ДИРИЖЕР ЛАТИФ ХАМИДИ

Қазақ оркестр өнерінің өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі де бірегейі – композитор Латиф Хамиди. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары өткен Бүкілқазақстан көркемөнерпаздар слетінің ұйымдастыру жұмысынан бастап, А.Қ. Жұбанов, А.В. Затаевич, С.И. Шабельский сынды ғалым-музыканттармен жеті күн қазылар алқасында бірге болған Латиф Хамидидің ғибратты ғұмыры мен шығармашылық жұмысы халық өнерпаздарымен тығыз байланысты болды [1, 98].

Артында мол музыкалық мұра қалдырған Латиф Абулхайұлының өмірбаяны мен шығармашылық келбеті туралы жазылған мақалалар өте көп. Себебі, музыка сауаты жөнінен санаулы маманның бірі ретінде кейінгі өнер қайраткерлерінің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарып қоғам қайраткерлігіне дейін көтерілді, өмірі дүйім жұрттың көз алдында өтті. Өзі де музыка мәдениеті жөнінде көптеген мақала жазып қалдырған. Сондықтан кейіпкеріміз Хамидиге қатысты жалпақ жұртқа мәлім, бұрын жарияланған деректерге аса тоқталмаймыз. Мақсатымыз – Латиф Хамидидің өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары қазақ оркестріндегі һәм филармония хор капелласындағы дирижерлік қызметі, қазақ өнер ұжымының дамуына қосқан еңбегі төңірегінде болғандықтан, әңгімемізді осы бағытта өрбітеміз.

Өзі жазып қалдырған деректерді көктей шолып өтсек, Латиф Абулхайұлы Хамиди 1906 жылы Қазан губерниясы, Свияж уезіне қарасты Буалы ауылында қарапайым татар отбасында туған. Ата-анасының қоныс аударуына байланысты 1913 жылы Өзбекстанның Каттақорған қаласындағы мектепте алғашқы сауатын ашқан. Мектеп қабырғасында көптеген үйірмеге белсене қатысқан бала Латифтің музыкаға әуестігі күн сайын арта берген. Қаладағы алғашқы музыка мектебінің фортепиано мен скрипка класының тұңғыш оқушысы. Болашақ музыканттың есінде қалған басты оқиға – Австрия тұтқын солдаттарынан құралған кішігірім симфониялық ансамбль ойыны. Түрлі шараларда ойналатын оркестр үнімен таныстығы ерте басталып, әскери бөлімнің үрмелі оркестрі ойынынан алғашқы вальс пен марш екпінін есітіп өсіпті.

1920 жылы мектептен кейін Ташкенттегі Ағарту институтының татар бөліміне оқуға түседі. Ташкент қаласы ол кезде Түркістан округінің орталығы. Студенттік өмірде көркемөнер, әдебиет, драма үйірмесінің белсенді мүшесі болған Латифтің музыкаға біржола бет бұру туралы ойы, оны әуелі Қазан қаласына жетелепті. Әу бастан композиторлық өнерді таңдағанымен, арнайы класс болмауы себепті виолончель аспабын меңгермек болады. Бірнеше өнерпазбен танысып, қала өміріне араласады. Осы тұста белгісіз себеппен я институт оқуын тәмамдау мақсатымен біршама уақыттан кейін Ташкентке қайта оралған. Тағы да институттағы хор, оркестр жетекшілігімен қарбалас жүріп, оқуын тәмамдайды. 1927 жылдан Мәскеу музыка техникумы, композиторлық бөлімнің дайындық курсына түскен. Негізгі композиторлық мамандықтан басқа дирижер үшін маңызды оркестр сабағы, аспаптану және арнайы дирижерлік пән бойынша тәлім берген педагог А.С. Илюхиннің атын шәкірті ретінде Хамиди әркез ізет-ілтипатпен атайды.

