«ХАН ШЕРУІ» — АБЫЛАЙХАННЫҢ ЖҮЙРІГІНЕ АРНАЛҒАН

Мүсілім ӘМЗЕ, дирижер
– Астана күніне орай ҚР мем­лекеттік академиялық симфониялық оркестрі Есілдің үстінде өнер көрсе­тіп қайтты. Әрбір классикалық му­зыка мерекесінің өзіндік ерекшелігі бар. Ал осы концерттің маңыздылығы неде болды?
– Бұл еліміздегі ауқымдылығы мен маңыздылығы, салмақтылығы мен салиқалылығы жағынан ең жоғары шаралардың бірі, айтулы мереке. «EL» продюсерлік орталы­ғы «Әуен-ағыс» деген атпен жеті жыл қатарынан өткізіп отыр. Әр жолы шетелдерден үлкен классика­лық өнер ұжымдары келіп қатыса­ды. Биыл да үш күн бойы халықты классикалық әуендермен тербетіп, Есілдің үстін дүбірге бөледі. Алғаш­қы беташар концерт ҚР мемлекет­тік академиялық симфониялық оркестрінің үлесіне тиді. Біз кештің тақырыбын «Мәңгілік сарын» деп атадық. Қазақтың аспаптық күйі мен күй тақырыбына жазылған шы­ғармалар ойналды. Осындай жауапты бағдарламаға жетекшілік ету маған жүктелді. Қойылған та­лап өте жоғары болды. Дирижер ретінде қолымнан келген мүмкін­дікті аяған жоқпын.

– Жаңа шығармалар көптеп қам­тылыпты. Тың дүниелерді кемеліне келтіріп, тыңдарман назарына ұсы­ну­ға қанша уақыт кетті?
– Бағдарлама негізінен күй та­қы­рыбына арналғандықтан, біраз қиындықтар болды. Бұрын-соңды мұндай тұтас концерт өтпеген­діктен, симфониялық оркестрдің палитрасын аша алатын күйлерді таңдау, оларды екшеп компози­торларға бөліп беру, ертеректе жа­зылған шығармаларды сұрыптап шығу сияқты шаруалар уақыт алды. Оркестрге лайықтау барысында әр композитормен ақылдасып отыру, оркестрге ойнатып дыбысталу жа­ғын тексеру, кемшін тұстарын қай­та түзетіп толықтыру бәрімізге тө­зім­ділікті талап ететін сынақ болды. Жаңа шығармалардан бөлек, тың­дарманның бағасын алған Ғ.Жұ­банованың «Мерекелік увертюра», Т.Қажығалиевтің «Қыз қуу», Е.Рах­­мадиевтің «Дайрабай», М.Саға­товтың «Мерген» шығармалары қо­сылды. Сирек орындалатын шы­ғармалар қатарынан Құрман­ға­зы­ның «Кішкентай» күйі негізінде жазылған М.Қойшыбаевтың «Құр­ман­ғазы» симфониялық поэмасы, Н.Тілендиевтің «Қарасай» күйі мен «Махамбет» поэмасы бар. Халық аспаптары оркестрі репертуарынан Дәулеткерейдің «Топан», Ықылас­тың «Қамбар батыр» (қылқобызда Әйгерім Қарсақбаева ойнады), «Жез киік», «Қазан» күйлерін ал­дық. Алғаш орындалған күйлер деп композиторлар Ермек Өміров түсірген Құрманғазының «Көбік шашқаны» мен Төлеген Момбеков­тің «Мың жылқысын», Әділ Бес­ті­баев түсірген халық күйі «Қақпалы науайыны», Бейбіт Дәлденбай өң­де­ген Раздықтың «Аңшының за­ры», Жалдыбайдың «Қара жорға­сы» мен Байсеркенің «Толқытатын күйі», Ермұрат Үсенов өңдеген Тәт­тімбеттің «Бестөресі» мен Құр­ман­ғазының «Алатауын» айтар едім. Арнайы осы концерт үшін аз уақытта жазған талантты жас ком­позиторымыз Тасқын Жармұқа­мет­тің домбыра мен оркестрге ар­нал­ған шығармасы «Қазақ елі» (солист Әсел Алина) еді. Бас-аяғы екі айдың шамасында кәсіби ма­ман­дардың жауаптылығымен тын­бай жасаған жұмысымыздың нәти­жесі – осы.

