«Алматыда – Нұрғиса, Жетісайда – Бөрі Иса!»
Бөрі Иса… Жетісай… Қай кезде болсын, қай жерде болсын осы екі ауыз сөз бірге айтылады. Ажырамас тұтас ұғым. Әңгіме кейіпкері Бөрі ағамызды ең алғаш тоқсаныншы жылдардың ортасында кездейсоқ көріп, сәлемдесіп, бір күй тартып беріп едім. Тартқаным – Құлшардың «Кербез» күйі. Бір ауыз жылы сөзіне бала көңіліміз марқайған. Екінші рет дирижер Шамғон Қажығалиевтің сексен жылдығына арналған Алматыдағы мерейтойлық кеште көрдім.
Араға жиырма шақты жыл салып, Жетісайға концерттік сапармен келгенімде жақын танысудың сәті түскен. Әйгілі Нұрғиса ағамызбен дәм-тұзы жарасып дос болған аға «Отырар сазы» оркестрін өзі қарсы алды. Бұл 2011 жылдың 7 қарашасы. Концерттен кейін ақжүрек тілегін айтып, біршама естеліктің тиегін ағытты. Жетісай оркестрі жаңа құрылғанда Нұрағаның өзі арнайы келген. Бірнеше күн дайындық жүргізіп, ақылын айтып, соңынан концерт беріпті. Сол күннің елесіндей болған бүгінгі концертке сағынып жеткені ағамыздың жүзінен көрініп тұрды. Қолында бірнеше партитура кітабы бар. Алғашқы бетке қарындашпен асығыс тілек жазып жатты. «Желтоқсан» деп атаған сый-кітабындағы естелік қолтаңбаның алғашқы әріптерін тігінен қоссам, өз атым шықты. Сондағы күйші-дирижердің жазғаны мынау екен.
«Мінезінен танимын,
Үнін, жанын кісінің.
Сені бірден таныдым,
Інім, жаным, Мүсілім.
Лайық сендей жігітке
Інілікті таныту.
Маған ықылас таныттың,
Деймін сені «Ары – ту!»
Оңтүстіктің қиян шетінде жатқан абат өлке Жетісай өңірінің мәдениеті мен өнерін дамытып, бала тәрбиесімен бірге театр репертуарын жолға салып, елу жыл маңдай терін төккен профессор ағамыздың еңбегі қандай құрметке болсын лайық. Шын мәніндегі «мәдениет қайраткері» дер едім. Оркестрге лайықтап музыка жазу, оны кітап етіп бастыру, училищенің оқу-әдістемелік жұмыстарымен қатар театрдың қойылымдарын музыкамен көркемдеу, Жетісай-Мырзашөл өңірінің ән-күйлерін хатқа түсіру, олардың телерадиодағы насихаты сияқты қыруар еңбектің бір өзіне қарап тұрғанына қарамай, шығармашылық жұмысын бір сәтке тоқтатпау – айтуға ғана жеңіл. Бір адамға түсетін кәсіби салмақтың ауырлығын өзіңіз-ақ таразылай беріңіз! Тәңірінен тікелей сыбаға болып тартылған дарынын шашау шығармай орынын тауып жұмсай білген адамның өмір жолына қарап тәнті боласың!
Алматыға келген соң «Алтын аймақ мекенім», «Әсем қала – Астана» ән кітаптарының авторы Бөрі ағамызға құрмет ретінде, жарыққа шығатын бірнеше жаңа кітабының музыкалық редактор және корректорлық жұмысына кірістім. Бірінші жинақ – халық аспаптары оркестріне арналған «Жиделі Байсын» партитурасы еді. Кітап «Қазнұр» баспасынан 2013 жылы мың даналық тарылыммен жарық көрді. «Мерекелік күй», «Желтоқсан», «Сағыныш», «Наурыз», «Жеңіс жолы», «Жиделі Байсын» күйлері көп ұзамай «Отырар сазы» мен Тәттімбет, Тұрмағамбет, Мұқан Төлебаев атындағы оркестр орындауында көптің назарына ұсынылды.
