Бүгінгі жаһандық саясат пен мәдениеттің қанат жайған қалпына көз жүгіртсек бір жерді мекендеген ұлт пен ұлыс Жер-Ананың кең құшағын еркін жайлап, мидай сапырылысып, уақыт қақпақылына түсіп тіршілік кешуде.
Сол қатарда Ергенеқонды ен жайлаған түркі жұрты да тарихи ареалынан ұзап, Еуразия, Солтүстік Америка, Аустралия құрлықтарына тарыдай шашылып, әлденеше іргелі ел, босағалы мемлекет құрып, заман көшінен қалмай келеді. V ғасырда Шығыста қытай жазбаларында, Батыста Менандр мен Феофан сынды византиялық тарихшылардың еңбектерінде Түркі жұртының аты аталған кезден бастап, бүгінге дейін туыстық тамырын, бауырлық қамын ұмытпаған алтын зәузат Астана төрінде он бірінші мәрте бас қосып, түбі барып бір арнаға тоғысатын мәдениетін Сарыарқа төрінде кезекті рет қанат қақтырды. Елордамыздың 20 жылдығына арналған биылғы шараның – жөні де, жолы да бөлек. Дәулетіне сәулеті жарасқан, бірлігіне берекесі жымдасқан байтақ еліміздің алтын діңгегі – Астананың мерейлі көркіне әлем көз тікті.
Көне заманнан жеткен, бабадан қалған асыл мұраны екі күн бойы елорда төрінде қалың жұртшылыққа паш еткен өнерпаздар барша түркі елдерінен келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылы ашылған, әлемдік сәулет өнерінің ең үздік классикалық дәстүрлері ескеріліп, архитектурасында ұлттық нақыш айқын байқалатын «Астана-Операның» концерт залында қобыздың қоңыр үні, домбыра мен қомуздың күмбірі, туыстас жұрттың әсем әні мен ұлттық музыкалары салтанат құрды. Отызға жуық өнер майталмандары көсіле шапқан «Астана-Арқау» фестивалінің музыкалық редакторы Мүсілім Әмзе: «Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Украина, Иран, Татарстан, Қарақалпақстан, Әзербайжаннан келген қатысушылар екі күн бойы жанды дауыста өнер көрсетіп, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырады. Біз түркі жұртының дәстүрлі өнер шын дәріптеп жүрген нағыз дүлдүлдерді ғана шақыруға тырыстық», деді. Бұл фестиваль негізінен белгілі бір тақырыпты арқау етеді. Бірақ бүгінгі күні кеңге құлаш жайған келісті шараның ауқымы да өсіп келеді. Жалпақ әлемнің түкпір-түкпіріндегі бауырлас халықтардың музыкасын тыңдағанда, түбі барып бір атаға тірелетіні де байқалатындай. Дауылпаз күйші Қазанғаптың күй мұрасын отыз жылдан бері зерттеп келе жатқан Абдулхамит Райымбергеновтің пікірінше, шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. «Біз бір кезде бүтін болған тұтас дененің бөлшектеріміз. Осы шараға келген әрқайсымыз сол өткенімізден бір-бір мұрагері болып келіп отырмыз. Бәлкім, осы фестиваль тарыдай шашылған түркі жұртының қайта тұтасып, бірігуі болар. Біз бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Тамырымыз, тарихымыз ортақ», деді күйші.
Сонымен қатар осындай ірі мәдени бас қосулардың ұлттық өнерімізге, ғылымымызға да зор ықпалы болатыны айтылды. Бір замандарда қазақ даласында болған сыбызғы ұмытылып, тек атауы ғана қалған кезде башқұрттардың «қурай» аспабы арқылы қалпына келтірген болатынбыз. Сондай-ақ жетігеннің де аты қалып, заты жоғалған шақта, хакастардың чатхан аспабы сеп болып, жетігеннің үнімен қайта қауышыппыз.
Башқұртстан Мемлекеттік филормониясының солисі Азат Бекчурин қурай аспабымен башқұрттардың «Жаяу Махмұт» деп аталатын ұлттық күйін орындады. «Қазақ еліне сый ретінде қазақ ұлттық әуендерін қураймен орындаймын. Қурай – біздің ұлтымыздың символы. Бұл өсімдіктің гүлі біздің елтаңбамыз бен туымызда бар. Қазақ пен башқұрт рухымен де, тілімен де жақын. Біздің де домбырамыз, қобызымыз, қурайымыз бар» деп ойымен бөлісті Азат Бекчурин.
Хомуста ойнайтын Иванида Бугулова Астанаға Саха Республикасынан келген, ол өзімен бірге ансамблін ала келмегеніне өкінеді. «Мен Астанаға бірінші рет келіп тұрмын, осындай бірегей фестивальге қатысатыныма қуаныштымын, оның өтетіні туралы құрбымнан білдім. Ол «Астана Арқау» фестиваліне бірнеше рет қатысқан. Мен хомуста және күпсірде ойнаймын – бұл барабан және халық әнін айтамын. Жалпы, біздің ансамбліміз бар, бұл жолы жалғыз келгенім өкінішті. Келесі жолы ансамбльмен толық құрамда келеміз деп ойлаймын», дейді якутиялық қонақ.
«Астана-Арқау» фестивалі түркі дүниесінің бас қосатын үлкен платформасына айналды. Дәстүрлі өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді, ұлттық өнерді байытуды көздеген игі бастаманың баянды болуына тілекшіміз.
Астана төріне төркүл дүниенің түркі жиналған екі күнде оянған рухты, бауырластық сезімді барша түркі баласына теңдей ғып үлестіріп беретін ғажайып болса деп қиялға шомасың. Сәулесіне сызат түспеген, рух оты өшпеген түркі дүниесінің бірлігі мығым болғай.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
https://egemen.kz/article/171476-turki-alemin-tugendegen-astana-arqau