– Жай концерт емес, әдеби-музыкалық кеш болды дейсіз бе?
– Бұған дейін маусым айында Жамбыл атындағы Қазақ мемле­кеттік филармониясы залында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Тарихын тасқа таңбалап» атты концерт өткіздік. Жоғарыдағы шығармалардың біршамасы ойнал­ды. Тарихи тақырыпқа арналған кеште сол кезеңнің ахуалын тың­дар­манға жеткізу мақсатында әрбір шығарма алдында жыраулар поэ­зиясынан үзінді ұсындық. Ақтам­берді, Доспанбет, Бұқар, Шалкиіз, Қазтуған, Махамбет пен Мағжан­жырларымен қабат өрілген қазақ күйлері керемет өрнек тапты. Бұл жолы да көрермен көңілінен шық­қаны концерт барысында сезілді. Кешті жүргізген Нұрлан Өнербаев ағамызға үлкен ризашылығымызды білдіреміз.
– Күй негізінде жазылған шығар­маларды симфониялық оркестрге лайықтап ойнауда қандай қиындық­тар кездесті?
– Жаңа нәрсенің қашанда то­сын болатыны заңды нәрсе. Сим­фониялық оркестр ұлттық туын­дыларды бірден Батыс музыкасы секілді желдіртіп ойнап кете алған жоқ. Қазақ күйінің өзіне тән ерек­шелігі мен қиындықтары бар. Әр такт сайын өлшем өзгеруі, музыка­лық сөйлем интоннациясы, форма­сы, тарихи аңызы дегендей… Де­ген­мен ұжым кәсіби шеберлігі жоғары мамандардан жасақтал­ғандықтан, бір-екі репетиция кө­лемінде игеріп кеттік. Қай концерт болмасын, тұтас бағдарламаны жаңа шығармалардан түзіп шығу үлкен тәуекелділікті талап етеді. Арасында қадау-қадау болып, әбден сыннан өткен шығармалар болмаса қиын-ақ. Кеш басталмай жатып он-он бес минут төпелеген нөсер мен құбыла соққан желге қарамай,концерт ойнап шыққан оркестрге алғыс айтар едім. Соңы­нан алғашқы құттықтауды оркес­трдегі музыканттардан естідім. Концертімізді «Хабар» агенттігі жазып алды. Идея жүзеге асты, оркестр де, тыңдарман қауым да қабылдады деп толық сеніммен айта аламын. Асылы, оркестрге әбден сіңіп, күйді кемеліне келтіру үшін жылдар бойы жиі ойнап отырмаса болмайды. Филармония осы мақсатта мұндай концерттерді алдағы маусымнан бастап қолға алмақ.
– «Хан шеруі» фантазиясы ерек­ше назарымызды аударды. Жаңы­лыспасақ, бұл туынды да осы кон­церт үшін арнайы жазылған сияқты. Өйткені оркестр репертуарынан бұрынырақ тыңдағанымыз есімізге түспей тұр…
– Иә, дұрыс айтасыз. «Мәңгілік сарын» жобасының жетекшісі, қазақтың біртуар білімдар тұлғасы Ғалым Доскен ағамыздың идея­сымен қысқа мерзім ішінде оркес­трге түсірілді. Авторлық күйлердің әуел басында тұрған кемел күйші Байжігіттің «Көкбалақ» күйі негі­зін­де тамаша фантазия жазып шыққан – өзіндік қолтаңбасы көп­ті мойындата бастаған композитор Тасқын Жармұқамет. Шығарманың премьерасы Астана қаласында өтті. Аңыз бойынша, бұл туынды Абы­лай ханның жүйрігіне арналған деседі. Күйдің өн бойынан жеңім­паз халықтың асқақ арманын, өршіл рухын, айбынды айбарын, сән-салтанатын көреміз.

– Мемлекеттік академиялық сим­фониялық оркестрдің алдағы маусымдағы жоспары қандай?
– Шет мемлекеттерден келетін әйгілі дирижерлар мен солистер қатысатын жоспарлы абонементтік концерттер, балаларға арналған танымдық кештер, музыка мек­тептерімен беретін есептік шаралар бар. Кезекті еңбек демалысынан кейін «Мәңгілік сарын» концер­тінің жалғасы Тараз қаласында өтетін Қазақ хандығының 550 жыл­дығына арналған республи­калық шараға ұласпақ.

Әңгімелескен
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
Айқын, 09.07.2015

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>