1931 жылы оқуын аяқтап, Мәскеуде бірер жыл татар мектептерінде түрлі қызмет істеген Латиф, 1933 жылы Қазақ драма театрының шақыруымен Алматыға келеді. Музыка бөлімінің жетекшісі ретінде театр хор ұжымына бірнеше халық әуендерін жазады. Театр спектакльдерін музыкамен көркемдеп, тұңғыш оркестр үшін партитура жазды. Сол кездегі оркестр музыкасының  білгірі С.И. Шабельский екеуі 15-17 адамнан тұратын алғашқы театр оркестрін құрады. Қосымша радиокомитетте құрылған студенттер хорының жетекшісі болған Латиф Хамидиге енді театр оркестріне дирижер болу жүктеліпті. Бұл кезде музыка театры драма театрынан әлі бөлінбеген. 1934 жылы музыка театрының режиссері Жұмат Шанинмен бірге тығыз шығармашылық байланыс орнатқан композитор бұдан кейінгі уақытта барлық спектакльдерді оркестрмен дирижер ретінде көркемдеп отырған. 1935 жылы Семей театрына ауысып, 1936 жылы сол жерден Мәскеу консерваториясының опера студиясының татар бөліміне екі жылға оқуға аттанады.

1938 жылы Алматыға қайта оралған Латиф Хамидиге (1933 жылдан музыка техникумында бірге қызмет еткен) Ахмет Жұбанов қазақ оркестрінің жетекшісі болу үшін ұсыныс тастайды. Міне, осы кезден бастап көркемдік жетекші әрі дирижерлік қызмет алған Хамиди төрт жыл бойы КазЦИКтің халық аспаптары оркестрімен бірге болды. Екі жылдан соң бас дирижер қызметіне оралған Ахмет Жұбановпен бірге және филармония хор капелласынының дирижері Б.В. Лебедевке ассистент-дирижер ретінде тағы екі жыл жұмыс істейді [2, 84-101]. Қос ұжымның дирижеры болғандықтан бұдан әрі оркестр мен капелланың қосылып концерт өткізуі жиілейді. Бұған қоса Латиф Абулхайұлы көрермен ықыласына бөленген бір көріністі А.Жұбановтың «Сары» және С.Көшекбаев пен Л.Шаргородскийдің «Сейтек» пьесалары сияқты танымал қойылымдарға дирижерлік етуі мүмкін. Хор ұжымы үшін тұңғыш халық әндерін кәсіби деңгейде өңдеп жазатын кезі де осы тұс. Өзінің ертеде айтқан «шынымды айтсам, мен композитор боламын деп әсте ойламайтынмын. Мақсатым – жақсы музыкант немесе дирижер болу еді»  деген сөзі өмірде осылай шындыққа айналған [3, 7]. Бұл кезеңнің шынайы суреттемесін «Алматыға музыка мамандарының аса қат кезінде келдім. Композитор, педагог, дирижерге де мұқтаж уақыт еді. Сондықтан, біз сияқты отызыншы жылдардың өнер қызметкерлері жұмыс таңдамады, қолымыздан келгенін аянбай, маман қажет деген жерге бардық» деген бірауыз сөзінен көреміз [4].

