АБАЙ АТЫНДАҒЫ МАОБТ ДИРИЖЕРЛАРЫ: ЧЕРНОВ ВАЛЕНТИН ИВАНОВИЧ

 

Дирижер, педагог, композитор. 1918 жылы Мәскеу консерваториясын виолончель класы бойынша аяқтаған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің физика-математика факультетінде оқыған. Ұлты орыс.

1894 жылы 7 қаңтарда Киев губерниясына қарасты Тараще қаласында педагог және композитор Иван Иванович Черновтың отбасында туды. Әкесі Иван Иванович 1874 жылы Пенза қаласында туған. Глинка атындағы хор капелласында тәлім алған. Воронеж, Симферополь музыка училищесінде композициядан дәріс берген. Композитор Н.Римский-Корсаковтың шәкірті. Бірнеше көлемді шығармасы жарық көрген, Совет композиторлары одағының мүшесі. 1954 жылы Симферопольда қайтыс болды. Шешесі Софья Михайловна Орынбор қаласында туған, 1919 жылы Харьков қаласында тұмаудан қайтыс болған. Бауыры Сергей 1896 жылы туған. І дүниежүзілік соғысқа дейін Чехословакияға ем алуға барып, Прага қаласында туберкулез дертінен айықпай қайтыс болады. Екінші інісі Иван 1898 жылы туған, 1919 жылы университет бітіріп, бүйрек ауруының асқынуынан дүние салған. Кіші інісі Николай 1900 жылы туып, Тбилиси қаласында әскери мекемеде есепші болып қызмет атқарған. Әйелі Духанина Евгения Ивановна 1928 жылы туған. 1951 жылғы өзі толтырған анкетадағы отбасы туралы мәліметі осындай [1, 4]. Тағы бір жерде Алматы қаласында Зотова Ирина Дмитриевнаға (1925-2000) үйленді деген дерек бар. Ал, 1954 жылы жалғыз ұлы Олег дүниеге келді. Мамандығы – кинорежиссер.

Алты жасында Харьков аймағындағы Сумы қаласында мектеп оқып, 1903 жылы Курск облысындағы Белгород қаласындағы гимназияға оқуға түскен. 1910 жылы шешесімен бірге Харьковке қайта көшіп, музыка училищесінде әкесінен білім алады. 1912 жылы үш ай Францияда атақты виолончелист Пабло Казальстан сабақ алған. Осы кезде атақты астроном Камиль Фламмарионның обсерваториясына жиі барып, жаңа іліммен таныс болған екен. Мәскеуге қайтып келген соң Циолковский сынды әйгілі ғалымдармен жақын араласып, пікірлес болды. 1913 жылы училище мен гимназияны жақсы аяқтап, 1914 жылы конкурс бойынша Мәскеудегі дирижер Сергей Кусевицкийдің оркестріне әртіс болып жұмысқа тұрды. Осы жылы шіркеу некесімен алғаш отбасын құрған. 1924 жылы әйелі туберкулез ауруына шалдығып қайтыс болған. Аты-жөні беймәлім 1914-1918 жылдары Мәскеу консерваториясында оқып білім алады. Сергей Кусевицкийдің жеке оркестрі жұмысын тоқтатуына байланысты Үлкен театрға ауысады. 1919 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, Мәскеудегі әскери клубта меңгеруші болып борышын өтеген. Осы жерде алғаш дирижерлік қызметті бастап көріпті. 1921 жылы әскери комиссариаттың бұйрығымен Үлкен театрға оралып, 1934 жылға дейін талай қызмет сатысынан өтіп, тәжірибе алды. Опера студиясында дирижер, қосымша Мәскеудегі музыка училищесінде мұғалім. Дирижер ретіндегі ең алғашқы кеші Москва қаласында 1920 жылдың 22 қараша күні өткен. 1927 жылы Үлкен театрда дирижер ассистентіне ауысып, көркемдік кеңес мүшесі болып сайланды.

