АБАЙ АТЫНДАҒЫ МАОБТ ДИРИЖЕРЛАРЫ: КУЗЬМИЧ ФЕДОР АНДРЕЕВИЧ (1908-1963)


Үрмелі оркестр музыканты, дирижер. ҚазақССР еңбек сіңірген әртісі (1936). Смоленск облысының Пригорье селосында дүниеге келген [1]. Федор Андреевич Алматы опера театрының алғашқы дирижері. Алматы қаласына келгенге дейін Москва әскери үрмелі оркестрінде қызмет еткен. Әуелі Алматы әскери горнизонының үрмелі аспаптар оркестрінде кернейші болған, шекара полкінде әскери міндетін өтеген соң 1934 жылы Қазақ опера және балет театрының дирижері қызметіне келген.

Өкініштісі, қазақ ұлттық операсының тұңғыш дирижеры туралы ақпарат мардымсыз. Алған білімі, отбасы жайлы, өмірінің соңғы жылдары жөнінде ешқандай дерек табылмады. ҚР МОА және МОА КФҚжДЖ сақталған құжаттар арасынан аз ғана мәлімет, бірнеше афиша мен жалғыз фотосурет кезікті [2]. Қазақ опера тарихын жазған еңбектердің көбінде қазақ опера театрының тұңғыш дирижеры Федор Кузьмич туралы тарқата айтылмаған. Тек қана «Дирижерлік тұғырға трубада ойнаушы Федор Кузьмич тұрды» деген жалғыз сөйлем тұр [3]. Сол кезеңнен хабар беретін бірнеше сөйлем композитор Е.Брусиловскийдің күнделігі негізінде жарық көрген «Дүйім дүлдүлдер» атты кітапта ғана бар. Театрда дирижерлікті амалсыз қоса алып жүрген композитор И.В. Коцыктың орнына дирижер болған Ф.А. Кузьмичтің шығармашылық портретін бейнелеу үшін 1934-1947 жылдар аралығындағы хатқа түскен еңбегін негізге алдық. 1936 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасына қатысты дайындық жұмысы мен декада кезіндегі жауапты концерттерде дирижердің кәсіби келбеті анық көрінген. Оның шеберлігі мен біліктілігі туралы Е.Брусиловский «Кузьмичтің жаратылысынан қолы епті, сермеуі батыл, еркін және жігерлі еді. Әрі ұйымдастырушылық та қабілеті болатын… Кузьмич ертеден кешке дейін қол үзбестен, тіпті, театрдан шықпастан жұмыс істеді» деген [4].

1933 жылы қазақтың ғашықтық эпосы бойынша «Қыз Жібек» атты тұңғыш қазақ ұлттық операсын жазу жұмысы басталды. Бұл спектакльге дирижер ретінде Ф.А. Кузьмич бекітілді. Қазақтың тұңғыш музыкалы қойылымымен Кузьмичтің дирижерлік карьерасы да қатар дамыған. Опера дайындау жұмысы қызықты болды. Өйткені, «Қыз Жібек» және «Жалбыр» операларын жазу барысында композитор Е.Брусиловский халық өнерпаздарымен де, кәсіби музыканттармен де тығыз жұмыс істеді. Солист-әншілердің табиғи дауысы күшті әрі халықтық ән айту мәнерін керемет меңгерсе де, арнайы музыка сауаты төмен болғандықтан, опера өнерін үйрену оңайға соқпаған. Оркестрмен айту, сахналық ойын тәртібі, партияны жаттап есте сақтау сияқты міндеттер қажырлы еңбекті талап етті. «Ол метроырғақтың тар шеңберлеріне мойынсұнғысы келмейтін әншілермен тез тіл табысып, көп ұзамай театрдағы ерекше адамға айналды. Әрбір әншінің осал тұстары мен оңды қасиеттерін, қай тұста еркін шырқап, қай тұста сүрінетінін, оларға қай тұста жедел жәрдем керек болатынын жақсы білетін. Әншілердің ешқайсысы да нота білмейді, сондықтан өз партияларын көпке дейін нақпа-нақ есте сақтай алмай жүретін» [5]. Композитор мен дирижер үшін көмегін аямаған қазақ музыка театрының іргесін қалаушы әріптестері жазушы Ғ.Мүсірепов, суретші А.Ненашев, режиссер Ж.Шанин, әншілер Қ.Байсейітов, Қ.Жандарбеков, К.Байсейітова, М.Ержановтар болатын. Спектакльдің орасан табысқа жетіп, халықтың сүйікті қойылымына айналуына атсалысқан жасы жиырма мен қырықтың арасындағы талантты әртістердің қайрат-жігері, режиссер, композитор, суретшінің ерен еңбегімен қатар дирижер Федор Кузьмичтің де қосқан үлесі зор. Кейіннен бірнеше редакциялық өзгеріске ұшыраса да, «Қыз Жібек» операсы – бүгінге дейін сахнадан түспей келе жатқан сәтті қойылым.

