Үш күн қатарынан ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябағында өткен «Қазақ әлемі» тарихи-этнографиялық, мәдени-ойын-сауық кешенінде қала қонақтары көшпенділер өркениетінің тарихымен танысты. Саябақ аумағында кешегі дала билеушілерінің шатырлары мен киіз үйлер, қол күресі, көне семсерлермен күш сынасу, қолөнер бұйымдарының, көне алашалардың, қару, зергерлік бұйымдардың сан түрі саудаланған көрме қанат жайды. «Қазақ әлемі» тарихи-этнографиялық кешенінің экспозициясы Қазақстан аумағында мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дала билеушілері мен көшпенділер өмірі жайында сыр шертті. Ел аумағының әр өңірінен келген қолы алтын зергерлердің мерейтойға арнайы әзірлеп әкелген дүниелердің санында да, сапасында да шек жоқ. Бірінен-бірі асып түскен ондай туындыларға сұраныс та жоғары болды. Ән де, жыр да, кешегі кісен ашқан, ағын суды теріс ағызған құдіретті күй де, асыл тастарға, бағалы сүйектерге бедерленген тарихи дүниелер де, дәстүріміз де, ұлттық құндылығымыз да осы жерден орын алды.
— Қазақ хандығының 550 жылдығының осылай жоғары деңгейде аталып өтілуі- әрқайсымыз үшін үлкен қуаныш. Жуырда Астана қаласында өткен тойдың басталуына да өз қолөнер туындыларымызды алып барғанбыз. Дегенмен, көне шаһар Тараздың жөні бөлек. Себебі мемлекетіміздің кешегі тарихи іргесі осы топырақта қаланған. Біз қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары мен кәдесый бұйымдарын жасаумен айналысамыз. Ұлттық аспаптар шежіресінде шаң басып бара жатқан «Адырнаны» қайта жаңғырттық. Соны қосқанда, мерейтойға қырықтан астам аспаптың түрін алып келдік. Қазіргі таңда ел ұлттық музыкалық аспаптарымызды тек сахнадан ғана көреді. Сол себепті бүгінгі заманауи ұғымдағы жастарды, тұрғындарды, шекара асып келген қонақтарды құндылықтарымызбен таныстырғымыз келді. Қолмен ұстап, көз жеткізуде. Елдің қызығушылығы жоғары,- дейді 23 жылдық тарихы бар «Ділманов» Ұлттық саз аспаптар жасау компаниясының басшысы Бақытжан Әліұлы.
Алматыдан ат терлетіп келген бұл қолөнершінің туындылары да ерекше. Қазақтың өнер қаруына айналған аспаптың 43 түрін, әр көлемде және сапасына қарай әр бағада саудалады. Мәселен өзі атап өткен көне «Адырнаның» құны 300 мың теңгені құраса, қара домбыраның тәуірі де сол бағадан кем емес. Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Бейсен Омарбек 3 мың АҚШ долларына бағаланған ер-тоқым мен ат әбзелдерін, дала қаруының әр түрін саудалады. Шығыстағы шайқастардың нүктесін қойған қазақы қайқы қылыштың құны 150 мың теңгеден басталады. Бұдан бөлек, талдықорғандықтар да өз алдына киіз үй тігіп, зергерлер шеберлік сыныбын өткізді. Жетісулық ағайындар мерейтойға қолөнершілердің туындыларымен қатар мұражай жәдігерлерін де ала келіпті. Той қонақтары далалық батыр бабаларымыздың бес қаруымен танысып, тарихқа саяхат жасады. Ал Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласынан келген қолөнершілер заманауи үлгі мен ұлттық нақышты біріктіре жасаған киім үлгілерін халыққа ұсынды. Жиырма жылдан бері қазақи киімдерді тігумен айналысып келе жатқан бұл тігіншілердің өнімдері де мерекелік шара барысында үлкен сұранысқа ие болды.
— Мен мерейтойға Қазақ хандығы ту тіккен Шу өңірінен келдім. Қордай, Меркі және Шудың тастарынан тарихи бейнелерді сомдап жүргеніме де жиырма жылдан асты. Атаулы сәтке орай тастан соғып жасалған «Мәңгілік ел» атты туындымды әкелдім. Бұдан бөлек «Ұлы дала қорғаны», «Өлі жауынгер», «Болашақ» сынды туындыларым да елдің назарында. Бірақ мен өз туындыларымды саудаламаймын. Кезінде дала мұражайында сақталып келген балбал тастағы бейнелер секілді бұлар да ұрпаққа арналған ұзақ ғасырлық дүниелер. Дегенмен, сатып алам деушілердің сұранысы сейілер емес,- дейді белгілі мүсінші Қали Қораласбаев.
Саябақта бой көтерген «Ақ Шатыр» алаңында «Мәңгілік сарын» мемлекеттік академиялық-симфониялық оркестрі мен Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестр музыканттары екі күн қатарынан өнер көрсетті. Екінші күні халықты классикалық музыкамен қанықтырған симфониялық оркестрге өз шеберлігімен шет ел халқын таңдандырып жүрген Мүсілім Әмзе дирижерлік етті. Ұлттық әуенді сүйетіндер үшін «Қоңыр», «Ғасырлар сазы» және «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері өнер көрсетті. Қала тұрғындары мен қонақтары қазақтың музыкалық аспаптары туралы «Аспаптар шеруі» және «Тоғыз перне» қазақ күйлері туралы бағдарламаларды тамашалады. «Беркініп садақ асынған» атты батырлар жырынан эпикалық толғаулар, «Жетісу әндері» Жетісу ән мектебі мен Батыс, Арқа ән мектебінің әндері шырқалып, түркітілдес халықтардың сазынан сыр шерткен «Қонақкәде», толқынын қозғасаң, теңіздей толғанатын қазақи жыр-термелерге арналған «Азаттық жырлары» атты бағдарламалар қойылды. Қала қонақтары шара соңында эстрада әншілері Тамара Асар мен Досымжан Таңатаровтың концертін тамашалап қайтты.
Нұржан СЕРІКХАНҰЛЫ
Қоғамдық-саяси газеті, 31.11.2015