Облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің концерті өтті.
Өнер ұжымы Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында құрылған. Бүгінде оркестр Сыр мәдениетінің алға басуына өз септігін тигізіп келеді. Осы уақыт аралығында көптеген жетістіктерге қол созды. Шығармашылық қоржынында 250-300-ге жуық көркем туынды бар оркестр руханият саласында өзіндік ерек қолтаңбасымен көп көңілінен шығып отыр.
Өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына ие болған музыкалық топқа халықаралық және республикалық дирижерлар конкурсының жүлдегері, жерлесіміз Мүсілім Әмзе жетекшілік етті. Ермек Өміровтың «Ер Қосай» шығармасымен сахна шымылдығы түрілген рухани кеште Самал Байсейтова, Ғани Бекмұрзаев, Мақсат Мақұлбеков, жырау Серік Жақсығұлов пен өзге де өнерпаздар жиналған жұртшылықты ұлттық өнермен бір серпіп тастады. Елімізге танымал күйшілермен қатар, шетел композиторларының шығармалары да халық назарына ұсынылды. Оркестрмен бірге қосылып ойнаған Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің директоры Кеулімжай Ботабаев вилончельмен Кенжебек Күмісбековтың әндерінен жинақталған попурриі ерекше қошеметке ие болды. Ақжаулықты әжелеріміз ақ тілегін айтып, батасын берді.
– Шіркін-ай, керемет дүниелердің сұлулығын артымыздан ерген жас буындар көрсе, білсе екен деп армандаймыз. Бұл кештен алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Оркестрдің осыған дейінгі шығармаларымен етене таныспын. Дегенмен, Мүсілім Әмзенің жетекшілігімен орындалған керемет дүниелер қуантып тастады, – дейді ақжаулықты ана Баян Мақашова.
Мәдениетіміз бен өнерімізді қайта дәріптеуге қолдаудың нәтижесінде құрылған оркестрдің Сыр руханиятында шоқтығы биік. – Өзіміздің жерлесіміз, танымал «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Мүсілім Әмзе шығармашылықты шыңдау бағытында филармонияға шақырылған болатын. Бүгінгі таңда 15 шақты жаңа туындымен қоржынымыз толыға түсті. Алдағы уақытта Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында қазақ елінің өнерін паш етуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, EXPO-2017 халықаралық көрмесінде өнер көрсетуге дайындық үстіндеміз. Жалпы, оркестрдің құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. Соған орай ауқымды деңгейдегі концерттік жобамыз бар, – дейді оркестрдің көркемдік жетекшісі Самат Аблаев алдағы жоспарларымен бөлісіп.
Соңғы он жылда оркестр талай жолдарды жүріп өтті. Алынған асу, бағынған белес аз емес. Дария бойындағы дүйім елдің дәстүрлі өнерін дәріптеген өнер ұжымы алдағы уақытта да сол биіктен төмен түспеу жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Рухани кешті тамашалау барысында біз оркестр ұжымынан осындай ізденісті, шығармашылық өрлеуді байқадық. Мүсілім Әмзе секілді белгілі дирижермен әріптестік байланыс та өнер иелерінің тәжірбиесін арттыра түсері сөзсіз.
Академик Ахмет Жұбанов «Дирижер – музыка майданында аса маңызды фигура» деп өзіндік бағасын беріпті. Расында, ең бастысы оркестр мүшелерінің музыканы жақсы ойнауы, халыққа жеткізе білуі сол маманға байланысты. Құрамында 60-қа жуық орындаушысы бар музыкалық ұжымның еңбегі өнерсүйер қауым алдында еленіп, ақеден жандардың алғысына ие болды.
Елдос АСАН
28.02.2017