МАҚТАУСЫЗ ДА, МАҚТАНСЫЗ ЖАТҚАН ХАЛЫҚ…

Мұқағали ақынның осы өлеңін тақырып қылып алып отырғанымыздың себебі – «бос мақтанның шегі қайда апарады» деген сауалдың жауабын іздеуден шыққан еді. Тәуелсіздік алғалы бері «анда танылдық, мұнда танылдық» деп, кеуде көтеретін бір мінезімізден не ұтамыз дегеннің жауабын өнер иесінен сұрағымыз келді.    

Ұлтты сақтайтын оның өнері, әдебиеті, мәдениеті десек, осы салада жүрген жандардың тазалығы, жанкештілігі – дәстүр сабақтастығының бір мысалы деуге болатындай. Тәуелсіздігіміздің бір ұстыны – төл өнеріміздің лайықты дамуына келіп тіреледі. Осындайда өнер мен мәдениет саласында жүрген жастардың еңбегі елене ме деген, айтып тауыса алмайтын бір сауал көкейге кеп тіреледі. Қазақ өнерінде жүрген жас буынның бір өкілі Мүсілім Әмземен таныстығымыз кешірек басталса  да, бүгінгілердің өнерге деген көзқарасы мен беталысы жайлы әңгімеде біраз жайтқа қанық­қандай болдық.       

Байқағанымыз – отандық дирижерлер ортасында жасару үрдісі басталып кеткендей. Алыптардың орнын жас буын басып келеді. Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Қапан Мусин, Нұрғиса Тілендиев, Шамғон Қажығалиевтерден бері тартсақ – дирижерлердің көші үзілмек емес. Үзілмесін, әрине. Сол көштің бүгінгі жалғасы туралы не білеміз? Ұлт аспаптары немесе симфониялық оркестрлердің көрермені азайған уақытта осындай сауал көкейге келетіні бар. Сондайда бүгінгі оркестрдің құрамына, дирижердің бітіміне үңілесің. Елімізге танымал қос оркестрдің дирижері әрі музыка мамандарын даярлайтын мектептердің ұстазы Мүсілім Әмземен сұхбат барысында өнер әлемі туралы әңгіме былай өрілді…

– Дәстүрлі сұрақ болса да, әңгімемізді осы сауалдан бастағым келеді, ауыл баласы дирижерлықтың не екенін қанша жасынан білді, әлде бұл консерватория қабырғасына келгенде түйген мақсат па еді?

– Консерваторияға әуелі домбырашылықты мақсат тұтып келген едім. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның халық аспаптары факультетін домбыра мамандығы бойынша, оркестр факультетін контрабас мамандығы бойынша бітіріп, жұмысқа орналастым. Ал дирижерлық жайлы түсінік – оқу бітірген соң, оркестрде қызметте жүргенде пайда болды. Мықты дирижерлермен қызметтес бола жүріп, олардың жұмыс барысындағы орасан жауапкершілігі, ұжыммен тіл табысуы сияқты әртүрлі кәсіби қырларына қызыға назар аудардым.

Дирижер болу үшін арманның жеткіліксіз екенін, оқу керегін түсіндім де, 2002 жылы дирижерлыққа құжат тапсырдым. Бізде екінші жоғары білім ақылы екенін білесіз. Қаржы қолбайлау болып, оқуымды тастауыма тура келді. Бірде Ғалым Доскен ағаммен әңгімелесіп отырып, «Дирижер болғым келіп еді, әттең…» деген сырымды айтып қалдым. Сонда Ғалым ағаның айтқан мына сөзі маған қатты әсер етті, өміріме үлкен бетбұрыс жасады: «Адамға берген өлшеулі өмірді, оның ішінде қажыр-қайратың толысып тұрған қайран жастық шағыңды болмай қалған бір шенеуніктік қызмет, бәлен жердің бастығы дейтін жұмысқа айырбастап не керек? Білім ал, өнер қу» деді де: «Дайындал, биыл дирижерлыққа түсетін бол, қаражат жағына алаң болма» деп қанаттандырды.

Ғалым Доскеннің қазақ өнері мен мәдениеті үшін сіңірген еңбегі орасан. Қазақтың әдебиеті мен мәдениеті, әні мен күйі, жыры, өнерін насихаттаған еңбегі халыққа жақсы таныс. Алайда, дәл қазір осындай азаматтың қадіріне жете алмай, оның еңбегін бағалай алмай отырғанымыз – өте өкінішті.