Осы жылдар аралығындағы Латиф Хамиди еңбегіне кеңірек тоқталсақ. Алғашқы кездегі оркестр жұмысының бар ауыртпалығын мойнына алған, жасы отыздан жаңа асқан музыкантқа жүктелер жұмыс аз емес екен. Оркестр мүшелерінің музыка сауатын ашу мен білімін жетілдіру сияқты ағартушылық міндет, олардың арасынан композиторлыққа бейімі бар өнерпаздарды тауып, олардың ынтасын оятып, талабын ұштау, оркестр репертуары үшін қазақ ән-күйлерін өңдеп-лайықтау тәрізді ауыр да қыруар шаруа күтіп тұрды. Жұбанов табыстаған бірнеше партитураның санын көбейту ісі оңай емес еді. Бала кезден бері хор ұжымы мен оркестрге деген бейімі, студент кезден  оркестр ісін жүргізген қалыпты машық, театр спектакльдері үшін жазған музыка партитуралары, театр оркестрі мен студенттер хорына дирижерлік еткен тәжірибе күнбе-күн шыңдала берді. Дирижер міндетіне кіретін белгілі жұмыстардан басқа қазақ ән-күйлерін сұрыптап хатқа түсіру, оны оркестр үшін қайта жазу керек болды. Академик Ахмет Жұбанов бірде «Латифтің сол еңбегінің нәтижесінде оркестрдің Жаппас Қаламбаев, Мәлік Жаппасбаев, Ғабдұлман Матов, Жан Байболатов, Смағұл Көшекбаев, Мұхамбет Елемесов сияқты мүшелерінің тым тәуір әндік, аспаптық шығармалары туып қалды… 1938-1940 жылдар арасында Латиф оркестрге қазақтың ән-күйлерін өңдеп, түсірумен қатар, совет композиторларының, орыс, батыс классиктерінің музыкалық шығармаларын түсірді. Ұлы Отан соғысы кезінде Латиф бұрынғыдан да жігер-қайратын арттырады. Ол майданға аттанған ер азаматтар орнына алынған қыздар тобын тез «бір қараға» жеткізу жолында күн-түн демей, еңбектенді. Осы кездегі Құрманғазы атындағы өнер институтының халық аспаптары кафедрасының доценттері Фатима Балғаева, Құбыш Мұхитов, Хабидолла Тастанов, тағы басқа бірінші рет музыкалық көздерін Латифтің филармонияның суық вестибюлінде өткізген сабақтары арқылы ашты» [5, 130] десе, келесі жерде «өзінің өсу, қалыптасу жолында оркестр талай-талай қайраткерлердің қолғабысын көрді. Солардың бірі – республика өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Латиф Хамиди. Ол 1938 жылдан бастап оркестрде 5-6 жыл қызмет істеді. Орыс, европа музыка үлгілерінен осы оркестрге қолайлы репертуарды түсіруде ол үлкен міндет атқарды. Әсіресе, ол оркестрдің нотаны меңгеруінің бірінші жылдарында болды. Л.Хамиди соғыс жылдарында оркестрге алынған жастарға нота өнерін үйретуде үлкен ұстаздық көрсетті» [6, 196] деп жазып қалдырған. Автордың «оркестрдің мүшел жасы» дегеніне қарағанда мақала 1959 жылы жазылған болуы керек. Бұрын-соңды оркестр жайлы түсінік болмаған, ноталық сауат пен ансамбль ойыны туралы мүлдем бейхабар, тумысынан табиғи талант туған халық өнерпаздарының көңілін таба білген ұстаз-дирижердің еңбегін әсте ұмытпау керек деп ойлаймыз.

Қазақ ССР халық әртісі Л.Хамидидің ұлт оркестрі үшін жазған ертедегі еңбектерінің бір парасы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясың кітапханасында сақтаулы. Репертуар тізімін батыс музыкасынан А.Верстовскийдің «Старый муж», З.Фибихтің «Поэма» шығармалары, қазақ халық музыкасынан Абайдың әні «Көзімнің қарасы», халық әні «Ақбақай», Құрманғазының күйі «Бозшолақ», Сейтектің күйлерінен «Он алтыншы жыл» мен «Жантаза», сосын Құрманғалиевтің әні «Ардағым», төл туындыларынан «Қазақ вальсі», «Бұлбұл», «Қызыл бидай», «Жайлауым бақша жайнаған», «Еңбек мерекесі» мен домра-прима мен оркестрге арнаған тұңғыш концерті құрайды. Бұдан өзге Ж.Бизенің «Кармен» операсына кіріспе мен В.Моцарттың «Рондосын» өңдеген, арнайы «Амангелді маршын» жазды деген деректі келтіреді Ө.Байділдаев [7, 121]. Алғаш оркестр құрылған кезден бастап репертуар мәселесін назарда ұстаған Латиф-дирижердің басқа да шығармалары Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі кітапханасын байытып тұрғанына күмән жоқ.

