Қазақтың алғашқы халық аспаптары оркестрінің негізін қалаған Ахмет Жұбановқа көмекші екі ассистент-дирижердің бірі – Орал өңірінен келген Ғабдұлман Матов болса, екіншісі – Сыр өңірінің тумасы күйші Мәлік Жаппасбаев. Алғашқы жылдардың барша қиындығын тең өткеріп, ұйымдастыру жұмыстарына қолғабыс еткен, сонымен қатар дирижерлік деген жаңа өнерді үйрене жүріп, бас дирижердің қыруар ісін жеңілдеткен көмекші болды. Жұбанов дирижерлік өнердің барлық талабына жауап беретін, табиғи бейімі мен сезімталдығы сай келетін өнерпазды ғана өзіне көмекші етіп таңдап алған деп шамалаймыз. Өйткені, жақын араласып, тәрбиелеп шығарған алғашқы дирижер қос шәкіртінің екеуі туралы академик аса ілтипатпен жазған. Мәлік Жаппасбаев жайлы мәліметті А.Жұбановтың «Ән-күй сапары» мен «Өскен өнер», Тәмті Ибрагимованың «Жас қазақ», «Песня, рожденная в битвах» және «Жауынгер-композиторлар» атты кітаптарынан кезіктірдік. Мәлік Жаппасбаев туралы архив ақтарған ізденісіміз әзірге нәтижесіз емес. Десе де, қолдағы бар ақпаратпен алғашқы ассистент-дирижердің шығармашылық портретіне аз-кем штрих қосып бағалық.
Мәлік Жаппасбаев 1914 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Әкесі Жаппасбай қоңырқай тіршілік иесі, 1925 жылы Абай колхозынан Қызылордаға көшіп, кейіннен темір жол саласында еңбек еткен. Мәлік есін жаңа білген уақытта дүниеден ерте көшіпті. Молдабек, Ыбырай, Мәлік, Сәбира атты төрт перзент сүйген Ұлбибі анасы – өнерімен жұртқа беделді, тік мінезді, тауып сөйлейтін, айтыс десе ешкімді бет қаратпаған аса өткір, адуын кісі болыпты. Керемет күйшінің қызы, суырып салатын ақындығы, керім дауысымен танылған әншілігі, шебер ойнайтын домбырашылығы бар Ұлбибінің қадірі ел арасында күннен-күнге артқан. Әкеден ерте айрылған Мәлік әуелі ағасы Молдабектің, соңынан нағашы атасының тәрбиесіне көшеді. Жеті класты тәмамдап, жастай әке жолымен теміржол бойындағы еңбекке араласыпты. Өнердің кеніндей болған нағашы атасы жиенін Сыр өңірінің мақам-сазымен, жыраулардың өсиетімен, күйшілердің кербез күйімен тербеп өсіріпті. Жиын-тойдан қалдырмай, бауырына салып жүріп талай жыршы мен күйшіні талмай тыңдатып, құлағына құя берген. Жиенін жеті жасында топқа салып, домбырасын табыстап, көптің батасын әперген екен. «Бірнеше күн сапар шегіп, жол-жөнекей Оңтүстік өңірінің өнерпаздары туралы, әсіресе Сыр топырағында ән мен күйдің шоғын маздатқан Қазанғап, Әлшекей, Тасберген, Досжан сынды оншақты өнерпаз, ерекше шабытпен айтқан Нартай есімін алғаш рет нағашы атам әңгімелеп беріп еді. Бойымдағы дарынымды ұштаған да осы нағашы атам мен Ұлбибі анам» – депті дирижер Мәлік кейінгі Тәмті Ибрагимоваға айтқан бір сөзінде [1, 17].
Жасынан домбыраға әуес бала мектеп қабырғасында көркемөнер үйірмесін ұйымдастырып, өзі жетекшілік етті. Талай концерт қойып, елдің алғысына бөленді. Өнерге бет қойған Мәлік күйші 1934 жылы Алматыға келіп, сол жылдың күзінде оркестр құрамына концертмейстер ретінде қабылданған. А.Жұбановтың айтуынша әйгілі Құрманғазы күйлерін әсем тартқан. «Сыр Адайы» атты күйдің жалғыз орындаушысы ретінде тарихқа енді. Осы кітаптардан «Түрмеден қашқан», «Сарыарқа», «Көкейкесті» күйлерін тартқанын білдік… [2, 142]
1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа ағасы Ыбырайыммен бірге аттанған. Басында Чита қаласы полкының музыка взводында капельмейстер қызметінде екенін хат арқылы хабарлап, 1942 жылы қараша айында шепке шығып Ленинград түбіндегі шайқасқа түскен.
«Туып өскен ауылым, атам-анам,
Бүгін арнап сіздерге сәлем жазам.
Майдандамын, аманмын, көңілдімін,
Уайым жеп болмаңдар маған алаң.
Ата-ана, колхозым, елге сәлем,
Туып өскен, сүйікті жерге сәлем.
