АЛАТАУДЫҢ АҚИЫҒЫ

Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филар­мониясының Үлкен залында белгілі жазушы, журналист, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлының 90 жасқа толуына арналған салтанатты жиын өтті.

Тәуелсіздікке дейін, сонау «ұлы» деген сөзді «ұлтшылдық» деп түсінетін кеңестік кезеңнің өзінде-ақ ұлттық намыстың алдас­паны болып жарқылдап, қоғадай жапырған тегеурінді темір жүйеге ішкі қарсылығын «Қыдырбекұлы» деген атпен қаймықпай білдірген таны­мал қаламгерге тағзым 90 жыл­ды­ғымен байланысты өріс алды. «Социалистік Қазақстан» газе­тіне қатардағы тілші болып келіп бас редакторға дейінгі бар­лық қызмет сатысынан өткен, Жо­ғарғы Кеңеске екі мәрте депу­тат, Қазақстан Журналистер ода­ғының төрағасы болған, талай жур­налисті тәрбиелеп шығарған ұс­таздың есімін ұлықтау шара­сын Мәдениет және спорт ми­нис­трлігінің қолдауымен Мем­лекеттік филармония мен Қазақ­стан Композиторлар одағы ұйым­дастырды.

Халқымызды Қарасай, Қа­зы­бек, Наурызбай секілді та­ри­хи тұлғалармен табыстыру­да бір адамдай тер төккен Б.Қы­дыр­бекұлының еңбегін елі әлі ұмыта қойған жоқ. Дербестіктің дәмін жаңа татып тұрып «Жер сатуға болмайды, сақтан, жұртым!» деген де шындықтың жүзіне тура қарап өткен қазақтың қайсар ұлы болатын. Еліне адал перзент­ке ұлағатты құрмет көрсету – тірі­лердің парызы. Мәдениет жә­не спорт министрі Ақтоты Ра­йым­құлованың құттықтауын Құр­манғазы атындағы ұлттық кон­серваторияның ректоры, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері Арман Жүдебаев оқып берді. Бүгінде жасы 100-ге келген ел га­зеті «Егемен Қазақстанмен» ете­не байланыста, құрдас болып қанаттасып ғұмыр кешкен Бал­ғабек Қыдырбекұлының 90 жылдық торқалы тойына бас ба­сы­лымның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі де сахнадан өз жү­рекжарды лебізін жолдады.

Кеште Балғабек Қыдырбекұлы мен Балнұр Қыдырбектің шы­ғармалары орындалды. Сал­та­натты кеш Қазақстан Компо­зи­­торлар одағының төрағасы, Мем­лекеттік сыйлықтың лау­реа­­ты Балнұр Қыдырбектің сү­­йікті әкесінің аруағына ба­ғыш­тап жазған «Балғабек» ат­ты симфониялық күйімен ашыл­ды. Дирижер Мүсілім Әмзенің жетекшілігімен Мем­ле­кеттік симфониялық оркестр сү­йемелдеген шығарма әкеге деген сағыныш пен аңсауды сахнадан төгілтіп тұрғанда, талай адамның көкірегінде Алатаудың бекзада Балғабегінің бейнесі күлімсіреп қайта оянғандай күй кешті.

Балғабек Қыдырбекұлы аға басылымға басшылық жа­сауы­мен бірге, өткір-өткір фельетон­дар, сын-сықақ, сатиралық шы­ғармалар жазған, «Ешкімге айтпа», «Шайтанның шатағы», «Қара сандық», «Маздаған шы­рақ», «Ұры­ның еншісі», «Ақ­па құлақ», «Ақы­мақтың миы» се­кілді бірнеше жи­нақ­тар шы­ғарған. Жазушы шы­ғарма­шы­лығынан басты орын ала­тын оның осы сатиралық си­паттағы шығармаларын орайы­мен еске алып, салтанатты кеште сәті­мен пайдаланылғаны кештің ұтымды тұсы болды. Талай сахна саңлағын шыңдап жүрген белгілі драма шебері Ерғалым Төкеев орындаған қысқа интермедиядан Б.Қыдырбекұлының бодан болып жүрген кездегі құлдық са­на көрінісін қалай әжуалағаны көрінді. «Алғаш мені басшы қызметке ұсынғанда, осы омалып қалған «овты» алмағаныма да қораға түскен ұрыдай кінәлі болғаным бар. Орталық Комитет бюросында «Мынау қазақ газе­ті­нің қалай редакторы болмақ, әзер­байжан емес пе?» деп сол кез­дегі хатшының бірі Мельник қойып қалған. Сонда қазақ атымен өскен, «білгір» қазақтың бі­рі: «Жоқ, бұл ядовитый деген сөз» деп жібергені. «Улы редактор болады десеңші» деп күлді басқалары. Жанындағыдан түсінік алған Мәскеуден келген бастық бір көзін аса қарап, бір көзін ба­са қарап «бұдан ұлт­шылдық исі шығып тұрған жоқ па»?» деп едірейіп-әкірейіп шыға кел­ді. Сөйтіп бюродан белі кеткен жылқыдай қиралаңдап зорға өт­тім…». Айғайлап айта алмайтын тар заманда азаматтық үнін сыналатып сатираға сыйдырған әдебиет сайыпқыраны нағыз ұлт­шыл, ұлтжанды ұл екенін ешқа­шан бүгіп қалмаған. Бәрін де бір тарының қауызына сыйдырған кеңестік кезеңнің өзінде ноқтаға басы сыймай тегіндегі «ов» деген жалғаудан бас тартқан мұндай батыр мінездің барлық буын мен ұрпаққа бірдей жарасымды болатынын салихалы кештің та­ғылымы анық ұғындырды.

