1901 жылы 7 қазанда Киев қаласында туған дирижер-композитор Леонид Шаргородскийдің Қазақстандағы шығармашылық қызметі туралы жазған авторлар көп емес. Замандастары А.Жұбанов бірнеше мақаласында арнайы тоқталып, ілтипатпен атын атап өтсе, Л.Хамиди еңбектерінен де оның есімі ара-тұра ұшырасады. Әдейі арнап жазған мақала тек Бисенғали Ғизатовтың «Академик Ахмет Жубанов», «От кюя до симфонии», «Казахский оркестр имени Курмангазы» еңбектерінде кездеседі. Әуелгі екі кітапта бір мақала түгелге жуық қайталанса, соңғы кітапта толықтырып жазған.
Қазақстанға дейін 1936 жылы Грозныйда ашылған «Шешен-Ингуш ән-би ансамблінің» жетекшісі болып жұмыс істегені туралы мәлімет те кездеседі. 1939 жылы СССР Совнаркомның өнер ісі жөніндегі комитетінің жолдамасымен Қазақстанға келіп, республиканың симфония оркестріне бас дирижер, кейін Жамбыл атындағы филармонияның көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметінде болды. Ахмет Жұбановтың «Ән-күй сапары» кітабындағы «1938 жылы Л.Шаргородскийдің басқаруында Алматыда үлкен симфониялық оркестр құрылды. Ол А.Зильбердің сол жылы жазылған «Қайта туған Қазақстан» атты симфониясын орындаудан бастап, қазақ тақырыбындағы көптеген симфониялық шығармаларды орындады. …бұл коллектив …бүкіл Орта Азия мен Қазақстанға белгілі көркем топ болып алды» деген сөздерден ол басқарған оркестрдің деңгейі жоғары болғаны көрінеді.
1939 жылдан бастап опера және балет театрының оркестріне дирижерлік етсе, 1942 жылдың соңында қазақ оркестрінің бас дирижері қызметіне шақырылған. 1944 жылы Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік оркестрінің 10 жылдығына орай ҚазССР Жоғарғы кеңесі президиумының қаулысымен «ҚазССР еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағын алған. 1944-1957 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында ұстаздық етті. Ұстаздық қызметте жүріп қазақ оркестрінде Ғабдұлман Матов, Мәлік Жаппасбаевқа, кейін Нұрғиса Тілендиев, Фуат Мансұров, Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабеков, Мәлгеждар Әубәкіров сияқты жастарды тәрбиеледі.
1942 жылдан Алматы қаласында тұрған. Шаргородскийдің жетекшілігімен оркестрдің кәсіби деңгейі өсті, оркестр репертуары Бетховен, Глинка, Дворжак сияқты шетел композиторларының классикалық шығармаларымен молайды. Оркестр музыканттарының квалификациясын көтеру үшін қос композитор жеке сабақ жүргізіп, дыбыс тазалығы мен ансамбльдік ойын, орындаушылық мүмкіндіктердің жаңа түрлерін меңгерген. Мұның бәрі оркестрдің кәсіби деңгейін ұштады, жаңаша тембрлік бояу табуына, шығармашылық өсуіне септігін тигізді. Бұл жөнінде Ахмет Жұбанов «Ұлы Отан соғысынан кейін… оркестр репертуары енді жыл санап байыды. Бұл жөнінде оркестр жұмысына осы кезеңнен бастап атсалысқан, Қазақстанның аға композиторының бірі – Сергей Шабельскийдің еңбегін атап айту керек.
…Шаргородский оркестрде 1941 жылдан бастап, он жылдан артық уақыт қызмет істеді. Сол жылдар ішінде оркестрдің орындаушылық мәдениетін көтеруге ол елеулі еңбек сіңірді» деп жазады.
