КЛАССИКАЛЫҚ МУЗЫКА ЖАУҺАРЛАРЫ — АЛМАТЫДА

Posted by Muslim Amze Category: Жаңалықтар

20 қаңтарда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының үлкен залында ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен әлемнің 2010 жылғы үздік скрипкашысы, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Граф Муржа өнер көрсетеді.

Осы кеште Евгений Брусиловскийдің скрипка мен оркестрге арналған «Бозайғыр» сюитасы, Никколо Паганинидің скрипка мен оркестрге арналған №2 «La campanella» концерті, Игорь Фроловтың Гершвиннің «Porgy and Bess» операсы тақырыбында жазған концерттік фантазиясы және Арам Хачатурянның скрипка мен оркестрге арналған концерті орындалады. Аталған шығармалар ішінде Хачатурянның концертінен өзге шығармалар алматылық тыңдарман қауымның назарына алғаш ұсынылмақ. Концертті белгілі өнертанушы Юрий Аравин жүргізеді.

Кеш барысында тыңдарман оркестрмен бірге төрт тарап, төрт кезең, төрт түрлі музыка әлеміне сапар шегеді. Ең алдымен ХХ ғасырдың орта шеніндегі қазақтың тағдырлы музыкамен танысады.

ХХ ғасырдың басында Қазақстанға келіп, қазақ классикалық музыкасының қалыптасуы мен дамуына үлкен еңбек сіңірген, қазақ кәсіби музыкасы тарихымен есімі тұтаса байланысқан композитордың әлі орындалмаған немесе сирек орындалатын шығармалары ішінде «Бозайғыр» сюитасы да бар. 1954 жылы жазылған «Бозайғырдың» финалы көпшілік тыңдарманға жақсы таныс. Көбінесе қобызда фортепиано сүйемелімен, кейде ұлт аспаптары оркестріне қосылып орындалады. Алайда, бұл алты бөлімнен тұратын үлкен шығарма. Композитор халық күйшісі Рахмет Аманбаев күйінің негізін сақтай отырып вариация, пейзаж, скерцо, би, романс, финал сынды міндетті бөлімдерге күй әуенін үзбей өткізген.

«Ұзақ жылдар бойы орындалмай кеткен шығарма. Тіпті, бізге дейін қашан, қайда, кім орындағаны туралы дерек те жоқ. Қазақ классикалық музыкасының орынсыз ұмытылған осы шығармасын тыңдарманға өайта ұсынуды мақсат етіп, әуелі А. Жұбанов атындағы РҚМММИ оқушысы Әмина Молдахметоваға орындатқан едік. Жас скрипкашы бар жауапкершілікпен шығарманың интерпретациясын сәтті алып шыққан. Содан кейін ғана филармония сахнасында жиі өнер көрсеткен, Алматы жұртына жақын таныс тәжірибелі, азулы музыкантқа ұсынып отырмыз. Репертуарында скрипкаға арналған отыздан астам концертті жинақтап, сәтті орындап жүрген Граф Муржаның орындауында шығарма бойындағы серпін мен тегеуірін ерекше ашылады деп ойлаймын. Алдағы кештегі премьерамыз сәтті өтіп, «Бозайғыр» қазақ скрипкашыларының репертуарына енеді деген сенімдемін», — дейді дирижер Мүсілім Әмзе.

Бірнеше күн бұрын Алматыға келіп, концерт дайындығына кіріскен Граф Муржа «Бозайғыр» сюитасы алғаш қарағанда қарапайым, балаларға арналған пьеса сияқты көрінді. Ойнай бастағанда, күрделі, кемел шығарма екенін түсіндім. Композитор өз Отанын, халқын жақсы көретінін, халық музыкасын қаншалықты бойына сіңіргенін керемет жеткізе білген. Михаил Глинканың «Музыканы шығаратын халық, біз тек аранжировкасын жасаймыз» деген сөзі бар. Осы ретте сол сөзді дәп басып, қарапайым халық музыкасынан құрылған үлкен симфониялық шығармадағы образ байлығына таң қалдым», — дейді.
ХХ ғасырдағы қазақ музыкасынан соң Арам Хачатурянның салтанатты да маңғаз концерті орындалады.

