ДАРЫНДЫ ДИРИЖЕР ДАРА ШЫҚТЫ

Posted by Muslim Amze Category: Жаңалықтар

 

                                   

Республикалық «Алтын таяқша» дирижерлар конкурсының, «Кестелі орамал» композиторлар мен вокалистер арасында өткен конкурста Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Мүсілім Әмзе бірінші орынды жеңіп алды.

КСРО халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған шараның ұйымдастырушылары ­Алматы облысының әкімдігі, ҚР композиторлар одағы, Алматы облыстық мәдениет басқармасы.

Үш күн бойы үш аталым бойынша бақ сынауға өтініш білдіргендердің жалпы саны алпысқа жуықтайды. Ал, «Алтын таяқшадан» үміткерлер тізімі он бесті құраған. Олардың өнерін қазылар алқасының төрайымы, ҚР композиторлар одағының басшысы, филология ғылымдарының докторы, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының оркестрмен дирижерлау кафедрасының ұстазы Нұрлан Жарасов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Әли Алпысбаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, республикалық дирижерлар байқауының жүлдегері Дәурен Ғылымов сияқты танымал өнер майталмандары бағалады. Композитор Балнұр Қыдырбектің айтуы бойынша, биыл Қазақстан композиторлары үшін ерекше жыл. «КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, композитор Мұқан Төлебаевтың жүз жасқа толған мерейтойы. Бұл кәсіби композиторлардың шығармашылық мерекесі, қазақ музыка өнерінің мейрамы. Сондықтан, «Алтын таяқша» байқауының маңызы да зор, мақсаты да үлкен. Мұнда танымал түлғаға тағзым ете отырып, музыкалық мұрасын  жас ұрпаққа насихаттау мәселесі және Мұқан Төлебаевтың шығармашылығы мен бүгінгі қазақ музыкасының даму сабақтастығын жалғастыру көзделген. Сондай-ақ, оркестр мен солистер репертуарын толықтыру, өнер ұжымдарының орындаушылық шеберлігінің көтерілуіне қолғабыс тигізу».

Осындай айтулы жарыста бәйгенің алдында келген Мүсілім Әмзе осыған дейін де талай топ жарған. Республикалық жас орындаушылар конкурсының,    Қ.Ахмедияров атындағы күйшілер конкурсының, I Халықаралық Н.Тілендиев атындағы дирижерлар конкурсының жеңімпазы. Қытай, Түркия, Израиль, Ресей, Украина, Корея, Индия, Жапония, Италия  секілді көптеген шет мемлекеттерде өнер көрсеткен. Қазіргі уақытта мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің дирижері, П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі. Классикалық музыка мен  халық музыкасын қатар алып жүрген білікті маман. «Мәңгілік сарын» атты 8 дискілік  домбыра күйлері антологиясының, «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты 42 дискіден тұратын антологиялық жинақтың құрастырушысы. Аталған жинаққа қазақтың дәстүрлі күйшілік мектептерімен бірге Сыр өңірінің күйшілік мектебін алғаш рет кең көлемде (98 күй енген 4 дискі) топтастырып, орындаушы ретінде атсалысты. Сонымен қатар, «Қазақстанның музыкалық мұрасы» атты жобасына да жеке орындаушы ретінде бірнеше шығарма енгізген.

Өнер иесін кезекті жеңісімен құттықтаймыз!

Қаншайым Байдәулет

«Айқын», №96 (2251) 1 маусым, 2013.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>