Дирижер, композитор Евгений Васильевич Манаев 1910 жылы 3 қаңтарда Владивосток қаласында заңгер отбасында туған. Ұлты орыс. Әкесі Манаев Василий Микеевич 1878-1880 жылдары Владивостокта туған. Ал шешесі Манаева Лидия Григорьевна 1880 жылы Благовещенск қаласында туған.
14 қараша 1953 жылы өз қолымен жазған автобиографиясында балалық шағы жайлы «Әкем Владивосток аймақтық сотында қорғаушы болып қызмет еткен. Анам өзімнен жеті жас үлкен Александр екеумізді үйде тәрбиелеп бақты. Александр 1924 жылы туберкулезден айықпай қайтыс болды.
1919 жылы әке-шешемнің ажырасуына байланысты мен шешеммен бірге Владивосток қаласынан Хабаровск қаласына қоныс аудардым. Шешем ол жерде жол мекемесінде іс жүргізуші-машинистка болып жұмыс істеді. 1920 жылы Ленин мектебіне бардым. Сол жылы Хабаровск қаласында
музыка училищесінің болмауы себепті пианино өнерінен жеке сабақ алдым.
Еңбекке ерте 12 жасымнан шықтым. Комсомол клубы мен басқа жерлерде кішігірім оркестр, көркемөнер драма, хор ұжымдарында, драма театрында, кино пианисі болып жүрдім. Кәсіби жұмысымды 15 жасымда кинотеатрда пианист-импровизатор болып бастадым. 1927 жылы кәсіби білім алуға Саратов мемлекеттік музыка техникумына оқуға түсіп, арнайы фортепиано, теория-композиция бөлімінде оқыдым. 1923 жылы шешем тамақ өнеркәсібінде жауапты қызметкер, 1895 жылы Беларусьта туған Волков Николай Павловичке ерге шықты. 1929 жылы шешем туберкулез дертінен қайтыс болды. Осы жылдың күзінде әйелім Викентьева Александра Владимировнамен (1928 жылы қосылғанбыз) қайынжұртқа Ставрополь қаласына көштік. (Александра Владимировна 1911 жылы Одессада туған, Алматыда жүргенде Абай атындағы МАОБТ концертмейстері болып қызмет етті). Оқуымды Ставрополь мемлекеттік музыка техникумында жалғастырып, клуб, кино, ресторан оркестрінде пианист болып жұмыс істедім» дейді [1].
Әйтсе де, жеке парақшасының бір жерінде 1927 жылы Иркутск қаласындағы мемлекеттік музыка техникумының студенті екені жазылған. Бұл жерде композиция факультетінің жоқтығына байланысты кетіп қалған деп топшылаймыз. Ал, Саратовтағы оқуға барған жылын 1928 жыл деп көрсеткен [2]. Ставропольпольдағы оқуын 1931 жылдың шілде айында аяқтап, Орта Волга көшпелі операсының дирекциясының шақыруымен опера концертмейстері болып қыркүйек айына дейін қызмет етеді. Операның жабылуына байланысты Куйбышев қалалық кинокомбинаттың «Художественный» кинотеатрының оркестр пианисі қызметіне ауысқан. 1932 жылдың ақпанында Орта Волга көшпелі операсының қайта ашылған соң, бұрынғы опера концертмейстері жұмысына қайта оралдым. Екі жыл көлемінде опера концертмейстері болып тәжірибе жинап, репертуар меңгеріп, жалақысы көбейіп, оркестр пианисі болып жоғарылаған.
1935 жылы Орта Волга операсы Алматыда қайта жасақталған соң, басқа музыканттармен бірге Қазақстанға қоныс аударып, концертмейстер-дирижер қызметіне кірісті. 1937 жылы Мордва АССР опера дирекциясының шақыруымен Саранск қаласына барып, басқа әріптестерімен бірге Мордовия опера өнерінің дамуына екі жыл үлесін қосты. 1939 жылы қайта Алматы опера театрына оралып, қазақ музыкасының өркендеуіне көп көмегін тигізді [3]. Аз уақытта көптің көңілінен шығып, алғысын алып, кәсіби маман ретінде көзге түскен. Қала ішіндегі түрлі мекемелерге қойған концерт-спектакльдерге ризашылық білдіріп 1941 жылы жазылған көрермен жауапхаттарының бірі сөзімізге куә [4]. 1945 жылы концертмейстер-дирижер қызметінен оркестр дирижері қызметіне ауысты және Қазақстан Совет композиторлар одағы мүшелігіне өтті [5]. 1953 жылдан Қазақстан совет композиторлары одағының басқарма мүшесі.