Музыка мектебі пен колледж оқушыларына оқу құралы ретінде ұсынылатын екінші жинақ – «Мерекелік күй». Үш бөлімнен тұратын домбырашылар ансамбліне арналған автордың бірнеше ән-күйлерінің аспаптық нұсқасы 2014 жылы «Қазақпарат» баспасынан жарыққа шықты. Мектеп қабырғасындағы домбырашы бүлдіршіндердің қолынан бұл кітапты көргенде бойыңды ерекше сезім шарпитыны бар.
Домбыра мен фортепианоға арналған шығармаларды топтаған үшінші жинақты «Желдірме» деп атадық. Жоғары оқу орындарының домбырашы-студенттеріне арналған шығармаларды фортепиано сүйемеліне лайықтаған – композитор Тасқын Жармұқамет. Алғысөзін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кәрима Сахарбаева жазды. Оқулық кітапты 2014 жылы «Ғибрат» баспасы шығарды.
Симфониялық оркестрдің толық құрамына арналған «Наурыз тойы» партитура жинағын құрастырып, 2014 жылы «Қазақпарат» баспасына тапсырдық. Таралымы бес жүз дана, көлемі 7 баспа табақ. Төртінші кітапқа енген композитордың бес күйі симфониялық оркестрдің репертуарына қосылған бірегей туындылар. Уақыттың көп бөлігін алған, айрықша қажыр талап еткен бұл партитураның қаншалықты сәтті шыққанын бағалауды кәсіби мамандардың еншісіне қалдырдық.
Жетпіс жасын тойлағалы отырған абзал ағамыздың деніне саулық, шығармашылығына шабыт тілеп, сөзіміздің түйіні ретінде «Наурыз тойы» партитура жинағына жазылған алғысөзді ұсынамыз.
АЛҒЫ СӨЗ
«ҚР композиторлар одағының мүшесі, күйші-дирижер Бөрі Исаның халық аспаптары оркестріне арнап жазған «Жиделі Байсын» шығармалар жинағы 2013 жылы «Қазнұр» баспасынан жарық көріп, ел ықыласына бөленген. Енді сол таңдаулы туындылардың өзгеше өрнекпен, қанық бояумен симфониялық оркестрге лайықталған нұсқасын ұсынып отырмыз.
Өзіндік орындаушылық қолтаңбасымен қатар талай жылғы ұстаздық тәжірибе мен ізденісі арқасында шыққан шыңы, асқан асуы бар, аспапты музыка саласында өнімді еңбек етіп келе жатқан өнер иесінің өскелең ұрпақтың дәстүрлі дүниетанымын қазақы сазбен қалыптастыруға бағытталған бұл жинағынан оның кәсіби сауаттылығы мен дирижерлік қырағылығын көреміз.
Жинақтағы «Мерекелік күй» және «Наурыз тойы» күйлері қуанышты ақжарма көңіл-күйді бейнелесе, «Жиделі Байсын», «Желтоқсан», «Жеңіс жолы» шығармалары тарихымыздың түрлі кезеңдегі ақтаңдақ беттерін еске салып, жадымызды тағы бір жаңғырта түседі. Біз бұған осы шығармалармен танысу барысында және көпшілік назарына ұсынған концертімізде көз жеткіздік.
Республикамыздың кәсіби симфониялық оркестрлері мен арнаулы орта және жоғарғы оқу орындарының студенттік симфониялық оркестрлері халықтық музыканың қайнар көзінен сусындаған осындай жинақтарға зәру екенін ескерсек, осы бағыттағы жасалған бұл еңбектің алар орыны ерекше.
Келешекте жалғасын табар жаңа жинақтар көбейіп, еңбегіңіз ел игілігіне қызмет ете берсін дейміз».
«7 сыр»
Республикалық қоғамдық-саяси газеті,
N 30 (273), 15 тамыз 2014 жыл