ШЕРТПЕ КҮЙДІҢ ШЕБЕРІ

Қазақ күй өнері – ұлттық болмыс пен тарих, таным мен талғамның көрінісі. Бүгінде күй өнері арқылы қоғамның көңіл ауанын аңдап, аңсар-мұратын жеткізуге қауқарлы күйшілер саусақпен санарлық. Осындай ұлылардың сарқыншағы, өнер жанашырының бірі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, композитор, күйші – Секен Тұрысбек. Өткен аптада танымал өнерпаз Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Сыр елінде жеке концертін өткізді.
Әсем ән мен тәтті күй әуелеген кешке Тұрмағанбет халық аспаптар оркестрі мен облыстық филармония әртістері қатысып, оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе дирижерлық етті.
Шара барысында композитор Сыр еліне сапарын шығармашылық іс-шара аясында ғана емес, аймақтың рухани мұрасына қанығумен сабақтастыратынын жеткізді.
– Қорқыт бабаның мекені – Сыр еліне жеке шығармашылық концерт өткізу зор құрмет деп білемін. Себебі, музыка әлеміне үлкен үлес қосқан Қорқыт бабаның табаны тиген топырақ жаңа күш, тың серпіліс сыйлайды, әрі жауапкершілік жүктейді. Бүгінгі орындалатын шығармалар менің толқынысым, жан-сырым, көңіл пернем. Егер музыкалық құндылық арқылы тыңдарман қауымға ерекеше әсер мен рухани азық сыйлай алсам – мақсатымның орындалғаны, – деді күйші.
Шығармашылық кеште сезім иіріміне толы «Ұлы дала», «Қоңырқаз», «Асыл ана», «Дарабоз», «Жазғы қар», «Мәлгаждар», «Бесік күйі», «Көңіл толқыны» секілді танымал шығармалары оркестрдің орындауында әуелесе, «Тарбағатай», «Қарлығашым», «Қоңыр жел», «Ерке құсым» атты әндері тыңдарман көңілінен шықты. «Жанымнан тәтті өмір» әні мен «Ақ жауын», «Көңіл толқыны», «Салтанат» күйлерін автор өз орындауында ұсынып, шығарманың шығу тарихынан хабар берді.
Сондай-ақ, Ақмарал Ноғайбаева, Гүлназ Нағашыбай, Мақсат Мақұлбеков, Самал Байсейтова секілді жергілікті әншілер композитордың шығармаларын орындап, концертті көңілді нотада қорытындылады.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ,
«АҚМЕШІТ АПТАЛЫҒЫ»
17.03.2020

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Required fields are marked *.

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>