Өнер – халықтың өзегін жарып шыққан уыз мәйегі. Мәдениет арқылы ұлттың бейнесін айқындар болса, қазақ өнері – әлемдік өркениетте өзіндік сүрлеуін салып, өрнегін айшықтаған. Сол қазақ өнерінің қаймағы бұзылмаған, шырайы кетпеген өңірі – Жетісу жері. Осындай шұрайлы жерден Мұқан Төлебаев сияқты ұлы композитор шықты. Биыл қазақтың біртуар композиторы Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына байланысты Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның Мұқан Төлебаев атындағы қазақ оркестрі еліміздің танымал дирижерлерін шақырып, бірге концерт беруді жоспарлаған екен. Бұл шара жыл бойы жалғасады. Міне, сол бастаманың алғашқы шымылдығын Талдықорған төрінде Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Мүсілім Әмзе «Сырлы саз» атты концерттік кешімен ашты. Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен шараға өңірдегі оркестрдің шымыр үнін, сыйқырын жүрегімен сезінетін, ұлттық өнерді ұлық тұтатын тыңдарман тегіс жиналды.
Орыс композиторы М.Глинка: «Музыка – халықтан шығады, ал біз, композиторлар оны тек өңдейміз», – деген екен. Осы сөздің жаны бар. Мүсілім Әмзе – Мұқан Төлебаев, Нұрғиса Тілендиев салған ұлы жолдан нәр алған дирижер. Оның осы біліктілігі кеш барысында Мұқан Төлебаев атындағы оркестр өнерпаздарының шеберлігімен ұштасып, ұлы өнердің өшпес үнін жүректерге сеуіп кетті. Дені халық музыкасымен астас, түп-тамырынан нәр алып, біте қайнасқан дүниелер. Мұны кеш барысында анық ұғындық.
Тартымды кеште бірқатар дүниелер тыңдарман назарына ұсынылды. Құрманғазының «Саранжап» күйімен басталған бағдарлама барысында жаңадан жазылған Бөрі Исаның «Мерекелік күйі» мен «Желтоқсаны», Кенжебек Күмісбековтың «Биші қайың», «Аманат», Қайырғазы Төленнің «Көне қала Бытығай», Ермұрат Үсеновтың «Шыңырау құс», Ахмет Әлпекұлының «Увертюра» туындылары оркестрмен бірінші рет орындалды. Халық күйі «Ақсақ құлан» (домбырада Талғат Оразаев), Сүгірдің «Ыңғайтөк», Дайрабайдың «Дайрабай», Әшімтайдың «Қоңырқаз» күйлері, Мұқан Төлебаевтың «Той», Н. Тілендиевтің «Махамбет» поэмасы, Еділ Құсайыновтың «Алтын орда», Н. Николаидидің «Концерттік күй», орыстың халық әні «Как у бабушки козел» (баянда Талғат Полатов) шығармалары да тыңдаушысын тапты. Сондай-ақ, оркестрдің сүйемелдеуімен ҚР мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков халық әні «Халәулім-ай» және «Дей салдым-айды» шырқаса, республикалық байқаулардың лауреаты Құралай Шаяхметова халық әні «Гәккуді» нақышына келтіре орындады.
Қай қырынан келсек те, кеш тамаша өтті. Оркестрмен орындалған әрбір туындыға нәр беріп, жан кіргізген – дирижердің еңбегі. Бір күйді әр дирижер әртүрлі жеткізуі мүмкін. Өйткені, дирижердің шеберлігі – дыбысты аспаптың үніне сай ойната білу мен орындалатын шығарманың жалпы құрылымын құрумен парықталады. Осы тұрғыдан келгенде, жас дирижер Мүсілім әуеннің музыкалы-поэтикалық құрылымының күрделі формасын таңдап алып, оны шығарманың даму барысы, қалыптасуы және шарықтау шыңына (кульминациясы) үйлесімді жеткізе білуімен ерекшеленді. Көпдауысты дыбыс үндестігі музыкалық фактура мен шығарманың оркестрлік мазмұнын аша түсті. Осының барлығы шығармаға мақтаныш, жігер, рухтық тебіреніс пен ұлттық рең берді.
Мүсілім Әмзе «сегіз қырлы, бір сырлы» дирижер, үш мамандықты тәмамдаған білікті музыка маманы. Жастайынан музыкаға құмартып, сол әуестігімен кейінгі ұмтылысы ұштасып, қазақ музыка әлемін өзіндік талғам-шеберлікпен, сүйіспеншілікпен биікке көтерген өнерпаз. Талдықорған төрінде оның дирижерлік қыры толығымен ашылды. Композитор да, әнші де, халық аспаптар оркестрінің өнерпаздары да бар өнерін ортаға салды. Әрине, төрт құбыласы тең түскен өнер туындысы бар жерде шабыттың биік белеске шығатынын да аңғардық. Кеш соңында көпшілік өнер адамдарының бағын ашып, талантын ұштауға қашан да дайын тұратын, айтулы кешті ұйымдастырған облыстық филармония басшылығына алғысын білдіріп тарқады.
