Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің «Тарихын тасқа таңбалап» атты концерті өтті.
Дирижері – республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Мүсілім Әмзе. Ел тарихына қатысты көне күйлер мен көрнекті және жас композиторлардың шығармалары орындалған шара Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды.
Мүсілім ӘМЗЕ, ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің дирижері:
–Қазақ мәдениетінде күй өнерінің орны қашанда бөлек. Барлық кәсіби қазақ композиторларының шығармашылығы халықтық ән-күй, мақам-сазбен қатар өрілген. ҚР мемлекеттік симфониялық оркестрімен осыған дейін қойған концертте қазақ музыкасын бір-екі рет қана репертуарға қоса алдым. Тұтас бір кешті арнасам деген ой көптен толғандырып жүрген. Ұжымға жаңа басшы Ақан Әбдуалиев келген соң, ойымды жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Біз А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепте бірге жұмыс істедік. Бір-бірімізді жақсы танитын болған соң, маған осы жобаны сеніп тапсырды. Үш-төрт ай көлемінде ақылдасып, бағдарлама түздік. Әуелден симфониялық оркестрге жазылып, кейіннен түрлі себепке байланысты орындалмай қалған, я бір-ақ рет ойналып, мұрағатта шаң қауып қалған музыкаларды ақтарып шықтық. Қазіргі композиторлардың жазған шығармаларын сұрастырып, бірнешеуін алдырдық. Оркестрге сұранып тұрған бірнеше күйді өңдеуге тапсырыс бердік. Оркестрлік нұсқадан басқа домбыра аспабына сүйемел ретінде жазуға да өтініш айттық. Нәтижесінде, Раздықтың – «Аңшының зары», Байсеркенің «Толқытатын күйін» композитор Бейбіт Дәлденбайдың өңдеуінде оркестр репертуарына қосылды. Халық күйі «Ақсақ құлан» мен «Терісқақпайдың» желісімен жазылған жас композитор Тасқын Жармұқаметтің «Қазақ елі» шығармасының премьерасын жасадық. Домбыраның партиясын тарту үшін керемет күйші қарындасымыз Әсел Алинаны шақырдық. Сирек орындалып жүрген музыкадан Сыдық Мұқамеджановтың «Көне Түркістанда» сюитасы, Тілес Қажығалиевтің «Дала аңызы» сюитасын қостық. Ермек Өміровтің «Ауыл табиғаты» жаңа нұсқада орындалды. Нұрғиса Тілендиевтің өңдеуінде халық күйі «Қарасай» – көп уақыт ойналмағаны тұрмақ, ұмытылуға шақ қалған. Кештің шымылдығын жапқан «Махамбет» поэмасы рух көтерер ұран іспетті сахнадан түспеуі тиіс шығарма деп ойлаймын. Ал композитор Мәкәлім Қойшыбаевтың «Құрманғазы» симфониялық поэмасының партитурасын мүлдем басқа жақтан кездейсоқ ұшыраттым. Парақтап шықтым. «Кішкентай» күйінің ізімен жазылыпты. Маған да керегі осы еді. Бірақ қанша керемет болсаң да, ойыңды дөп басып қолдап отыратын жетекші болмаса, «жалғыздың үні шықпайтынын» жақсы білеміз. Директорға айтып көріп едім, осы концерт үшін аз уақыт ішінде оркестр партиясын жаздырып берді. Бағдарлама түзіп болған соң, туған мемлекетіміздің атаулы сәті, мерейлі мерекесі Қазақ хандығының 550 жылдығына арнауды ұйғардық. Іргелі ел, аталы жұрт екеніміздің рухын сездіру мақсатында «Тарихын тасқа таңбалап» атты концертімізді XVII-XVIII ғасырдағы жыраулар поэзиясымен қабат өрдік. Актер Руслан Сеңкебаев нәшіне келтіріп жүргізді. Тыңдарман қауымның басым бөлігі қазақ аудиториясы, қабылдауы да жақсы болды. Кешке келген халықтың ықыласынан басқа, өмірін қазақ музыкасына арнаған марқұм композиторлардың бүгінгі ұрпағы алғысын жаудырды. Бұл біздің алғашқы жоба. Қазақ музыкасын өз аудиториясына таныстыру мақсатымен жаңа концерттік маусымда циклды концерт ретінде жалғастыра бермекпіз.
