Қазақ елінің мақтанышына айналған Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы–этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі бұл күнде Отанымызға ғана емес, өзіндік қайталанбас ерекшелігімен шет елге де жақсы танымал. Оркестр жақында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біздің аймаққа келіп өнер көрсетті. Павлодар өңіріндегі өнер сапарында дирижер Мүсілім ӘМЗЕ «Сарыарқа самалы» газетінің оқырмандарына арнайы сұхбат берген…
— Мүсілім, оркестрдің бүгінгі ахуалы туралы әңгімелесеңіз…
— «Отырар сазы» тарихы Нұрағаның есімімен тығыз байланысты. Өзі ұйымдастырып, репертуар базасын жасап, аяғынан тік тұрғызып кетті. Мен оркестрге Нұраға қайтыс болғаннан кейін келдім. Жалпы, ол кісіден кейін де оркестрге дирижерлік еткендер баршылық. Қазір Дінзуһра Нұрғисақызымен бірге жұмыс істеймін. Павлодардан кейін Ақтөбе сапары бар, ол жақта 4 концерт береміз. Жалпы, жыл аяғына дейін облыс орталықтарын аралап, сосын Әзірбайжанға — Бакуге сапарға шығамыз. Оркестр құрамында белгілі әншілер бар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: әнші – Гүлзат Дәуірбаева мен скрипкашы Жамила Серкебаева, талантымен танылып келе жатқан Фархат Көпеев бар. Өнер тобындағы ең үлкеніміздің жасы 63-те болса, ең жасымыз жиырманың ішінде. Павлодарға біз негізгі үлкен құраммен келдік. Репертуардың тоқсан пайызы Тілендиевтің ән-күй, күй-поэмаларынан тұрады, басым көпшілігінің нотасы Нұрағаның қолжазбасы күйінде болатын. Партитураларды реттеп, сандық форматқа көшірудеміз. Репертуарды өз еліміздің, шет ел композиторларының туындыларымен де толықтырып жатырмыз.
— «Отырар сазында» еңбек ету — өнерде жүрген әр өнерпаздың арманы. Өзіңіз бұл өнер ұжымына қандай дайындықпен келдіңіз?
— Әрине, әркімнің арманы. Бізге негізінен Алматы консерваториясы мен Астанадағы Ұлттық Өнер университетінің түлектері кәсіби деңгейлеріне орай, қатаң сұрыптаудан өткен соң барып қабылданады. Өзім 2000 жылы осы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының екі факультеті – оркестрлік және халық аспаптар факультетін бітірдім. Оркестр әртісі ретінде тәжірибелі, білікті дирижерлармен жұмыс істей жүріп дирижер болуды армандадым. Осы мамандық бойынша екінші рет консерваторияға түстім. Қазір осы оқу орнының докторантурасының 2-курсында оқимын. Бір жылдан соң «Қазақ дирижерлық өнері және оның қазақ музыкасының дамуына ықпалы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғамақпын.
— Нұрғиса Тілендиевтен сабақ алдыңыз ба?
— Жоқ, концерттерін тамашалайтынбыз. Нұрағаның «Бозінген» күйін күмбірлете тартатыны көз алдымда тұр. Қазір Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінде дирижер болып қызмет етемін. Екі үлкен өнер ұжымында дирижер, оған қоса оқу орындарында шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Кәсіби деңгейімді көтеру үшін арнайы Москваға барып Тимур Мыңбаев деген әйгілі профессордан дәріс алдым, Израильдің Ашдод симфониялық оркестрінде тағылымдамадан өттім. Биыл Германияның Мюнхен қаласындағы симфониялық оркестрде біраз уақыт мастер класқа қатысып, тәжірибе жинақтап қайттым.
Мақсатымыз – қазақтың небір жауһар саздарын орындап, көп елге танылған «Отырар сазының» даңқын одан әрі биіктету! Сол арқылы тамаша туындыларды халыққа паш ету!
— Рахмет, Мүсілім. Армандар орындалсын!
Сұхбаттасқан – Сая МОЛДАЙЫП
«САРЫАРҚА САМАЛЫ» газеті, 22/12/2017
«pavlodarnews.kz»