Нұрғиса Тілендиев атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық фольклорлы–этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі жақында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біздің аймаққа келіп, өнер көрсетті. Өнер ұжымының бас дирижері — Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзуһра Тілендиева. Қазақ елінің үлкен мақтанышына айналған «Отырар сазы» бұл күнде тек Отанымызға ғана емес, өзіндік қайталанбас ерекшелігімен шет елдерге де жақсы танымал. Өнер сапарында Дінзуһра Нұрғисақызы «Сарыарқа самалы» газетінің оқырмандарына арнайы сұхбат берген болатын…
— Дінзуһра Нұрғисақызы, Павлодарға қош келдіңіздер! Қазақтың ұлы тұлғасына айналған Нұрғиса Тілендіұлының жолын жалғастыру, әке шыққан биікті абыроймен ұстап тұру қыз балаға ауыр болар…
— Дұрыс айтасыз. Ауыр. Жауапкершілігі күшті екенін сезіндім. Жалпы, дирижерлік ету әйел адам үшін өте күрделі әрі бұл біз атқаратын жұмыс емес. Бір жағынан бұл — екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт, дегенмен намысқа тырысып, бойымдағы бар күш-жігер, білімімді жұмсап, өнер ұжымын биіктерге көтерсем деймін. «Отырар сазын» әкем құрды, аяғынан тұрғызып кетті. Ол үйде болғанда, қасымда жүргенде жағдай басқаша болды, енді мүлдем басқа… Білесіз бе, осындай үлкен концерттерде, үлкен сахналарда оркестрге дирижерлік етіп тұрғанда әкемнің қасымда тұрғанын сезінемін. Шыным! Мүмкін, аруағымен жебейтін шығар деп ойлаймын. «Отырар сазы» — қазақтың ұлттық туындыларын асқақтатып жүрген, маған дейін шет елдерге дейін танылған, небір талантты өнерпаздардан құрылған ұжым. Оның қадірі мен қасиеті де сонда! Әкем шығарған күйлер, әндер репертуардан түскен емес. Ал халық оларды қалай қуана тыңдайды, қалай әспеттейді десеңізші?! Сондықтан ұжымның да, халықтың да үмітін ақтауға тиіспін. «Отырар сазын» барынша сақтауға, қорғауға тырысып келемін. Оркестр тек үлкен сахналарда ғана өнер көрсетеді, шет елдерге шығады. Біз, мысалы, тойларға шықпаймыз, жай шараларға қатыса қоймаймыз. «Отырар сазы» — бірден биікке көтерілді, сол биігінде таза қалпында қалуы тиіс!
— Олай болса, Дінзуһра, оркестрге не бердім деп ойлайсыз, оркестр Сізге не берді?
— Жауапкершілік жүктеді. Екі есе жауапкершілік жүктеді. Өнер әлемінің өте күрделі екенін сезіндім. Оркестр мені мықты психолог болуға үйретті. Жинақталып, шығармашылық тұрғыдан ізденіп дегендей, көп жұмыс істеуге үйретті.
— Нұрғиса Тілендіұлы өмірден озғаннан кейін оркестрде қандай өзгерістер болды?
— Көп өзгеріс болды. Әкем қайтқаннан кейін ұжымнан 10 адам кеткен-ді. Соларды қайтарып алдым, жаңа мамандар қабылданды. Оркестрдің аясын кеңейттік. Қазір ұжымымызда 66-70-тей адам еңбек етеді.
— Нұрғиса Тілендіұлы баласының музыкант болуын қалады ма?
— Әрине. Әлі есімде, біздің ас бөлмеміздің қабырғасында бір тарелка ілулі тұрды. Өте әдемі, оны Ташкентте өткен кинофестивальден режиссер Қарсақпаев әкеме сыйлапты. Әлгі тарелканы қағып қалсаң, зың еткен әдемі дыбыс шығады. Соны кішкене күнімде қағып қалып ойнаймын. Кәдімгідей нота естимін. Сонда папам: «Көрдіңдер ме, менің қызымның «музыкальный слухы» бар. Қане, ойнай қойшы» деп масаттанатын. Мақтағанға мен одан сайын тарелкадан түрлі дыбыс шығарам деп, қағып-қағып қаламын… Сондай әңгімені, әке мақтауын естіп өскендіктен болар, музыкант болам дегеннен басқа мақсат болған емес. Сосын бір күні, онда бастауыш сыныптамын, анам Дариға мені музыка мектебіне алып барды. Олар мені сынап көрді де, саусағыма қарап, «саусақтары салалы екен, скрипка класына берейік» десті. Анама скрипка алыңыздар деп тапсырма берді. Әкеме звондадық. Сондағы ол кісінің ашуланғаны есімнен кетпейді. Телефонмен анама біраз сөйлеп тастады, мектептің директоры да сөз естіді. «Менің қызым фортепьяноға барады, дереу ауыстырыңдар» деді. Сөйтіп мен әкемнің айтуымен фортепьяно класына бардым. Мектепті бітірген соң консерваторияға түсетін болдым. Алдымда екі таңдау тұрды. Бірі – фортепьяно, бірі – теориялық мамандық. Мен симфониялық оркестрге дирижерлік мамандықты таңдадым.
— Тілендиевтің мұражайы бар ма? Артында қалған мұралары сақтаулы ма?
— Алматыдағы Қонаев даңғылы мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы біз тұрған үйде ашылды. 6 қабатты үйдің 3-ші қабаты толығымен Нұрғиса Тілендиев мұражайына айналды. Әкем қайтыс болғаннан кейін анам мұражай ашам деп көп жүгірді. Ақыры қайтыс болғаннан кейін он бес жылдан кейін ашылды ғой. Онда келушілер әкемнің көзі тірісінде пайдаланған мүліктерін, қолжазбаларын, фотосуреттерін, т.б. көріп, тамашалауларына мүмкіндік жасалды. Түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады.
