ТЕРЕҢНЕН ТАРТҚАН ТАМЫР

Ауылдағы үйде көп адамның аяғы жете бермейтін, жетсе де керегін тауып тез жөніне кететін, көп қазына жасырып жатқан жер бар. Ол – үйдің шатыры. Мұнда не жоқ дейсіз? Атамыздан қалған көнекөз естеліктер, артық-ауыс құрылыс заттары, сосын сексенінші жылдардан бері қарай шаң қауып жатқан «Қазақстан әйелдері», «Білім және еңбек», «Жұлдыз», «Жалын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» т.б. газеттерінің бірнеше тігінді номерлері жатады. Ара-тұра орыстың «Музыкальная жизнь» басылымы кездеседі. Тек бірнеше жылдық шаңын қағып жібер де қарай бер! Бастауыш сыныптағы жазған күнделіктер, көркем жазу, қазақ тілі дәптерлері болатын. Тәтемнің жазуға толған дәптерімізді буып-түйіп шатырға жөнелте беретін әдетіне риза боламын.

Осы барғанымда «тағы не бар екен» деп аударып-төңкеріп жүріп, бозбала шақтан қалған бірнеше күйтабақ мен музыка әдебиеті кітаптарын таптым. Арасынан осыдан отыз жылдай бұрын сары шифоньердің үстінде кебежедей қоңыр көне шабаданнан көретін анар түсті «Қыз Жібек» және ашық көк тартқан «Мұңлық-Зарлық» эпостары, айқарма бетті сарғыш «Ән-күй сазы» атты ескі күйтабақтың мұқабасы көзіме оттай басылды.

Сыртқы мұқабасындағы тұлпар мен сұңқар, асулы қазан, қараша үй, хан сарайының салтанатын күзеткен жасауыл бейнесі – қазақы оюмен астасып, эпос сарынымен үндес, қарапайым Һәм ұғынықты еді. 1980 жылғы айтыстан ән-күйлер топтаған күйтабақ сыртындағы торсық пен қымыз толы қос кесе, қалақ домбырасы қай өңірдің өнерпазы екеніне айғақ, саптама етік киген екі ақынның адуын кейпі мен паң отырысы қандай, шіркін!

Үш күйтабақтан тұратын «Қыз Жібек» пен екі күйтабақ «Мұңлық-Зарлық» эпосын Мұқтар Өтебаев жырлайды. Арасында қарасөзін оқыған Фарида Шәріпованың дауысы бар. Есейе келе актердің мақам-сазына қатысты айтылған бірнеше сын естідік. Сол заманда осы нұсқамен жарыққа шығарудың ұтымды тәсілі осы болды ма, кім білсін… Бәрібір, жарамсыз дей алмаймыз, құлаққа құйыла сіңген, жанымызға жақын дауыс.

Келесі екі күйтабақтан тұратын «Ән-күй сазындағы» күйші-жыршылар тізімі көз қуантады. Бірінші бетті Нұртуғанның «Жыр бастауымен» жыршы Берекет Омаров ашып, әрі қарай күйші Қазыбек Әбенов Бәубектің «Қоңыржай», «Толғау», «Аққу», өзінің «Сыбызғы», «Қоштасу», «Торғай толғауы» күйлерін қылқобызбен тартқан. Екінші бет әнші Қайырбек Тәйкеновтың орындауында Әсеттің «Бір мысқал», Исаның «Жұмыскер», «Ысқақбайдың желдірмесін» басталып, кезек Қазанғаптың «Өтті-кетті», Үсен төренің «Тентек Ақжелеңің» тартқан күйші Момын Байғанинге келеді. Кейінгі екі әнді – Қасымның «Өзім туралысы» мен Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматысын» – Пернебек Оспанов айтқан.

Екінші күйтабақтың оң бетіндегі алғашқы бес күй – Жаңаберген Әлбетовтың тартуындағы өз күйлері «Шаттық биі», «Самал», «Тың толғауы» мен Қазанғаптың «Жұртта қалған», «Жем толқыны» екен. Бұл беттегі жалғыз ән Жалғасбай Есенғалиев айтқан Сегіз серінің әні «Мақпал» деп тұр. Сосын қылқобызшы Мұсабек Жарқынбеков Қорқыттың «Башпай», Ықыластың «Қасқыр» күйін тартыпты. Екінші теріс бетін Әлшекейдің бес күйімен «Толқын», «Шерлі», «Жаяу кербез», «Тоқтаған», «Аққу кеткен»; өзінің «Жайлауда», «Өрлеу» күйлерімен Тынысбек Дүйсебеков бастап, Жантөренің «Шалқыма», Орыншаның «Байжұмасымен» күйші Ермек Қазиев түйіндеген.

