АБАЙ АТЫНДАҒЫ МАОБТ ДИРИЖЕРЛАРЫ: ШАРГОРОДСКИЙ ЛЕОНИД МАТВЕЕВИЧ (1901-1978)

УДК 786.1(07)

Мүсілім ӘМЗЕ,

Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының PhD докторанты, musamze@gmail.com

Мақалада Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының симфония оркестрінің және Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері, композитор Шаргородский Леонид Матвеевичтің шығармашылығы сөз болады.

Тірек сөздер: дирижер, оркестр, театр, қазақ операсы, қазақ музыкасы.

Кіріспе. Қазақ кәсіби музыка мәдениетінде ерен еңбек сіңіріп, айтулы із қалдырған дирижер, композитор Леонид Матвеевич Шаргородский 1901 жылы 7 қазанда Украинаның Киев қаласында туған. Ұлты еврей. Атасы аспап жасаушы шебер, әкесі скрипкашы-дирижер болған. Киев қаласындағы түрлі театрларда жұмыс істеген. Алғаш музыка сауатын әкесі ашса, кейін скрипкашы А.Лукашевскийден сабақ алған. 1914-1917 жылдары Ленинград консерваториясының скрипка класында П.Коханьский мен М.Г.Эренкодан дәріс оқып, осы жылдары Ленинград қаласындағы түрлі өнер ұжымдарында музыкант болып қызмет еткен. 1917-1920 жылдар аралығында Киев театрында музыкант болып жұмыс істеген. 1922 жылы Киев консерваториясын скрипкашы, дирижер Н.Б. Скоморовскийдің класынан бітірген.

1920 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, 1924-1930 жылдары Москва қаласында дирижерсіз ойнайтын бірінші симфония ансамблі «Персимфанс» оркестрінің музыканты, 1924-1939 жылдары СССР Мемлекеттік академиялық Үлкен театр оркестрінде альт тобының концертмейстері әрі оркестр дирижері болған. Осы жылдары В.И. Сук, Р.М. Глиэр, Н.С. Голованов, С.А. Самосуд, Л.П. Штейнберг, А.В. Гаук сияқты әйгілі дирижерлардан тікелей әрі жанама сабақ алған. Қосымша түрлі қалаларда дирижерлік жұмыс атқарған. Армия Орталық мәдениет сарайы мен Әзірбайжан мемлекеттік симфония оркестрімен дирижерлік еткен. Қазақстанға дейін 1936 жылы Грозныйда ашылған «Шешен-Ингуш ән-би ансамблінің» жетекшісі болып жұмыс істегені туралы мәлімет Шешен мемлекеттік филармониясының сайтында жазулы тұр.

Л.Шаргородскийдің Қазақстандағы шығармашылық қызметі туралы жазған авторлар көп емес. Замандастары А.Жұбанов бірнеше мақаласында арнайы тоқталып, ілтипатпен атын атап өтсе, Л.Хамиди еңбектерінен де ара-тұра есімі ұшырасады. Әдейі арнап жазған мақала тек Бисенғали Ғизатовтың «Академик Ахмет Жубанов», «От кюя до симфонии», «Казахский оркестр имени Курмангазы» еңбектерінде кездеседі [1, 2, 3]. Әуелгі екі кітапта бір мақала түгелге жуық қайталанса, соңғы кітапта толықтырып жазған.

