ҒАЛАМАТ КҮЙШІ ҒАБДҰЛМАН

 

Қазақ музыка мәдениеті үшін 1934 жылы басталған халық өнерпаздарының слеті орны ерекше болды. Домбырашылар ансамблі, кейіннен КазЦИК оркестрінің негізгі бөлігін осы слет өнерпаздарынан жасақтаған. Дирижерлік өнердің қазақ даласына кәсіби түрде келуі осындай қажеттіліктен туды. Дирижер пультінде алғаш академик Ахмет Жұбанов тұрса, одан кейін ізін жалғап, қазақ халық аспаптары оркестрі дирижерлігінде ісін ілгерілеткен көмекші ассистенттері – күйшілер Ғабдұлман Матов пен Мәлік Жаппасбаев еді [1, 191]. Бұл екі ассистент туралы мәліметтер әзірге аз. Алғашқы күйші-дирижердің туған өңірінен сұратқан сауалымызға облыстық архив пен музей мардымды мәлімет бере алмады. Матов туралы кезіккен Батыс Қазақстан облыстық энциклопедиясы мен Жәнібек ауданының анықтамалығындағы қысқа ғана материал [2, 382]. Бұл мәліметтермен Ахмет Жұбановтың еңбектері арқылы жақсы таныспыз. Десе де, қолдағы қосымша ақпаратпен ғаламат күйші, дирижер Ғабдұлман Матовтың шығармашылық портретіне аз-кем штрих тастап бағалық.

Күйші әрі дирижер Ғабдұлман Матов 1914 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданы, Күйгенкөл селолық советіне қарасты, қазіргі  Тайыр Жароков атындағы совхозда дүниеге келген. Бұл өлкенің аты әйгілі күйші өнерпаздарымен, күйшілік өнерді құрмет тұтуымен қазақ даласына мәшһүр еді. Ата-анасынан ерте жетім қалған Ғабдұлман домбыраны төрт жасынан жанына серік етіп, шешесі Жұмаханымнан көптеген күй үйренеді. Аймаққа белгілі шебер домбырашы, сол өңірдің өнерпазы Арыстан Баталов та Ғабдұлманның шеберлігіне оң әсерін тигізген [3, 216]. Әкесі Мат әйгілі күйші Сейтекпен дос-жар болған. Құрманғазы, Түркеш, Сейтек, Соқыр Есжан, Мүсірәлі күйлерін шебер тартқан. Оқап Қабиғожиннен әйгілі Мәмен күйшінің күйлерін үйренген Ғабдұлман – тарқата келгенде Құрманғазының шөбере шәкірті болып шығады (Құрманғазы – Көкбала – Оқап – Ғабдұлман). Ахмет Жұбановқа Құрманғазының өмірбаяны мен кейбір маңызды оқиғаларға байланысты құнды мәліметтерді жеткізуші-информатор [1, 59].

1932 жылы Қызылорда қаласындағы кендір техникумының даярлық курсына оқуға түскен. Келістіріп ән де салған. Сейтектің «Бала Сейтек» деген әнін автордың өз қолынан үйренген екен. Жақын ағасы болып келетін Мұстафа Ысмағұловтың айтуынша,  Қызылорда қалалық партия комитетінің хатшысы болған Ғалымжан Сағатовтың үйіндегі басқосу соңын осы әннің:

«Мен едім бала Сейтек жасымдағы,

Жарасқан қайың-құрақ қарымдағы.

Зауқатта осындай бір тап келгенде,

Әндетіп айтатұғын барым-дағы…

 

Атандым мен жасымнан бала Сейтек,

Төреден ұл туған жоқ мендей ерек.

Жамандап жала жапқан правитель,

Деп жұр ғой «Елді бұзған ұрытентек»

– деп түйіндепті [4, 24]. Осы кеште Ғабдұлман тартқан Сейтектің «Жантаза» күйіне үй иесі Ғалымжанның ықыласы ерекше ауыпты. Тек Сыр өңірін жайлаған жұттың кесірінен оқуын аяқтай алмай, қайта еліне оралып еңбек етті.

Ауыл тіршілігіне араласып, өнерімен жұртқа танылған өнерпаз 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстан халық өнерпаздарының І слетінде өнер көрсетіп, жүлдегер атанды. Алғаш құрылған халық аспаптары оркестрінің мүшесі болды. Екінші домбыра тобының концертмейстері. Күйшілігі ерен Ғабдұлманның Алматыға келіп алғаш тартқан күйі – Құрманғазының «Перовский маршы» [5,13]. Кейіннен бұл күй жиі тартылатын болып, талай композитордың жаңа шығармаларына арқау болды.