Фашистерді жоямыз түгел жайпап,
Күшімізді көреді бүкіл әлем…» – деп майданнан жазған үшбұрыш хаттары сақталған. Елде қалған туыстары күйшінің қарындасы Сәбираға арнап жазған соңғы хатын 1943 жылы наурыз айында оқып, ұзамай ерлікпен қаза тапқаны туралы хабар да алған.
1960 жылдары жауынгер өнерпаздардың жоқшысы ретінде Мәлік мұрасын жинап, соңында қалған жары Бану Тәукехановадан, арнайы Қызылордаға барып ағасы Молдабек пен қарындасы Сәбираны іздеп тауып, жүзбе-жүз сөйлесіп, қажет материал қаттаған тұңғыш Қазақ радиосының дикторы Тәмті Ибрагимованың еңбегі – өлшеусіз. Күйшінің көзін көрген, кезінде талай сұхбат құрған Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, әнші-актриса Тәмті Ибрагимова Мәлік күйшінің шеберлігі туралы «Алдына домбыра өңгеріп, күй тартқанда ол өзгеріп кетер еді. Әлгінде ғана қасымызда отырған қарапайым адамнан асқақ өнерпазға айналып кетер еді. Домбыраның қоңыр сазы, тартылар күйдің алуан ырғағы, орындаушының шеберлігі, жүрек қылын шертіп, өз әлеміне жүр-жүрлеп еріксіз жетелейтін. Осынау сазға тыңдаушы біздің берілгендігіміз сонша күй шырқы бұзылмаса екен, тоқтамаса екен деп, шын көңілмен мінәжат ете тілеуші ек. Тасқындаған күй толқындары домбыра шанағынан ғана асып-төгіліп жатпайтын, күйшінің жан жүрегін дәл қазіргі сәт жарып шығып, қарлығашша қанат қағып, ұшып шығып жататын. Күй мен домбырада, домбыра мен күйшіде бөлектік, шекара қалмай, олар тұтас бір-ақ жалқы нәрсеге – тұтас өмірге айналып кетер еді…» десе, Ахмет Жұбанов өзінің «Өскен өнер» атты еңбегінде «аса өткір түрде музыканы есітетінін, темірдей қатты ырғақ ұстайтынын, бір түсірген дыбысты еш уақытта ұмытпайтынын» жазады [3, 17; 2, 142]. Күйшінің табиғи дарыны жөнінде айтқан «…Мәліктің күйден, не нотадан жаңылғанын көрмедік» немесе «күйлерді тіпті жылдам үйренетін. Қандай жаңа күй түсіргенде де, ол көзді ашып жұмғанша қағып алатын», «…қаққан қазықтай болып ешуақытта не қажетінен артық тездетіп, не кейін қалу дегенді білмейтін. Жоғарыда аты аталған Ғабдұлман екеуі оркестрдің қазығы болатын» деп тамаша суреттеген сөздерінен оркестр музыканты үшін де, дирижері үшін де ең керек қасиеттер Мәлік Жаппасбаевтың бойынан көрінгенін байқаймыз [2, 142].
А.Қ. Жұбанов өзінің «Ән-күй сапары» кітабында «байсалды жігіт, алғыр музыкант» деп суреттеген Мәлік Жаппасбаев оркестрге 1938 жылы жетекші болып келген композитор Латиф Хамидиден әріптес достары Жаппас Қаламбаев, Ғабдұлман Матов, Жан Байболатов, Смағұл Көшекбаев, Мұхамбет Елемесовтермен бірге музыка сауатын жетілдіріп, композиторлық өнерден де сабақ алған [4, 274]. Ұзамай біршама жаңа туындылар дүниеге келген. «Партия туралы ән», «Ленин томы қолымда», «Қарағанды туралы ән», «Сәлем», «Жастық жыры», «Сұлу қыз» тәрізді бірнеше әндері туды. Мәліктен қалған музыкалық мұра – осы әндер екен.
Аталған әндердің сөзін жазған ақындардың туған жылына қатысты бірнеше күмәнді тұстар бар. Мысалы, «Сұлу қыз» әнінің сөзін жазған Ғафу Қайырбеков 1928 жылы Торғай қаласында туған. Ал, «Жастық жыры» әнінің сөзін жазған, 1931 жылы Қостанай облысында туған Шәміл Мұхамеджанов жайлы туындайды. Бұл екі ән 1938-1942 жылдары жазылған десек, ол кезде Ғафу ақын 10-14 жаста, ал Шәміл ақынның жасы асса 7-11 де болып шығады. Жас ерекшеліктерін ескерген күннің өзінде Мәлік Жаппасбаевтың Алматыда бұл кісілерге әнге сөз жаздыруы неғайбыл. Тек, көкейімізде бұл әндердің сөзі мен әуен ноталары шыққан «Жауынгер-композиторлар» жинағының 1965 және «Жас қазақ» кітабының 1979 жылы жарыққа шығуына орай, әуелгі сөз мәтіндері көңілден шықпай, кейіннен осы ақындарға қайта жаздырған немесе редакция жасатқан деген жорамал ғана бар.