1939 жылы СССР Совнаркомның өнер ісі жөніндегі комитетінің жолдамасымен Қазақстанға келіп, республиканың симфония оркестріне бас дирижер, кейін Жамбыл атындағы филармонияның көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметінде болды. «1938 жылы Л.Шаргородскийдің басқаруында Алматыда үлкен симфониялық оркестр құрылды. Ол А.Зильбердің сол жылы жазылған «Қайта туған Қазақстан» атты симфониясын орындаудан бастап, қазақ тақырыбындағы көптеген симфониялық шығармаларды орындады. …бұл коллектив …бүкіл Орта Азия мен Қазақстанға белгілі көркем топ болып алды. Музыкалық пленумдарда, съездерде, онкүндіктерде, фестивальдарда симфониялық оркестр негізгі көркем коллектив болып келеді» деген сөздерден ол басқарған оркестрдің беделі жоғары болғаны көрінеді [4, 338-339]. Төменде келтіретін жеке іс парағындағы ақпарат пен Л.Хамидидің мінездеме мәтіні және сол кездегі архив құжаттарының көбі Шаргородскийдің Қазақстанға келуін 1939 жыл деп көрсеткен. Сондықтан А.Жұбановтың бұл жердегі 1938 жыл дегені әлі анықтауды қажет етеді.

Осы жылдан (1939) бастап опера және балет театрының оркестрімен дирижерлік етеді. 1942 жылдың соңында қазақ оркестрінің бас дирижері қызметіне шақырылған [4, 185]. 1944 жылы Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік оркестрінің 10 жылдығына орай ҚазССР Жоғарғы кеңесі президиумының қаулысымен «ҚазССР еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағын алған. 1944-1957 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында ұстаздық қызмет атқарды. 1950 жылдан осы оқу орнының доценті, кафедра меңгеруші (1953). Ұстаздық қызметте жүріп қазақ оркестрінде Ғабдұлман Матов, Мәлік Жаппасбаевтарға, кейіннен Нұрғиса Тілендиев, Фуат Мансұров, Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабеков, Мәлгеждар Әубәкіров сынды жастарды тәрбиелеген. [4, 191].

Негізгі бөлім. 1942 жылдан Алматы қаласында тұрған. Шаргородскийдің жетекшілігімен оркестрдің кәсіби деңгейі өсті, оркестр репертуары Бетховен, Глинка, Дворжак сынды шет ел композиторларының классикалық шығармаларымен молайды. Композитор С.И. Шабельскиймен екеуі бірлесе отырып оркестрге жаңа шығарма жазумен әрі орыс, батыс композиторларының шығармаларын өңдеумен айналысты. Оркестр музыканттарының квалификациясын көтеру үшін қос композитор жеке сабақ жүргізіп, дыбыс тазалығы мен ансамбльдік ойын, орындаушылық мүмкіндіктердің жаңа түрлерін меңгерген. Мұның бәрі оркестрдің кәсіби деңгейін ұштады, жаңаша тембрлік бояу табуына, шығармашылық өсуіне септігін тигізді. Бұл жөнінде Ахмет Жұбанов «Ұлы Отан соғысынан кейін… оркестр репертуары енді жыл санап байыды. Бұл жөнінде оркестр жұмысына осы әңгіме болып отырған кезеңнен бастап атсалысқан, Қазақстанның аға композиторларының бірі – Сергей Шабельскийдің еңбегін атап айту керек. Ол дирижер Леонид Шаргородскиймен бірлесе отырып, орыстың ұлы композиторы Глинканың «Вальс-фантазиясын», «Камаринскаясын», Бетховеннің бірінші симфониясын оркестрге түсірді. Бұл екеуі сонымен қатар көптеген оригиналды шығармалар да берді («Симфониетта», «Тойбастар», «Грузин фантазиясы» т.т.) Л.Шаргородский оркестрде 1941 жылдан бастап он жылдан артық уақыт қызмет істеді. Сол жылдар ішінде оркестрдің орындаушылық мәдениетін көтеруге ол елеулі еңбек сіңірді» деген [4, 175]. Бұл жерде де құжат бойынша Леонид Матвеевич қазақ оркестріне 1942 жылы келді десе, А.Жұбанов 1941 жыл деп жазған. Ұсақ-түйек нәрсе дегенмен, тағы да айырма бір жыл. Нақтылауды керек ететін дата болғандықтан әдейі назар аудардық.

