Қазақта «Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» деген аталы сөз бар. Міне, осы таусылмас азықты, өлмес рухани байлықты ұрпағына мұра етіп кеткен, қазақтың қас дарын иесі, біртуар композиторы Мұқан Төлебаевтың туғанына биыл 100 жыл толды. Осы тойға орай, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның Мұқан Төлебаев атындағы ұлт аспаптар оркестрі еліміздің барлық аймақтарынан білікті дирижерларды шақырып, халыққа концерт беруді көздеп отыр. Табиғаттың ерекше мейірімі түскен, жер жаннаты Жетісудың кіндігі Талдықорғанда қаңтар айының 17 күні мерейлі той басталып та кетті. Игі бастаманың шымылдығын ашу құрметі халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің және Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Мүсілім Әмзеге бұйырды. Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өткен халық музыкасы концертіне дүйім халық тегіс ағылды.
Д. Д. Шостаковичтің «Музыка – жүрек тілі, ол – сезім мен көңіл күй әлемі. Дыбыс арқылы бейнеленген жан сарайы» дегеніндей, жаһанда музыка құдіретіне бас имейтін халық кемде-кем. Осынау қасиеті күшті өнер әлемінде Алаштың да алар үлесі қомақты. Бүгінде бабалар салған сара жолмен алға тартып, жан дүниесімен ұлт мұрасын ұлықтап, өнердің нағыз жанашыры болып жүрген азаматтарымыз да аз емес. Солардың бірі де бірегейі, отызында білікті дирижер атанған өнерпаз – Мүсілім Әмзе.
Жасынан қазақтың қара домбырасын жанына серік етіп, талмай өнер қуған Мүсілім – бүгінде Төлебаев пен Тілендиевтің дирижерлық дара жолын жалғастырушы.
Жетісу жерінде көрермен көңіліне күмбірлі күймен жол тартқан тартымды кеш күй атасы Құрманғазының «Саранжап» күйімен бірден жұрттың ықыласына бөленді. Кеш барысында көпшілік назарына тарту етілген Бөрі Исаның «Желтоқсан», Кенжебек Күмісбековтың «Аманат», Ахметбек Әлпекұлының «Увертюра», қазақ ертегілерінің ізімен жазылған Ермұрат Үсеновтың «Шыңырау құсы» мен Еділ Құсайыновтың «Алтын Ордасындай» жүректерді тербеген туындылар оркестрмен тұңғыш рет орындалды. Мұқан Төлебаевтың «Той» картинасы, Сүгірдің «Ыңғайтөк», Тілептің «Бақсы», Дайрабайдың «Дайрабай», Әшімтайдың «Қоңырқаз», Н. Тілендиевтің «Ақсақ құлан» және «Махамбет» күйлері жаныңды елжіретіп, күй құдіретіне тағы бір тамсандырды. Николаидидің «Концерттік күйі» мен орыстың халық әні «Как у бабушки козел» (баянда Талғат Полатов) секілді ойнақы шығармалары да жиналған жұртты бір серпілтіп тастады. Сонымен қатар, оркестрмен қосылып концертті онан әрі әрлендіре әуенге салған ҚР мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков бірнеше халық әнін нақышына келтіре шырқады.
Кеш өте жоғары деңгейде өтті. Көрерменді тәнті еткен нәрсе, бір үлкен ұжымды, яғни оркестрді шашауын шығармай, халықты сазды әуен мен терең сезімге бөлей алған дирижердің айрықша шеберлігі еді.
Әр шығарманың ноталық үлгісін бойына сіңіріп, әуен ырғағын жадына түйген және соны оркестр үнімен үндестіре білген дирижердің шеберлік қабілетіне жиналған тыңдаушы халықтың құрметі ерекше болды. Концерт соңында сахнаның арғы жағына келген ақсақал аталар мен ақ жаулықты аналар жүрекжарды тілектерін ағытып жатқанына да куә болдық. Осыдан-ақ, дирижер Мүсілім Әмзенің концерттік кеші ел есінде ұзаққа сақталатынын аңғардық. Көрерменнің қошеметіне бөленіп, көңілі көлдей толқыған дирижермен біз де сұхбаттасудың сәтін тауып, аз-кем әңгімеге тарттық.
– Мүсілім аға, Жетісуға қош ккелдіңіз. Жоспарлаған концерттік кешіңіз ойдағыдай аяқталды. Концерттің көрермен көңілінен шыққанын елдің шексіз қошеметінен байқадық. Көңіл күйіңіз қалай?
– Көрерменнің толассыз соққан шапалақ үні мен жарқын жүздерін көргеннен кейінгі көңіл күйімді айтып жеткізу мүмкін емес. Өте жақсы.
– Расында, дирижерлық өнер музыканың ерекше бір тылсым саласы. Бұл мамандыққа қалай келдіңіз? Дирижер болу жан қалауыңыз ба?
– Музыкант болуды бала күннен армандадым. Кішкентайымнан қазақтың қара домбырасына әуес болып өстім. Киелі аспаптың қыр-сырын меңгеруге талпындым. Осы құштарлық, өнерге деген махаббаттың құдыреті мені Қызылорда қаласындағы өнер ордасына алып келді. Одан кейін Құрманғазы атындағы мемелекеттік консерваториясын тәмамдадық. Опера мен балет театрының симфониялық оркестрінде қызмет атқара жүріп, дирижерлыққа деген айрықша бір қызығушылық оянды. Сол талпыныс мені дирижерлыққа жетеледі. Басында мұншалықты ауыр боларын ойламадым, қиындығын күн сайын түсініп келем. Алға қадам басқан соң артқа шегінерге жол жоқ. Өте-мөте қиын және дара мамандық. Талмай үйрену мен еңбек арқылы шеберлігімді арттырып, қазағымның өнерін дамыту – бүгінде менің басты мақсатым.
