ДАРЫНДЫ ДИРИЖЕР

Posted by Muslim Amze Category: Жаңалықтар

Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі дегенде жүрегімізде бір сезімнің жылт ете қалары анық. Бірде құйқа тамырыңды шымырлата, қаныңды тулатса, енді бірде жүрегіңді елжіретіп, әсем әуеннің бесігіне бөлейтін күмбірлеген күйі бала кезден құлағымызға сіңіп қалған. Бүгінде бұл оркестр өзінің өнерімен дүниежүзін таңқалдырған ұжым ретінде белгілі.

Қазақ музыка өнерінің дарабозы Ахмет Жұбановтың бастамасымен құрылған Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің қатысуымен дирижер Мүсілім Әмзе таяуда ғана концерттік кешін өткізді. Концертке жеке орындаушылар – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Батыржан Мықтыбаев,  ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина қатысты.

Оркестрдің басты фигурасы – дирижер десек, Мүсілім Әмзенің көзқарасы мен ишарасына бағынған музыканттар әр шығарманы ерекше таза, әсерлі де жігерлі орындап шықты. Алдыңғы қатардағы домбырашылар мен қобызшыларды айтпағанда, екінші, үшінші қатарда, тіпті, көрерменге көрінбей, соңғы қатарларда отырған музыканттардың қайсысы сыбызғыны сызылтып, қайсысы сырнайды сөйлетіп, қайсысы дауылпазды дауылдатып отырғанын аңғару қиын емес еді. Қазақ классикасы мен шетелдік музыка болсын, танымал халық әндері болсын, Құрманғазы оркестріндей атақты оркестр мен елге көп таныла қоймаған дирижерге бағынбайтын музыка жоқтай көрінді.

Ахмет Жұбановтың «Би» күйімен басталған концертте Раздықтың «Аңшының зары», Сүгірдің «Ыңғайтөк», Тұяқберді Шәмеловтің «Ақжелеңі», Нұрғиса Тілендиевтің «Менің бабам – Қарасай», Жамағат Темірғалиевтің «Бабалар үні», Махамбеттің «Жұмыр, Қылышы», (жеке домбырада – «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Батыржан Мықтыбаев), Әшімтайдың «Қоңырқазы», Айтқали Жайымовтың «Ереуіл атқа ер салмайы», Сыдық Мұхамеджановтың «Классикалық күйі», Базарбай Жұманиязовтың «Серпін» сынды басқа да бірқатар шығармалар әуелей қалықтады. Күйдің бірі делебеңді қоздырса, екіншісі – ойлантты, үшіншісі – тербетті, төртіншісі – серпілтті…

Ұлт аспаптар оркестрінің колориттік, яғни ұлттық нақыштағы мүмкіндігі орасан зор. Оның шығармашылық амплитудасы өте кең, тек әрбір аспаптың табиғи үнін, мүмкіндігін дұрыс пайдалана білу керек. Музыкалық палитраны кеңейту үшін эксперименттер жасаудан қорқудың қажеті жоқ. Тек өзіңнің не жасағың келетінін, қалай жасағың келетінін анық біліп, әр аспаптың үні мен әрбір нота көкірегіңде сайрап тұруы керек, әр дыбысты жүрегіңмен тыңдай білуің тиіс…– дейді дирижердің өзі. Иә, дирижер тек оркестрдің бірдей ойнағанын қадағалаушы емес, ол композитордың ой-идеясын, мақсатын, әуен ырғағын жеткізуші. Бұл ретте Мүсілімді жүрегіне күй тұнған дирижер десек қателеспеспіз.

Бұл кеште барлық өнерпаздар – оркестр де, дирижер де, жеке орындаушылар да жиылған қауымға қуаныш сыйлап, ұлттық музыка нәрімен сусындатты.

Оркестрдің шығармашылық деңгейінің әркез өсуі – дирижердің тікелей қажыр-қайраты мен шығармашылық қуатының жемісі екені сөзсіз. Қазақ оркестрінің «атасы» – Құрманғазы оркестрімен өнер көрсеткен жас дирижер Мүсілім Әмзеге шығармашылық жеңістерініз арта берсін демекпіз!

Сәуле ӘБЕДИНОВА

«Алаш айнасы», №42 (724,) 13 наурыз, 2012.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>