1944 жылы Абай атындағы опера және балет театрында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсының премьерасын, ал 1946 жылы «Жамбыл мен Айкүміс» операсы премьерасын дирижерлаған [5]. Дирижер ретінде дәуірлеген, халық қошеметіне бөленген тұсы да осы театрда қызмет еткен кезеңі екен. «Ол кездегі (1941-1945 жылдар, М.Ә.) дирижерлер В.Пирадов пен Л.Шаргородскийдің басқаруындағы опера театрының симфониялық оркестрі қойған концерттерге тыңдаушылар көп жиналатын» деген сөйлемнен осыны аңғарамыз [4, 281].

1946 жылы композитор И.С. Шабельскиймен бірге Л.М. Шаргородский «Қазақстан» симфониялық поэма жазды. Бұл шығарма оркестр репертуарындағы жиі ойналатын шығармаға айналды. Қазақ оркестрі Абай әндері мен А.Қ. Жұбановтың «Абай» операсының сюитасын кәсіби меңгеруі үшін Леонид Матвеевич үлкен жұмыс атқарды. 1954 жылы тағы да композитор Шабельскиймен  бірге қазақ халық әуендері негізінде «Симфониетта» және «Алатау», «Тойбастар» сынды симфониялық поэмаларын жазған.

Бұдан өзге қазақ музыка мәдениеті тарихында Л.М. Шаргородскийдің есімі  1944 жылы желтоқсан айында өткен А.Жұбанов пен Л.Хамиди жазған «Абай» операсының  премьерасын өткізген тұңғыш дирижері ретінде қалды. Негізгі жұмыстан бөлек музыка училищесінде, киностудия мен опера театрында қосымша жұмыс істеген. М.Төлебаевтың «Қазақстан уветюрасы» атты тұңғыш симфониялық шығармасын 1944 жылы Ташкентте өткен Орта Азия және Қазақстан музыка өнерінің онкүндігінде алғаш рет Л.Шаргородский дирижерлаған [6, 140].

Сол кездегі әртүрлі қызметке тағайындау туралы бұйрықтардың жиі шығу себебін Л.Шагородский сияқты кәсіби маманның зәрулігінен болса керек деп білеміз. «Жолдас Л.М. Шаргородский Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ұлттық оркестрінің бас дирижері қызметіне бекітілсін» деген 19.11.1947 жылғы ҚазССР МинКеңесі өнер ісі жөніндегі басқарма бастығы С.Ахметов қол қойған №381 бұйрықтың көшірмесі, одан кейін өз еркімен босатылсын деген 14.04.1949 жылғы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы директоры І.Есенберлиннің бұйрығы осы ойға меңзейді.

«1.11.1949 жылдан бастап Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы Құрманғазы атындағы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметіне сметаға сәйкес айлық жалақымен Шаргородский Л.М. тағайындалсын» деген бұйрық шықса (№372 бұйрық), араға аз уақыт салып Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры және көркемдік жетекшісі қызметіне тағайындалып отырған (№237 бұйрық, 23.10.1950).

Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас дирижері қызметінде болғаны туралы «ҚазССР министрлер кеңесінің өнер істері жөніндегі басқармасының 1952 жылғы 21 қазан күнгі №421 бұйрығымен 20 қазаннан бастап Абай атындағы опера балет театрының бас дирижері қызметінен босап, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы симфония оркестрінің бас дирижері қызметіне тағайындалсын» деген құжаттан білуге болады [7].

Қазақстан композиторлар одағына мүшелікке қабылдау үшін Л.М. Шаргородскийдің қоғамдық және шығармашылық қызметі жөнінде  композитор Латиф Хамидидің 1943 жылдың 9 сәуір күнгі жазған қысқаша мінездемесінен ол туралы көп мәліметке қанығамыз.

Мәшіңкемен басылған бұл мінездемені оқып көрелік. «Төрт жылдан бері бірге істеп келе жатқан адам ретінде ол туралы музыкалық және қоғамдық шығармашылығына мінездемелік бірнеше фактты айта аламын. …Леонид Матвеевич Қазақстанға келген алғашқы күннен бастап қазақ музыкасы мен қазақ музыка коллективтерін, филармония солистерін аса қызығушылықпен зерттей бастады.