Дирижер Ф.А. Кузьмич сонымен қатар Е. Брусиловскийдің «Жалбыр» операсын да алғаш сахналаған тұлға [6]. Осы операда актер сөйлейтін көріністер барынша азайтылып, вокалды-музыкалық речитативтер көбірек жазылды. «Жалбыр» операсының партитурасында операға тән темп, дыбыс динамикасы, пауза, цезура сияқты музыкалық көркемдік белгілердің бәрі анық көрінді. Композитор мен дирижердің тығыз шығармашылық байланысының көрінісі ретінде және дирижердің жанкешті еңбегі туралы Е.Брусиловскийдің «Ал театрда қызу дайындық жүріп жатты. Музыкалық тұрғыдан алғанда бұл жұмыс түгелдей дерлік театрдың негізгі, дәлірек айтқанда бірден-бір дирижері Федор Андреевич Кузьмичтің иығына түсті» деген сөзі көп нәрсені аңғартады [7].

1936 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасына театр ұжымы дирижер Федор Кузьмичтің жетекшілігімен «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» операларын қойды. Декада дайындығының қалай өткені, қатысушылардың ертелі-кеш оркестрмен репетиция жүргізгені, қолайсыз әрі қиын жағдайға қарамастан беріле жұмыс істегені туралы Т.Жүргенов, Ж.Шанин, А.Жұбановтар сол кездегі мақалаларында, Қ.Жандарбеков «Көргендерім мен көңілдегілерім», Ш.Жиенқұлова «Өнерім менің – өмірім», Қ.Байсейітов «Құштар көңіл» кітаптарында тәптіштеп жазған. Декада сапарының сәтті өткені жөнінде сол кезеңнің баспасөзі мейлінше мақтап жазды. Соның бірі – атақты совет жазушысы А.Толстойдың «С первых же тактов казахской народной музыки, с первых движений актеров, с первых звуков их голосов – странных, и пленительных – чувствую, как рушатся мои предрассудки. Предо мною и театр, и что-то большее… Здесь присутствуют красота, здесь сила и молодость, убеждение, здесь то, что города Европы давно растратили и растеряли» деген сөзі [8]. Қазақ халық музыкасының табиғатын терең сезінген, әрбір әншінің тілін таба білген, кәсіби музыкант қана алып шыға алатын ерекше спектакльдер болады. Опера барысында кейбір номерге тыңдарманның ықыласы ерекше ауып, сахнадан жібермей, қайта шақырған кездерде қобалжымай, оркестрді соңынан ерте білу, номерді қайталау үшін тез шешім қабылдай білу де дирижердің шеберлігін көрсетеді. Әр операны үш реттен қойған Федор Кузьмич «бүкіл онкүндік бойында дирижер пультінде жалғыз өзі мінсіз қызмет етті» [9]. Бұл табысқа театр ұжымы сөзсіз дирижер Кузьмичтің жетекшілігімен жетті.

