КӨКІРЕГІНЕ КҮЙ ТҰНҒАН ДИРИЖЕР

Posted by Muslim Amze Category: Жаңалықтар

Ақпан айының 24 күні Құрманғазы атындағы оркестр ғимаратында Республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты Мүсілім Әмзенің «Ғасырлар пернесі» атты концерттік кеші болды. Кешке Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі және бірқатар өнер майталмандары қатысты.

Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрін алғашында Алматыда музыкалық драма техникумының жанынан домбыра ансамблі ретінде Ахмет Жұбанов ұйымдастырды. Оркестр әр жылдарда жас маман кадрлармен толықты. Кезінде оркестрге М.Төлебаев, Н.Тілендиев, А.Мырзабеков, Л.Хамиди, Қ.Мусин, Л.М.Шаргородский дирижер болды. Бүгінде оркестрдің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның халық артисі, «Құрмет» орденінің иегері Тұяқберді Шәмелов.

Ахмет Жұбанов құрған, 77 жылдық тарихы бар Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінде өнер көрсету кез келген өнерпазға бұйырмайтын сыбаға. Республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты Мүсілім Әмзенің дирижерлығымен өткен бұл концертке жеке орындаушылар – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Батыржан Мықтыбаев, Халықаралық конкурстардың лауреаты Гүлмира Сарина қатысты

Мүсілім Әмзе 1977 жылдың 23 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданында дүниеге келген. 1995 жылы Қызылорда музыкалық колледжінің контрабас және домбыра мамандықтарын қатар бітірген. 2000 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясы халық аспаптары факультетінің домбыра класын және оркестр факультетінің контрабас класын бітірген. 2010 жылы осы оқу орнын опералық-симфониялық дирижерлау мамандығы бойынша аяқтаған. А.Жайымов, Е.Исаметов, Т.Әбдірашев, Б.Жаманбаев сынды білікті ұстаздардан дәріс алған. Шығармашылық жолын артистік қызметтен бастаған ол бірқатар оркестрлер құрамында еңбек етті. 2007 жылдан А.Жұбанов атындағы РҚМММИ симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері, 2008 жылдан ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің және Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері қызметін атқарады. 2010 жылдан бері Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері. 2011 жылы П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері қызметіне шақырылды. 2008 жылы дирижер В.Папянның жетекшілігімен Ашдод симфониялық оркестрінде (Израиль) және 2009 жылы Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында тәжірибеден өткен. Республикалық жас орындаушылар конкурсының (Алматы,1994),   Қ.Ахмедияров атындағы күйшілер конкурсының (Алматы,1996) лауреаты және I Халықаралық Н.Тілендиев атындағы дирижерлар конкурсының (Астана, 2008) дипломанты.

Мұның бәрін жіпке тізгендей айтуымыздың себебі де жоқ емес. Құдайдан берілген табиғи дарынды білім және еңбек атты ұштағышпен ұштап отырмаса, ол қабілет-қарымды тот басып, тіпті, түкке жарамай қалуы да мүмкін. Осы жағынан алғанда, Мүсілім Әмзе әркез оқу, іздену, үйрену үстінде жүретіні сүйсінтеді. Негізінен, бүкіл бір оркестрдің шығармашылық жетістігі жалғыз дирижердің музыкалық қабілеті мен ұйымдастырушылық шеберлігіне, қажыр-қайраты мен еңбекқорлығына тікелей байланысты десек артық айтқанымыз емес. Дирижердің көңіл күйі мен көкірек көзі ғана емес, қолы мен саусағы айныса да – «сиқырлы таяқшадан» күй кетеді, демек, оркестр ақсайды деген сөз. Кешегі өткен концерттің табысты өткені осы қағиданы тағы бір растады. Оркестр мен дирижердің, жеке орындаушылардың тұтастай бір тірі организмге айналғанын көрдік, әрқайсысының жүрегі бір ырғақта соғып, көзқарас, қимыл-қозғалыстары бір нотада әрекет еткенін аңғардық. Бұл орайда дирижер еңбегінің орасан зор екенін айтпасқа болмас.

Оркестрдің орындауындағы аты әлемге әйгілі итальяндық композитор Пьетро Масканьидің «Cavalleria Rusticana» операсынан прелюдия және атақты француз композиторы Жорж Бизенің «Арлезианка» сюитасынан фарандоласы – батыс музыкасының қазақ ұлт аспаптарында ерекше жанып кететінін көрсетті. Бұл шығармаларды оркестрге лайықтаған Мүсілім Әмзенің өзі екенін айта кеткеніміз жөн болар.
Сәуле Жанпейісова, Рамазан Стамғазиев, Гүлмира Сарина сынды күміс көмей әншілердің өнеріне тамсанған жұрт халық әндерінің мәңгілік екеніне тағы бір көз жеткізді, үлкен қошеметпен қол соғып, өнерпаздарды жібергілері келмей, қайта-қайта ән сұрады.

Оркестрдің шығармашылық өсу жолындағы ізденістері, жаңа концерттік бағдарламалардың ұйымдастырылуы – ұжымның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық артисі Тұяқберді Шәмеловтің қажыр-қайраты мен шығармашылық энергиясының жемісі. Қазақ оркестрінің «атасы» – Құрманғазы оркестріне, ата жолымен өнер көрсеткен жас дирижер Мүсілім Әмзеге шығармашылық жеңістеріңіз арта берсін демекпіз!

Сәуле ӘБЕДИНОВА

«Жас қазақ үні», №8-9 (525), 29 ақпан, 2012. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>