…Қазақ ұлттық оркестрі, қазақ мемлекеттік капелласының даму жолына, сонымен қатар Жамал Омарова, Шара Жандарбекова, Жүсіпбек Елебеков сынды көрнекті қазақ әртістерінің шығармашылық өсуіне зор ықпал етті. Әсіресе, қазақ ұлттық оркестрін мейлінше жақсы көріп, аз уақыттың ішінде оркестрге тән ерекшеліктерді тез танып, ерекше ықыласпен бірнеше концерттік бағдарлама жасап шықты. Концертте совет және батыс еуропа композиторларының қазақ оркестріне өңдеген шығармаларды ғана емес, халық композиторы Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», «Қайран шешем» тәрізді оркестр үшін аса қиын бірнеше күйлерін асқан шеберлікпен тамаша дирижерлап шықты.

Филармонияда А.Жұбановтың «Сары» және С.Көшекбаевпен бірге жазған «Сейтек» сияқты тұңғыш бірактілі музыкалы пьесаларын сахналауға белсене қатысып жетекшілік етті әрі алғашқы дирижері болды».

«Сейтек» пьесасының авторы Шаргородский деп Латиф Хамиди «Вспоминая о пройденным» атты мақаласында «…две одноактные пьесы «Сары» А.К. Жубанова и «Сейтек» С.Кушекбаева и Л.Шаргородского, которые имели тогда большой успех у зрителей» айтқан [5, 100]. Ал, Б.Ғизатов болса «Сейтек» пьесасының авторы С.Көшекбаев пен С.Шабельский деп көрсеткен [3, 131]. Бірде С.Көшекбаев пен Л.Шаргородский, бірде С.Көшекбаев пен С.Шабельский деп жазылған қарама-қайшы мәлімет. Әзірге бұл түйткіл нақты анықтауды қажет ететін мәселе болып қала бермек. Екінші мәселе – Одаққа қабылдануы жөнінде. Өзі жеке іс қағазында 1942 жылдың 10 қазан күні қабылдандым деп көрсетсе [8], Хамиди мүшелікке қабылдау үшін мінездемені 1943 жылдың 9 сәуір күні жазған. Төрт жылғы (1939 жылдан) барлық жұмысын тізіп жазған Хамиди бұл кезде одақтың ұйымдастыру комитетінде қызмет істейді. Осы деректерден Шаргородскийдің 1942 жыл дегені жаңсақ, дұрысы 1943 жылдың 10 қазаны болу керек деп топшылаймыз.

Мінездеме жалғасы «Қазақ ұлттық оркестрі үшін жазылған А.Жұбановтың «Абай» атты бірінші сюитасын дайындап, көпшілікке ұсынған Шаргородский еді. Л.Шаргородский жаңа құрылған қазақ ұлттық оркестрін бірінші рет терең һәм тиянақты зерттеген жалғыз кәсіби білікті дирижер.

1940 жылдың қаңтар айында Ташкент қаласында өткен Орта Азия филармониялары конференциясына Қазақстан делегациясының мүшесі болып Леонид Матвеевич екеуміз қатыстық. Ол мұнда маңызды ғылыми-теориялық жұмыс атқарды. Оның барлық ұсыныстары конференция резолюциясында мақұлданды.

1942 жылдың маусым айында Фрунзе қаласында өткен Орта Азия республикаларындағы совет музыкасына арналған декада кезіндегі ерен  еңбегін атап өтуіміз керек. Бұл декадада ойналатын қазақ концерті  бағдарламасын әзірлеп, Штейнберг, Зильбер, Жұбанов, Хамиди, Шабельский сияқты композиторлардың көлемді шығармаларын көрсету Шаргородскийдің үлесіне тиген. Ол бұл жұмысқа зор жауапкершілікпен қарап, қазақ музыкасының концертін жоғары көркемдік деңгейге жеткізді. Жергілікті баспасөз табысты концертті атап өтті. СССР мемлекеттік музыка коллективтері дирекциясы Л.М. Шаргородскийді Құрмет грамотасымен марапаттады.