Мұстафа Ысмағұловтың жеткізуінше, 1934 жылы Алматы қаласындағы Интернациональная көшесіндегі қарапайым пәтерде қазақтың үздік күйшілері Науша Бөкейханов, Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Әли Құрманов, Ғабдұлман Матов бас қосқан керемет өнер кеші өтеді. Құрманов әйгілі Молдабайдың әнін шарықтата шырқап, Төкен әншінің «ән-күйін» қоса төгілдіріп тартыпты. Күй аңызы, орындау мәнері, жеткізуші күйшілер шежіресі, шалыс қағыс пен жаңсақ перне туралы Науша айтқан ескертулер Ғабдұлман көкейіне жатталып қалыпты [6, 33]. Алғаш Алматыға келіп жұртты күйшілігімен таң қалдырса, кейіннен оркестр пультіне шығып дирижерлік өнерге ден қойды. Кейіннен оркестр дирижері қызметінде көрінген.

Ғабдұлман Матов жайлы «Ән-күй сапары», «Құрманғазы», «Өскен өнер» сынды еңбектерінде құнды естелік қалдырған Ахмет Жұбанов, күйшінің мінезін, ойнау техникасы мен мәнерін, жалпы шығармашылық келбетін былайша суреттеген. Мысалы,  «от-жалындай», «техникасы ешкімде жоқ», «қолы темірдей», «күйді бұлжытпай құйқылжыта тартқан», «екі көзі оттай жанған, бет әлпетінде қайрат күштің белгісі бар», «саусақтары тіпті әлді, қаққан қолы темірдей», «жанған оттай лаулап тұрған жас», «талантты домбырашы» деген тіркес-теңеулер оның қандай шебер орындаушы екенін білдірсе, «қол сілтеуі, аппараты, есіту күші, әсіресе, темпераменті ағыл-тегіл», «музыкаға деген қабілеті мен жігері бірдей келген жас» деп табиғи жаратылысын айшықтаған сөздерінен қандай дирижер болғанын байқаймыз [7, 135-137].

Сол кезеңде оркестр тізгінін ұстаған композитор Латиф Хамидидің еңбегін Ахмет Жұбанов жоғары бағалап «Латифтің маңызды еңбегінің  бірі, ол – оркестрдің орындаушылары: Мәлік Жаппасбаев, Жаппас Қаламбаев, Смағұл Көшекбаев тағы басқаларды композиторлық өнерге үйрете бастады. Оркестрдің негізгі құрылысын, репертуарын сақтады. Хамидимен қатар сол оркестрдің ішінен шыққан талантты дирижерлер Ғабдулман Матов, Мәлік Жаппасбаев, Ғылман Әлжанов сияқтылар өздерінің оркестр коллективін басқара алатындықтарын көрсетті» дейді [7, 148-149]. Осы кітапта ғана алғашқы дирижерлар тізімінде бірінші рет күйші Ғылманның аты аталады. Бұл жас композиторлардың жаңа туындылары сол замат оркестр репертуарына қосылып, тыңдарман назарына ұсынылып, көптің бағасын алып  отырған.

Ұйымдастырушылық қабілеті көзге түскен кез – 1935 жылы жаңа ашылған Балқаш қаласындағы мыс қорыту комбинатында көркемөнер жетекшісі болып, әріптестері Махамбет Бөкейханов, Тәңірберген Бітімбаев, Мұхит Битенов, Ақын Битенова т.б өнерпаздармен халық аспаптары оркестрін ашуы. Оркестр жұмысын дөңгелеткені сонша, аз уақытта Жетісу, Балқаш, Ақтөбе, Шалқар, тіпті өзі туған Жайық өңіріне гастроль сапарын ұйымдастырады [8, 2]. Осы аз ғана ақпараттан дирижер қабілетімен қатар ұйымдастыру жұмыстарын да тез меңгергенін аңғарамыз. Ғабдұлман Батыс өңіріндегі сапарда оркестр мүшесі, он бес жасар күйші баланың Жайық суына кетіп мерт болуына байланысты қайғырып, өзінің «Қарабас» күйін шығарды.

