы онға тарта музыкантты да осы колледж түлеткен. Қай жерде жүрсем де, музыка әлеміне махаббатымды ашып, таза өнерге адал еңбек етуді үйреткен білім ордасын  мақтан етемін. Алдын көріп, тәлімін алған ұлағатты ұстаздарымның бәріне алғысым шексіз. Қазақ өнері биікке самғай берсін!

– Әңгімеңізге рахмет, табыс тілейміз!

         Дәуіржан ЕЛУБАЙ,

         «Сыр бойы», №3-4 (18697-18698), 11 қаңтар, 2014.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>