Көне кәсіпті бастағанына үш-төрт жыл толған бозбала үлкен ұстаздың шеберханасына келгелі жылдан асты. Бірнеше күнгі тапсырмаға көңілі толмаған ұстаз жаңа дәріске көшті. Көнерген кәсіптің терең тарихы мен шеберліктің қилы амал-тәсілінен бастаған естелік әңгімелер ұстаздың өз әкесін еске салды. Қиын кезеңде, аласапыран уақытта жарықтық әкесінің қолынан ескі аспабы түспеп еді…
Күндегі саусақ жаттықтыру әрі ермек, әрі аз ғана несібесін де айырған. Сөйте тұра, өзінің бағытын бағып отырған әкесін сағынып есіне алғаны сол еді, кеберсіген ернін еріксіз тістеп, даусындағы әлсіз діріл соңы жарықшақтанып, соңғы сөздің буындарын жұтып қойды. Қара суық пен алапат аштық қарашаны қабат қысқанда да үмітін үзбеген кәсібі еді. Бүгіндері жұмысына жұрт таңданып, еңбекқор деп ел мақтаған үлкен шеберге айналса да әкесінің алдында өзін төмен санап, сөзінен пәс көңіл, ерекше құрмет сезілген. Қолдан-қолға көшкен кәсіпке өзгеше өрнек-сыпатпен үлес қосып, өзіне ықылас-батасын беріп шығарып салып еді. «Бағытың айқын, міндетің зор, абыройың асқақ, асың адал» деген. Міне, өмірден ерте озған шебер әкенің әрі ұлық өнерге баулыған ұлы ұстаздың өнері мен өнегесі мына екі қолда, жігітім, деп қос алақанын жая берді. Әлсін күшейе түскен дауыс зорая келе «алсаң – осы, алмасаң – жолың әне» дегенде… қорыққаннан «бәріне дайынмын» деп саңқ ете қалды бозбала. Асығыс айтты, мүмкін үнсіз қалуы керек пе еді…
Үздіксіз дайындық, жанкешті еңбек, тынымсыз қозғалыс талап етті. Қанша сырдың кілтін алған, әдіс-айлаға жүйрік болған өреннің күнделікті дағды шаруасына ешқандай себеп кедергі болмауы керек. Әуелгі бастау – жаңа келген жас талапқа қойылатын жаттығудан бастап кәнігі шебердің машығына дейінгі аралық. Бәрі білетін затың болса да, ерінбей еске алу. Таңның беташар тірлігі осы болмақ, шаршасаң қайта баста. Екі иығың түсіп қалардай болдырған, жон арқаң мойыннан төмен қозғалтпайды, көзің қарауытып бара жатса – бәрі уақытша деп біл. Маңдайдан аққан ащы тер бәрін жуып мұнтаз етеді, ілкі қалпына келтіреді. Осы қиындықтан аман өттің екен, алдың даңғайыр, балам. Әр ісің бойыңа ләззат, жаңа ісің ойыңа шәрбат сыйлайды. Қатар-құрбың күндіз көлеңке саялап, кешкісін көңіл көтеруге шақырады. Келіссең – бір апта жұмысың зая. Талантың қандай болса, талабың да таудай екен, қарағым… атадан балаға мирас өнердің жалғасы да өзің боларсың-ау! Дәстүр аманатын өзіңе жүктеу бар ойым! Іске сәт, тап бүгін, дәл қазір баста жұмысты. Дайындығың зор атаққа жеткізер, әке әруағы жебесін, әмин!
Ұстаз толқыған күйі шығып кетті. Бозбала бетін сипаған қалыпта қала берді. Бала бірнеше күн еткен қайратынан қажыған күйі, еркін тыныс алған сәті еді. Толассыз аққан тасқын әңгімені қорыту қиын соқты ма, бәлкім, жаңа жұмысты таңғы тыныштықпен бастамақ болды ма… әйтеуір, бозбала заттарын түгендеп сыртқа беттеді. Ұстаз да бұл уақыт біраз жер жүріп кеткен болар. Көлденең кездесе қоймас, ертең де күн бар. Дегенмен, көңілі дұрыс екен деп масайраған күйі адымдай берді. Аманат астарын түсініп, ұзақ тәлімнің байыбына жеттім бе деген сан сауалдыың шырмауымен күнбатыс дөңнен аса бергенде… өз ойымен оңаша қалған, батқан күнге қарап ойға шомған ұстазын көрді. Ол да жалт қарады.
Қарады да түнерді. Жанары мұнша сұсты болар ма! Екі көзі өңмен тесердей. Түңілгеннен түтігіп кеткен. Есіл үміт, қайран уақыт, қор болған көңіл… Енді таптым ба дегенде, сен де көп баланың сапынан ұзамадың-ау деген күйі қолын бір сілтеген күйі, қайрылмай жүре берді. Қазықтай болып бала қалды. Не ізінен ерерін білмеді, не орнында қаларын…
…Арада он-он бес жыл өтті. Бозбала шыңдалған шын шеберге айналды. Көп жұмысын көзімен көрген, талай туындысы жайлы естіген, тереңдік деңгейін алыс-жақындағы қатарымен сынай салыстырған ұстазы «көргені жақсы кемелдікке бет алады» деп күбірледі. Көңілі толып мерейі асқан кейіппен «арысым, арысым» деп шәкіртінен айналып-толғанған сайын абзал әкесі де ойына орала берді.