ҚАСІРЕТТІ КОМЕДИЯ

Posted by Muslim Amze Category: Жаңалықтар

Өмірде естіген жанды есінен тандырар оқиғалардың күнде болмайтыны сияқты, өнерде де күнде құбылыс бола бермейді. Өнердегі құбылыс Уақыт пен Талантқа тәуелді. Базбір сыншылардың қазақ әдебиеті мен өнерінен өткен ғасырдың 60-70 жылдарында орын алған әлеуметтік зор сілкіністерді қайта-қайта іздей беруі және қанша іздесе де таба алмауы осы Уақытқа келіп тіреледі. «Күні жеткен әйел күшенбесе де туады» деп ұлы Мүсірепов айтпақшы, шедевр дүниелердің уақыты келгенде оны бірде-бір цензура, бірде-бір бюрократиялық тосқауыл тоқтата алмайды.

Ондай дүниелер кеңістікке Қалдаяқовтың әндеріндей қалықтап кете барады. Ал, уақыты келмеді бар ма, қанша зорлансаңыз да оныңыз әншейін күшеншектің тірлігі болып шығады. Әсіресе, опера өнерінде. Опера жанры ұлы дүниелерін айлап-жылдап емес, жүз жылдап толғатады. Сіз оған дейін рухани қажеттілігіңізді, рухани шөліңізді классикамен қандыра тұрасыз. Ал, классика уақыт таңдамайды.

Он тоғызыншы ғасырдағы итальян опера өнерінің жарқын өкілдерінің бірі, композитор Руджеро Леонкавалло өз тыңдармандарына несімен ұнады? Опера сыншылары оның өз шығармаларында қарапайым тұрмыстық мәселелерден өмірлік философия түйіндей білетін талантына ерекше тоқталады. Оның бұл қасиеті, әсіресе екі актілі «Паяцы» операсында жан-жақты ашылады.

Автордың «Паяцы» деп кімдерді айтып отырғанын өздеріңіз де шамалап отырған боларсыздар. «Паяцы» дегенді қазақшаласаңыз кәдімгі сайқымазақтар немесе майрампаздар болып шығады. Сайқымазақтар Батыс өнерінде өзіндік орны бар қауым.

Міне, Р.Леонкавалло осы сайқымазақтар өмірінің бір ғана сәті арқылы адамдар Құдайдың мәңгілік құндылықтарынан алыстаған сайын рухани қасіретке ұшырайтынын қарапайым өнер тілімен жеткізуге ұмтылыс жасайды. Оның эмоционалдық музыкасының өзі әлгі астарлы ойды айшықтауға қызмет етеді.

«Сайқымазақтардың» сюжетін екі-ақ ауыз сөзбен жеткізуге болады. Христиандардың бір діни мерекесі қарсаңында Италияның ту-у-у оңтүстігіндегі Монтальто деревнясына өнер көрсетуге келген көшпелі музыканттардың комедиясы трагедиямен аяқталады.

Әлгі комедианттарды аталған деревняның тұрғындары корольді күткен салтанаттан бір де кем емес салтанатпен-ақ күтіп алады. Труппаның жетекшісі Канио мен әйелі Недда фургонда, Тонио мен Белло жаяу-жалпы. Бәрі де жарасып тұр. Шаруалар әртістерді шарап ішуге шақырады. Белло мен Канио мұндай сый-құрметке қуана-қуана келіседі. Ал, Тонио бармай қалады. Сөйтсе мұның шақырған жерге бармай қалуының өзіндік себебі бар екен. Ол осынау оңашалықты пайдаланып, труппадағы жалғыз әйел, Канионың жан-жары Неддаға өзінің көптен ынтық болып жүргендігін жеткізбек. Иә, жеткізуін жеткізеді-ау, бірақ, Недда сұлу «сен маған ғашық екенсің-ау» демейді, қайта мұның сезімін аяқасты еткендей қылады.

Сіз осыдан кейін Недданы күйеуінің көзіне шөп салмайтын, жарына барынша адал әйел деп ойлап қаларсыз. Қайдағы?! Оның Тониоға ықыласын бермеуі адалдығынан емес, менсінбеуден. Адал әйел ендігі бір сәтте сол деревняның жас тұрғыны Сильвиомен өліп-өшіп өбісіп отыра ма?! Оның бұл қылмысын «махаббат кекшілі» Тонио көріп қояды да оқиға болып жатқан жерге Недданың күйеуі Канионы ертіп келеді. Бұлар келсе Недда мен Сильвио бүгін түн қашып кетуге бекініп жатыр екен. Недда да әртістердің көшпелі өмірінен әбден мезі болған, жалыққан. Канио мен Тонионы бірінші Сильвио көріп қояды да тұра қашады. Канио махаббат майданындағы қарсыласының жүзін көре алмай арманда қалады. Одан әрі отбасылық белгілі драма, «анауың кім?» деп күйеуі сұрайды, оның кім екендігін аяр әйел өлсе айта ма?! Оның үстіне ол әйел Недда болса!