Бұл тұрғыдан декада кезін көрсететін архивтік видеофрагменттерден, әсіресе, Жібек рөліндегі Күләш Байсейітованың бейнесі көрінетін тұс, «Жалбыр» мен «Ер Тарғын» операсындағы оркестр үнінен сұлбасы анық болмаса да дирижер қолтаңбасын танысақ, ария үзінділерінен дирижер пультінде Федор Кузьмич тұрғанын шамалаймыз. 1940 жылға дейінгі кинолентаға түскен қазақ операсынан видеоүзіктегі оркестр жетекшілігінде сөзсіз Федор Андреевич тұрған, себебі, сол уақытта театрдағы қазақ операларының бірден-бір дирижері Кузьмич еді.

Оркестр ұжымының қашан да дирижерге тәуелді екені белгілі. Бүкіл концерт бойына жауапкершілік соған жүктеледі. Қалт еткен көркемдік кемшілік болса, әуелі дирижерге сын. Сөйте тұра, кейде оркестр қатысатын барлық шара өткеннен  кейін ең басты фигура – дирижер мүлде ұмыт қалатыны түсініксіз. Жоғарыда айтқан, тұңғыш қазақ операларының тарихы, орындаушылары, бишілері жайлы сөз болғанда, олар туралы бар мәлімет жазылған болып шығады. Тұңғыш операмыздың бірнеше жыл дирижері болған Кузьмич туралы жарымаған ақпаратқа малданамыз. Қазақ өнерін жарқыратып көрсеткен өнерпаздардың қажырлы еңбегін жоғары бағалап, он төрт кісіге мемлекеттік марапат беру туралы қаулы шыққан кезде дирижер тұлғасы тағы да ұмыт қалған [10]. Бұл жайтты сол уақытта қасында болып, көзімен көрген композитор Е.Брусиловскийден асыра айта алмаспыз. «Ф.Кузьмич Үлкен театр филиалында күн сайын дирижер пультіне көтеріліп, бірде-бір қате жіберместен яки бөгде қауіпке ұрынбастан онкүндікті тамаша дерлік өткізді… Театр ұжымы өздерінің барлық күш-жігерін сарқа жұмсап, ұйымшылдық көрсете білді. Онкүндіктің қорытындысында қазақ өнері мен әдебиетінің жетекші қайраткерлері ордендермен наградталды. Жұбанов және мен «Құрмет белгісі» орденімен наградталдық. Ал Кузьмич наградталғандардың ішінде болмай шықты. Бұдан бұрынғы өрескелдіктерімізге осындай бір өкпе және жамалды. Әділет жайын сөз етпегеннің өзінде, мұның өзі тым қисынсыз нәрсе еді.

Қазақ театрында одан өзге дирижер болмайтын, нотадан сауатсыз әншілермен жұмыс істеудің қиындығын ескерсек, болуы мүмкін де емес еді. Кузьмич олардың әрқайсысын білетін және олармен жұмыс үстінде тіл табысып жүретін. Демек, театрға ол әлі де болса көпке дейін қажет кісі еді және оның алдағы уақытта ықыласты жұмыс істеуіне демеу де қажет еді.

Не істеу керек? Зергерлік дүкеннен әдемі күміс портсигар сатып алдым да, гравердің көмегімен портсигардың ішіне былай деп жаздым: «Қадірлі Федор Андреевич Кузьмичке, Қазақ өнерінің онкүндігінен ескерткіш. V-1936 ж Бұған қоса оған каллиграфиялық жазумен «Пригорье» деп жаздым. Бұл Смоленск облысындағы оның туған селосының аты еді. Қайда жүрсе де ол осы сөзді жүз мәрте жаза беруден жалықпайтын. Менің бұл сыйлығым Федорға ұнап қалды, содан кейінгі тіршілігіміз жеңілдеп сала берді» [11].

Абай атындағы академиялық опера және балет театрында дирижерлік еткен Федор Андреевич Кузьмичтің репертуар тізімі мынадай: 1936 жылы Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсының, 1938 жылы «Айман-Шолпан» алғашқы комедиялық қойылымының; В.Великановтың  «Қалқаман-Мамыр» балеті (1938) мен «Тұтқын қыз» операсының; И.Надировтың «Терең көл» операсы (1939) мен «Көктем» балетінің (1940); композитор А.Зильбердің «Бекет» операсының премьералары (1940).