Ал «Қарағанды туралы ән», «Ленин томы қолымда» әндерінің сөзін жазған Айтбай Хангелдин 1906 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданы, Абай колхозында туған. Соғыс ардагері. Мүмкін, Мәлік Жаппасбаевпен ауылдас, таныс, дос-жар болуы. «Партия туралы әннің» сөзін жазған Дихан Әбілев 1907 жылы туған, 1938-1939 жылдары Қазақстан жазушылар одағының төрағасы әрі соғысқа да қатысқан. Мәлік екеуі де бұл кезде Алматыда, жиі кездесіп шығармашылық байланыста болуы қисынға келеді.
Аманат қалдырған алты әнді өңдеп, алғаш клавирін жасап, хор қосып «Жауынгер-композиторлар» жинағында бастырған композитор Латиф Хамиди [5, 41-60]. Әйгілі композитор алдынан тәлім алған, қыршын кеткен шәкіртінің әзіз бейнесін музыка тарихында осылайша қалдырыпты. Интернет әлемінен тез табылатын 1938 жылғы Меркі колхозшылары тойында Құрманғазының «Балбырауын» күйін оркестрмен орындаған көне жазба – Мәлік Жаппасбаевтан қалған құнды жалғыз видеожәдігер. Жинақы, қысқа һәм нақты қол қимылы мен бар зейінін сала тыңдап оркестр басқарған бейнесінен асқан сақтық пен кемел кәсібилік сезіледі. Күйді сол сәттегі оркестр шеберлігінің деңгейіне байланысты сағасыз тартқан деп ойлаймыз.
Архив қатпарынан табылған Жаппасбаевқа қатысты бірнеше сирек фотолар реті мынадай: 1935 жылы Қызылорда қаласында түскен жеке суреті, ағасы Ыбырайдың 1942 жылы майданнан жеткен суреті, 1937 жылы Алматыда әйелі Банумен түскен суреті [6]. Жаппасбаевтың дирижер ретінде ұзын фрак киіп, дөңгелек көзәйнек таққан, қолына таяқша ұстап, тікжаға әппақ жейдесіне «көбелек» галстук байлаған, оған сәйкес келісті кеудешемен түскен фотосуреті сақталған. Сондай-ақ, Рамазан Елебаев, Рүстембек Омаровпен түскен естелік суретін қосқанда жиыны – бесеу. Көзі мейірімге толған, жүзіне жылылық ұялаған, ертеңіне үміт артқан, келбеті керім өнерпаз жастың бейнесі бізге осылай көне фото арқылы жетіпті.
Кезінде көзін көрген, жаңа туған әндерінің алғашқы орындаушысы болған, кейіннен қазақ радиосы мен телевизиясы арқылы бірнеше хабар жасаған, соңында қалған бар мүкәммалын жиып-теріп, асқан ұқыптылықпен архивке өткізген әнші-диктор Тәмті Ибрагимованың тиянақты еңбегі арқылы Мәлік мұрасымен қайта қауышып отырмыз [7].
Небәрі жиырма тоғыз жыл қысқа ғұмырында халық музыкасының қайнарынан сусындаған шебер күйші, оркестр әртісі, домбыра тобының концертмейстері, оркестр дирижері қызметін атқарған жауынгер-композитор Мәлік Жаппасбаевтың есімі қазақ дирижерлік өнері тарихында өшпестей болып қалды.
Әдебиеттер:
- Ибрагимова Т. // «Песня, рожденная в битвах» – А.: «Өнер», 1985 – 148б
- Жұбанов А. // «Өскен өнер» – А.: «Ғылым», 1985. – 248б
- Ибрагимова Т. // «Жас қазақ» – А.: «Жалын», 1979. – 120б
- Жұбанов А. // «Ән-күй сапары» – А.: «Ғылым», 1976. – 478б
- Ибрагимова Т., Хамиди Л. // «Жауынгер-композиторлар» – А.: «Жазушы», 1965.
- ҚР ОМА // №2186 қор, №1 тізбе.
- ҚР ОМА // №2186 қор, №2 тізбе.
Мүсілім ӘМЗЕ
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының
PhD докторанты, дирижер
«Қазақстанның ғылымы мен өмірі» журналы
№5 (49), 2017
Мынау бір тұшымды дүние болған екен, Мүсілімбай, қарыштай бер!
Рахмет, аға.
Мәлік Жаппасбаев туралы жазғандарыңызды оқып риза болдым, сізге көп рахмет. Бұл кісі туралы деректер интернеттен табыла қоймас деп осы уақытқа дейін іздемеген едім. Мәлік Жаппасбаев менің туған нағашым болып келеді. Мен жоғарыда айтылған қарындасы Сабираның қызымын. Бала кезімде журналист Тәмти Ибрагимова және оның жолдасы үйге келіп ол кісі жайлы кітап шығарамыз деп анамнан суреттерін алып,естеліктер жазып алғаны есімде. Сол жылдары қазақ телевизиясынан 9-мамыр күндері жауынгер композиторлар деп еске алып хабарлар берілуші еді. Сол жылдардан кейін сіздің мына мақалаңызды оқып риза болып отырмын, сізге көп-көп рахмет
Саламатпысыз? Хабарласуыңызды өтінемін. Менің телефон номерім 87078160752.