ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН АЗАМАТ

Бірде жолым түсіп Сарыағаш ауданының «Біртілек» ауыл әкімдігі жолында  орналасқан автокөлік жөндейтін шеберханада болдым. Қаздай тізілген шетелдік автокөліктерден аяқ алып жүре алмайсың. Соларды жөндеп жатқан кім дейсіздер ғой, өзіміздің жап-жас жігіттер. Әп-сәтте алдына келген автолардың кінәратын тауып, лезде жүргізіп береді. Олармен жақынырақ танысуға бел будым. Сөйтсем, бұл жігіттер осы ауылдың тұрғындары болып шықты.

Жетекшісі Асан Балтабайұлы Әмзеев деген бауырымыз екен. Ұста жігіттің әңгімесінен байқағаным, Шымкент қаласындағы автомобиль жолдары техникумының «техникалық қызмет көрсету» бөлімін бітіріпті. Одан соң Алматы қаласындағы Гончаров атындағы университетте оқып, білімін жетілдіріпті. Оқи жүріп Мәкен, Ақат ұстаздарынан жөндеу жұмысын үйреніп, үш жылдай тәжірибе жинапты. Сосын ауылға келіп, осындай көлік жөндейтін шеберхана ашып, оған үш жігітті баулып, халыққа қызмет көрсетуді бастаған екен. Асан Балтабайұлының шәкірттері Нұрдәулет Рысбаев, Досжан Исақов, Нұрбол Құдайбергеновтер  орыстың  ғана емес, шетелдік көліктердің қозғалтқышынан бастап жүру, электр, инжектор жүйелерін жөндейді екен. Кузовты түзеп, сырлап және көліктерді жуу жұмыстарын да атқарады.

Асан бәзбіреулер секілді лауазымды қызметке ұмтылмай-ақ, өзінің туған ауылында кәсібін дөңгелетіп, өзгелерді де жұмыспен қамтып, халыққа қызмет істеп отыр. Осындай жас жігіттердің ілкімді істерін көргенде ырза боласың. Әрине, мұндай іскерліктің артында отбасы тәрбиесі, өмірге бейімделу қасиеті тұрған жоқ па? Келіншегі Айжан екеуі бір ұл, бір қыз өсіріп отыр. Осы орайда өзінен ата-анасы туралы сұрадым. Сөйтсем, кейіпкер жігіт өнегелі отбасынан шыққан екен.

Әкесі – Балтабай Ғаниұлы ұзақ жылдар құрылыс саласында инженер болып қызмет атқарыпты. Өнер деген Балтабайға әкесінен дарыпты. Содан болар ағамыз бізге Абайдан бастап, Мұқағали, Төлеген, Мұхтарлардың жырларын жатқа оқып берді. Анасы – Дүйсенкүл Кенекешқызы «Алтын алқа» иегері. Екеуі де өнерге жақын жандар. Мұғалімдік қызметті кәсіп етіп, бүгінде зейнетке шыққан, бес ұл мен екі қыз тәрбиелеп, бүгінде «ұлын ұяға, қызын қияға қондырған» асыл ана, ардақты әже. Қолынан өнер тамған ісмер. Ол кісінің тіккен құрақ, көрпеше, сырмақтары көптің игілігіне жарауда. Еңбек пәнінен ұстаздық ете жүріп, шәкірттеріне осы қолөнердің қыр-сырын үйретіпті.

Екі өнерлі жанның өсірген ұл-қыздарын айтыңыз… Асанның үлкен ағасы – Мүсілім. Ауданымыздың мақтанышы, өнердегі жетістіктері елге белгілі дирижер. Ағасы Алмас – Алматы қаласындағы ішкі істер академиясын бітірген. Полиция полковнигі. ОҚО ішкі істер департаментінде қызмет етеді. Әпкесі Айман Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны тәмамдап, күйші-оқытушы  болып қызмет етуде. Олжас ағасы Семей қаласында капитан шенді әскери қызметкер. Сыңары Үсен де белгілі өнер жұлдыздарының біліктілігін шыңдаған Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінде музыкант. Егіз ұлдың үлкені Асан – автомеханик, қара шаңырақ иесі. Кенже қыз Шолпан – «Райымбек-Агро» мекемесінде технолог болып қызмет етеді.

Әмзеевтер әулетімен танысқанда бақ қарап, ынтымағы жарасқан, өнегелі, өнерлі отбасы екеніне көзіміз жетті. «Тектіден текті туар» деген, тірлігі түзу, кәсібінің несібесін адал еңбекпен теріп жүрген, өз ісінің шебері Асан бауырымыздың жұмысы мен отбасын айта отырып, өзгелер де үлгі алса дедік. Өз өмірі мен тірлігі қолдарында тұрған ауыл жастары осындай кәсіптен ой түйіп, өнер үйренуге ұмтылыс жасаса нұр үстіне нұр болар еді.

 

Жәлел Қалтұрсынов

«САРЫАҒАШ» қоғамдық-саяси газеті,

№5 (11619), 26 қаңтар, 2018

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>