ӨНЕР ҰЖЫМДАРЫНА КӘСІБИ СЫНШЫ КЕРЕК

Жақында Ақтөбеге Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі келді. Бұл оркестр келген сайын Ақтөбе жұртшылығы шығармашылық ұжымнан жаңа тыныс күтеді. Алға қаласынан басталған гастрольдік сапар Ақтөбе қаласындағы Студенттер сарайында жалғасты. Концертке Н.Тілендиев атындағы І-Халықаралық дирижерлар конкурсының және М.Төлебаев атындағы республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты Мүсілім Әмзе дирижерлік етті.

  Лық толы залды, екі сағаттан аса уақыт тапжылмай концерт тыңдаған талғамы биік көрерменді, олардың айрықша қошеметіне куә болған біз концерттен кейін дирижер Мүсілім Әмзені сөзге тарттық…

– Әйгілі «Отырар сазы» оркестрі – біз үшін орны бөлек ұжым, сондықтан Ақтөбе өңіріне қош келдіңіздер!

– Рахмет.

– Елге жиі шығасыздар ма?

– Елге шығып тұрамыз. Гастрольдік сапарлардың кестесі Мәдениет министрлігі тарапынан бекітіледі. Осы жолы Ақтөбе, Қызылорда өңірлерін бетке алдық. Концерттерге жұрт жақсы келеді. Әсіресе, жастардың ықыласына қуанамыз.

– Сіз шетелдік ұжымдарды көрдіңіз… Біздің оркестрлердің қазіргі деңгейі жөнінде айтсаңыз?

–  Иә, шетелдік ұжымдарда да, өз оркестрлерімізде де тәжірибе жинадым. Біздің оркестрлердің деңгейі ешкімнен кем емес. Ақсап тұрған тұсымыз – жарнама. Өнер ұжымдарының жарнамасы заманға сай болуы керек. Мысалы, шетелдік ұжымдардың жеке сайттары бар, кез-келген уақытта ұжыммен тікелей байланысқа шыға аласыз. Оркестрдің репертуары, бағдарламасы, билет бағасы, бір жылғы концерттік кестесі, қысқасы, ұжым туралы барлық ақпарат көрсетіледі. Олар үшін бұл қалыпты жағдай. Ғаламтор сайттарының мүмкіндігі зор екенін білесіз. Бұл тек жарнама, көрерменмен байланыс үшін ғана емес, басқа ұжымдармен, сазгерлермен тығыз байланыста болу үшін де, өз ұжымыңның шығармашылық келбетін қалыптастыру үшін қажет.

– Израильдегі Ашдод симфониялық оркестрінде, Ресейдің атақты Гнесиндер музыка академиясында тәжірибеден өтіпсіз. Бұл сапарлар сізге не берді, не түйдіңіз?

– 2007 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына опера және симфония дирижері мамандығы бойынша қайта оқуға түстім. Оқи жүріп, шет елде тәжірибеден өтудің де маңызды екенін түсіндім. Одан бір жыл бұрын Алматыға пианист-дирижер, Ресейдің Мәскеу және Петербор консерваторияларының түлегі, Израильдегі Ашдод симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Ваг Папян гастрольдік сапармен келген болатын. Сол кісі шеберлік класын өткізді, мені Израильге шақырды. 2008 жылы Израильде қырық күн болып, жиырма күн оркестрде, жиырма күн Тель-Авив өнер университетінде сабақ өттік. Болашақ дирижерге оркестрмен жұмыс жасаудың  маңызды екенін ескерсек, бұл сапар маған көп нәрсе берді. Дирижердің жұмыс істеу тәртібі, жұмыс тәсілі, бағдарлама түзу, көрермен тарту, жеке орындаушылармен қарым-қатынас сияқты көптеген дүниелерді ұғып қайттым. Бір таңғалғаным, ол елдегі капиталистік талап пен тәртіп өнер адамдарының жұмысына да өз «әмірін» жүргізеді. Сондықтан «шығармашылық халтура» деген түсінік жоқ.