…Сөйтіп, қайта оқуға тапсырдым. Бұл 2007 жыл еді. Жасым – орда бұзар отызда.

Ал бүгін, сәттілік дейсіз бе, бақ дейсіз бе – бұрын жұмыс істеген бірнеше оркестрдің бәрінде дирижермін.

– Дирижер болу үшін қандай қасиет керек? Тыңдау, сезіну, интеллект – дирижерлық үшін маңызды тағы не бар? Мықты дирижер деген ең әуелі талант па, әлде білім бе?

– Бізде «талантты адам» деген тіркес бар. Және «сол күйінше талантты болып қалып қойды…» деп жатамыз. Яғни, ол ештеңе істеген жоқ, ізденбеді, еңбектенбеді, нәтижесінде – өспеді. Талантсыз өнердің өнер болмайтыны түсінікті. Сонымен бірге әр спектакль, концерт сайын ізденуің де керек. Кез келген шетелдік атақты дирижердің кітабын қарасаңыз, дирижерге қойылатын талаптың жоғары екенін көресіз. Тіпті, ол білмейтін тақырып қалмауы тиіс. Дирижер бірнеше аспапты меңгеруі керек, ол ойнайтын аспап неғұрлым көп болса соғұрлым жақсы. Музыка тарихы, стилі, жанры, дәуірі, композиция, әр аспаптың даму тарихы мен ойнау мүмкіндігі, тембрлік бояуы, құрылысы, басқа аспаптармен үйлесімі, музыкалық сауаттылық… мұның бәрін былай қойғанда, сол кезеңдегі тарихи ахуалды да білуің шарт. Бұлардың бәрі оқу-тоқумен келетін дүниелер. Әуелгі шартқа міндетті түрде өте жоғары табиғи музыкалық қабілет керек. Білімсіз таланттың немесе, керісінше, талантсыз білімнің берері аз. Дирижердің өсуі үшін керектінің тағы бірі – кәсіби сын. Қандай да бір концерт болса, оған журналистер, музыка сыншылары келіп, көріп, бағасын беріп жататын. Бұрындары, әрине. Осы күні музыка зерттеушісін концертке арнайы шақырсаңыз – келмейді. Неге? Кешке қатысқан соң, оны жазуың керек, кештің кәсіби бағасын беруің керек. Оның өзі үлкен еңбек. Ал сол еңбек бізде қалай бағаланады? Қаламақы берілмейтіні өз алдына, ондай сындар кейде баспасөз бетін көрмей, сарғайып жатып та қалады. Сондықтан сыншылар бүгіннің тақырыбын емес, тарихты, кешегіні қазбалауға көшкен. «Пәленнің түген деген шығармасы бар еді» деген зерттеуге кәсіби сыншылардың көбірек бұрылып кеткенінің себебі осы шығар…

– Біздің мықты деген әншілердің біразы оркестрмен ән айта алмайды деген сөздерді естіп қаламыз. Оркестрмен ән айту қандай әншінің «маңдайына жазылған» бақыт? Және мұндағы дирижердің ролі қандай?

– Расында, оркестрмен ән айту оңай емес. Кейбір әншілерге оркестрмен ән айту керек те емес. Дауыстың күштілігі, ырғақ, ансамбльді сезіну – әуелгі шарттар. Әншілер, әсіресе тәжірибесіз орындаушылар, оркестрмен ән айтқанда дирижерға айрықша тәуелді екенін сезінеді. Ал тәжірибелі әртістер сахнаға дирижермен тең әріптес ретінде шығады. Біз кейде ырғақты қалыпқа саламыз. Қалыпқа салынбайтын әншілер де болады. Ондай әнші әуелде қиналады. Негізі, халықтық әндерді дәстүрлі әншілердің орындағанын құп көремін. Неге десеңіз, әншілік мектеп бар. Ол сол мектептің өкілі. Және оларға сіз дикция жөнінен түзету жасап әуре болмайсыз. Әннің табиғатын бұзбай, тек сіз соңына оркестрді қоса қоясыз. Басқа бір өзгеше бояумен ұсынасыз.