Ғабдұлман Матовтың 1935 жылы қалалық парк сахнасында өткен оркестр концертінде төрт күйге жетекшілік етіп, дирижер пультіне шыққанына Мұстафа Ысмағұлов куәлік етсе, Тәмті Ибрагимова 1938 жылы радиокомитетте өткен концертте алғаш көріп риза болғанын жазады [9, 12]. Репрессия жылдарының салқыны Матовқа да тиіп, бас дирижер Ахмет Жұбановтың туған ағасы Құдайберген Жұбановтың ұсталуына байланысты «Жұбановтың шәкірті» деген сылтаумен жұмыстан шығарылған. Мұстафа туысының айтуымен, сол кездегі Қарағанды облысы мәдениет басшысының рұқсат етіп 1939 жылы Қарағанды облыстық радиокомитеті жанынан домбырашылар оркестрін құрды. Жиырма сегіз домбырашы қыз-келіншектен (Зәбира Битенова, Қапан Байжанова, Ақын Битенова т.б) құралған өнер ұжымының бел ортасында Ғабдұлман Матов пен Мұхит Битенов жүрді. Қарағанды қаласының орталық клубы оркестрдің жиі өнер көрсететін киелі орнына айналды [8, 6].  Бұл екі оркестрдің жұмысын қадағалап жүрген сол кезде мәдениет қайраткері Темірбек Жүргенов пен Ахмет Жұбанов жоғары бағалаған. Ел тарихындағы айтулы мерекелерге байланысты концерттерге Ғабдұлман оркестрін арнайы қосып отырған. Нәтижесінде 1940 жылы Алматыға шақырту алып, республикалық радиокомитет ұлт аспаптары оркестрінің бас дирижері қызметіне кіріскен.

Алматыдағы жаңа қызметін ерекше шабытпен, өзгелерді соңына үйіріп ерте бастағанда… «соғыс басталды» деген хабар жетті. 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа Алматыда құрылған Панфиловшылар дивизиясының құрамымен аттанып, Калинин, Невель қалаларын жаудан азат етті. Майданда ержүрек жауынгер ретінде танылып, 1942 жылдың қыркүйек айында Украина жерінде, Харьков маңында ерлікпен қаза тапқан.

Қазақ дирижерлік өнерінің алғашқы қарлығашы, күйші, жауынгер-композитор Ғабдұлман Матов небәрі жиырма сегіз жыл қысқа ғұмыр кешіп, қазақ музыкасы тарихында  «Жауды жеңеміз» әнімен, «Қарабас» атты күйімен, өнер майданы мен соғыс майданындағы жанкешті еңбегімен кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалды. Бұл ретте құнды мәліметтерді тірнектеп жинап, радио мен телевизияда талмай насихаттап, бірнеше жинаққа бастырған, қалған мұрасын архивке тиянақтап тапсырып кеткен Оралдық әнші-диктор Тәмті Ибрагимованың еңбегі өлшеусіз деп білеміз.

 

Әдебиеттер:

  1. Жұбанов А. // «Ән-күй сапары» – А.: «Ғылым», 1976. – 478б
  2. Батыс Қазақстан облысы // Энциклопедия. – А.: «Арыс», 2010580б
  3. Жәнібек ауданы // Тарихи-танымдық анықтамалық. – О.: «Полиграфсервис», 2012416б
  4. Ибрагимова Т. // «Жас қазақ» – А.: «Жалын», 1979. – 120б
  5. Жұбанов. А. «Құрманғазы» Алматы — «Жалын», 1978.368б
  6. Ибрагимова Т. // «Песня, рожденная в битвах» – А.: «Өнер», 1985 – 148б
  7. Жұбанов А. // «Өскен өнер» – А.: «Ғылым», 1985. – 248б
  8. ҚР ОМА // №2186 қор, №2 тізбе, №37 іс, 7б.
  9. ҚР ОМА // №2186 қор, №1 тізбе, №18 іс, 56б.

 

Мүсілім Әмзе, Құрманғазы атындағы

Қазақ Ұлттық консерваториясының

PhD докторанты, дирижер

 

«Ұлттық Ғылым академиясының хабарлары» ғылыми журналы №5,

«Дана.KAZ» тарихи журналы №8 (37)

One thought on “ҒАЛАМАТ КҮЙШІ ҒАБДҰЛМАН

  1. Жаса, бауырым, бұл жолы да тұщындым, қуандым, содан соң екі қайтара оқыдым.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>