Композиторлар одағы мен филармония ұйымдастырған барлық шығармашылық кештер мен жаңа туындылардың талқылау жиынында Леонид Матвеевич белсенділік танытып, авторлармен жеке кездесіп, ақыл-кеңесін аямайтын. Аспапқа бөліп жазу жөнінен айтары өте көп еді. Леонид Матвеевич әркез Жаппас Қаламбаев, Мәлік Жаппасбаев, Ғабұлман Матов, Смағұл Көшекбаев тәрізді жас композиторлармен қызу әңгіме құрып, олардың ән-күйлерін оркестрлеуге көп септік етті. Қазақтың жас композиторы Мұқан Төлебаевпен тығыз шығармашылық байланыс орнатып, білгенін үйретуден жалықпаған Шаргородский, оған дирижерлік шеберлік, партитура оқу және аспаптандыру сабағы бойынша қосымша дәріс береді.

Екі рет Қазақстан ауылшаруашылық саласын қолдау мақсатында филармонияның концерт бригадасын бастап колхоз, совхоздарға ұзақ мерзімді гастроль сапарын ұйымдастырған.

Осы аталған факттер дирижер, композитор Л.М. Шаргородскийдің Қазақстан композиторлар одағына мүше болуға лайық екеніне айғақ және өз басым мүшелікке өту жөніндегі өтінішін қолдаймын.

Л.ХАМИДИ, Қазақстан композиторлар одағы ұйымдастыру комитетінің мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деп аяқталса, әрі қарай  «Қазақстан композиторлар одағына қабылданған соң, орындаушылық секциясының төрағасы қызметіне бекітіліп, қарқында жұмысын бастап кетті. Композитор А.Жұбановтың есепті концертін тиянақты дайындап, өзі жетекшілік еткен. Бұдан басқа академиялық опера және балет театрындағы дирижерлік қызметін және «Абай» операсын жазуға консультант-дирижер ретіндегі ауқымды жұмысын да атап өту керек» деп қара сиямен қосымша сөзін жазып қалдырған.

Леонид Шаргородскийдің жетекшілігімен аталған филармонияда Қазақ ССРінің халық әртістері Шара Жиенқұлова мен Жамал Омарованың ансамбльдері ұйымдастырылды. Қазақ оркестріндегі қызметі «Оркестрді экзотикалық көрініс деп қараған жоқ. Ұлт оркестрі деп бұған қоятын шартты жеңілдеткен жоқ. Қайта не қиын нәрселерді ерінбей үйретіп, кездейсоқ он алтылық нота жібермей отырды. Бұл кісінің арқасында музыкалық сөйлемнің әдейі бөлінетін кезеңдерін (фразировка) орындаушылар жақсы түсініп қалды» деп жоғары бағаланған [4].

Қазақ музыка мәдениетіне қосқан зор үлесі мен орасан еңбегі үшін 1949 жылы Шаргородскиймен бірге Құрманғазы оркестрі де Сталин сыйлығына ұсынылған екен. Оған дәлел – сол кездегі Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры І.Есенберлин мен көркемдік жетекші, Қазақ ССР халық әртісі, Сталин сыйлығының лауреаты Е.Брусиловскийдің оркестрге берген мінездемесі. Онда Шаргородский туралы «В творческом росте оркестра огромную заслугу имеет его бывшый главный дирижер, заслуженный деятель искусств КазССР Л.М. Шаргородский, ныне работающий в Казгосконсерватории и в Казахском академическом театре оперы и балета им.Абая.