– Тек қимыл арқылы бүкіл оркестрді бағындырып, бір алақанға жұмылдыру үлкен шеберлікті, қабілетті талап етеді. Өнеріңіздің қызығы мен қиындығы жайлы айта отырсаңыз?
– Әуелі қиындығынан бастасам. Оркестр – үлкен ұжым, тұтас бір организм десек болады. Бір оркестрде жүз адам бар деп есептесек, бір-біріне мүлде ұқсамайтын жүз түрлі мінез, көзқарас, талант, шеберлік бар деген сөз. Ал, осылардың барлығын бір арнаға түсіру, жұмылдыру және өзіңнің талап етіп тұрған нәрсеңе сендіре білу – бұл оңай шаруа емес. Оркестрмен орындалатын әрбір шығармаға менің жеке дайындығым, яғни, шығарманың не айтқысы келгенін, туындының жан сырын толықтай ашу, ұғындыру – қиынның қиыны. Егер, оркестр мен шығарма және дирижердың ішкі талап тілектері бір-бірімен қабысып, ұжым сенімен ілесіп, көрерменнің қошеметіне бөленіп, концерт сәтті шықса – мұратқа жеткеніміз. Көрерменнің алған әсері көз жанарынан, бал-бұл жанған жүздерінен көрінеді, қызу қол шапалақ пен «браволаған» дауыстардан да күш аламын. Мұндай концерттерден кейінгі хәлді, көңіл күйді сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Әрине, қызығы да осында.
– Нағыз дирижер атағына лайық болу үшін адамға керек басты құндылық не деп ойлайсыз? Ол табиғи дарындылықты қажет ете ме әлде кәсіби шеберлікті ме?
– Кәсіби дирижер болу үшін тума дарын мен кәсіби шеберлік те керек. Бір-бірінен мүлдем бөліп қарауға болмайды. Дарының мен қызығушылығың болғанымен кәсіби шеберлігің болмаса, қабілетің тек өз жүрегіңде ғана тұншығып, құндақталып қалмақ. Сіз өзіңіз сезініп, біліп тұрған нәрсені жеткізе білу үшін шеберлік қажет. Көп аузында жүрген «бір пайыз талантты тоқсан тоғыз пайыз еңбекпен толықтыру керек» дегендейін, өнерде кәсіби шеберліктің маңызы өте зор. Дирижер мамандығының талабы ерекше. Оркестрдегі барлық музыка аспаптарының табиғатына, тарихына үңіліп, қыр-сырын түсіну және тембрлік бояу, ойнау техникасын білу, әр шығарманың композициялық құрылымымен танысып, оны дайындыққа дейін жүрекке сіңіру шарт. Қазақ ұлтының төл өнерімен қатар, өзге ұлттың да музыкалық мұрасымен таныс болу міндеттеледі. Дирижерлықтың сан қиындығынан өтіп, шыңдалған адам ғана нағыз дирижер бола алады.
– Бүгінгі таңда дәл осы мамандыққа жастардың ойысуы қай деңгейде, оған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Елімізде аға буын мен жас буын дирижерлердің арасы бос. Орта буын өкілдері өте аз, тіпті, жоқтың қасы деуге де болады.
Бұл – өнердің шынымен ең қиын саласының бірі. Жүктелетін міндет те ауыр. Консерваторияны бір жылда отыздан аса домбырашы, скрипкашы немесе баяншы, қобызшы бітіруі мүмкін, ал дирижерден тек біреуін ғана дайындай алады. Соңғы бес-алты жылдан бергі жастардың бұл мамандыққа атсалысуы бізді қуантады. Биік белестерден де көрініп жүрген жас талант иелері ұстанған жолынан таймаса, өнеріміздің өркен жая түсетіндігіне сенімім мол.
– Қазақта «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген аталы сөз бар. Ізбасарларының бар ма?
– Мен қазір Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында опера-симфония дирижері мамандығы бойынша магистрантпын. Жетекшім – Қазақстан Республикасының халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Базарғали Жаманбаев. Дирижерлыққа толықтай келгеніме небәрі бес жыл ғана уақыт өтті. Ұстаз болу – ұлық іс. Шәкірт тәрбиелейтін деңгейге жеткен жоқпын. Ізбасар дайындау – мүмкін, болашақтың еншісінде. Ал, симфониялық оркестр бойынша А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатында ұстазбын. Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінде дирижермін. Шет жердің оркестрі мен арнайы жоғары оқу орнында тәжірибеден өтіп, өз шығармашылық біліктілігімді шыңдауға барымды салдым. «Өмірдің шарты – күрес, күрес тоқтаған жерде өмір де тоқтайды» дегендей, өнердің де шарты – ізденіс пен еңбек деп білем.
– Әңгімеңізге көп рахмет! Сізге шығармашылық табыс тілейміз.
Құрмания НҮСІПБАЙ
«Алатау», №4 (591), 24 қаңтар, 2013