Келесі жылы Ресейдің Гнесиндер атындағы музыка академиясына жол түсті. Онда да бірнеше дирижердің оқыту әдісі, орындаушылық тарихы жөнінен жарық көрген еңбектермен таныстық. Басты мақсат – Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Тимур Мыңбаевтың шеберханасынан дәріс алу болатын. Тимур Мыңбаев көп жылдар бойы елімізде Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметін абыроймен атқарған. Аңызға айналған атына сырттай қанықпын, бір көру арман еді. Әуелде тосырқап, жуытқысы келмегендей болды. Кейіннен оркестр сабағына қатысуға рұқсат етті. Сөйлесе келе, беті бері қарады да, біраз дәріс өткізіп, дирижерлік өнердің қыр-сырын аша түсті. Бұл екі сапар да кәсіби дирижер ретінде тәжірибем мен білімімді шыңдады.

– Итальяндық композитор Пьетро Масканьидің «Cavalleria Rusticana» операсынан прелюдия мен атақты француз композиторы Жорж Бизенің «Арлезианка» сюитасынан фарандоласын қазақтың ұлт аспаптары оркестріне лайықтап, концертке алып шыққан екенсіз. Тыңдарманды батыс музыкасымен жиі «еркелетесіз» бе?

– Көңіліңнен шығып, жүрегіңнен орын алған музыканың құлақтан кетпей, бірнеше күн бойы мазалап жүріп алатын әдеті ғой. Соның бірі – Пьетро Масканьидің осы операдан интермеццосы. Осы шығарманы симфониялық оркестрмен тыңдарманға ұсынып, ықыласқа бөленіп едік. Содан кейін осы операны тұтас тыңдап, бірден прелюдиясына көңілім ауды. Келесі жеке концертімде ойнасам деген оймен, іштей ширатып жүрдім. Сондықтан болар, оркестрге түсіру көп уақыт алған жоқ. Өңдеу барысында автордың бастапқы ойын өзгертпей, тембрлік бояуларды жоғалтпай ұсыну, әрине, қиындық тудырды. Ұлттық аспаптардың ерекшеліктерін ескеріп, біршама жақындаттым. «Арлезианка» да тура солай болды. Бұл екі шығарма – менің алғаш рет оркестрге лайықтап өңдеген туындылар. Оларды бағдарламаға енгізу, ең алдымен, оркестрдің репертуары үшін қажет болды. Яғни, репертуарға шетелдік шығармалар енуі шарт. Бұл екі шығарманы да оркестр жақсы орындап шықты. Мамандар тарапынан өз бағасын алды. Өзімнің ұстазым – сіздердің жерлестеріңіз, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Базарғали Жаманбаев тыңдап, көңілі толғанын айтты. Ал ол кісінің сынынан өткен дүние жаман шықпайды.

– Өнердің өсіп-өркендеуіне кәсіби сын қажет. Қазіргі сынға көңіліңіз тола ма?

– Өнерге қатысты кәсіби пікір айтып, әділ сын жазу оңай емес. Бұрын өнердің кез-келген саласы – әдебиет, театр, кино, музыка, дәстүрлі өнер, сурет өнері болсын – кәсіби сыншыға мұқтаж емес еді. Ресейлік Святослав Бэлза сияқты сыншыны айтпағанда, қазақстандық Анатолий Кельберг, Юрий Аравин, қазақ сыншыларынан Әсия Мұхамбетова, Нұрғиян Кетегенова, Саида Еламанова, Гүлзада Омарова сынды профессорлардың «тезінен» өткен өміршең жобалар мен кәсіби өнертанушылардың қаламынан туған өзекті мақалалар сол уақыттағы өнеріміздің әділ таразысы болатын. Ол уақытта әрбір басылым мен теле-радиоарналарда арнайы кәсіби мамандар отыратын сын бөлімі болды. Қазір арнайы сын бөлімін ұстап отырған бірде-бір басылым, не телеарна бар деп айта алмаймын. Өйткені мәселе қаржыға кеп тіреледі. Егер өнер ұжымдары өз шығармашылығын жетілдіріп, кәсіби тұрғыда шыңдағысы келсе, бір сыншы маманды жұмысқа алуы керек деп ойлаймын.