1944 жылы Абай атындағы опера және балет театрында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсының премьерасын, ал 1946 жылы «Жамбыл мен Айкүміс» операсы премьерасына дирижерлік етті. 1944 жылы Ташкентте өткен Орта Азия және Қазақстан музыка өнерінің онкүндігінде М.Төлебаевтың «Қазақстан уветюрасы» атты тұңғыш симфониялық шығармасының да алғашқы дирижері – Л.Шаргородский. Дирижер ретінде дәуірлеген, халық қошеметіне бөленген тұсы да осы театрда қызмет еткен кезеңі екен.
«Леонид Матвеевич Қазақстанға келген алғашқы күннен бастап қазақ музыкасы мен қазақ музыка коллективтерін, филармония солистерін аса қызығушылықпен зерттей бастады. Қазақ ұлттық оркестрі, қазақ мемлекеттік капелласының даму жолына, сонымен қатар Жамал Омарова, Шара Жандарбекова, Жүсіпбек Елебеков сынды көрнекті қазақ артистерінің шығармашылық өсуіне зор ықпал етті. Әсіресе, қазақ ұлттық оркестрін мейлінше жақсы көріп, аз уақыттың ішінде оркестрге тән ерекшеліктерді тез танып, ерекше ықыласпен бірнеше концерттік бағдарлама жасап шықты. …Халық композиторы Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», «Қайран шешем» тәрізді оркестр үшін аса қиын бірнеше күйлеріне асқан шеберлікпен тамаша дирижерлік етті. Филармонияда А.Жұбановтың «Сары» және С.Көшекбаевпен бірге жазған «Сейтек» сияқты тұңғыш бірактілі музыкалы пьесаларын сахналауға белсене қатысып, жетекшілік етті әрі алғашқы дирижері болды. Қазақ ұлттық оркестрі үшін жазылған А.Жұбановтың «Абай» атты бірінші сюитасын дайындап, көпшілікке ұсынған Шаргородский еді. Л.Шаргородский жаңа құрылған қазақ ұлттық оркестрін бірінші рет терең һәм тиянақты зерттеген жалғыз кәсіби білікті дирижер. …1942 жылдың маусым айында Фрунзе қаласында өткен Орта Азия республикаларындағы совет музыкасына арналған декадада ойналатын қазақ концерті бағдарламасын әзірлеп, Штейнберг, Зильбер, Жұбанов, Хамиди, Шабельский сияқты композиторлардың көлемді шығармаларын көрсету Шаргородскийдің үлесіне тиген. Жергілікті баспасөз табысты концертті атап өтті. СССР мемлекеттік музыка коллективтері дирекциясы Л. Шаргородскийді Құрмет грамотасымен марапаттады.
…Аспапқа бөліп жазу жөнінен айтары өте көп еді. Леонид Матвеевич әркез Жаппас Қаламбаев, Мәлік Жаппасбаев, Ғабұлман Матов, Смағұл Көшекбаев тәрізді жас композиторлармен қызу әңгіме құрып, олардың ән-күйлерін оркестрге ыңғайлауға көп уақыты кетті. Қазақтың жас композиторы Мұқан Төлебаевпен тығыз шығармашылық байланыс орнатып, білгенін үйретуден жалықпаған Шаргородский, оған дирижерлік шеберлік, партитура оқу және аспаптандыру сабағы бойынша қосымша дәріс берді» деп жазады Латиф Хамиди оның қызметі туралы. Леонид Шаргородскийдің жетекшілігімен аталған филармонияда Қазақ ССР халық артистері Шара Жиенқұлова мен Жамал Омарованың ансамблі ұйымдастырылды. Қазақ музыка мәдениетіне қосқан зор үлесі мен орасан еңбегі үшін 1949 жылы Сталин сыйлығына ұсынылған.
Л.Шаргородскийдің дирижерлік шеберлігі туралы А.Жұбанов өзінің «Өскен өнер» атты кітабында «Сахнадағы әншілер, шырқ айналып ұшып жүрген бишілер – төменде отырған оркестр, бәрі де көп дауысты музыкада бәрін қолға қалай бағындырудың не екенін Шаргородскийдің дирижерлық таяқты сілтеуінен анық түсінетін» деген екен.