Хачатурянның скрипка мен оркестрге арналған концерті 1940 жылы жазылған. Концерттің алғашқы орындаушысы – ұлы скрипкашы Давид Ойстрах. «Мен скрипкаға арналған концертті жазуды ойлай бастағанда-ақ, құлағымда Ойстрахтың скрипкасының үні тұрды», – деген еді композитордың өзі. Кейіннен концертті дайындау барысында Ойстрах шығармаға көптеген түзетулер енгізіп, кемеліне келтіруге көмектескен.

«Хачатурянның алғаш дирижерлік еткен шығармасы – осы скрипка мен оркестрге арналған концерт. Өз сөзінде «менің дирижер болып қалыптасуыма ықпал еткен – осы концертті орындаған Ойстрахтың икемділігі мен ере отырып жетелей білу қабілеті» деген болатын композитор. Орындаушы мен дирижердің біте қайнасқан тұтастығын, бір-бірін қас-қабағынан ұғынып, сезе білу қабілетін талап ететін шығарма осындай-ақ болар. Осы көлемді концертті скрипкашы Граф Муржамен орындау барысында арамызда сондай түсіністік орнап, тұтас дүние сомдаймыз деген үмітім зор», – дейді осы кеште оркестрге дирижерлік ететін Мүсілім Әмзе.

Концерттің екінші бөлімінде тыңдарман қауымды атақты Паганини музыкасы ХVIII ғасырдағы Италияға жетелей жөнеледі. Мәскеулік әртістің өзіндік музыкалық рәмізіне айналған Паганинидің әйгілі «Кампанелласы» – скрипкашы музыканттың кемелдігін, шеберлігін танытатын туынды. Зерттеушілердің айтуынша, осы концерт – Паганини шығармашылығының шырқау шегі, осыдан кейін ұлы композитор шаттық образынан тұратын, адам жанын баурап алатын бір де бір туынды жазбаған. Бұған дейін Граф Муржа әлемнің түрлі сахналарында тамаша орындап келген осынау жауһар туынды енді Алматы сахнасында ойналмақ.

Паганинидің шаттыққа толы «Кампанелласынан» кейін Игорь Фроловтың скрипкаға арналған романтикаға толы концерттік фантазиясына кезек келеді. Джордж Гершвиннің 1935 жылы алғаш сахналанған, әйтсе де, тек 1950 жылдары ғана көрермен сүйіспеншілігіне бөленген «Porgy and Bess» операсы тақырыбындағы фантазия симфониялық оркестр сүйемелдеуімен Алматыда алғаш орындалмақ. Гершвин шығармашылығына тән джаз-блюз стиліндегі, африка фольклор сарыны араласқан опера негізінде жазған фантазия – әлемнің үздік скрипкашыларының репертуарынан берік орын алған туынды. Кеш шымылдығы осы шығармамен жабылады.

«Тұтас скрипка бенефисі болайын деп тұр. Менің Алматыға алғаш келуім емес. ҚР Академиялық симфониялық оркестрі өзіме ұнайды. Жоғары деңгейлі, асқан кәсіби оркестр. Дирижер Мүсілім Әмземен алғаш рет бірге ойнағалы тұрмыз, әріптестігіміз жалғасын табады деген үмітім бар. Өйткені, алматылық көрерменнің ықыласы, музыкаға деген бейілі, қабылдауы, құрметі өзіме ерекше ұнайды. Әлем класскасының жауһарларын тыңдап, сусындауға шақырамын», — деп ой бөлісті кеш қонағы, әлемнің үздік скрипкашыларының бірі Граф Муржа.

Айқын
20.01.2016

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>