ӘЙГІЛІ ӘНШІ ҚАЗАҚ САХНАСЫНДА ӨНЕР КӨРСЕТТІ

Жамбыл атындағы Қазақ мем­лекеттік филармониясында Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Татарстанның халық әртісі Ахмед Агади мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық опера және балет театрының солисі Гүлзат Дәуірбаеваның «Өз елім» атты концерттік кеші өтті. Сазды кеште сахнаның сәнін кіргізген белгілі әншілер Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклор­лы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Оркестрге ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева мен ҚР еңбек сіңірген қайрат­кері Мүсілім Әмзе жетекшілік етті. Концертте әншілер қазақтың халық әндерімен қатар, қазақстандық және шетелдік компози­торлардың жұртшы­лықтың жүрегіне жол тапқан музы­калық шығармаларын тыңдарманға тарту етті.

– Бұл концерт «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті. Н.Тілен­диев атындағы мемлекеттік акаде­миялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі әлемге әйгілі әншілермен бірге өнер көрсетіп, концерт ұйым­дастыруды көптен жоспарлап жүрген болатын. Осы ойымызды жүзеге асыру мақсатында дүние жүзіне белгілі сахналарда атақты дирижерлармен қызметтес болған опера әншісі Ахмед Агадимен бірге концерт өткізуді жөн көрдік. Өнерде биік шыңдарды бағындырған, талантымен талайды тамсандырған танымал әнші қасиетті қазақ топырағында туып-өскен дарын иесі. Әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген әйгілі жұлдыздармен шығарма­шылық байланыста болу – оркестріміз үшін үлкен қуаныш, – деді ҚР еңбек сіңір­ген қайраткері Мүсілім Әмзе.

Сазды кештің қадірлі қонағы болған опера әншісі Ахмед Агади – Мариин театры­ның және Татар­станның Мұса Жәлил атындағы мем­лекеттік опера және балет театрының солисі, Татарстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 2008 жылы «Ақын махаббаты» спектакліндегі Ғабдолла Тоқай бейнесі үшін «Золо­тая маска» Ұлттық театр сыйлығы­ның «Операдағы үздік кейіпкер» жүлдесін жеңіп алған. Әлемнің әйгілі сахна­ларында ән шырқап жүрген опера әншісі қазақ сахна­сында өнер көрсетуді арманда­ғанын айтты.

– Бұл менің қазақ сахнасында алғаш рет өнер көрсетуім емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Астана мен Алма­тының опера театрларында өнер көрсеткен едім. Мен негізі Шымкент облысы, Алғабас ауданы, Жыланды ауылында дүниеге келдім. Есімді білген сәттен бастап қазақ тілінде сөйледім. Қазақ мектебінде білім алдым. 37 жылдан бері дүние­жүзілік сахналарда өнер көрсетіп жүрсем де қазақ тілін ұмытқан жоқпын. Ағайын-туыс­қандарым, жақын достарым Шым­кентте тұратын­дықтан жыл сайын жазда Шымқалаға баруға асығамын. Шартарапты шарлап жүрсең де, кіндік қаның тамған туған жеріңді бәрібір сағынады екенсің. Қазақ сахнасында өнер көрсетуді арман­даған едім. Қазақстанда туған­дықтан, қазақтың халық әндерін айтқым келді. Туған жерімнің киелі сахнасында өнер көрсету мен үшін үлкен бақыт! – деді Татарстанның халық әртісі Ахмед Агади.

 

Балнұр АХМЕТ

«АЛМАТЫ АҚШАМЫ», 26.05.2018

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>