Сәуірдің алғашқы аптасында Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы” оркестрінің дирижері, халықаралық конкурстардың лауреаты Мүсілім Әмзе Қызылорда облыстық филармониясының Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі ұжымына шеберлік дәрісін өткізген еді.
Сейсенбі күні Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында өткен Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрінің концерті осы шеберлік дәрісінің нәтижесін көрсетті.
Халық аспаптар оркестрінің кезекті өнер кеші Б.Исаның «Мерекелік күй» шығармасымен басталды. Жергілікті оркестрдің концертін көрермен қауым көптен күткен еді. Репертуары жаңа ән-күй, жыр-термелермен толыққан бұл концерт – «Шынайы шеберлік» деп аталды.
– Сыр еліндегі өнер ұжымы бұған дейін Айтқали Жайымов, Жалғасбек Бегендіков сынды дирижерлардың жетекшілігімен шеберлігін шыңдай түссе, енді міне, әйгілі «Отырар сазы» оркестрінің дирижері, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледждің түлегі Мүсілім Әмзе бізге мол тәжірибесін ала келіп отыр. Бұл кеште көрермен қауым Сыр өңірінің музыкалық мұрасымен сусындап, күй тартысына куә болды, – дейді оркестрдің қобызшылар тобының концертмейстрі Салтанат Пұсырманова.
Жергілікті өнер ұжымы бұл жолы өз көрермендеріне шашу ретінде классикалық шығармалармен бірге қазақтың ән мен күйінің інжу-маржанын қоса ұсынды. Тұрмағамбет атындағыхалық аспаптары оркестрінің репертуары шайыр Т.Ізтілеуовтің термелерімен толығыпты. Тұрмағамбет ақынның «Нақыл» және «Шөлмек» атты термелерін оркестрге арнап өңдеген белгілі домбырашы, өнертанушы-ғалым Төлепберген Тоқжанов екендігін айта кеткен жөн. Бұған қоса, концертте Т.Тоқжановтың «Сүйем сені, Сыр елі» атты әні тұңғыш рет орындалды. Даңқты шайыр термелерін белгілі жыршы , мәдениет қайраткері Руслан Ахметов, ал ақын Н.Нұрмахановтың сөзіне жазылған жаңа әнді жезтаңдай әнші Самал Байсейітова орындады.
«Сыр өңірінің музыкалық мұрасы өте бай. Мұнда әсіресе, жыршылық өнер кең тараған. Кәсіби музыка маманы ретінде Арал-Қазалы және Қармақшы өңірі жыр мақамдарының әлем мәдениетіндегі орны ерекше деп бағалаймын, жергілікті оркестрдің жаңа репертуарындағы бұл концертін өлкенің ән-жыр мәдениетін насихаттауға қосқан үлесім деп есептеймін», — деді дирижер.
Шеберлік дәрісінен соң облыстық мәдениет басқармасы басшысы Ержан Әбдірахманов кеш иесіне алғысын білдірді. Халық мұрасын өмір мұраты санаған облыстық филармония басшылығы ұйымдастырған бұл концертке өнер ләззатына сусындаған тыңдарманның ықыласы өзгеше болды.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«СЫР БОЙЫ», 12 сәуір, №5-52 (18745-18746)