Тов. Шаргородский Л.М. в течении ряда лет кропотливо работал и чутко руководил этим оркестром, педагогически подходя к оркестрантам, сумел подготовить из лучших музыкантов основной актив оркестра, являющегося на сегодняшний день его главной силой и опорой» деген екі сөйлемді оқимыз.

Л.Шаргородскийдің дирижерлік шеберлігі жөнінде А.Жұбанов өзінің «Өскен өнер» кітабында «Жоғарыда көрсетілген «Сары», «Сейтек» пьесаларының музыкасы негізінде сүйемел (аккомпанемент) болса да, соның өзінде көп тәжірибе болды. Өйткені, сахнада ойнап, ән салып жүрген солистке сүйемел беріп отыру, оны не басып кетпей, не одан асып кетпей отыру үлкен еңбекпен ғана болады. Міне, сол еңбектің не екенін де оркестрге Шаргородский көрсетті. Сахнадағы әншілер, шырқ айналып ұшып жүрген бишілер – төменде отырған оркестр  бәрі де көп дауысты музыкада бәрін қолға қалай бағындырудың не екенін Шаргородскийдің дирижерлық таяқты сілтеуінен анық түсінетін» деп жазды [10, 149-150].

Қорытынды. Режиссер Игорь Верещагиннің 1949 жылы түсірген кинолентасында дирижер Л.Шаргородскийдің бейнесін, дирижерлау мәнерін, жұмыс тәсілін көре аламыз. Фильмде дирижер консерватория оркестрімен орыс композиторлары В.Калинниковтың бірінші симфониясы мен С.Рахманиновтың фортепиано мен оркестрге арналған бірінші концертінен (солист Нағым Меңдіғалиев) үзінді көрсеткен. Дауысы жарқын әрі нық, сөзі қысқа да нұсқа, иықты һәм бойшаң, жігерлі, қатал бейнесі мен талапшыл тұлғасынан нағыз төселген шеберді көреміз. «Өзгеге де, өзіне де сыншыл адам, ұлт мәдениетін дамытуда бар күшін сала қимылдайтын адам, жас музыканттардың орындаушылықтың неше түрлі кезеңдермен танысуына жігерін жұмсады» деген Жұбановтың суреттемесі көңілге қонады [4].

Қазақ күйлерінің табиғатын терең сезінбеген дирижер оның сырлы сазы мен ұлттық ерекшеліктерін тап басып, нық ашып көрсете алмайды. Әуен ырғағымен ілесіп жүріп, оркестр жетегінде кетуі мүмкін, бірақ өзі иіріп әкетпейді. Ондай шығарма көптің көңіліне жете де бермейді. Бұған шеттен келген талай дирижердің қазақ күйдерін көнцертке дайындаған сәтінде куә болдық. Сол кезеңнің өзінде бұл проблема болмай тұрған жоқ. «…Кезінде Құрманғазы атындағы оркестрдің дирижері бола жүріп, Л.М. Шаргородский осы күйлерді («Кішкентай», «Топан» М.Ә.) өзінше талдап, өз түсінігі бойынша оркестрге орындатты. Оның күй екпінін баяулатып созғаны сонша, тіпті, шығарманың бүкіл мазмұны өзгеріп кетті. Бір ғажабы – сол күйлер осы күнге дейін баяғы қате интерпретациямен орындалып келеді» деп А.Жұбанов дирижердің жақсы жақтарымен қоса көңілі толмайтын тұстарын да жазып отырған [4,  250]. Осы тұрғыда болашақ қазақ оркестрінің дирижерлары ескеретін жайттардің бірі осы екенін қайталап өтпекпіз.