– Кәсіби сыншының сыны жоқтығынан ба, әлде әнші не оркестрдің ізденісінің аздығынан ба, осы күні көрермен санаулы әндерді ғана тыңдайтын секілді болып көріне береді…

– Дирижер есебінде бұл мәселемен бетпе-бет келетін кез көп. Оркестрмен концерт қойғанда бағдарламаға жиі енетін әндер бар. Бірақ ол әндерді міндетті түрде енгізу деген сөз емес. Алайда, оркестрде отырғандар да тірі адамдар ғой, белгілі бір шығарманы қайталап орындай бергеннен, жаңа шығарманы ойнағысы келеді. Сөйтіп, күрделі, терең жазылған жаңа әндерді, шығармаларды сыналап танымал әндердің арасына енгізесің. Оркестр – музыкалық талғамды қалыптастыратын құрал. Халық не тыңдауы керек, соны беріп, халықтың талғамын өсіріп отырасыз. Ән сұрай ма, қасына – күй қосасыз, күй сұрай ма – жаңа күрделі шығарма қосасыз. Архаикалық, тарихи күйлерді де қосып қоюға болады. Халық тарихты, тамырымызды, байырғы өнерге деген көзқарасымызды білуі тиіс, ондай шығармалар көмескіленбеуі керек. Өнердің кәсіби мамандары ғана білетін, шаң басып қалған шығармалардың шаңын бір сүртіп, халыққа ұсынамын. Ол шығарма бүгін тыңдалмас, ертең тыңдалмас, бірақ оныншы рет ойналғанда «мынау ана күй ғой» деп жұрт елең ете қалады.

– Ал «Қазақтың мың күйі», «Қазақтың мың әні» деген антологияларды неліктен жинастырып жүрміз?

– Сол мың күй мен мың ән де орындалуы керек дейсіз ғой. Дұрыс. Абылайдың Көкбалақ деген аты болыпты, соған байланысты шыққан Байжігіттің «Көкбалақ» деген күйі бар. Сондай тарихи, тағдырлы шығармаларды да оркестрге қосу керек, насихаттау керек. Алайда, ол күйдің бар табиғатын танытып, бағын ашып оркестрге  түсіру – екінші мәселе.

– Қазір күй десе «Сарыарқа» мен «Адай» еске түседі…

– Біріншіден,  бұл  күйлер – шедевр. Екіншіден, үздіксіз насихаттың арқасында халықтың құлағына әбден сіңген. Қазақ күйіне қатысты мәселенің тағы бірі – сазды, баяу күйлердің аз орындалуында. Концерттік бағдарламаларға қазақтың ұзақ, баяу шертілетін күйлері аз кіреді, кіргізсеңіз «шетел сахнасында берілген аз уақытта толғауы терең тамырлы күйлерді ұзақ толғап отыра алмайсыз» деп алып тастайды. Сондықтан жылдам күйлердің бағы басым келеді.

– Батыстың да күллі шығармалары жылдам темппен орындала бермейді ғой?

– Біздің мәдениетімізді Батыспен салыстыруға келмейді. Күйшілеріміздің өмірбаяндық дерегіне үңіліңізші. Олардың қайсысы күйді кәсіп қылып еді? Олар көңіл-күйдің ортасында жүріп, былайша айтқанда, әуесқойлықпен күй шығарды. Сөйтіп жүріп соншалықты шедеврлерді тудыру деген!.. Батыстың өнерпаздары тек қана бір кәсіптің айналасында шығармалар жазған. Және олар өз шығармасын нотаға түсіріп, қандай темппен ойнайтынына дейін көрсеткен. Сіз одан ауытқи алмайсыз. Ал бізде жазба хат жоқ. Сол себепті күйшіге ерік берілген. Күйді онан сайын құлпыртып, өз жаныңнан бір сезім қоса алсаңыз, құба-құп. Біздің музыкадағы ерекшелігіміз де – осы.

– Бірақ, қазіргі күйшілер сауатты, олар өздерінің шығармасын нотаға түсіріп, сіз айтқандай, темпін атап көрсете алады ғой?

– Әрине, қазіргі композитор автор ретінде темптің дұрыс орындалуын талап ете алады. Ал оркестрде бұрынғы күйлердің темпін өзгертіп орындағанның дұрыс-бұрыстығын кейде елеп-екшей бермейміз.

– Балалар жаттап айтар ән-жырлардың антологиясын құрастыруға қалай қарайсыз?

