ДИРИЖЕРДІҢ «СЫРЛЫ САЗЫ»

Posted by Muslim Amze Category: Жаңалықтар

Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің және ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің дирижері Мүсілім Әмзенің «Сырлы саз» атты концертінің CD нұсқасы жарыққа шықты.

Концерт қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының залында 2013 жылдың қазан айында өткен болатын. Халық музыкасының танымал өкілдері қатысқан кеш бағдарламасы енді аудиожинақ түрінде шығып отыр.

Жинаққа «Отырар сазы» орындаған Құрманғазының «Ақбай», Сүгірдің «Бозінген» күйлерімен қатар, дәстүрлі әншілер Айгүл Қосанова, Жақсыгелді Маясаров айтқан халық әндері енген. Сонымен бірге, Евгений Брусиловский, Кенжебек Күмісбеков, Нұрғиса Тілендиев, Жұматай Тезекбаев, Айтқали Жайымов, Жоламан Тұрсынбаев, Ермұрат Үсенов, Қайырғазы Төлен сияқты қазақ композиторларының және Андрей Бабаевтың, Сервер Какураның шығармалары бар.

«Бұл – алғашқы СD жинағым, дискті дыбыс режиссері Мақсат Мұхитдинов өңдеді, дизайнын Күлайна Сәрсенова жасап шығарды. Студиялық жазбадан гөрі оркестрдің залдағы табиғи үнін сол қалпында беруге тырыстық. Жинақ мұқабасының ішкі бетіне ақын Шөмішбай Сариевтің сол кеште айтқан ағалық тілегін естелік ретінде қалдырдық», – дейді Мүсілім Әмзе.

Бұған дейін 2012 жылы дирижердің «Сырлы сарын» және «Ғасырлар пернесі» атты халық музыкасынан тұратын екі концерті, 2013 жылы симфониялық концерті DVD жинақ түрінде шыққан.

 Едіге БЕКТАС

«Түркістан», №4 (1019), 30 қаңтар, 2014.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>