Қолда бар музыкамен тыңғылықты өткізген бұл концерт алдағы айда елордамыз Астана қаласында жалғаспақ. Қала күніне орай жыл сайын Есіл өзені үстіндегі сахнада өтетін «Әуен-ағыс» классикалық кешін осы жолы біздің симфониялық оркестрге беріп отыр. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналатын кешімізді «Мәңгілік сарын» атадық. Тарихи күйлер мен көне сарындар кең палитралы симфониялық оркестрдің тембрімен тербеледі. Азаттық аңсап, жүректерді жарып шыққан жігерлі туындыларды 4 шілде күні сағат 20:00-де Астана жұртшылығына ұсынбақпыз.
ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі – еліміздің «бірінші» оркестрі саналатын ірі музыкалық ұжым. Өзінің 58 концерттік маусымын Астана қаласында «Мәңгілік сарын» концертімен аяқтағалы отыр. Бұл ұжымды 1958 жылы әйгілі дирижер Фуат Мансуров құрған. Филармония құрамындағы ең үлкен оркестрді 20 жылға жуық басқарған Төлепберген Әбдірашевтан кейін келген жетекшілер қазақ музыкасы үшін қызмет етті деп айта алмаймыз. Қазақ аудиториясы үшін симфониялық оркестр бейтаныс һәм бөтен әлем күйінде қалды. Тәуелсіз елдің аспанында еуропалық мәдениеттің үздік музыкасымен қоса сол елдің ұлттық музыкасы да жиі шарықтап тұруы керек еді. Өкінішке қарай, азаттықтың арман-аңсарын, ой-толғанысын өзінің музыкалық мұрасына айналдырған композитор аталарымыздың төл туындылары өз жерімізде, өз оркестрімізде орындалмай келді. Көнекөз күйшілерден бастап, кешегі кеңес жүйесіне қарсы «Менің Қазақстаным» деп жігерлі жырлар мен асқақ әндерді тудырған кейінгі кәсіби композиторларға дейінгі аралықта қазақ баласының ең аяулы асыл мұраты – Тәуелсіздік болатын. Осы тұрғыда қазақ музыка әлеміндегі айтулы тұлғалар өзге елдің тілі мен өнерін бойына сіңіре тұра, ұлт мүддесі жолында биік мұраттан бір сәтке айныған жоқ. Біз мұны ұмытпауымыз керек.
Бейбіт ДӘЛДЕНБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Қазіргі кезде оркестрде шығарма орындату қиын шаруа. Апарған шығармаларың бірден қабылданбай, шаң басып жатып қалады. Не біржолата ұмыт болады. Бұл жолы өздері хабарласып, ұсыныс жасағаны қатты қуантты.
Концертте ойналған Раздықтың «Аңшының зары» күйін симфониялық оркестрге 4-5 жыл бұрын өңдегенмін. Балаларға арналған «Ер Төстік» балетіне лайықталып жазылып, Абай атындағы Опера және балет театрында тұсауы кесілген. Байсеркенің «Толқытатын күйі» «Махаббат перизаты» балетіне пайдаланылған. Бірақ симфониялық оркестрде бірінші рет орындалды. Менің ғана емес, өмірден өткен, өзім қатарлы, менен кейінгі әріптестерімнің туындыларына көңіл бөлінгеніне ризамын. Композитор үшін шығармасының сахнадан жиі орындалып жатқаны шабыт береді. Тыңдай отырып, артық-кеміңді түзейсің. Ары қарай сараптап, сүзгіден өткізесің, дамытасың. Сондықтан жоғары деңгейдегі осындай кештер жиі өтсе екен деп тілеймін.
Ермек ӨМІРОВ, композитор, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы:
– «Ауыл табиғаты» атты шығармам 1982 жылы жазылды. Сол жылы жазда консерватория бітіріп, өзіме үй салуға кірістім. Күйдің алғашқы нобайы алғашқы кірпішін қалап жатқанда келе бастады. Әуенді іштей қайталап жүрдім де «қой, мұны ұмытып қалмай тұрып, қағазға жазып алайын» деп үйге барып, нотаға түсірдім. Кейін екі-үш ай жұмыс істеп, бас-аяғын түгендедім. Содан бері 33 жыл уақыт өтіпті.
Бұл шығарманың ең бірінші «Отырар сазы» оркестрі орындады. Бірінші дирижері Нұрғиса Тілендиев болды. Бірақ аты бірден қойыла қойған жоқ. Нұр-аға «қалай атаймыз?» деп сұрап еді, «білмеймін» дедім. Сөйтсем, ол кісі түнімен ойланып шығыпты. Ертесіне келіп «Ауыл табиғаты» болсын» деді. Талай ауылға гастрольге барғанда, халықтың керемет қабылдайтынын өз көзіммен көрдім.