Бұл кезде Канионың ішкі әлемін түгел қызғаныш билеп алған еді. Алайда, қойылым басталатын уақыт болып қалған… Ерлі-зайыпты екеуі амал жоқ, сахнаға шығуға дайындала бастайды. Әңгіменің қалғаны қойылым біткен соң қайта жалғаспақ.

Бір қызығы, көрермендерге бұлар ұсынып отырған комедияның оқиға желісі де дәл осы Канио мен Недданың басындағы жағдаймен егіз тамшыдай ұқсас. Мұнда да әйелі күйеуінің көзіне шөп салады. Мұнда да сол қызғаныш. Спектакльдің шарықтау шегінде күйеуі әйеліне қол салуы тиіс. Күйеуді Канио, әйелді Недда ойнайды. Өз қызғанышы ішін өртеп бара жатқан Канио шын мәнінде сол сәтте образ сомдап тұрған жоқ еді, ол өзін-өзі ойнап жатқан. Канио сайқымазақтың басындағы жағдайды өңкей шуылдақ қайдан түсінсін?! Ол сахнада «жаңағы нақсүйерің кім?» деп ариясын орындап тұрған сәтте көрермендер күлкіден қыран-топан болып жатады.

Канионың өнерінен қызғанышы басым боп шығады. Ол сахнада Неддаға шынымен-ақ пышақ ұрып алады. Қанға жерік ол пышақ көрермендердің ортасынан сахнаға атып шыққан Сильвиоға да жұмсалады. Осылайша комедияның соңы трагедиямен аяқталады. Ең соңында көрермендердің алдына Тонио шығып «La comedia e finita!», яғни «Комедия осымен аяқталды!» дейді.

Міне, екі актілі комедияның бар сюжеті осы. Ал, айтары «өмірде комедия мен трагедияның арасы бір-ақ қадам» дегенге саяды.

Р.Леонкаваллоның осынау операсын таяуда Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрының ұжымы да сахналады. Әділін айту керек, шымкенттік өнерпаздар өнерде ұлы құбылыс жасады демесек те кәсіби тұрғыдан біраз биікті бағындырғаны байқалады. Әсіресе, Канионы сомдаған Ерлан Жандарбай мен Сильвионы сомдаған Марат Оразымбетов көрермендердің ыстық ықыласына бөлене білді. Недда партиясын Үралхан Сейілбекова мен Айгүл Азатова орындады. Беппо партиясын Қайрат Құлыншақов айтып шықты.

Р.Леонкаваллоның осынау туындысы ОҚО опера және балет театрының сахнасында осыдан төрт-бес жыл бұрын да бір сахналанған. Алайда, кешегі қойылым 28-29 маусым күндері аншлаг болып өтті. Көрермендердің басым көпшілігі мен маман-музыканттар табыс сырын осынау дүниені қайта сахналағанда шымкенттіктердің оркестрге дирижер етіп Алматыдан белгілі өнер иесі, есімі алыс-жақын шетелдерге қапысыз мойындалып келе жатқан Мүсілім Әмзені шақырумен байланыстырады. Қай бір жылы өзінің өнеріне бүкіл Оңтүстік Кореяны ынтық қылған дирижер бір апта бойы театр әртістерімен тынымсыз дайындық жүргізіп, бұл жолы Оңтүстік Қазақстан жұртының ыстық ықыласына бөленді. Бір сөзбен айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрының сахнасында Р.Леонкаваллоның «Сайқымазақтары» өте әсерлі һәм табысты өтті.

Р.S. Бүгінде дүниеге келгеніне бес жыл болған Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрының өз дирижері жоқ. Бір қойылымды сахнаға шығаратын болса осылайша алыс-жақынға сауын айтып отырғаны. Сіз әлемнің басқа елдерінен дирижері жоқ опера театрын кездестіресіз бе? Күлкілі. «Мешіт бар, молда жоқ» деген сияқты бір нәрсе… Бұл жерде өнерпаздарды не деп жазғырарсың?! Мәселе, осы кеште төбе көрсетпеген облыстың мәдениетіне жауапты лауазымды тұлғаларда. Мұндайда «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегенді ең алдымен мәдениет саласының шенеуніктерінің өздері түсініп алса дұрыс болар еді» дегеннен басқа не айтарсың?! Әйтпесе мына комедия оңтүстікқазақстандық шенеуніктер үшін расында да «қасіретті комедия» болғалы тұр…

Абай БАЛАЖАН,
«SKIFNEWS.KZ»

04.07.2014.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>