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ф.А. Кузьмич майдандағы әртістер бригадасымен алғы шепте концертке шықты. Қазақ операларынан басқа батыс спектакльдерін дирижерлік еткеніне №8285 арнайы әскери бөлімінің командирі, полковник Маховиковтың «Севиль шаштаразы» операсы үшін дирижер Ф.Кузьмичке алғыс хаты дәлел бола алады [12]. 1939 жылы Алматыға келген дирижер Л.М. Шаргородскийден бастап, соғыс уақытында Москва, Петербордан эвакуацияланған В.И. Пирадов, Б.Врана, Г.А. Столяров сияқты кәсіби дирижерлармен бірге қызмет қылған, 1947 жылдан үрмелі аспаптар оркестріне ауысқан маэстро Федор Кузьмичтің қазақ музыка мәдениетіне сіңірген еңбегі қашан да құрметке лайық.

Фотолар:

  1. МОА КФҚжДЖ // №2-118335, Засл.арт. КазССР Кузьмич Ф.А., 1930 годы.
  2. В.В. Теляковский. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» және «Жалбыр» опералары афишасының эскизі. 1936 ж. 95х62 см ҚР ОМА // №1664 қор, №1 тізбе, №1 іс, 4п. Қағаз, гуашь бояуы. Түпнұсқа.

Әдебиеттер:

  1. Брусиловский Е. // «Дүйім дүлдүлдер», – А.: «Ана тілі», 1995 – 147б
  2. МОА КФҚжДЖ // Ч 9-12-12, ГАТОБ (кадры: руководящий состав…)
  3. «Абай атындағы Ленин орденді қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры» – А.: «Өнер», 1984 – 4б
  4. Брусиловский Е. // «Дүйім дүлдүлдер», – А.: «Ана тілі», 1995135б
  5. Брусиловский Е. // «Дүйім дүлдүлдер», – А.: «Ана тілі», 1995136б
  6. Күзембай С.Ә., Мұсағұлова Г.Ж., Қасымова З.М. // «Қазақ опералары» – А.: «Жібек жолы», 2010 – 24б
  7. Брусиловский Е. // «Дүйім дүлдүлдер», – А.: «Ана тілі», 1995136б
  8. Толстой А.Н. // Полн.собр.соч. т 13, М.: 1949 – 473б
  9. Брусиловский Е. // «Дүйім дүлдүлдер», – А.: «Ана тілі», 1995140б
  10. Қазақстан декадасына қатысушыларды марапаттау туралы СССР ОАК қаулысы // «Правда», 27 мамыр, 1936
  11. Брусиловский Е. // «Дүйім дүлдүлдер», – А.: «Ана тілі», 1995146-147бб
  12. ҚР ОМА // №1841 қор, №3 тізбе, №334 іс, 6 п. 

 

Мүсілім ӘМЗЕ, дирижер, 

Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының PhD докторанты.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «ПМУ хабаршысы» ғылыми журналы, педагогика сериясы, №1 (2018) 

2 thoughts on “АБАЙ АТЫНДАҒЫ МАОБТ ДИРИЖЕРЛАРЫ: КУЗЬМИЧ ФЕДОР АНДРЕЕВИЧ (1908-1963)

  1. Туманов Сергей владимирович, профессор МГУ:

    Господа! Я дальний родственник Федора Андреевича Кузьмича. Неплохо знаю родословную его мамы. Знаю также, что последние годы его жизни прошли в Ленинграде. Говорят, что он служил там дирижером военного оркестра.У него были сын и внук, которого звали Дмитрием. Потомки его младшего брата Григория, наверняка, знают о Федоре Андреевиче больше, чем я. Они живут в Подольске. У меня есть 3 фотографии Федора Кузьмича 1947, 1951 и 1954 годов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>