Кейін 2008-2009 жылы Израильден Бенжамин Юсупов деген дирижер келді. Екі жыл ішінде жүздеген шығарма тыңдап, он шақтасын іріктеп, өзімен бірге ала кетті. Ішінде «Ауыл табиғаты» да бар. Израиль мемлекеттік симфониялық оркестрі Бенжаминнің дирижерлігімен ойнап, халықаралық байқауда 1-орын жеңіп алды. Кейіннен өзіміздің симфониялық оркестрде көпшілікке таныстырылды. Ал Мүсілімнің дирижерлігімен тұңғыш рет қолға алынып, өзгеше реңке ие болып отыр. Мүсілім бұл шығарманы «Отырар сазы» оркестрімен де жұртшылыққа ұсынған. Оның қолтаңбасы менің ойымнан шығады. Бір жақсы жері «Аға, қандай шығармаңыз бар?» деп сұрап, үнемі шабытыңды түрткілеп, дем беріп отырады. Мүсілімге айрықша ризашылығымды білдіремін.
Тасқын Жармұқамет, жас композитор:
– Домбыра мен симфониялық оркестрге арналған концерт жанрында көптен бері ешкім жұмыс істемепті. Мұндай шығармалардың оркестрде орындалмағанына бірталай уақыт болған екен. Кезінде Сыдық Мұхамеджанов, одан кейін Арман Жайымов «Махамбет» тақырыбына рапсодия жазды. Домбыраны симфониялық оркестрге қосып, қазақша күй шығарсам деп толғанып жүргенмін. Құдай сәтін салғанда, филармония директоры Ақан Жылқышыбайұлы ойымды тап басып, тапсырма берді. Бірден қолыма қалам алып, кірісіп кеттім. Шығарма желісінде қазақ күйлеріне сүйендім. Арғы тарихқа үңіліп, қазақ күйінің түп-тамыры «Ақсақ құланнан» бастадым. Затаеевич жазып қалдырған «Терісқақпай» күйін қосып, екі тақырыпты ары қарай дамыттым. Арасында «Елім-айға» бір соғып өткен жерім болды. Сол арқылы қазақ халқының басынан кешкен қиын күндерді музыка тілімен бейнелеуге тырыстым. Қазіргі ұрпақ өткен тарихты ұмытпай жүрсін деген ниет. Бүгінгі бейбіт өміріміз сол аталарымыздың күш-қайратының арқасы деп білемін. Сырнайлатып, кернейлетіп, соғыс болып жатқан жаугершілік заманды көз алдыма елестетіп жаздым. Менің ойымды күйші Әсел Алина түсініп, қабылдай білді. Өз пікірлерін қоса отырып, екеуміз қысқа уақыт ішінде көп жұмыс істедік. Бірінші рет орындалуы, әлі де Әселмен ақылдаса отырып, толықтыра түсеміз.
Жамбыл атындағы филармонияның мемлекеттік симфониялық оркестрінде еліміздегі ең таңдаулы музыканттар отыр. Кез келген шығарманы орындауға шеберлігі жетеді. Олар да тың шығарма ойнағысы келіп, жаңалық аңсап тұрады. Сол себепті, менің туындыма қызығушылықпен қарады.
Бұған дейін 2010 жылы Ерболат Ахмедияровтың дирижерлігімен «Шоқан ізі» поэмамды орындаған. Мен осы жазбамен Татарстанға барып, халықаралық байқаудан 2-орын алып қайттым. Қазан қаласында да симфониялық оркестр орындады. Бірақ байқағаным, біздің оркестр өз музыкасын жанымен түсіне біледі. Тағы бір шығармамның репертуарына енгенін мақтан тұтам.
Оның үстіне, Мүсілім жан-жақты дирижер. Этнографиялық оркестрмен симфониялық оркестрді қатар алып келе жатқан бірегей талант. Өз ойы, көзқарасы бар. Автордың көздегінін түсіне біледі. Ары қарай жеткізіп, оркестрге сіңіре алады. Алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуге дайынмын.
Түйін
Музыка мамандары мен өнер зерттеушілерінің айтуынша, қазақ композиторларының симфониялық оркестрге күйді арнайы өңдеп жазған туындыларын қамтыған тұтас кеш соңғы 25 жылда жүзеге аспаған көрінеді. Сондықтан шаң басқан мұрағаттарды қайта көтеріп, жас композиторларға ізденіс жүктеген бұл концерттің мәдени маңызы үлкен. Филармония өміріндегі айтулы жаңалық, соны серпін деп қабылдауға болады. Ұлт руханиятына қосылған елеулі үлес, музыкалық мұрамызды түгендеген қажырлы еңбек десек те, аса қателеспейміз!
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
Айқын, 10.06.2015