– Баланың табиғатына келетін, оңай жатталатын және сөздері бала санасына лайық әндерді іріктеп, антология жасауға болар. Тек ол антологияны жасайтын құрамда педагог әрі психолог, міндетті түрде музыка мектебінде бала тәрбиесімен өмір бойы айналысып жүрген адамдар болуы тиіс. Сондықтан бұл тақырып әлі күні көп қозғала бермейді.

– Есесіне осы күнгі бала шетелдік музыканы тыңдап, қазақы тамырынан, дәстүрінен, тарихынан алыстап барады. Бұл қауіптің соңы не болар деп ойлайсыз?

– Мәселен, бүгінгі жастар тарихтан мақрұм деп жатамыз. Себебі, тамырыңды біл деп ешкім қинап жатқан жоқ, тіпті қажеттілік тудырып отырған жоқ. Ұлттық музыкадан, ұлттық көркем әдебиеттен, ұлттық театр өнерінен бейхабарсыз. Мүмкін сіз кеңседе жұмыс істейтін маман боларсыз. Маған өнер мен әдебиеттің, тарихтың не керегі бар деуіңіз мүмкін. Себебі, сіз өз салаңыздың білгірісіз. Жалақыңызды аласыз, осы өмірім өзіме ұнайды деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда, адамға таным, көкжиек те керек қой. «Қайдан келдім, қайда барам?» деген сұрақтар күндердің күнінде алдыңнан шығады. Осы күні орта жастан асқандардың шежіреге ден қоюы – түпкі бастауды білуге деген ұмтылыс. Ішкі рухани сұраныс бәрібір пайда болады. «Осы күнгі бала тамырын, дәстүрін білуге ұмтылмайды» деп қынжыламыз. Бос қынжыла бермей, бүгінгі бала есейіп, ертеңгі күні өзінің тамырына үңілетін кезде кеш қалғанымызға өкінбеуді осы кезден ойлауымыз керек.

– Ішкі сұранысты өзіміздің руханиятымызбен толтыра алмасақ, кімге кінә артамыз?

– Әміріңіз жүретін бір жер бар. Ол – отбасы. Анаған, мынаған өкпелеуді қойып, өз балаңызға тәрбие беруден бастаңыз.

– Шәкірттеріңіз, оқушыларыңыз қоғамдағы осы жағдайды, яғни елдің өнерден, әдебиеттен сырт айналғанын біле тұра, күндердің күнінде халықты өнерімен баурап алатынына сене ме?

– Сенеді. Оқушыларымның көзінен от көрем. Түрлі шығармаларды жан-тәнімен ойнап жатады. Сондайда қазақ мәдениетінің болашақ мамандарын даярлап жатырмын-ау деген ой келеді. Біздің олармен заманымыз бір болғанмен, уақытты сезінуіміз, көзқарасымыз, тіпті, өмірлік шешім қабылдауымыздың өзі әртүрлі. Бәлкім, мұның кереметі де осы шығар. Әрине, бүгінгі оқушылар өзгеше. Заманның көшіне бізден қарағанда жылдам ілескіш, жаңашыл. Алайда, өнерді бағалайды, өз ісін сүйеді. Жүрек қалауымен оқуға түскен жасты бірден айыруға болады. Оның аспапқа деген, мамандыққа деген қарым-қатынасы көзге көрініп тұрады. Шатасып келіп, оқуға түсу керек болғаны үшін келгендер де бар. Ештеңе етпейді, ол ертең музыка маманы болмаса да, өнерден хабары бар, жақсы тыңдаушы болады.

– Біздің ұлттық оркестрлеріміз әлемдік аренаға шыға ала ма? Мәселен қазақстандық қандай да бір оркестр шетелге барып, қазақ өнерін насихаттап қайтты деген ақпараттарды жиі оқимыз. Шетелдіктер біздің қай өнерімізге ерекше тәнті болады?

– Концерт жақсы өтсе де, жаман өтсе де – халық қол соғады. Өнерпазға қошемет көрсету – этика. Бір концерттің ішінде шетелдіктер қазақ күйінің барлық мектебін біліп, қазақ күйінің күллі тарихын түсініп кетпейді. Бірақ кешке келген халық «бір сағатымыз босқа өтпеді, мәдени-рухани азық алып қайттық» деп кетеді. Қазақ сазының әліппесімен танысып қайтады.