— Дінзуһра, 1-2 жыл бұрын Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Құстар әні» атты сериал шықты. Бұл сіздерге ұнады ма?
— Жоқ, мүлдем ұнамады. Нұрғиса Тілендиев жайлы фильм бұлай түсірілмеуі тиіс еді. Асығыс, қалай болса солай… әкемді ұрысқақ, еш нәрсеге көңілі толмайтын, эмоцияның адамы етіп көрсеткен. Сериалға оркестрдің ұжымы түсті, Тілендиевтің туындыларын ойнады, залымызды пайдаланды. Алайда сериалдың мән-мазмұны, айтпақ ойы түсініксіз. Әйгілі адам жайлы туындыны жарыққа шығаруға бесаспап мамандар қатыстырылуы тиіс қой. Мүмкін алдағы уақытта көркем фильм немесе деректі фильм түсіріліп қалар деп үміттенеміз.
— Кішкентай қызың бар екен… Ол да музыкант болуды армандайтын болар.
— Иә-иә, әрине (күліп). Он жаста Даяна Тілендиева. Қазір К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде оқиды. Үлкен сахналарға шыға бастады, байқауларға қатысып жүр. Болашағынан үлкен үміт күтеміз, музыкант болса деп армандаймын.
— Тілендиевтің «Баянауыл вальсінің» жазылғанына өткен жылы 50 жыл толды. Сөзін жерлес ақынымыз Қабдыкәрім Ыдырысов жазған. Бұл әнді біздің жаққа келгенде ғана орындайсыздар ма? Әлде…
— Жо-жоқ, әкемнің барлық әндері, күйлері репертуардан түспейді. «Баянауыл вальсі» Баянауылдың гимні ғой. Әкем Қаныш Сәтбаевқа арнап шығарған. Бұл әнді қазір оркестрдің солисі тенор дауысты Фархат Көбеев орындайды. Бәріміз үшін «Баянауыл вальсінің» жөні бөлек.
— Студент кезімізде «Отырар сазының» концертіне жиі барушы едік. Сонда Майгүл Қазтұрғанованың орындауындағы Нұрғиса ағамыздың «Қайран менің жүрегім, жас жүрегім…» деп сызылта салған әнін сүйсініп тыңдайтынбыз. Қазір Майгүл әнші қайда?
— Майгүл апай Алматыда тұрады. Оркестрмен ән айтуға жиі шыға қоймайды. Рас, ол кісінің дауысы жақсы болатын. Әкемнің біраз әндерін шырқады.
— Дінзуһра, осы Павлодарда Нұрғисаның ұлы бар деп естідік. Ол кісімен әңгімелескен едім. Бірақ белгілі себептермен газетке жариялауға асықпадық. Ер баласының бар екендігі туралы Нұрғиса Тілендиев көзінің тірі кезінде неге айтпады? Бұған не дейсіз?
— Бірден айтайын, бұл – жалған әңгіме. Әкемнің ағасы Қаймолда соғыстан оралмапты. Артында жұбайы Фатима мен қызы Лариса қалыпты. Әкем оны «Лорка» деп еркелететін. Сол Лариса апайым бар шындықты айтып берді. Ол кісі қазір Екібастұзда тұрады. Бұл әңгіме туралы апай былай дейді: «Тілендиевтер үш ағайынды: Баймолда, Қаймолда, Нұрғиса. Баймолда ағамыз жастай қайтыс болған екен. Өз әкем Қаймолда Брест қамалында соғыста хабарсыз кетіпті. Ал Нұрғисадан қалған бала – Дінзуһра. Анам Фатиманың ағасы Қабзәкір Байтасов Қарағанды пединститутының ректоры болған. Біз сол уақытта анамызбен бірге осы кісіні сағалап, Қарағандыда тұрдық. Менің 7-8 жастағы кезім. Анам сол жерде Секішев Мұқаш деген адаммен азаматтық некеде тұрған. Фатиманың ол кісіге тұрмысқа шығуына ағасы Қабзәкір қарсы болыпты. Бірақ өмірге Алкен атты інім келді. Ол — Алкен – Алик қазір Павлодарда тұрады. Сосын анам Фатима заңгерлік білім алам деп 1948 жылы Алматыға келді. Сол жылдарда Нұрғиса ағаның анасы, әжеміз Салиха бар, бәріміз бірге тұрдық. Әжем, жаңылмасам, 1954 жылы қайтты. Анам оқуын бітіріп, Қырғызстанға жолдама алды. Нұрғиса ағатайым Москваға консерваторияға кетті. Анам көп жылдар Қырғызстанда облыстық адвокаттар коллегиясының төрайымы болды. Сол жақта Пржевальск орман шаруашылығының директоры Мамедин Русалиев деген кісіге тұрмысқа шықты. 1958 жылы Жаңыл деген қыз дүниеге келді. Ол сіңлім қазір Баянауыл ауданы Ж.Аймауытов ауылында тұрады. Әңгіменің тоқетері осы» деген-ді. Естуімше Алкеннің әкесі тірі, өздері араласып тұрады екен. Лариса апайдың айтуынша мұның шындығы осы. Бұған менің алып-қосарым жоқ.
— Рақмет, Дінзуһра, қазақтың ұлттық өнері өркендей берсін!
Сұхбаттасқан — Сая МОЛДАЙЫП
«САРЫАРҚА САМАЛЫ» газеті, 22/12/2017
«www.pavlodarnews.kz»