Тыңдарманды жан-жақты білімділігімен тәнті еткен дирижерді орайы келгенде әңгімеге тарттық.
– Мүсілім, әңгімені Талдықорғанға келу мақсатыңнан таратсақ?
– Өнердің сан қырын терең меңгеріп, қазақ операсын әлемдік деңгейге көтерген, айта берсек, Нұрғиса Тілендиев атамыздың өзі құрметтеп ұстаз тұтқан Мұқан атамыздың мерейтойына орай көпшілікке концерт беру – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ деп есептеймін. Концерттің негізгі мақсаты кеш барысында айтылды. Десе де, осындай мүмкіндікке жол ашқан Сүйінбай атындағы облыстық филармония басшылығына алғысымды білдіре кеткенім дұрыс шығар. Өйткені, сазгердің өнегесін тек осындай салиқалы қадамдар ашады. Алайда, бүгінгі концерттің орны бөлек. Себебі, мұндағы көрерменнің дені Мұқан атамыздың аруағын сыйлап келеді. Сондықтан көрерменге ұсынатын туындыларымыз соған сай болғаны жөн. Осы мақсат аясында біраз дайындалдық. Репертуарымды кезінде тыңдарманын тапқан, алайда, кейінгі кезде сахнада көп ойналмаған шығармалар мен жаңадан жазылған туындылармен толықтырдым. Көргеніңіздей, төккен теріміз өтелген сияқты. Көпшілік жақсы қарсы алды. Шымылдық ашылғаннан бастап, концерт аяқталғанша дуылдаған шапалақ үнінен зал тыншыған жоқ. Мұндай көңіл-күйге Мұқан атамыздың атындағы оркестрдің де шығармашылық деңгейінің жоғарылығы сеп болды.
– Дұрыс, «Отызында орда бұзады» деп жатамыз, осы ретте жеке шығармашылығыңыз туралы да біле кетсек?
– Қазірше орда бұздым деу ерте шығар. Бірақ, біраз еңбек еттім деп айта аламын. Басында өнерге домбырашы болып келдім, кейін оркестр факультетінде контрабас мамандығын меңгердім, операда, балетте оркестрлік білімімді сыннан өткіздім, «жігітке жеті өнер де аз» дегендей, тағы да дирижер мамандығын меңгеруге жол түсті. Қазірде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында опера-симфония дирижері мамандығы бойынша магистрантпын. Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Базарғали Жаманбаев ағамыздың жетекшілігімен ғылымға ден қоюдамын. Өнер жолында осы уақытқа дейін Құрманғазы оркестрінде, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатында, Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінде болсын, қысқасы, өзімнің шығармашылық біліктілігімді шыңдайтын қомақты тәжірибе жинадым деп айта аламын.
– Әлбетте, отыздағы жігіттің осындай өреге жетуінің өзінде үлкен талпыныс жатқаны анық. Десе де, таным тұрғысынан келгенде нақты неге қол жеткіздіңіз?
– Еліміздегі және шетелдердегі өнер ұжымдарында жиған тәжірибем мен көкейге түйгеніме сүйеніп айтсам, халқымыздың бай да мазмұнды музыка мұрасы ешбір ұлттың жауһарынан кенде емес екендігіне көз жеткіздім. Бірақ, біз соның бағасын асырып, қадір-қасиетін бағалаудың жолына түсе алмай келеміз. Айталық, Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы шетелдік опера жауһарлары қатарында тұратынын мақтанышпен айта аламыз. Ал Нұрғиса Тілдендиев атамыздың «Отырар сазы» оркестрі дүниені тамсандырғаны да кеше ғана. Осы жайларды ой елегенінен өткізе келіп, қазіргі ұлттық музыкасының қаймағын бұзбай халыққа насихаттауды өзіме мақсат етіп, осы жолда ізденіп, талпынып келемін. Қазақ музыкасын тек мерекелік шараның ғана көркін ашатын өнер ретінде қарамай, ұлттық саз өнерінің саф туындысы ретінде таныту үшін алдыма үлкен мақсат қойдым.
– Қазақтың ұлттық музыкасын әлемге танытуға не кедергі болып тұр?