Қазақ күйлерінің табиғатын терең сезінбеген дирижер оның сырлы сазы мен ұлттық ерекшеліктерін тап басып, ашып көрсете алмайды. Әуен ырғағымен ілесіп жүріп, оркестр жетегінде кетуі мүмкін, бірақ өзі иіріп әкетпейді. Ондай шығарма көптің көңіліне жете де бермейді.
«…Кезінде Құрманғазы атындағы оркестрдің дирижері бола жүріп, Л.Шаргородский осы күйлерді («Кішкентай», «Топан») өзінше талдап, өз түсінігі бойынша оркестрге орындатты. Оның күй екпінін баяулатып созғаны сонша, тіпті, шығарманың бүкіл мазмұны өзгеріп кетті. Бір ғажабы – сол күйлер осы күнге дейін баяғы қате интерпретациямен орындалып келеді» деп А.Жұбанов дирижердің жақсы жақтарымен қоса көңілі толмайтын тұстарын да жазып отырған.
Шаргородскийдің әріптесі Шабельскиймен түрлі жанрда бірлесе жазған шығармаларының тізімі мынадай: симфониялық оркестр үшін қазақ әуендеріне жазылған сюита, симфониетта, қобыз бен фортепианоға арналған соната, «Наш город» вальсі, қазақ оркестріне арналған «Алатау» поэмасы, «Грузин фантазиясы», «Орыс әуендеріне жазылған фантазия», «Тойбастар» поэмасы, үрмелі оркестр үшін «Комсомол маршы», тромбонға арналған қазақ әуендерінен концерт. Л.Бетховенның №1 симфониясы мен Маршы, М.Глинканың «Вальс-фантазия» мен «Камаринская», С.Рахманиновтың №6 прелюдия, М.Мусоргскийдің «Гопак», Глазуновтың «№6 концерттік вальс», А.Дворжактың «Славян билері» мен Ж.Бизенің «Кармен» операсының ІV бөліміне антракт, А.Бородиннің «Орта Азияда», П.Чайковский «Черевички» операсынан запорож биі, Э.Григтің «Көктемде» шығармаларын Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрі үшін арнайы өңдеген.
1944-1945 жылдары Одаққа тапсырған қағазында «Қазақ поэмасы» – симфония және қазақ оркестрі үшін; «Жамбас сипар», «Бурылтай», «Қуанамын», «Қыздар-ай», «Илигай», «Аққұм», «Жаяу Мұса» әндерін оркестрге өңдеу; Ж.Бизенің «Кармен» операсынан антракт – қазақ оркестрі үшін; «Амангелді» операсының үшінші картинасын оркестрлеу; Брусиловский, Төлебаев, Ерзакович және әуесқой композиторлар Байболатов, Әбіров, Жаппасбаевтардың бірнеше әндерін өңдеу және оркестрлеу; екі оркестр үшін Жұбановтың «Москва», «Тәжік билері», «Терме», «Қарлығаш», «Ақшолпан» оркестрге енгізу деп жазады.
Жұбановтың «Творчество адамдарында бола беретін балалық сияқты кездейсоқ бір жағдайлармен Шаргородскийдің республикамыздан кетіп қалуы өкінішті-ақ жағдай болды» деген сөзінен неліктен 1957 жылдан кейін ешқандай құжат бетінен Шаргородскийдің есімін көрмейтініміздің себебі белгілі болды.
Әйгілі шешен композиторы Саид-Эми Димаев алғаш музыка колледжіне 1957 жылы Л.Шаргородскийдің класына қабылданғаны туралы айтылған. Демек, осы жылы Грозный қаласындағы музыка колледжінде сабақ берген. 1978 жылы Грозный қаласында дүниеден өткен ҚазССР еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор, дирижер Л.Шаргородскийдің өмірінің соңғы жиырма жылы қалай өткені әзірге белгісіз.
Мүсілім ӘМЗЕ,
дирижер
«АЙҚЫН» газеті,
11 мамыр, 2019