МАЙТАЛМАН

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ДИРИЖЕР МҮСІЛІМ ӘМЗЕНІҢ «ЖАСТЫҚ ШАҚ» АТТЫ КОНЦЕРТІНЕН ТҮЙГЕН ОЙ

…Сахна төрінде – Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі. Шығармалар бірінен соң бірі орындалып жатыр. Сахнадағы қырық-елу музыкант сазды аспаптарды рет-ретімен, лек-легімен толассыз тартып, сан түрлі сарынды тоқтаусыз құйқылжытады: кейде бір топ екінші топқа кезек ұсынып, келте дамыл тауып, кідірістейді де, артынша бүкіл оркестр алапат арынмен тұтаса күркіреп сала береді. Біресе нәзік те сырлы әуенді сызылта үздігіп тұрып алса, біресе тау жақпарынан сарылдай құлаған сарқырамаша гүрілдей дүрліге жөнеледі.

Сәт сайын мың құбыла үндескен осы дыбыстар үйлесімі, сырт қарағанда, өздігінен болып жатқан секілді сезіледі. «Әр музыканттың алдында партитура тұр, пәленбай рет репетиция да жасалған шығар, әркім өз міндетін жаттап та алған болар, ендеше дирижердің керегі не, таяғын шошаңдатпай, тыныш отырып концерт көрмей ме?» деген әзіл-шыны аралас қазақы қарабайыр түсінік те содан туар, бәлкім. Шын мәнінде дирижер болу – құр таяқша ербеңдету емес. Дирижер қызметінің маңызын, осы бір бекзат өнердің құдіретін оған анықтап зер салғанда ғана ұғынып, бағалауға болады.

Осы тұрғыда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен жарияланған «Жастар жылы» аясында жақында ғана «Отырар сазы» оркестрімен (көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева) концерт қойған Мүсілім Әмзенің дирижерлік шеберлігіне сүйсінгеніміз рас. Алдында отыр­ған қаншама музыканттың өзара үйлесе, жымдаса өнер көрсетуін қамтамасыз ету ғана емес, саз аспаптарының әрбірінің шығарманың қай тұсына қаншалықты қатысуын қадағалау, ұжымдық қимылдың жүйелілігін сақтау дегеніңіз – былайғы адам үшін «миды ашытар математика» болса, «сиқырлы таяқша» иесі үшін – тұнып тұрған лирика тәрізді. Мүсілімнің орындалып жатқан шығарманың қайсыбір тұсында оркестрдің бір тобын қолымен қолпаштай, алақанымен аялай дем берген секілденуі, екінші бір легін ерекше құлшынысқа шақырғандай екпіндете жігерлендіруі оркестр жұмысына ортақ сипат беріп, туынды тұтастығына ұласады. Кейде дирижердің сәнді қимылына, қажет тұстарда көрінетін экспрессиясы мен эмоциясына, шығарма табиғатын жүрегімен сезініп, жан-дүниесімен ұғынып, ішіне өзін ұмыта еніп кеткендегі болмысына қарап, оны осы бір өзгеше өнер сахнасының саңлақ бишісі екен деп те қаласыз.

Бірде журналистер Мүсілім Әмзеден: «Оркестрдегі соншама адамның ішінен біреуінің ілеспей қалғанын сезуге бола  ма?» – деп сұрапты. «Әлбетте! – депті ол. – Дирижер сол үшін де керек қой. Оркестр құрамындағы музыкалық аспаптардың бірінің дыбысы қандайда бір  себеппен заматында шықпай қалса, маған міндетті түрде сезіліп те, көрініп те тұрады. Менің бір міндетім – сондай кемшіліктің болмауын қадағалау». Ол үшін дирижер оркестрдегі әр аспаптың орындаушылық мүмкіндігін жақсы білуі керек.

Мүсілімнің концертін тамашалағанда байқалатыны – оның шығарма табиғатын тани білетіндігі, әр компо­зитордың туындысын жақсылап зерттеп-зерделеп алып, оның мінезін ұғынуы, әрқайсысына тән ішкі образды аша білуі. Оның оркестрлік шешімді дөп басып табуы, өзіндік трактовкаға батыл бара алуы – осы шеберліктен келіп шығады. Композиторды толғандырған түпкі идеяны түсіну бар да, сол туынды бойындағы бүкіл сөл, түгел нәрді шашау шығармай, бабымен басқара біліп, тыңдарман жүрегіне жеткізу бар. Нұрғиса Тілендиевтің «Ордабасы» поэмасындағы – салтанатты пафос, Базарбай Жұмания­зовтың «Серпініндегі» – жалынды жігер, «Алпамыс» балетінен «Тайшық ханның қуаныш биіндегі» (авторы Арман Жайым) – ойнақы шадыман хал, Әсеттің «Мақ­палындағы» кешкі самалдай сырлы наз және т.б. – оркестр орындауында жарасым тауып, жан сергітеді. Музыканың оркестерге лайықталып өңделуінде, бүкіл аспаптар қатысуымен орындалуында аңғарылатын ғажап үйлесім, керемет келісім – талай рет төгілген маңдай тердің, дирижердің тынымсыз еңбегінің жемісі.

Біздің өнердегі тұлғалардың біразында тек өз бағытынан басқаға мойын бұрмаушылық, шектеулілік бар. Классикалық музыка майталмандары ұлттық саз өнерінен бейхабар болып, эстрада жанрында еңбек етіп жүргендер операдан мақұрым екенін байқатып алады. Ерекше атап өтетін нәрсе: М.Әмзе – білім-білігі жөнінен қай жанрда да қамшы салдырмайтын жан-жақты сирек майталмандардың бірі. Ол кезінде «Мәңгілік сарын» атты домбыра күйлері антологиясының, «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі», «Шаһ­нама» секілді антологиялық жинақтардың құрас­тыру­шысы, «Қазақстанның музыкалық мұрасы», «Қазақстан­дағы этностардың музыкалық мұралары» антологиялық жинақтарының музыка  редакторы болған. Құр­манғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрімен «Ғасырлар  пернесі», Нұрғиса Тілендиев  атын­дағы академиялық фольклор­лық-этнография­лық оркестрімен «Сыр­лы  сарын», 2013 жылы «Сырлы саз», «Аң­сау», «Гүлден, елім», ҚР Мем­лекеттік акаде­миялық симфониялық оркест­рімен «Тари­хын тасқа таңбалап» атты жеке концерттерін өткіз­ген.

Өнер адамының дарынын даралай, қабі­летін ұштай түсетін нәрсе – тәжірибе. Мүсі­лім Әмзе – өзінің тынымсыз ізденгіштігінің арқасында алыс-жақын шет мемлекеттерде жан-жақты тәжірибеден өтіп, шеберлігін шыңдай түсіп жүрген жігіт. Қазірдің өзінде едәуір жетістікке жетіп, ел сүйіспеншілігіне бөленген, «майталман маэстро», «дирижерлік өнердің виртуозы» атанып жүрген талантты бауыры­мыздың бұл табысқа тоқмейілсіп, тоқтап қал­масы анық. Ендеше, жақсы концерттің жалғасын күтеміз.

 

Сәкен СЫБАНБАЙ, 

АЛМАТЫ АҚШАМЫ, 12.03.2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>