– Қазір өнер де бәсекелестік негізде өрбиді. Сондықтан, өнерден нәпақа іздеген мақсатты жұмыста ұжым мен концерт ұйымдастырушы тарап шығынға ұшырамауы керек. Ол үшін оркестр, ансамбль репертуары жаңа әрі заман талабына сай дүниелермен толығып, көрерменді өзіне баурап әкетуі тиіс. Біздің отандық оркестрлердің қазіргі деңгейі төмен емес. Тіпті, репертуары, өнерпаздары, музыка аспабы, костюмі тұрғысынан келер болсақ, бабаларымыздың бізге бай да мазмұнды мұралар қалдырғанына тәнті болмасқа шараң жоқ. Өкініштісі, жарнамалық тұрғыдан жетіспей жатқан жеріміз көп-ақ. Қазір интернеттің заманы. Шетел ұжымдарының бәрінде жеке сайт бар. Олар кез-келген уақытта бір-бірімен шығармашылық байланыс орнатып, өзіне керекті дүниені іздеп таба алады. Біздің ел бұл жағынан кенже қалған. Сазгерлермен де байланыс осы шамалас. Шығармашылық байланыс болмаған жерде өнер өркендемейді. Егер осы мүмкіндікке қол жеткізсек, ұлттық өнердің бағы жанып, басқа елдердің сахнасында салиқалы өнер көрсете алар едік.
– «Концертті көрермен таразылайды» деген түсінік бар…
– Әлбетте, көрермен концертке жүрек қалауымен келеді. Әркез композитор, дирижер, өнерпаздың жадында көрерменнің талғамы тұрғаны жөн. Тек «кеш өтсе, міндетім бітсе» дейтін ұғым болса, ол музыканттың да, ұжымның да соры, көрерменнің де сенімінен айырылады. Жасыратыны жоқ, арамызда өзі үшін өнер көрсететін арзан концерттер жетерлік. Ал, шетелде мұндай жағдай аз ұшырайды. Концерт берген әрбір ұжым бірінші концертін келесі шығармашылық ізденісіне арқау етіп, елдің ықыласын баурауға ұмтылатынын байқадым.
– Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі концерт сол ойдан шығады деп айта аласыз ба?
– Әрине. Бұл концерттің мақсаты бөлек. Бірақ, мен осы жолы тыңдарманға ұмыт бола бастаған көне әуендерді жеткізуді мақсат еттім. Сонымен қатар, оркестрдің сүйемелдеуімен бірқатар жаңа туындылар орындалды. Бұл тыңдаушыға белгілі деңгейде әсер етеді деп айта аламын. Ал, келесі концерт беретін дирижерлер бағдарламасын басқаша қырымен, өзгеше жаңалықпен ұсынатын болса, олар да тыңдарманның алғысына бөленеді.
– Дирижерліктің қызығы мен қиындығы неде?
– Расында, көпшілік бұл мамандықтың тылсым құпиясын толық түсініп біле бермейді, білуі де шарт емес. Жұрт алдына шыққан дирижердің мақсат міндеті – таяқты арлы-берлі сермеу емес, өнердің бар саласынан хабардар білікті де білімді болып, өнерпаздарды бір идеяға жұмылдырып, иіріп әкетіп, тыңдаушыны ерекше күйге бөлеп, рухын көтеру болса керек. Оның қызығы да қиындығы да сол.
– Өзіңіз бірнеше орында жұмыс істейсіз, алдағы уақытта еліміздің бірқатар өңірінде концерт беруді жоспарлап отырсыз. Соның бәріне қалай уақыт табасыз?
– Бұл – менің мамандығым, таңдаған жолым, алысқа жеткізетін бағытым. Әрине, арман таусылмайды. Алға жүрген сайын қиындық пен келеңсіздік көбейе түседі. Бірақ, қайтар жол жоқ. Ең бастысы, тыңдарманымның талғамынан шықсам болғаны.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әлбетте, Мұқан Төлебаев өз ойы мен үні бар дарын иесі ретінде жарқ етті. Әсіресе, композитордың соғыс жылдары жазған ән-романстары – музыка өнеріне деген талғамын, суреткерлік шеберлігін танытатын бір белгі. Ол туған халқының ұланғайыр ән-күй шығармашылығынан, далалық музыка университетін толық меңгеріп, кәсіби музыка жолына түсті. Сондықтан да оның шығармашылық туындылары рухани қазынаға қосылып жатқан үлкен үлес деп қараймыз. Мұқан Төлебаев үздіксіз оқу мен іздену, ерінбей еңбек етудің арқасында соңында өшпес із қалдырды. Бүгінгі ұрпақ оның дарыны мен ұлылығын қалай бағалап қадірлесе де, дәріптеп насихаттаса да артықтық етпейді.
Қажет АНДАС
«Abai.kz» ақпараттық порталы, 4 ақпан, 2013