Шетелге министрліктің қолдауымен еліміздің мәдениет күндерінде концерт қойып қайту бір бөлек те, өз күш-қаражатымен барып, ашық бәсекеге түсіп, сұранысқа ие болу – бір бөлек. Әзірге кез келген әлемдік әйгілі оркестрлер секілді ұзақ мерзімге турнеге шығып, концерттік агенттіктермен келісімшартқа отырған оркестрді көрген жоқпын. Ол үшін қазіргі көзқарасты түбегейлі өзгертіп, заманауи менеджермен жұмыс істеп, нарықты, халықтың сұранысын зерттеп, сол сұранысқа сай жұмыс істеу керек. Бір оркестр бір концерт беру үшін өте үлкен шығынды талап етеді. Бұл үшін тұтас бір топ ұйымдастыру шараларымен айналысу керек. Ал музыканттар өз жұмысын ғана білсе, шіркін… Олай болмайынша мемлекеттің мойнында осы отырғанымыз отырған.

Шетелдіктер өнерімізге тәнті болып жатыр деп мақтанбай қоя тұрайық, өзіміздің төл өнерімізді қалай бағалайтынымыз жайлы әңгіме айтсақ. Осы күзде Құрманғазы оркестрінің ашылу концертін көруге бардым. Студенттер сарайында. Сол күні дала ерекше суытып кетті. Сарайға кірсек, «өз еркімен келген» студенттер толып отыр. Тіпті, шетелдік студенттер де қаптап отыр. Әуелде біздің өнерімізге қызығып келген екен деп ішім жылып қалды. Қойшы, әйтеуір, кеш те басталды. Сөйтсем, әлгілер өз тілдерінде дабырлап әңгіме-дүкен құрып, концертпен шаруасы жоқ. Бір уақытта електен өтпеген көрермен іші пысып, әр номер сайын бей-берекет ысқыра бастады. Тіпті, концертті тыңдауға мүмкіндік жоқ, көрермен ретінде құқығым тапталғандай болды. Қасымда біреу сөйлесіп отыр: «Қалайсың? Мен бе, білмеймін әйтеуір бір концертте отырмын. Ал сен қайдасың? Если че, Студенттер сарайына кел, жылынып аласың, сосын екеуміз бірге шығып кетеміз…» Бір уақытта әлгі адамы келді. Екеуі сүйісіп амандасты. Одан әрі сыбыр-сыбыр. Қала берді телефондарын шұқылады. Келген қыз жылынып алған соң, залдан шығып кетті. Сарайдан жылыстап шыға бастаған ол екеуі ғана емес. Он адам келсе, жиырма адам шығады. Камера концертті түсіріп әлек, ал залда жұрт сеңдей соғылысып жүр. Оны айтасыз, ішкі мәдениеттен жұрдай кейбіреулер қаужаңдап бірдеме жеп отырды. Әзірге залдағы шынайы көрініс осындай.

– Алайда, көрерменді тәрбиелеу үшін осындай кештер көбірек қойылғаны да дұрыс-ау. Мәселен, Моцарт, Бетховен, Бах секілді тұлғалардың есімдері қаншама ғасыр өтсе де, ұлтына, заманына қарамай, жалпақ жұртқа таныс. Біздің Құрманғазы, Дәулеткерейлеріміз осындай масштабқа шығу үшін не істеу керек?

– Басқа елді қоя тұрайық. Өз елімізде сіз айтқан атақты күйшілеріміздің насихатын қолға алып, жолға қойсақ. Бұлардың заты түгілі атын білмейтін жағдайдамыз. Балабақша мен мектеп қабырғасынан балаларымызға жүйелі түрде санасына сіңіріп, құлағына құя беруіміз керек. Олардың өмірінен қызықты оқиғаларын, әртүрлі мағлұматтарды бөлек-бөлек кітапша етіп ұсынсақ, ал туындыларын ертелі-кеш тыңдатсақ… Сонда, бәлкім, бірдеңе өзгерер.

– Сіз шыққан шет елдердің концерт қою тәжірибесінде қандай мінез ұнады?