1934 жылы өнер ісі жөніндегі комитеттің бұйрығымен Удмуртия мемлекеттік опера және балет театрының бас дирижері қызметіне тағайындалады. Ижевск музыка колледжінің мұғалімі болып қызмет істеген. Театрдың жабылуына байланысты Ворошиловград қаласындағы Донецк опера театрына дирижер болып ауысты. Кейіннен 1938 жылы театрдың басқа мекемеге қосылуына байланысты Сталин қаласына көшіп, филармонияның көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметін алды. 1939 жылы тағы да оркестрдің жұмысы тоқтатылып, өнер ісі жөніндегі комитет Қырғыз мемлекеттік опера және балет театрының бас дирижері қызметіне Фрунзе қаласына жібереді. Бұл жерде де музыка колледжінде мұғалімдік жұмысты қоса атқарады. 1941 жылы Қырғыз Жоғары Кеңесі президиумы шешімімен Құрмет Грамотасын иеленсе, 1945 жылы Қырғыз ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алады. Бір айдан соң өнер ісі жөніндегі комитеттің жаңа бұйрығымен Сталин қаласына Тәжік опера және балет театрының көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. Мұғалім қызметін музыка колледжінде жалғастырған. 1947 жылы Омбы опера және балет театрының көркемдік жетекшісі және бас дирижеріне келіп, музыка училищесінде завуч қызметін атқарды. Омбы қаласында Бүкілодақтық саяси және ғылыми білім насихаты қоғамының негізін қалап, президиумның мүшесі болып сайланады. 1949 жылы Новосібір радиокомитетінің бас дирижері қызметіне де шақырылады. Новосібір опера және балет театрының дирижері, музыка колледжінің мұғалімі қызметін қосымша алып жүрген. Қай қызметке бармасын, дирижер В.И. Чернов ағартушы-мұғалім қызметін тоқтатпаған.

1951 жылы Алматы қаласына Абай атындағы опера және балет театрының дирижері қызметіне шақырылып, осы жылдың 30 мамырынан бастап 2000 сом айлық жалақымен театр дирижері қызметіне жұмысқа қабылданады [2, 12]. Міне, осы кезден бастап негізінен театрда, ара-тұра Алматы консерваториясында табан аудармай тура он жыл еңбек етеді [3]. Маэстро Черновтың аты қазақ музыка мәдениеті тарихына құрметпен жазылады. Мәскеуден шұғыл қоныс аударып, он алты жыл жырақта жиған орасан білімі мен алған мол тәлімін қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына қарыштайды.

Дирижер В.И. Чернов Абай атындағы МАОБТ дирижері ретінде Ш.Гуноның «Фауст», Дж.Вердидің «Травиата», «Риголетто», Ж.Бизенің «Кармен», Н.Римский-Корсаковтың «Царская невеста», «Снегурочка», П.Чайковскийдің «Евгений Онегин», «Мазепа», М.Глинканың «Иван Сусанин», А.Бородиннің «Князь Игорь», Д.Кабалевскийдің «Семья Тараса», И.Дзержинскийдің «Тихий Дон», Ю.Мейтустың «Молодая гвардия», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Дударай» т.б күрделі спектакльдермен жемісті жұмыс істеді. 1960 жылы маусым айында «Князь Игорь» және «Жизель» спектакльдерін қайта сахналаған қоюшы-дирижер. Сол кезеңнің музыка сыншылары В.И. Чернов жетекшілік еткен Ю.Мейтустың «Молодая гвардия», Т.Хренниковтың «В бурю» спектакльдерінің деңгейін жоғары бағалаған.

Жетекші дирижерлік қызметпен қатар оркестр табиғатын жетік меңгеріп, сұлу саз тудырған композитор. Бірнеше концертте сәтті орындалған лирикалық суреттемелердің авторы.

Үлкен театрда қалыптасқан жоғары кәсіби көзқарас мен опера өнерінің көне мектебін көрген Чернов сияқты тәжірибелі маманның еңбегі қазақ музыка өнерінің дамуына мейлінше жақсы әсер етті. Тыңдаушысын разы етіп, ықыласына бөлене білген дирижерға театр музыканттарының да құрметі бұрыннан ерекше болған. Дирижер еңбегінің уақытында еленуі – оның кәсібилігі мен біліктілігіне дер кезінде берілген оң баға. Сөзімізге айғақ – дирижердің архивтегі жеке іс парағына тігілген «25.06 8.08.1955 аралығында Абай атындағы МАОБТ Қарағанды облысына гастрольдік сапары сәтті өтуіне байланысты дирижерлар Е.В. Манаев пен В.И. Черновқа арнайы алғыс білдіремін» деген облыстық мәдениет басқармасының бастығы З.Байсейітовтың хаты мен «1957 жылы театр дирижеры Е.В. Манаевтың науқастануына байланысты афишадағы «Пиковая дама» және «Молодая гвардия» спектакльдерін аса жауапкершілікпен, қажыр-қайрат жұмсап шұғыл алып шыққаны үшін дирижер В.И. Черновқа алғыс жариялаймын» деген директор Р.Жуминнің бұйрығы [4, 13].