Латиф Хамидидің бойына дирижерге қажет бар қасиеттің дарығанын, оркестр мүшелеріне деген ақпейіл қарым-қатынасын ол туралы әр кезеңде жарық көрген мақалалардан жиі кезіктіреміз. Хамидидің мінезі жайлы әріптестері мен шәкірттерінің «әр кезде адамға деген мейірімі кең, қолынан келсе басқаға жақсылық қана ойлайтын» (А.Жұбанов), «всегда был предельно требователен к себе», «был обоятельным, одухотворенным, очень благожелательным» (Г.Котлова, М.Демидова), «его выступления отличают доброжелательность, уважение к замыслу автора и меткость суждений», «Хамиди знает цену творческому дерзанию, стремлению обрести свой голос», «его пунктуальность, отличное знание предмета и методику преподавания, привлекательные человеческие качества достойный пример для молодых музыкантов», «меня восхищают искренность и мудрая простота музыкальной речи Хамиди, твердость творческих позиций и высокая гражданственность его искусства» (Б.Баяхунов), «его удивительная, неустанная натура всегда находит себе дело и всегда, во всем проявляется с полна» (Е.Рахмадиев), «Л.Хамиди всегда был творчески активен, обладал великолепным творческим даром, очень хорошо чувствовал природу казахской народной песни…», «все это говорит о глубоком даре композитора, как тончайшего мелодиста, остро чувствующем народные истоки», «чуткий и внимательный педагог, он воспитал большую плеяду музыкантов», «своим глубокосодержательным, эмоционально приподнятым творчеством Хамиди сыграл большую роль в формировании профессионального музыкального искусства страны», «память о нем, как о ярком самобытном художнике, всегда хранит мое сердце…» (Қ.Қожамьяров) деген сөздері көп нәрсені аңғартады [8].

Кәсіби дирижерге қойылатын екі талаптың бірі терең білім болса, екіншісі көппен тез тіл табысу. Әрі оқушы, әрі әріптес болған оркестрант музыканттардың ортасында абырой-бедел алу үшін екінші талаптың маңыздылығы жоғары. Ұлы ұстаздың шәкіттері, белгілі дирижерлар Ғазиз Дуғашев пен Фуат Мансұров: «Педагог – прекрасный. Его обожали, день без него в консерватории или оркестре – мы начинали тосковать и беспокоиться. А войдет, мило так, скромно улыбнется, пожмет руки, присядет, раскроет партитуру, попутно про домашних спросит, как и что, всегда вникал в подробности нашей жизни, и сразу же на душе – спокойствие, жажда работать – сильнейшая. Посмотрит после того, как ты сыграл или продирижировал, Учитель, улыбнувшись, – высшая награда! Ничего не надо больше, никаких премий и призов… Его обработки – совершенны. Дирижировал блестяще: тонко, точно, свои намерения объяснял с предельной понятностью. А за пультом – сама деликатность, почти никаких взмахов и выпадов; зато как оркестр следовал за ним. Все наслаждались – слушатели, оркестранты, сам Хамиди…» деп еске алады [9, 173].

Саналы ғұмырының соңына дейін өзіне дейінгі қазақ кәсіби музыкасының бар ғажабы мен ерекшелігін сақтай отырып дамыта білді. Шығармашылығының басым көпшілігін оркестр музыкасына арнаған Латиф Хамидидің соңында күрделі жанрдан «Жамбыл мен Айкүміс», «Жамбыл», А.Жұбановпен бірге жазған «Абай», «Төлеген Тоқтаров» опералары қалса, оларды дирижер әріптестері Л.Шаргородский, Г.Столяров, Т.Османовтар театр сахнасына шығарды [10, 120].

Мектеп қабырғасынан әдебиет, поэзия, өнер әлеміне құмартқан Хамиди музыкамен қабат мақала, сын, пікір, толғауын хатқа түсіруді әдет еткен. Публицистикалық туындыларының ішінде қазақ оркестрі, дирижер тұлғасы, репертуар мәселесі, аспаптандыру жөнінде «Советская культура», «Огни Алатау», «Казахстанская правда», «Пионерская правда» тәрізді басылымдарда мақала бастырған. Оған архив қатпарынан шыққан 1955-1977 жылдар аралығындағы көптеген газет қиындылары куә [11]. Жетпіс жеті жыл өмір сүрген композитордың шығармашылығына арналған интернет әлеміндегі жеке сайтта ұлы Радим Латифұлы жалпы салмағы 800 килограмм болатын мұраны мемлекеттік архив пен консерватория кітапханасына өткізгенін жазыпты.

Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясындағы ұстаздық қызметі кезінде дирижерлік өнерге байланысты жазылған еңбектер  профессор Хамидидің алдынан өтіп, тиіс бағасын алып отырған. Оркестр үшін жазған шығармалар мен оқу-методика құралдарына пікір-рецензиялардың басым бөлігіне Латиф Абулхайұлының қолы қойылған. Мысалы, Х.Тастановтың «Қазақ халық аспаптары оркестрі үшін өңдеген алты шығарма» ғылыми-әдістемесі, дирижер Ш.Қажығалиевтің жазған «Дирижерлік курс бағдарламасы» әдістеме жұмысы, Б.Әбдіхалықовтың «Қазақ халық аспаптары үшін өңдеген екі шығарма» ғылыми-әдістеме жұмысы, И.Л. Рыктың Динаның күйі «Әсем қоңыр» жайлы ғылыми-әдістемесі, А.Мырзабековтың қазақ халық аспаптары оркестрі үшін өңдеген Дәулеткерейдің «Топан» күйіне берген қорытынды пікірін айтар едік [12].

Ұлттық өнер тарихында композитор, ұстаз дарынымен ардақты аты  мәңгі жазылған Латиф Абулхайұлы Хамидидің дирижер Л.Шаргородскиймен бірігіп жазған «Инструментоведение для казахского народного оркестра» (1952), «Задачник по инструментовке для казахского оркестра народных инструментов» (1955), Х.Тастановпен бірігіп жазған «Основы дирижирования» (1966) еңбектері келешек ұрпақ үшін қазақ дирижерлік өнері мен оркестр музыкасын дамыту жолындағы құнды кітаптар болып қала бермек [13, 124].

Фотолар:

Бірінші фото. Латиф Хамиди. ҚР ОМА // №1976 қор, №2 тізбе, №1044 іс, 2 парақ. Түпнұсқа.

Екінші фото. Латиф Хамиди және Ғазиз Дуғашев. Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағаты. №2-59396, 1952 жыл.

Әдебиеттер:

  1. «Из воспоминаний о А.К. Жубанове», Жинақта – «Латиф Хамиди», Құрастырған: А.Қ. Омарова. Алматы: Өнер, 2006. – 200 б.
  2. «Вспоминая о пройденном…», Жинақта – «Латиф Хамиди», Құрастырған: А.Қ. Омарова. Алматы: Өнер, 2006. – 200 б.
  3. «Үлкен үміт жастарда» – интервью. «Мәдениет және тұрмыс» журналы, 1983, №11
  4. «Комсомол – мое отечество» – интервью. «Ленинская смена», 10 маусым 1978 жыл.
  5. А.Жұбанов «Дос туралы лебіз», Жинақта – «Латиф Хамиди», Құрастырған: А.Қ. Омарова. Алматы: Өнер, 2006. – 200 б.
  6. А.Қ. Жұбанов «Ән-күй сапары». Алматы: Ғылым, 1976. – 478 б.
  7. Ө.Байділдаев «Латиф Хамиди». «Лениншіл жас» 9 желтоқсан, 1956 жыл.
  8. «Латиф Хамиди» – Құрастырған: А.Қ. Омарова. Алматы: Өнер, 2006. – 200 б.
  9. К.Кешин. «Судьбы нестареющий вальс», Жинақта – «Латиф Хамиди», Құрастырған: А.Қ. Омарова. Алматы: Өнер, 2006. – 200 б.
  10. «Композиторы и музыковеды Казахстана» – Редактор и составитель А.С. Кетегенова. Алматы: Казахстан, 1968.
  11. ҚР ОМА // №1976 қор, №1 тізбе, №10 іс.
  12. ҚР ОМА // №1976 қор, №1 тізбе, 8-14б.
  13. «Композиторы и музыковеды Казахстана» – Редактор и составитель А.С. Кетегенова. Алматы: Казахстан, 1968.

 

Мүсілім ӘМЗЕ,

Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық

консерваториясының PhD докторанты, дирижер

Қазақстан музыкалық этнографиясының 200 жылдығына, Б.Сарыбаевтың 90 жылдығына және халық әні кафедрасының 30 жылдығына арналған «ХХІ ғасырдағы дәстүрлі музыка» халықаралық ғылыми конференциясының материалдары. 11-12 желтоқсан, 2017

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>