Аты аталған он орындаушының жетеуін кейінгі әдебиет пен антологияда кезіктіргеніммен, үш өнерпаздың (Қайырбек Тәйкенов, Момын Байғанин, Пернебек Оспанов) аты-жөнін тек осы жинақтан ғана көрдім. Жиыны отыз бір ән-күй жазылған күйтабақ күндіз-түні болмаса да, үйде бірауық ойнап тұрыпты. Әуелі атамның «күйтабақты алып бер, қойып бер» қызметін қызық көріп жүрсек керек. Бәрі анық есімде болмағанмен, халық музыкасына жақын өсуіме септесін болғанын шамалаймын. Шыққан жылына қарағанда сол уақыттағы ойын баласының қиялын шарықтатып, санасына сырлы сурет пен саз-сарын елеусіз құйыла берген.

Ес тоқтатып өз қалауыммен алған, үйде кешкі астан кейін үзбей ойнататын үш күйтабақ болды. Олар жыршы Қаламқас Орашева жырлаған Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз» дастаны, Төлеген Момбеков тартқан «Қаратау шертпесі» және композитор Кенжебек Күмісбековтың «Аяулы мекенім» атты халық аспаптары оркестріне жазылған шығармалары бар күйтабақтар еді. Қазір қайда қалғаны белгісіз, бірақ жазуының үтір-нүктесіне, суретінің бояуына дейін жадымда сақталыпты.

Нарқыздың дастандағы мінез-сыпатына байланысты атам жарықтық «балам, маған әлгі «ұр да жық» табағыңды қойып берші» дейтін. Тыңдай-тыңдай мен ғана емес, тетелес інілерім де жатқа соғатын болдық. Әлі күн есінде екен кіші інімнің. Қаламқас жыршының орындауында қаншама мақамды саф күйінде сіңіріппіз. Батырлармен алысқан күйі тәтті ұйқының құшағына құлап, түсіңе жалғасатын оқиғалар… Оянған сәт табақтың пышырлап айналып тұрғанын талай көрдік.

Төлеген Момбеков тартқан домбыраның үні, шертіс мәнері, күй табиғатын танығанда… күй тек осылай тартылады деп ойладық. Себебі, бұдан басқа күйтабақ та жоқ еді. Маң далада айналасын қызыл түске бояп батып бара жатқан күн… артқы бетінде күйшінің тақия киген суреті, Рахманқұл Бердібай жазған алғысөзі бар. Қайыра тыңдай беретін хит «Салтанат» болатын. Зорлыққа шыдамай «тырналып» сағаға түскен сәт секіріп кететін еді. Қарап отырсам, бұл да қайнар бұлақтың бастауынан қанып ішкендей, бойымызға «вирус-шертіс» дарытпас иммун қалыптаған балаң кезіміз екен!

Кенжебек Күмісбеков шығармаларын жанымдай жақсы көріп, концертіме жиі қосуымның себебі түсінікті болар. «А» бетіндегі композитордың ән-күйлерін Құрманғазы оркестрімен Шамғон Қажығалиев, «В» бетіндегісін «Отырар сазымен» Нұрғиса Тілендиев жаздырған. «Дала сыры», «Кербезім», «Қорқыт туралы аңыз», «Фараби сазы», «Аяулы мекенім», «Жеңеше»… бірі-бірінен өткен жауһар дүниелер екен!

Осының бәрі көзге от боп басылған үш күйтабақтың көнерген мұқабасын көріп ойға оралды. Қиял жетелеп есіме оралған қаншама оқиғаның бір парасын, сол сәтті аңсаған жүректің шым еткен тұсын ақ қағазға ақтардым. Сыр өңірінде өткен студент кездер, Алматыда өнерімізді ұштаған жігіттік шақтың бәрінде бағдар болған тәлім төркіні – санамызға сыналай сіңіріп, музыкалық талғам қалыптастырған ауылдағы қараша үйдің төрінен басталыпты!

Консерваторияда күйшілікті мұрат тұтқан жылдар, таным кеңейіп халық музыкасының бірнеше антологиясын құрастырған кездер, әйгілі қос оркестрдің дирижер пультіне шыққан сәттер мен балалық шақтан құлаққа сіңіп, көңілге тұнған үш күйтабақтың арасында тылсым тамыр бардай көрінеді…

«АНА ТІЛІ» газеті,

23 ақпан, 2017

One thought on “ТЕРЕҢНЕН ТАРТҚАН ТАМЫР

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>