Дирижердің аса қомақты репертуарын ретімен шола отырып, әлемдік опера-балет жауһарларымен қатар Орта Азия елдерінде В.Власов пен В.Ференің «Анар» және «Селкинчек», М.Раухвергердің «Чолпон», А.Веприктің «Токтогул», В.Власовтың «Айчурек», А.Ленскийдің «Тахир мен Зухра», С.Баласанян мен Ш.Бобокалоновтың «Темірші Кова», С.Баласанянның «Восе көтерілісі», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Дударай» сияқты тәжік, қырғыз, қазақ опера-балеттерін терең меңгергенін көреміз. Еуропада білім алған шебер дирижер үшін шығыс әуендері мен ырғақтары өнер айдынында артықша бедел, өзгеше пайым сыйлаған. Білімдар ұстаз, кемел дирижер Валентин Иванович Черновтың ерен еңбегіне марапат «Құрмет белгісі» ордені – қазақ театрында істеген (3.01.1959) жылы берілген.

Дирижер ретінде әр кезеңнің туындыларын таңдап, аса бай репертуар қорын жинаған Валентин Черновтың өз қолымен жазып қалдырған алпысқа жуық спектакльдерінің тізімі мінекей: «Иван Сусанин», «Руслан и Людмила», «Русалка», «Майская ночь», «Царская невеста», «Снегурочка», «Боярина Вера Шелога», «Моцарт и Сальери», «Сказка о царе Салтане», «Князь Игорь», «Сын мандарина», «Борис Годунов», «Евгений Онегин», «Иоланта», «Черевички», «Чародейка», «Мазепа», «Лебединое озеро», «Спящая красавица», «Щелкунчик», «Алеко», «Раймонда», «Свадьба Фигаро», «Севильский цирюльник», «Дон Пакуале», «Фауст», «Ромео и Джульетта», «Коппелия», «Лакме», «Богема», «Тоска», «Чио-Чио-Сан», «Паяцы», «Сельская честь», «Гугеноты», «Травиата», «Аида», «Риголетто», «Отелло», «Волшебная флейта», «Соперницы», «Тщетная предосторожность», «Дубровский», «Лауренсия», «Тихий Дон», «Семья Тараса», «Морозко», «Бахчисарайский фонтан», «Негритенок Сэби», «Красный мак»… [5, 14].

1961 жылдың 4 мамыр күні алпыс жеті жасында Абай атындағы опера және балет театры дирижері қызметінен босаған В.Чернов Қырымға көшіп, 1967 жылға дейін Қырым оңтүстік жағалауы оркестрі мен опера студиясында тағы алты жыл еңбек етті. 1980 жылдың 24 маусым күні Феодосияда (Қырым) дүниеден өтті.

Фото: ҚР кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары мұрағаты, №2-21982, Чернов Валентин Иванович, 1951 жыл

 

Әдебиеттер:

1. ҚР ОМА // №1841 қор, №3 тізбе, №529 іс, 4б.

2. ҚР ОМА // №1841 қор, №3 тізбе, №529 іс, 12б.

3. Театральная энциклопедия. // Том 5. – М.: «Советская энциклопедия», 1967–1136б

4. ҚР ОМА // №1841 қор, №3 тізбе, №529 іс, 13б.

5. ҚР ОМА // №1841 қор, №3 тізбе, №529 іс, 14б.

 

Мүсілім ӘМЗЕ,

Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының докторанты,  дирижер 

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 85 жылдығына орай «Жаһандық әлемдегі ғылым мен білім» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары, Орал 2017

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>