Қазақстан композиторлар одағынының мүшесі, дирижер, композитор Л.М. Шаргородскийдің әріптесі С.Шабельскиймен түрлі жанрда бірлесе жазған шығармаларының тізімі мынадай:

  1. Симфониялық оркестр үшін қазақ әуендеріне жазылған сюита. (1944 жылы Радиокомитет оркестрімен, Қазақ оркестрі үшін нұсқасы 1944 жылы филармония сахнасында орындалды).
  2. Симфониялық оркестр үшін жазылған симфониетта. (1944 жылы филармония сахнасында орындалды).
  3. Қобыз бен фортепианоға арналған соната. 1948 жыл. (1950 жылы алғаш рет консерватория залында орындалды).
  4. «Наш город» вальсі. (1948 жылы филармония сахнасында орындалды).
  5. Қазақ оркестріне арналған «Алатау» поэмасы. (1949 жылы филармония сахнасында орындалды).
  6. Қазақ оркестріне арналған «Грузин фантазиясы». (1949 жылы филармония сахнасында орындалды).
  7. Үрмелі оркестр үшін «Комсомол маршы». (1949 жылы қазақ мектебінде орындалды).
  8. Қазақ оркестріне арналған «Орыс әуендеріне жазылған фантазия». (1950 жылы филармония сахнасында орындалды).
  9. Қазақ оркестріне арналған «Тойбастар» поэмасы. (1950 жылы филармония сахнасында орындалды).
  10. Тромбонға арналған қазақ әуендерінен концерт. (1951 жылы  консерватория сахнасында орындалды).

Л.Бетховенның №1 симфониясы мен Маршы, М.Глинканың «Вальс-фантазия» мен «Камаринская», С.Рахманиновтың №6 прелюдия, М.Мусоргскийдің «Гопак», Глазуновтың «№6 концерттік вальс», А.Дворжактың «Славян билері» мен Ж.Бизенің «Кармен» операсының ІV бөліміне антракт, А.Бородиннің «Орта Азияда», П.Чайковский «Черевички» операсынан запорож биі, Э.Григтің «Көктемде» шығармаларын Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрі үшін арнайы өңдеген.

Осы шығармалардың барлығы 1953 жылдың 3 қаңтар күні филармония залында Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрі орындады. Консерватория кітапханасындағы шығармалар тізімінде жоғарыдағы шығармаларға қосымша А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсының 4 актінен Абайдың ариясы тұр. Аталған шығармалардың партитурасы мен партиялары Құрманғазы оркестрі мен консерватория кітапханасында сақтаулы.

1944-1945 жылдары композитор С.Шабельскиймен бірлесе істеген шығармашылық жұмыстарының тізімін Одаққа тапсырған қағазда төмендегі шығармаларды атаған, олар: «Қазақ поэмасы» – симфония және қазақ оркестрі үшін; «Жамбас сипар», «Бурылтай», «Қуанамын», «Қыздар-ай», «Илигай», «Аққұм», «Жаяу Мұса» әндерін оркестрге өңдеу; Ж.Бизенің «Кармен» операсынан антракт – қазақ оркестрі үшін; Л.Бетховеннің №1 симфониясын оркестрлеу; «Амангелді» операсының үшінші картинасын оркестрлеу; Брусиловский, Төлебаев, Ерзакович және әуесқой композиторлар Байболатов, Әбіров, Жаппасбаевтардың бірнеше әндерін өңдеу және оркестрлеу; екі оркестр үшін Жұбановтың «Москва», «Тәжік билері», «Терме», «Қарлығаш», «Ақшолпан» әндерін оркестрлеу. Бұдан өзге 1956 жылы С.Шабельскиймен бірге «Кәріс әуендеріне фантазия» шығармасын жазғаны, он шақты қазақ халық әндерін өңдеп, аспаптандырғаны туралы айтқан. Ал 1957 жылдың 16 сәуір күні «Руза» шығармашылық үйіне «Қырғыз фантазиясының» жаңа редакциясы мен аспаптандыру үшін екі айға сұранған өтініш хатынан аталған шығарма туралы білдік [11]. Бұл тізім толық деп айта алмаймыз. Құрманғазы оркестрі үшін жазған шығармалар тізімін Б.Ғизатовтың «Казахский оркестр имени Курмангазы» атты еңбегінің оркестр репертуары бөлімінде түгел жарияланғандықтан қайталап жатуды қажет деп таппадық [3].