– Бірде «Отырар сазымен» Жапон еліне бардық. Бізде бағдарлама өзгере беретіні – еш таңдануға болмайтын жағдай. Жапондарға концерттік бағдарламаны бір ай бұрын  жібергенбіз. Олар әлгі бағдарламаны көбейтіп, билетпен бірге таратып тастаған. Енді Жапонияға барып алып, мына әншіміз «Гаухартастың» орнына «Назқоңырды» айтатын болды дейміз ғой жайбарақат. Ұйымдастырушы аң-таң: «Неге «Гаухартасты» айтпайды? Бағдарламаға осы әнді жазып қойдық қой». «Әнші солай деп шешіп отыр». Концерттің басталуына жарты сағат қалған. Ұйымдастырушы көмекшісіне амалсыз түзету енгіздіріп, бағдарламаны бес жүз данаға көбейтіп, әп-сәтте жұртқа қайта таратайын деп жатыр. Ал біздің бағдарламада бір ғана номер өзгермейді… Содан не керек, даярлап барған жиырма номеріміздің астаң-кестеңі шықты, кемі сегіз-тоғызы ауысты. Бағдарламаны шимай-шатпақ қылып жатырмыз. Сонда ұйымдастырушы басын шайқап: «Мынау әлемге әйгілі «Santory Hall» концерт залы. Мұнда күнде концерт қойылады. Бірақ дәл мынандай бағдарламаны бірінші рет көріп отырмын» деді. Және бұл сөзді таңданыспен, аса сабырлылықпен айтты. Дауысын да көтерген жоқ, байбалам да салмады. Бағдарламаны біз көрсеткендей етіп өзгертті, қайта көбейтті, көрерменге таратты. Маған жапондардың тәртібі, қарым-қатынасы және жылдамдығы ұнады. Концертті де уақтылы бастап кеп жіберді. «Әкіміміз, құрметті адамымыз кешігіп жатыр, кішкене күтейікші» деп халықты сарылтып күткізіп қою әдеті жоқ екен.

– Ұлт аспаптары, симфониялық, үрмелі оркестрлердің бәріне кез келген дирижер дирижерлік ете ала ма, әлде оның бейімделген оркестрі бола ма? Сіздіңше, ең қиыны қай оркестр?

– Оңай-қиынынан бөлек, әр оркестрдің өзіне тән ерекшелігі болады. Халық музыкасымен тәрбиеленген адамға өзге оркестрге қарағанда қазақ оркестрінде жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл. Ал Батыс музыкасымен өскен кісі өзін өзге ортада тұрғандай сезінеді. Өзіміз халықтық музыканы тыңдап өстік. Күй, қазақ халық шығармашылығы деген тақырыпта мен өзімді еркін сезінемін. Симфониялық оркестрдің не екенін Алматыға келгенде көрдім ғой. Оған жазылатын шығарма туралы білімнің бәрін бертінде оқыдым. Сондықтан шығар, симфониялық оркестр маған жаңа оркестр сияқты көрінеді. Бірақ бұл «осы оркестрден қорқамын» деген сөз емес. Ұлт аспаптары, симфониялық, үрмелі аспаптар оркестерлерінің бір-бірінен айырмашылығы болғанымен, кәсіби дирижер бәріне де дирижерлік ете алады. Дегенмен, әр адамның бейімделген бағыты болады, сол салада ол өзін еркін сезінеді, жарқырап көріне алады. Өз басым, ұлт аспаптары оркестрін «өз оркестрім» деп есептей­мін, рахаттанып жұмыс істеймін. Ал симфониялық оркестрге кейін келдім, тәжірибем аз, ол білінбей тұрмайды. Сонда да осы бейтаныс жаңа оркестрді өз оркестрімдей сезінгенше тоқтау жоқ. Бұл бағытта да табыссыз емеспін.

– Сіздің кәсібіңізде жақсы көріп, құрметтейтін, тіпті «еліктейтін» мамандар бар ма?

– Жастар қызығады. Жақсы көріп осы мамандыққа оқуға келіп жатады. Кейіннен барып қойылатын талап пен төгілетін тердің өтеуін көру-көрмеуі екіталай екенін білгенде райынан бас тартатындар аз емес. Әзірге күнкөріс кәсібім де, сүйікті мамандығым да, жетекші арманым да – дирижерлік. Өмірімнің соңына дейін тыныштық жоғын да білемін. Қай жерге дейін жететінімді бір Құдай біледі…

– Әңгімеңізге рахмет!

 Қарагөз Сімәділ.

«Қазақ әдебиеті», №51 (3371), 13-26 желтоқсан, 2013.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>