Осылайша дирижерлік пен композиторлық жұмысты қатар алып жүрген Манаев 1952 жылы Қазақстан совет композиторлары одағының партия ұйымының хатшысы ретінде партия тапсырмасымен қоғамдық жұмысқа араласады. Фортепиано мен оркестрге, арнайы драма спектакльдерге, қазақтың М.Ержанов сияқты әнші-композиторларымен шығармашылық тығыз байланыста болып бірнеше музыка жазды. Жақсы жетістіктерге жетіп, балет музыкасын жазуда композитор ретінде көрінді. Бірнеше шығармасы театр сахнасында жеке шығарма ретінде орындалды.
1952 жылдың қаңтар айынан бастап Абай атындағы академиялық опера және балет театрының бас дирижері міндетін уақытша атқарушы болды [6]. Осы қызметте біршама опера және балет спектакльдерін қойып, композитор ретінде қазақ операларын оркестрге қайта аспаптау жұмыстарын жүргізді. Е.В. Манаев театрда орыс труппасымен жұмыс істейді. Аса қабілетті, тамаша музыкант Е.В. Манаев дирижер ретінде он бес жылдай қызмет етті. Осы уақыт ішінде елуден аса театр репертуарындағы спектальдерге дирижер болды. Репертуардағы барлық балет спектакльдері мен көптеген операларды меңгеріп, партитура музыкасының сырын ашуда ерекше көркемдік шешім қабылдай білуімен ерекшеленді. Музыка өнеріне зор махаббат пен жоғары талаппен қарайтын дирижер Манаев, соңғы уақытта жақсы композитор әрі оркестрге өңдеуші болған. Үнемі кәсіби деңгейін ұштап, өзі дирижерлік еткен спектальдердің сапасына автор-композитор материалына кірпияз қарап, пианист-концертмейстер болып жұмыс істеген көп жылғы тәжірибесі сеп болды. ҚазССР МинКеңесінің өнер ісі жөніндегі басқармасы «Айболит» балетінің жоғары деңгейдегі қойылымы үшін дирижер Манаевқа 1950 жылдыі 30 мамырында алғыс жариялаған [7]. Театрдың әр кездегі басшылығы (Жумин, Лубяной, Джубаншалиев) берген мінездемелерден жұмысқа табанды һәм жауапты, тиянақты әрі тындырымды дирижер тұлғасын анық көреміз [8].
1950 жылдың қараша айында В.Великановтың «Қамбар – Назым» балетін балетмейстер М.Моисеев, суретші А.Ненашевпен бірге қойды. М.Чулакидің «Юность», А.Спадавеккианың «Берег счастья», Ю.Мейтустың «Молодая гвардия» балетін қоюшы-дирижер. 1957 жылы Қ.Байсейітовтың либреттосына жазған Л.Степановтың «Жоңғар қақпасы» балетіне дирижерлік етеді. Ал 1958 жылы композиторлар Н.Тілендиев, Л.Степановпен бірігіп балет музыкасын қайтадан жазып, «Достық жолымен» деген жаңа атаумен екінші рет сахналады. «Достық жолымен» балеті 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің декадасында қойылды.
1940 жылдардың соңына қарай Н.Сацтың бастамасымен ашылған Алматыдағы балалар мен жасөспірімдер театрымен тығыз байланыста болып, спектакльдерге музыка жазды. Дирижер Е.Манаевтың композитор ретінде танылған уақыты – осы кез. Бұл кезеңдегі дирижердің керемет шығармашылық һәм адами келбетін суреттеген режиссер Н.Сацтың ұлы А.Розанов өзінің «Музыка в казахском детском театре» еңбегінде «Соғыстың соңғы жылдарында ашылған балалар театрында отыз алты музыкант болды. Театрдың музыкалық ортасында ең беделді тұлға – балалар үшін музыка жазатын композитор, дирижер Е.В. Манаев болды. Абсолют есту қабілетімен, әр аспаптан керек ньюансты ала білетін, аса бай музыкалық эрудит еді. Басқа музыканы көп білгендіктен, өз шығармашылығын дамытуда «еліктеушілік, ұқсату» сияқты едәуір кедергілер болды. Режиссер Сацпен бірге «Двенадцатая ночь» спектаклін әзірлеп, өнімді еңбек етті. Композитордың түрлі характерді бейнелейтін динамикалы музыкасы нағыз жасөспірімдерге арналған таза да тұнық еді.
