Талай данышпан мен дананы дүниеге келтірген, жырау-күйшісін жыр жөргегінде тербеткен, күй бабасы Қорқыттан бастау алып жалғасын тапқан киелі қобыз бен қасиетті домбыра үні Сыр бойында күні бүгінге дейін толастаған емес. Соның айғағындай, таяуда ғана Қызылорда облыстық филармониясының Тұрмағамбет атындағы ұлт аспаптары оркестріне өзіміздің шәкіртіміз, колледжіміздің түлегі, дирижер Мүсілім Әмзе келді. Түрлі оркестрмен жинақталған мол тәжірибе Сыр еліндегі «Шынайы шеберлік» атты концертке ұласты. Нұрғиса Тілендиев, Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабеков, Айтқали Жайымов сынды алыптардың алдын көрген бізге «Мына бала бізге не көрсетер екен?» деген пенделік күпірліктің қылаң бергені жасырын емес. Біз сияқты оркестрдің орта жастан асқан әртістері ерте тоқырап қалдық па, әлде, жастар тез жетіліп кетті ме екен?
Міне, ғажап! Дирижер! Бұл бала біз көрген қазақ оркестріндегі бірде-бір дирижерға ұқсамады. Ысылған. Еркін. Мимикасы, саусақ қимылы, талап-тілегі, сын айтуы болсын, бәрі-бәрі өзгеше. Иә… шын дирижер!
Қызықтың көкесі концерт үстінде болды. Дирижердің көрсетуімен оркестріміз бұрын-соңды ойнамаған piano белгісін алғанда, «Шыныменен ойнап жатқан біз бе?» дегендей бір-бірімізге қарағанымыз да рас. Бірнеше шығарманың соңын Мүсілім дирижер тұғырынан түсіп оркестр ортасына дейін ене кіріп, қолын жоғары көтере сермеп бітіруі бәрімізге «Мен сіздермен біргемін ғой!» дегендей болды. Бір қарағанда түкке тұрғысыз еді осы көрініс. Оркестр мен дирижердің тұтастығын білдірген кішкентай ғана деталь! Концерт соңында дирижер ыммен әр аспапты көрсетуі, сол аспаптың иесін орнынан әдейі тұрғызып, көрермен қошеметіне бөлегені оркестрге қатты әсер етті. Ең кереметі, концерттен кейін оркестрдің барлық әртісі музыкант болғанына іштей риза көңілде қайтуы еді.
Көптің ықыласына бөленді, алғысын алды. Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театрында өткен керемет концерттен кейін Қазанғап атындағы музыкалық коллеждінің студенттері оның әрбір қимыл-қозғалысын қайталап жүр. Кейбірі қолтаңба ала алмадым дейді. Студенттік бозбала кезі көз алдымнан өткен Мүсілім Әмзенің дирижерлік қабілетін өз басым құбылыс деп түсіндім. Тек, Алла өмір бергей!
Өмір өшіре алмаған, уақыт жеңе алмаған, кәрі мен жасқа, жарлы мен байға, төре мен қараға, ұлт пен ұлыстарға тәңірден тартылған ұлы музыка бір сәт әмірін жүргізіп, Сыр бойының сұлу да сырлы сарыны дирижердің сиқырлы саусақтарымен сырласып тұрғандай көрінді.
Төлепберген Тоқжанов,
күйші, профессор,
ҚР композиторлар одағының мүшесі.
«Ақмешіт апталығы», №16 (1036)
24 сәуір, 2014.