Мәдени шараны Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлылардың мұрасы да, мұраты да, атақ-даңқы да, мерейтойы да – кейінгіге үлгі. Ал үлгіге қарап ұрпақ өседі» деген сөзімен ашты.
Қала басшысы Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы Мәскеуде, Санкт-Петерборда, Астраханьда, Анкарада кең көлемде тойланып, ақынның Сербия астанасы Белград қаласында бой көтерген ескерткішін ұлт Көшбасшысы өзі барып ашқанын атап өтті. Еліміздің барлық облысында салтанатты жиын ұйымдастырылып, ақынның шығармалары жарық көргеніне тоқталды. Бұл шаралардан Алматы қаласы да тыс қалмапты. Жыл басында Қазақстан Жазушылар одағы Жамбылдың 170 жылдығын арнайы атап өтсе, Қазақ ұлттық университеті ақынның екі томдығын, Алматы мемлекеттік университеті бір томдығын басып шығарған. Белгілі қаламгер Нағашыбек Қапалбекұлының «Жамбыл – толғау» атты еңбегі жарық көріп, әкімшілік тарапынан «Жамбыл Жабаев» энциклопедиясын шығаруға қолдау білдірілген.
– Есімі әрбір қазақ баласына қастерлі Жамбыл Жабаев бір өңірдің немесе бір дәуірдің ғана ақыны емес. Ол барша адамзат құндылықтары туралы ой толғаған, иісі қазақтың барлығына ортақ кемеңгер ойшыл, ұлы гуманист.
Жамбылды нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан өнері – оның айтыстары. Өз заманының адуынды ақындары Айкүміс, Шашубай, Сарбас, Досмағанбет, Құлманбеттермен сөз сайысына түсіп, қазақтың сан ғасырлық айтыс өнерін жаңа биіктерге көтерді. Осылайша, ол қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетінің сақталып қалуына, ата-бабадан аманат болып келген халық жырларының Кеңес дәуірінде насихатталуына тікелей ықпал етті.
Жамбыл жырларының басты тақырыбы – халықтың тағдыры мен тарихы болды. Ол ел үшін еңбек еткен ерлерді, Отан үшін өмірін қиған батырларды талмай жырлады. Тыңдаушылардың көкейіне қонымды, халықтың жадына жеткізе жырлаған ақынның Өтеген, Сұраншы батырлар жайлы дастандары қазір де халқымен бірге жасасып келеді. Бұл турасында жамбылтану ғылымының іргетасын қалаған Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Жамбыл – қазақ халқының лирикалық, философиялық және шешендік сөздеріне өлшеусіз үлес қосқан ұлы ақын» деп әділ бағасын берді.
Біз өткен жылы ғана ұлы ақын Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойын тойлаған едік. Енді сол Сүйінбайдың өмірдегі өзіндей, өнердегі көзіндей болған ізбасары Жамбыл атамыздың мерейлі белесін кең көлемде атап өтіп отырмыз. Қорытынды шарамыздың осы Жамбыл атындағы филармонияда өтіп жатуы да кездейсоқ емес. Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығы – бұл қазақ мәдениеті мен әдебиетінің мерекесі, – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.
Бұдан соң, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин сөз алып, ақынның азаматтық, қайраткерлік болмысына назар аударды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан өз жетекшілігімен Қазақ энциклопедиясы ұжымы дайындаған Жамбыл атты энциклопедияның сүйінші данасын таныстырды. Кітаптың шығуына Мәдениет және спорт министрлігінің және министр Арыстанбек Мұхамедиұлы қолдау көрсетіпті.
– … Біз Жамбыл даналығын тәу етіп, ұлылығын ұлағат тұтып жатсақ, оның басты себебі, Жамбыл арманының адамзаттығы арман-аңсармен ұласып жатқандығында. Сондықтан да қазақтың Жамбылына адамзаттың Жамбылы ретінде құрмет көрсетіп, өлмес рухының алдында басымызды иеміз» деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. «Ұлы Абайдың құрдасы, көзі тірісінде Гомер атанған алып ақын атамыз Жамбыл дүниеге екі рет туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы бір туды. Анада алалық жоқ қой, қай баласын болса да мерзімді күні жарық дүниеге әкеледі. Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты». Ұлы Ғабит Мүсіреповтің «Феномен-Феникс» мақаласында да осындай тамаша жолдар бар. Иә, «Феномен-Феникс», «XX ғасыр Гомері» атанған Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толып отыр.
Жамбыл дүниетанымы қазақтың рухани қажетімен ұштасқан. Ол қазақтың ауызша тарихын жетік білген абыз адам, аңыз адам. Ол өзінің ақындық орбитасына шығып кетті, бақытқа поэзия арқылы жетті. Жәкеме өлең жөргегімен келіп, оның егізіне, серігіне айналды.
Жамбыл – қазақ ауыз әдебиетінің энциклопедиясы. «Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым» деуі ұлы ақынның осы қасиеттерін даралап тұр емес пе? Ақынның хатшысы Ғали Ормановтың 1940 жылдың ақпанында жазған күнделігіндегі: «…оқымаған кісімін. Әйтсе де байқаймын, халық көп біледі. Менің білімім – сол халықтың білгендері. Мен халықтың сөзін айттым» деген сөздер қандай терең, қандай айқын!
– Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай.
Сырлы, сұлу сөздері,
Маған тартқан сыйындай,– деп бұл сөздерді өз жүрегіне бойтұмар етіп, көзі жұмылғанша өлеңге, домбыраға, киелі өлеңге адал болды. Өзінің өмірге деген құштарлығы, адам тани білетін абыздық қасиетінің арқасында замана көшіне ілескенмен, өзін басшылармен де, қосшылармен де тең ұстады.
Жәкеңнің небір тойлары өтті. Салтанатты жиындар болды. Бірақ жүрегімде бір арман бар еді. Ол – Жамбыл бабаға арналған кітап жазу, екіншісі – Жамбыл энциклопедиясын шығару еді. Кітабым шықты, бүгін менің жетекшілігіммен Қазақ энциклопедиясы ұжымы дайындаған Жамбыл атты энциклопедияның сүйінші данасын әкеліп тұрмын. Бүкіл тираж кітапханаларға жіберіледі. Сондықтан энциклопедияны көп таралыммен қайта шығарсақ деген ұсыныс айтамын. Қазіргі сәтте Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев қаржылай көмек беріп, жұртшылыққа жеткізуге уәде етіп отыр, – деді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан.
Кеш соңында Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрі өнер көрсетті. Дирижері – халықаралық, республикалық байқаулардың лауреты Мүслім Әмзе. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, Ерболат Шалдыбеков, Шолпан Даржанова, Мақпал Тоқтағанова, Есбол Шаңбай бірегей тұлғаның жыр-термелерін нақышына келтіре шырқады. Ал ақынның шөбересі Бекмұрат Жамбылов «Алғадайды жоқтауын» орындаса, танымал әнші Тілеулес Құрманғалиев ақын-жыраудың бұрын-соңды жарық көрмеген жаңа әнін жұртшылыққа таныстырды.
Қаншайым Байдәулет