Балалар театры спектакльдерден басқа симфониялық концерттер ұйымдастырды. Бетховеннің «Эгмонт» увертюрасы, Григтің фортепианоға арналған концерті, Римский-Корсаковтың «Салтан патша туралы ертегісінен» фрагмент, Манаевтың «Снежная королева» сюитасы… Міне, осы концерттердің бәрі Евгений Манаевтың дирижерлік етуімен өтетін кештер болатын. Балалар спектаклі үшін жазылған музыка өз бетімен жеке бағыт болып қалыптасты. Манаевтың «Снежная королева», кейінірек жазған «Двенадцатая ночь» симфониялық поэмасын тыңдарман ықыласпен қабылдап, «Герданың бұғымен шапқанын» қатарынан екі рет ойнататын» дейді [9]. Алматыдағы осынау іргелі театрдың жұмысына ерен еңбек сіңірген режиссер Н.Сацтың «Жизнь – явление полосатое» және «Н.Сац и ее творческая деятельность» кітаптарында Манаев есімі зор ілтипатпен аталады. Талай жыл әріптес болған Ермек Серкебаев «Манаев балет өнерін бес саусағындай білетін әрі операны та тамаша меңгерген дирижер болатын. Қолы кісі қызығарлықтай нәзік кісі еді. Әрбір музыкант пен әншіге музыкаға қосылар тұсын көрсетіп үлгеретін. Автор жазғандай дәлдікті сүйетін аса талапшыл болды» десе, балетмейстер Болат Аюханов Қазақстан дағы балет өнері жайлы әңгімесінде «керемет балет дирижері» деген.
1948 жылдан КПСС мүшесі Евгений Васильевич Манаевты 1945 жылы ҚазССР президиумы Грамотамен марапаттаса, 1946 жылы СССР Жоғарғы Кеңесі президиумы «ҰОС ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттаған. 1954 жылы қазақ музыка мәдениетінің дамуына қосқан зор үлесі үшін Қазақстан үкіметі «ҚазССР еңбек сіңірген әртісі» атағын берді. Алматыда жиырма екі жыл өмірін өткізген, қазақ музыка мәдениетінің өркендеп қанат жаюына аянбай тер төккен Евгений Васильевич конкурс негізінде 1961 жылы А.Луначарский атындағы Свердлов опера балет театрының дирижері қызметіне ауысты [10].
Дирижердің 100 жылдығы қарсаңында Екатеринбург театрының газеті «Ол кезінде С.Прокофьевпен бірге фортепианода ансамбль ойнап, Галина Уланованы сүйемелдеген. Екатеринбург опера және балет театрында отыз жылдай дирижер пультінде тұрды. Балет мәдениетін терең меңгерген, театр өнері үшін жанын сала еңбек ететін» деп еске алған екен [11].
Композитор Е.В. Манаевтың соңында қалған музыкалық мұралары мынадай:
«Остров и море» симфониялық поэмасы (1936), Дауыс пен екі фортепианоға арналған «Штраусиана» сюитасы (1942), «Снежная королева» сюитасы (1946), Шекспирдің «Двенадцатая ночь», Кальдеронның «Сам у себя под стражей» комедиялары (1947) мен А.Симуковтың «Солнечный дом» 1950 пьесасына музыка, Фортепиано мен оркестрге арналған концерт (1949), Фортепианоға арналған этюдтер жинағы (1952-1955, 1965-1968), Мерекелік увертюра (1955), композиторлар Н.Тілендиев, Л.Степановпен бірлесіп жазған «Достық жолымен» балеті (1958), «Хасен» балеті (1960), Электрон аспаптар оркестріне арналған «Звезда мира» шығармасы (1974), М.Фроловтың «Поэмасына» транскрипция (1975).
Өмірінің соңына дейін М.Мусоргский атындағы Орал мемлекеттік консерваториясының опералық-сахналық дайындық кафедрасында сабақ беріп, 2001 жылдың 13 ақпан күні өмірден өтті.
Әдебиеттер:
1. ҚР ОМА // №1841 қор, №3 тізбе, №334 іс, 15б.
2. ҚР ОМА // №1841 қор, №3 тізбе, №334 іс, 2б.
3. ҚР ОМА // №1841 қор, №3 тізбе, №334 іс, 5б.
4. ҚР ОМА // №1841 қор, №3 тізбе, №334 іс, 6б.
5. ҚР ОМА // №1841 қор, №3 тізбе, №334 іс, 7б.
6. ҚР ОМА // №1841 қор, №3 тізбе, №334 іс, 15б.
7. ҚР ОМА // №1841 қор, №3 тізбе, №334 іс, 9б.
8. ҚР ОМА // №1841 қор, №3 тізбе, №334 іс, 8,10,12,19б. 9. А.Розанов // «Музыка в казахском детском театре» – «http://tuz-sats.kz/», 2014
10. ҚР ОМА // №1841 қор, №3 тізбе, №334 іс, 21б
11. Екатеринбургский ГАТОБ // «Корифей музыкального театра» – 2010, №2
Мүсілім ӘМЗЕ,
Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының докторанты, дирижер
П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің 85 жылдығына арналған «Өнер мен мәдениет саласындағы білім мен ғылым беруді дамытудың келешегі» атты V халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары, Алматы 2017