КЕМЕЛ ДАРЫН ИЕСІ

Күй десе, күйші десе елең ететін әдетіммен Орал қаласында тұратын Едіге Нәбиев ақсақалдың атын естіген бойда, тартқан күйлерін тыңдауға асықтым. Көне күйшілер салған сырлы соқпақтың салтын бұзбай, сұлу сазын жоғалтпай келе жатқан санаулы күйшінің сардары екен.

Алғаш тыңдаған күйімен-ақ ескі күйлерді өзгеше өрнектеп, өзіндік мәнермен тартатын қа­сиеті баурап алды. «Көркем ха­ным», «Қоңыр ала», «Айнам қал­ды» сынды байыпты күйлерді байсал қағыспен, ерекше баппен тартты. Есті дыбысы мен өзгеше өрнегі жадымызға жатталып қалды. Оралдық дос-жаранға сұрау салып, мән-жайын біліп, телефонмен тілдестік. Мақсат – жыл сайын өтетін «Астана-Ар­қау» дәстүрлі түркі музыкасы фестиваліне қонақ ретінде шақыру. Жақын танысып, сұра­сып-білісіп, күй өнерінің сан қыр­лы қат­парынан сыр ақтарса деген ой. Сөйлескен заматта айтқаны «Інім, көңіліңе рахмет, алдымызда Өтеген Жұмашұлы деген күйші ақсақалымыз бар. Өтағаң тоқсанға таяды, жазып ал­саңыздар – дайын қазына. Әуе­лі жол сол кісінікі, насихат ке­рек болса, күйшіні дәріптеу мақсат болса – Өтеген ақсақалды шақырыңдар» деп інілік ізет пен қазақы әдептің әдемі үлгісін көр­сетті. Өтеген атамыз болса, ден­саулығын алға тартып, ұзақ жолға шыға алмайтынын айтып, «барса, Едіге ағаң барсын» деді.

Ағамызбен Астана төрінде жолығып, екі-үш күн әңгіме шер­тіп, күмбір күй тыңдап, шер тарқатқан әдемі күндер естелік бо­лып қалды. Тарихқа жүй­рік­тігін, күй аңыздарын талмай ай­татынымен қатар домбыра жасай­тын кәнігі шебер екенін сол жолы білдік. Асылы, ертедегі өнерпаздың көбі аспабын өзі шауып, қалаған ағаштан түйін түйіп, ішегін де өзі шиырып, ыңғайына барынша бейімдеп отырмаушы ма еді! Сол дәстүрді бүгінге жеткізуші көнекөз күй­шінің бірі. Едіге ағамыздың өзі жасаған аспабын шертіп көрдік. Ағамыз домбыраны теріс ұстауына байланысты ішегін тиек тұсынан ауыстырып салады екен. Тілі шешен, сайрап-ақ тұр. Әшекей-өрнегі де жарасымды. Жайық өңіріне аты жайылған шебердің домбырасын арнайы келіп, қалап алып кететінін талай күйші сөз еткен. Маңғыстаудың маңмаңгері атанған Сержан Шәкірат ақсақалмен екеуі сол фестивальдың сәнін келтірді. Қашан көрсеңіз, Сержан күйшінің қасынан бір елі шықпай, домбырасын алып жүріп, ілтипат көрсетуі көбімізге ой салып еді.

Сол жолы құлақ құрышын қан­дырған сырбаз күйшінің ерек­шелігі – домбыраны солақай ұстауы мен күй әуенінің желісін үзбей, қағысты нық қағуы, (ша­лыс перне атымен жоқ), ды­­бысты әдейі үзілдіріп, оң қол сау­сағындағы дыбыстық әшекейдің дәл мөлшері, күйге байланысты әр пернені ерекше тербей тартуы. Бағзы мәнер, былқыл дыбыс, артық қағыссыз жұмсақ шер­тіс. Табиғатынан күйдің жылдам тартылуына мүлде қар­сы екенін, алдын көрген күй­шілердің ескертпесі көбіне тез ой­науға қатысты болатынын тілге тиек еткен. Әкем мен ағам үйреткен күйлердің ұнағанын ғана алдым дейді. Бүгінде күйдің қоспасы көп, тасыр-тұсыр жұлқи тарту, немесе көпке жағыну басым екенін қынжыла айтты. Күйді ғибрат әңгімесімен қабат өріп отырады. Тарихи деректерге қатысты біршама жайттардың шетін ағамыздан тыңдадық. Со­ның бірі елге белгілі күйші Мұхит Айтқалиев туралы. «Бала Мишка» күйінің аудионұсқасын тыңдатты. «Авторы да, орындау­шы да Мұхит атамыздың өзі. Шешесі татар, яғни, татарға жиен, әкесі ертеректе қайтып, өзі балалар үйінде өсті. Асырап алған кісілердің тегін алған. Әуен татардікі, қосылып айтатын сөзі болатын. Бала дегенді татар­ша малай десе, Мишка деген бала татарша билейді дегені. Негізі, «Малай Мишка» дұрыс, қазақшаға ауысқанда «Бала Мишка» аталды. Оны Нұрғиса ағамыз тартып жүрді. Бізге де­йінгі үлкендердің әңгімесі осылай. Мұхаңның тумалары әлі бар, анықтап сұрауыңа болады» деп сөзін бір қайырып еді ағамыз.

Батыс өңірі күйшілік дәстү­рінің биязы күйлерін нақышына келтіре тартатын кемел күйші – бүгінде Алматыға жиі келетін, мәдени шаралардың бел ортасында жүретін сыйлы ақсақалдың бірегейі. Осы жолы ағамыздың репертуарындағы барлық күй­ді сарқып жазып алдық. Ора­сан олжа, ортаймас қазына! Ке­лешекте дала күйлерін саф күйінде тыңдай алатын жас ұрпақ үшін адастырмас темірқазықтай жарық бағдар болатын-ақ дүние. Халық күйі «Ақсақ құлан», Абыл мен Соқыр Есжанның күй­лері, Құрманғазының «Ала­тау», «Бай­жұмасы», Махам­беттің «Шіл­терлі терезе», Дәулет­керей­дің «Құдаша», «Аңшылық», «Жең­гем сүйер», «Көркем ханымы», Әлікейдің «Қоңыр ала», Ақ­би­кештің «Айнам қалды», Ер­ға­лидың «Қоштасуы» сынды сұлу да сылқым күйлер «Ба­тыс Қазақстанның дәстүрлі музы­калық мұрасы» антологиясына күйші Едіге Нәбиевтің орындауында енді.

Мүсілім ӘМЗЕ,

күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінің дирижері

«Егемен Қазақстан»,

9 сәуір, 2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>