Композитор Балнұр Қыдыр­бектің «Қалқаман-Мамыр» опе­­ра­сынан «Мамыр» ариясын орын­даған Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Гүлзат Дә­уір­баеваның, «Көкенай» ариясын шырқаған Ілияс Артығалиевтің, «Қалқаман» ариясын әуелеткен Дархан Жол­дыбаевтың диапазоны кең дауысы зал ішін кер­ней, әр кеу­деге мөлдір шық болып қонақтап жатты. Қа­зақ­­станның еңбек сі­ңір­ген қайраткері Мүсілім Әмзе дири­жерлік ететін Мемлекеттік сим­фо­ниялық оркестрі, сондай-ақ көркемдік жетекшісі және бас дирижері Б.Демеуов басқаратын Б.Байқадамов атындағы хор кап­пе­ласының өнері де қаламгерге арналған кештің көркемдігін арттыра түсті.

Б.Қыдырбектің күрделі сим­фо­ниялық шығармаларының бірі «Реквием», сөзін ақын Тұ­ман­бай Молдағалиев жазған осы «Рек­виемнің» V-ші бөлімі «Et resurrexit – Балғабекті» Абай атындағы опера және балет театры­ның бір топ әртісінің ака­де­миялық орындауына көрер­мен дуылдата қол соқты.

Әр кештің өз ғибраты бар. Салтанатты жиынның көпшілікті риза етіп, рухын оятқан әсерлі кө­ріністерінің бірі – деректі фильм таспасынан Балғабек Қыдыр­бекұлының қайраткерлік қасиетін айғақтай түсетін 1992 жылдары Жоғарғы Кеңестің депутаты болып жүрген кезінде айтқан сөзін бүгінгі күн тұрғысынан ерлікпен пара-пар бағалауға болатындай. Азаттықтың ақ таңының енді ғана сібірлеп атып келе жатқанына қарамастан, Парламент төрінен ел мен жердің тағдырына алаң­дап, қарағайға қарсы біткен бұ­тақтай азаматтық ойын ашық білдіруі оның тілін тек шындық үшін тө­сейтін турашылдығының дәлелі іспетті. «Құрметті депутаттар! Көр­ші мемлекеттер «Өз­бекстан Рес­публикасы», «Қыр­­ғызстан Рес­публикасы» деген атауды қалап алды. Осы тұр­ғыда біздің мемлекетіміздің Қазақстан Республикасы деп аталуы туралы ұсынысына кө­ңілім жатпай тұр. Себебі былай. Басқаны қойғанда ондаған жылдар бойы өзіміздің бауырымыз болып саналып келген одақтас республикалар тұр­ғын­дары да Қазақстаның не, Қырғызстаның не, Тәжікстаның небәрі бірдей болып, ажырата алмайтын. Америка Құрама Штаттары мен Еуропа елдері бізді әлі де Россия бөлшегі ре­тінде қарайтыны жасырын сыр емес. Кімнің кім екенін біл­мей, бәрімізді шатастыратыны күмән туғызбайды. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан, Түрікменстан, тағы Ауғанстан мен Пәкістан, Үндістан бар, СУАР дейтін Шығыс Түркістан, өзін Аястан дейтін Армения бар… Өркениетті мемлекеттермен тере­земіз тең болсын десек, мемлекет атауын нақтылы қоюдан бастайық. Бес ғасыр бойы ежелгі атауымыз Қазақ хандығы болды. Осыған сүйеніп, елімізді «Қазақ Республикасы» дейік. Қазақ – мемлекет негізін қалаған ұлт атауы, ал республика – мемлекеттің Конституциялық құрылысының белгісі» дейді тәуелсіздік енді ғана тәй-тәй басқан тар уақытта азаматтық ірілікпен атой салып.

Бар саналы ғұмырында қара сөзге қамшы басып, қазақы болмысына қылау түсірмей өткен ардақты ұл Балғабек Қы­дыр­бекұлы сол Жоғарғы Кеңестің төрінен «министр мыр­залар, міндеттеріңізді адал атқарып, нандарыңызды адал жеңіздер» дейтін атақты сөзімен алқалаған жұртына жақсы заманның жал­ғыз ғана кепілі ұлтын сүйіп, еліне қалт­қысыз қызмет қылу еке­нін тұң­ғиығы терең жанарымен білдіріп, мазмұны терең, ма­ғы­налы кешінің жып-жылы әсе­рімен шығарып салды.

«Егемен Қазақстан», 23.09.2019

АЛМАТЫ

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>