Бұл кеш «Отырар сазы» оркестрі үшін кезекті шаралардың бірі болғанымен, дирижер үшін көптен күткен жауапты сәт. Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты алғаш рет осы оркестрмен жеке бағдарлама түзіп, шығармашылық есеп бергелі отыр.
«Бағдарламаға барынша жаңа туындыларды қосуға тырыстым және жаңалық болсын деп жеке орындаушыларды да қалауыма қарай шақырдым» — деді дирижер.
Әзірге жоспар бойынша, сахна шымылдығын оркестрдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзұхра Тілендиева ашып, әрі қарай тізгінді Мүсілімнің қолына ұстатады.
Кішкентай ғана таяқшамен үлкен ұжымды бірдей тұрғызып-отырғызатын дирижер бұл концертте көрермен назарына, негізінен, ұлттық мұраларымызды тарту етпек. Мәселен, бағдарламада Ықылас Нұрғалиев оркестрге түсірген Мұрат Өскенбаевтың «Жеңіс», Жамағат Темірғалиев оркестрге түсірген Ахметбек Әлпекұлының «Жылқышы», Алдаберген Мырзабеков оркестрге түсірген Ықыластың «Қазан», Айтқали Жайымов оркестрге түсірген Құрманғазының «Саранжап», Бейбіт Дәлденбай оркестрге түсірген Әкімхан Сыдықовтың «Алмақұн», Еркін Нұрымбетов оркестрге түсірген Махамбеттің «Қиыл қырғыны», Әділ Бестібаевтың «Толғау», Айбол Құдайбергеновтың «Ою-өрнек», Ермұрат Үсеновтың «Шыңырау құс», Арыстан Айтбаевтың «Қыздар биі» сияқты туындылары бар. Мүсілім Әмзе алғаш рет оркестрге лайықтаған Пьетро Масканидің «Cavalleria Rusticana» операсынан прелюдияны тыңдаушы назарына ұсынып, Нұрғиса Тілендиевтің әйгілі «Махамбет» поэмасымен кеш шымылдығын жаппақ.
Өнерсүйер қауым «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Батыржан Мықтыбаевтың орындауында халық күйі «Ақсақ құланды» оркестр сүйемелімен тыңдай алады.
Ал жеке орындаушыларға тоқталсақ, Баян Нұрмышева халық әні «Дедім ай-ау» және Бағлан Бәбіжанның «Ал, құрбым», Ақмарал Ноғайбаева халық әні «Қымыз құйғыш» пен «Әнші сезімін» тамылжыта шырқамақ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлі «Халәулім-ай», «Дей салдым-ай» сынды халық әндерін «Отырар сазы» оркестрімен қайта жаңғыртып, тыңдаушының құлақ құрышын қандырмақ.
Дәстүрлі әнші, Республикалық әншілер байқауының лауреаты Ерлан Рысқали қазақтың қара домбырасымен әуелете ән салады. Концертті ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл концерттің әдеттегі кештерден жөні бөлек.
Осы орайда дирижер Мүсілім Әмзені көпшілікке аз-кем таныстыру үшін қысқаша өнер жолына тоқтала кетсек. Мүсілім Әмзе 2000 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының домбыра класын профессор А. Жайымовтың, контрабас класын аға оқытушы Е. Исаметовтың жетекшілігімен тәмәмдаған. 2010 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын опера-симфония дирижеры мамандығы бойынша аяқтаған. 2007 жылдан бастап А.Жұбанов атындағы РҚМММИ симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері. 2009 жылы ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен алғашқы дебюттық концертін Израильдің Ришон ле-Зион және Ашдод қалаларында өткізген. 2010 жылдан Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері қызметін атқарады. 2011 жылдан П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері қызметіне шақырылды.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
«Айқын», №24 (1935) 7 ақпан, 2012.