Алматыға деген аңсарым хат таныған кезден ауған болар деп шамалаймын…
Алғашқыда әлпетін «Әліппедегі» суреттен көрсек, кейіннен әкеміздің газет-журналдарын ақтарып жүріп сырттай таныстық. Алатау, Абай проспекті, «Медеу», «Қайрат», «Қазақстан» деген сөздер де жадымызда Алматымен қоса жатталды. Жарықтық, теледидар «Алматыдан тарта алмайтын» қиын кезде қабырға радиосы ғана «Алматыдан сөйлеп тұратын». Қазақша сөйлейді, қазақ әндерін береді. Тоқсаныншы жылдары ғана көзайым болған «Айтыстың» әр хабарын быжылдап дұрыс көрсетпейтін теледидарға телміріп отырып көретін едік.
Музыка мектебінде оқып жүргенде Алматыдан ауылға әйгілі Құрманғазы атындағы оркестр келген. Үйде жиі ойнайтын күйтабақтан таныс күйлердің біразын залдан тыңдап, ерекше әсер алған күнді әсте ұмытармын ба? «Қайдан келіпті – Алматыдан, қайда барады – Алматыға» деген жауаптан бұл қала кілең жақсы-жайсаң мен жақұт өнердің құтты мекеніндей көрінген.
Ару деп асқақтатқан астанамыз Алматыны өзім он жасымда көрдім. Қазіргі Республика сарайы, «Медеу» мұз айдыны, Орталық цирк, Абай атындағы опера және балет театры, Горький паркінде үлкендермен түскен суреттерді көрсетіп талай мақтандық. Есімде ерекше жатталып қалғаны, Глазунов деген композитордың «Раймонда» балетін көруге барғанымыз. (Бірнеше жылдан кейін сол әйгілі оркестр мен театрда дирижер болып жұмыс істейтінімді ол кезде әрине, білген жоқпын.)
…Жылдар өтіп Алматыға келдік. Қара шаңырақ аталған өнер ордасына оқуға түстік. Алматы туралы ән жазған ақын-композиторлар, кино түсірген режиссерлар, кітап жазған жазушылар, танымал актерларды көшеден көріп қалып, қуанатын сәттер де аз болмады. Алғаш келіп аптық басылмаған, осында оқитынымызға өзіміз де сенбей тамсанып-таңданып жүргенде осындағы аға-апалар «бұрындары Алматы бұдан да көрікті, қазіргіден де таза болғанынын» айтып көңілімізді басып-ақ тастайтын. Тобымызбен тауға барып, қиғаш қасты бір тал гүлмен театрға ертіп, қаракөзбен қолтықтасып концерт көріп, мұңсыз бозбала күндерді осы жерде өткізіп, өзіне баураған әсем Алматыдан жылдар өте біз де тұрақ таптық.
Талай жер, түрлі мекенге жол түскенде екі күн өтпей өзіне тартып тұратын не тылсым екенін өзім де білмеймін. Қалай десем де жақсы көремін… Бала кезден өнер мен білімнің ордасы екенін іштей түйсіндіріп бойға қуат дарытқан, бүгінде тұрғанына мың жыл толған Алматымның көркі мен тазалығы туралы кейінгі буын да келер ұрпаққа тақылдап айтып тұрса деймін.
Мүсілім Әмзе, дирижер