Бұл еңбектерден бөлек жарық көрген ғылыми еңбектерінен «Инструментоведение для казахского народного оркестра» (Л.Хамидимен бірге) әдістемелік оқулығы бар [12].

Жұбановтың «…Шаргородский консерваторияның халық аспаптары факультетінде біздің де ақылшы аға, сүйенетін үлкен музыкалық діңгегіміз болды. Творчество адамдарында бола беретін балалық сияқты кездейсоқ бір жағдайлармен Шаргородскийдің республикамыздан кетіп қалуы өкінішті-ақ жағдай болды» деген сөзінен Л.Шаргородскийдің елімізден кетіп қалғанын аңдаймыз [4, 206]. 1957 жылдан кейін ешқандай құжат бетінен Шаргородскийдің есімін көрмейтініміздің себебі енді белгілі болды.

Шешен-Ингуш республикалық музыка колледжінің сайты жариялаған мәліметтен ғана оның осы оқу орнында қызмет еткеніне көзіміз жетеді. Әйгілі шешен композиторы Саид-Эми Димаев алғаш осы колледжге 1957 жылы Л.Шаргородскийдің класына қабылданғаны туралы айтылған. Демек, осы жылы Грозный қаласындағы музыка колледжінде сабақ берген. В.А. Михайлованың «Это был видный, благородный человек. Чувствовалось, что он музыкант с большой творческой судьбой. Одно время Леонид Матвеевич дирижировал симфоническим оркестром нашей филармонии. Преподавал он и в Грозненском музыкальном училище теоретические предметы и композицию. Но до поры, до времени…» деп жазған естелігінен филармония оркестрінде дирижерлік еткенін оқимыз. 1978 жылы Грозный қаласында дүние салған ҚазССР еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор, дирижер Л.Шаргородскийдің өмірінің соңғы жиырма жылы қалай өткені әзірге белгісіз.

Фотолар:

  1. МОА КФҚжДЖ // Ч 9-12-11, ГАТОБ (кадры: руководящий состав…)
  2. МОА КФҚжДЖ // Ч 9-12-11, №2-118367, Л.Шаргородский мен С.Шабельский «Тойбастар» симфониялық поэмасымен жұмыс үстінде. ГАТОБ (кадры: руководящий состав…)

Әдебиеттер:

  1. Б.Гизатов – «Академик Ахмет Жубанов», Алматы, «Жазушы», 1972
  2. Б.Гизатов – «От кюя до симфонии», Алматы, «Жалын», 1976
  3. Б.Гизатов – «Казахский оркестр имени Курмангазы», Алматы, «Ғылым», 1994
  4. А.Қ. Жұбанов – «Ән-күй сапары», «Ғылым», Алматы, 1976-478
  5. «Хамиди Латиф» – Құрастырған: А.Қ. Омарова. Алматы, «Өнер», 2006-200.
  6. Е.Брусиловский «Дүйім дүлдүлдер», Алматы, «Ана тілі», 1995
  7. ҚР ОМА 1823 қор, 1л\д, № 558.
  8. ҚР ОМА 1840 қор, 2 тізбе, 25 іс, 11 п.
  9. ҚР ОМА 1823 қор, 1 тізбе, 133 іс, 117-118 п.
  10. А.Жұбанов «Өскен өнер», Алматы, «Ғылым» 1985-248.
  11. ҚР ОМА 1840 қор, 2 тізбе, 25 іс, 2-3 п.
  12. К.Кешин «Судьбы нестареющий вальс!», «Казахстанская правда» 15.07.2006. Жинақта: «Хамиди Латиф» – Құрастырған: А.Қ. Омарова. Алматы, «Өнер», 2006-200.
  13. http://4irmu.ru/people/shargorodsky/

 

«ПГУ хабаршысы»,

Педагогикалық сериясы,

№3, 2019

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>