– Қай сазгердің шығармашылығы сізге ерекше жақын? Несімен жақын?

– Қазақтың жалпақ жұртқа танымал атақты ән-күйлерінен бөлек, оркестрлік репертуардың басында тұрған Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Нұрғиса Тілендиевтер т.б. көптеген композиторлардың кез-келген шығармасының мен үшін орны бөлек. Н.Тілендиевтің «Сарын», «Қилы кезең», М.Маңғытаевтың «Ырғақты», «Төгілмелі», «Жамбыл жайлауы», К.Күмісбековтің «Биші қайыңы» мен «Ой толқыны», Е.Үсеновтің «Арнау», «Шыңырау құс», Б.Дәлденбайдың «Алмақұм», «Заманасы», Ә.Бестібаевтың «Толғауы», Е.Өміровтің «Ауыл табиғаты», «Беласар», Е.Құсайыновтың «Алтын орда», «Қыпшақ жыры», Ж.Темірғалиевтің «Бабалар үні», А.Мырзабековтің «Қарағым-ай», А.Жайымовтың «Ереуіл атқа ер салмай» туындылары – менің бүкіл жан-жүйемнен өткен, талай түн ұйқымды ұрлаған шығармалар болғандықтан жаныма жақын. Оның бірі – мінезімен, бірі – бояуымен, бірі – композициялық құрылымымен есте қалатын, алпыс екі тамырыңды иетін шығармалар.

– Мәдениет пен өнерде бүгінгі күні жетістіктеріміз, жаңалықтарымыз аз емес. Солардың арасынан өзіңізді айрықша қуантқан қандай оқиғаны ерекшелеп айтар едіңіз?

– Биыл жер жәннаты – Жетісу жерінде Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойы өтті. Еліміздегі өнер ұжымдары шама-шарқынша атап өтті. Жыл жаңалығы болған «Астана-Опера» театры М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсының жаңа нұсқасын қойды.

Жеке басымдағы қуаныштарыммен бөлісер болсам, жақында екінші DVD жинағым жарыққа шықты. «Сырлы саз» атты жеке концертім өтті. Санап байқасам, бір жылда симфониялық оркестрмен, «Отырар сазымен», эстрада оркестрімен және хор ұжымымен қырықтан аса концерт өткізіппін. Осындай ірілі-ұсақты жаңалықтар болды. Қысқасы, өткен жыл біз үшін жаман болмаған тәрізді. Жаңа жыл бәріміз үшін бұдан да жемісті, жеңісті жыл болсын деп тілейміз!

P.S. Уақыттың тығыздығына байланысты дирижер Мүсілім Әмзеге барлық сауалдарымызды қойып үлгермедік. «Алғадағы концерттің қалай өткені жөнінде сұрамадым-ау…» деп ойладым. Сөйтсем, оның жауабы Мүсілім Әмзенің Facebook желісіндегі парақшасында тұр екен. Былай деп жазылыпты: «Бүгін Ақтөбедегі сапарды Алғадағы балалар үйіне қайырымдылық концерт беруден бастадық. Жартысынан көбі өзге ұлттан… Содан күй тарттық, ән айттық, әсер етпей жатқандай. Шыдамай сұрадым: «Сіздер білесіздер ме, қандай концертке, қай оркестрге келгендеріңізді?». Әрине, «жоқ» деген жауап алдым. «Ұнап жатыр ма?» – дедім күліп. «Иә-иә…» – десті жай ғана. «Келіңдер ойнайық, музыкант болғыларың келе ме?» Оркестр, аспаптар жайлы әңгімелеп, әрқайсысын жеке-жеке көрсеттік. Үш бала сахнаға шықты. Дирижер сайладық. Үйреттік. Мәз болды. Сермеп қалады – ойнай жөнеледі! Керемет! Зал қыран-топан. Уһ, сең жүрді-ау, әйтеуір. Одан кейінгі күйлер біте бере, «рах-мет, рах-мет» деген дауыстар естіліп жатты…»

  Индира ӨТЕМІС,

«Ақтөбе» газеті,  № 14 (19873), 30 қаңтар, 2014

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>